Меркі ауданындағы Ақтоған ауылы шаруалары зиянкестердің кесірінен өнім ала алмай қалудан қорқады. ҚР Фермерлер қауымдастығы Меркі ауданы бойынша филиалының төрағасы Тасқын Аташевтің айтуынша, былтыр шегірткемен күрес уақытынан кеш жүргізілген және зиянкесті жою әдісі көңілге қонымсыз.
– 2024 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Меркі ауданына шегірткелер Т.Рысқұлов ауданынан ауып келіп, жайылым жерлерді жей бастады. Сол кезде малшылар дабыл қаққан болатын. 2025 жылдың көктемінде шегірткелердің күбіршегінен өніп шыққан дернәсілдермен күрес кеш жүргізілді. Ол кезде дернәсілдер жетіліп, тіпті қанаттанып алған еді. Ә дегенде Марокко шегірткесі 33 гектар арпамның 1 гектардай алқабын отап тастады. Сол кезде ғана қайта-қайта дәрі шашылғанымен нәтиже болмады. Анығын айтқанда, «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі аудандық филиалының мамандары көктемде қай жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуді болжап, қай жерде шегірткенің күбіршегі (шегірткенің жұмыртқалары) бар екенін анықтағанымен, химиялық өңдеу жүргізуге міндетті бригада екі апта өткен соң келіп дәрі шашты. Аталған зиянкестермен ала жаздай алысып, өнім ала алмадық. Сол кезде ҚР Ауылшаруашылығы вице министрі Ермек Кенжеханұлы да келіп, жағдайды өз көзімен көріп, ҚР АШМ АӨК МИК облыстық аумақтық инспекциясының басшысы мен мамандарына арнайы тапсырма берген болатын. Негізі химиялық өңдеу жұмысын жүргізуді мемлекеттік тапсырыспен еліміз бойынша жылда бір компания ұтып алады. Олардың бұл жерге маманы да келмейді, тек техникасы мен жүргізушіні ғана жібереді. Олар алқапты дәрілеуде «кишечный, контактный» пестицид қолданып жүр. Жауаптыларға біз үш жылдан бері «системный» пестицид қолдануды айтудай-ақ айтып келеміз. Бірақ біздің ұсынысымызды ескеретін, уәжімізге құлақ асатын адам жоқ. Жалпы «кишечный, контактный» деген дәрі шегірткенің үстіне тисе ғана өледі, ал тимесе тірі қалады. «Системный» пестицидті шашқанда ол шөптің бойында 20 күнге дейін тұрады. Оны жеген шегіртке жойылады. Ал олар менің алқабымды үш мәрте дәріледі. Атап айтқанда, алқапқа техникамен, дронмен дәрі шашты. Алқапқа химиялық өңдеу жасайтын техникасы дұрыс емес, «Газель» автокөлігінің дәрі шашуға күші жетпейді, дрондары да сондай, алысқа ұша алмайтыны тағы бар. Ұшақтары қандай дәрі шашып жүргені белгісіз, он минут дәрі шашады да Т.Рысқұлов ауданындағы Қорағаты ауылының маңындағы аэродромға «заправка» жасауға бір сағатқа жоғалып кетеді. Соңында, амал жоқ, олар алқапты қолмен дәріледі. Ұшақ мәселесіне қатысты биыл облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабекпен сөйлестік, енді алқап дәрілейтін ұшақ біздің аудандағы «Меркі» ет комбинаты маңындағы бұрынғы ескі аэродромға қонатын болды. Негізінде алқапқа дәріні күн қызбай тұрып, + 20°С градусқа дейін шашу керек. Ал олар алқап басына келіп, бөшкесіне дәріні араластырып жүргенде сағат 8-9 болып, оны шашамын дегенше күн қызып кетеді. Ол ыдыстағы дәрі 50 гектарға да жетпейді. Оны 200 гектарға кіргізгенде 4 мәрте дәрі дайындап әуреге түседі. Облыста осыдан он жыл бұрын шегірткені жою үшін Солтүстік Қазақстан облысынан арнайы ұшақ қондырғысы орнатылған реактивті «КамАЗ» жүк көліктері көмекке келіп, зиянкестер солай ауыздықталған. Алқапты дәрілеуге арналған мемлекеттік норма да қисынсыз. Бұл негізінде ҚР АШМ АӨК МИК облыстық аумақтық инспекциясының жоғарыға «бәрі дұрыс» деп есеп беруімен байланысты болып отыр. Егер олар акт жасап, химиялық өңдеу барысында қолданылатын әдістер нәтиже бермей жатқанын жауаптыларға жеткізсе, мәселе оңалар еді ғой. Ал біз шегірткені жоюда осындай әдіс қолданып жүргенде зиянкестер тауға қашып кетіп, ала жаздай егіске шабуыл жасаумен болады. Сонымен қатар менің егіс алқабымды шегіртке отап кеткені жөнінде де акт толтырылған жоқ, қысқасы, шығынға баттық, – дейді Т.Аташев.
Фермер көтерген мәселе жетегімен біз ҚР АШМ АӨК МИК облыстық аумақтық инспекциясына бардық. Онда бізді аталған мекеменің өсімдіктерді қорғау бөлімінің басшысы Сәбит Жүсіпов қарсы алып, ол өз шындығын жайып салды.
– Химиялық өңдеуге қолданылатын препарат жөнінде шаруа шамалы шатасып отырған сияқты. Негізінде «кишечный, контактный» пестицид дегеніміз – шегіртке дәрі себілген шөпті жеген кезде ішіне барып улайды және үстіне тисе де зиянкес өледі. Біз қолданып жүрген «Карат Супер КЭ», «Инсектор К.Э» және «Гунсяо» сияқты дәрілердің қасиеті осындай. Одан бөлек «Ацет 200 РП» препараты да қолданылады. Бұл – ішектік, жанаспалы және жүйелі (системный) әсері бар химикат. Мұның артықшылығы сол, ол өсімдіктің шырынына араласып, ішіне сіңіп кетеді. Сондықтан шегірткеге дәрі тисе де, дәрі сіңген өсімдікті жесе де жойылады. Улы химикаттардың (пестицидтердің) әсер ету ұзақтығы нақты препаратқа, ауа райына және қолдану мөлшеріне байланысты өзгереді. Мысалы, күн қатты қызса, алқапқа шашылған дәрі буланып ұшып кетіп, салдарынан 3-4 күннен кейін өсімдікті жеген зиянкеске әсер бермеуі мүмкін. Біз қазір болжам жасалған алқаптарды дәрілеуді бастамақшымыз. Сондықтан малшыларға, омарташыларға дәрі шашылған аймаққа төрт түлікті жаймауға, бал арасын жібермеуге кеңес беріп жатырмыз. Аралар үшін қауіптілік мерзімі препарат нұсқаулығында нақты жазылады. Кейбір препараттарда қауіптілік әсері 3 күн, кейбірінде 20 күнге дейін болуы мүмкін. Сондықтан да әр өңдеуден кейін карантин мерзімі міндетті түрде нақтыланады. Былтыр құрғақшылық орын алды және күн қатты ыстық болды. Т.Аташевтің егіс алқабына шегіртке ауыз салғанда бірден бардық. Сол кезде алқапқа шашылған дәрінің әсері 5-7 күннен аспай, оны жеген шегіртке өлмеген болуы мүмкін. Бірақ дәрі тигені табанда жойылып кетіп жатты. Алайда дәріден нәтиже жоқ деп айтуға болмайды. Себебі фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығының мамандары байқамай қалған жердегі шегірткелер егіске шабуыл жасайтынын да ескеруіміз керек. Меркі ауданының жері үлкен, ал зиянкестерді анықтайтын ауданда 4-5 маман зерттеу жұмысын жүргізгенде барлығына бірдей үлгермейді. Олар қай жерде зиянкес бар екенін анықтап, GPS координаттарын қолымызға бергеннен кейін химиялық өңдеу жүргізетін компания сол тірлікті атқарады. Ал GPS координатқа ілінбеген, мысалы, 500 метр жердегі бір сайда байқалмай қалған шегірткелер егіске келеді. Т.Аташевтің егісіне зиянкес осылай шабуыл жасады. Сол кезде ұшақ та, дрон да, техника да жұмылдырылды. Ақтоған ауылында «Ойранды» деген тау бар. Ол жақта шегірткелер болғаны рас, бірақ техника бара алмайды, ұшақ тұрмақ, дронға да қауіпті. Сол жердің шегірткесіне дәрі қолмен шашылды, басқалай амал жоқ. Сол кезде ғой Т.Аташевтің егіс алқабының ары кетсе бір гектардайына зақым келгені, бірақ түгел жеп қойған жоқ. Егістің өзі қуаңшылықтан шықпай қалған. Оны Меркі ауданының әкімдігі, облыс әкімдігі ауылшаруашылық басқармасы, фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы секілді мүдделі мекемелерден құралған арнайы мамандар көрді. Егер, расында, бүкіл алқапқа зиян келсе, комиссия акт толтырып, ары қарай оны аудан әкімдігі өтеп берер еді. Біз негізінде өсімдікті қорғау, яғни зиянкестерді анықтау, жою жұмыстарына қадағалау жүргіземіз, – деді ол.
Маманның айтуынша, өткен жылы облыс бойынша 117 930 гектар алқапқа республикалық бюджет есебінен химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу болжамдалып, оның 35 200 гектарына әуе ұшақтарымен, 69 609 гектарына жерүсті бүріккіш техникалармен, 2 821 гектарына арнайы бүріккіш дрондар арқылы өңдеу жұмыстары жүргізіліпті. Оның ішінде Марокко шегірткесіне қарсы 26 434 гектарға, италиялық прус шегірткесіне қарсы 57 508 гектарға және құрғақшылыққа орай қосымша 10 300 гектарға, азиялық шегірткеге қарсы барлығы 23 688 гектарға жерүсті бүріккіштерімен, әуе ұшақ тәсілімен, дрондармен өңдеу жұмысы жүргізілген. Үйірлі шегірткелерге қарсы фитосанитариялық іс-шараларды жүргізуге барлығы 36 арнайы бүріккіш техника жұмылдырылыпты. Оның ішінде 2 ұшақ, 31 жерүсті бүріккіш және 3 дрон бар.
– Зиянкестерді жою үшін дәрілеу жұмысын бір ғана компания ұтып алады деу жаңсақ пікір. Мысалы, Марокко, италиялық, азиялық шегірткелерге қарсы жерүсті бүріккіш техникалары арқылы «ЗапКазФумигация» мердігері тендер жеңімпазы болып анықталып, 31 жерүсті техникасымен 69 609 гектарға химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізді. Екі әуе ұшағымен 35 200 гектар жер көлеміне химиялық өңдеу жұмыстарын конкурстан жеңіп алған «DAP AEROSERVICE GROUP» ЖШС атқарды. Ал пилотсыз әуе жүйелерімен (дрон) 2 821 гектар жер көлеміне «Фитосанитария» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізді. Химиялық өңдеу жұмыстарына «Карат Супер» улы химикаты қолданылды. Марокко шегірткесінің дернәсілдерінің ең алғашқы тууы 10 сәуірде Жамбыл, Талас, Байзақ, Т.Рысқұлов аудандарында тіркелді. Алғашқы химиялық өңдеу жұмыстары 16 сәуір- 13 мамыр аралығында толығымен жүргізілді. Марокко шегірткесінің дернәсілдеріне қарсы барлығы жоспарланған 26 434 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары толық атқарылды. Оның ішінде жерүсті тәсілі арқылы мердігер «ЗапКазФумигация» ЖШС-ның жерүсті бүріккіш техникаларымен «Карат Супер», «Ацет» улы химикатымен 18 534 гектарға, ал әуе ұшағы тәсілі арқылы қызмет көрсетуші «DAP AEROSERVICE GROUP» ЖШС «Каратэ» улы химикатымен 7 200 гектарға және дронмен 700 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Химиялық өңдеу жұмыстары 100 пайызға орындалды. Сондықтан қандай дәрі қолданылып жатқаны белгісіз деуге болмайды, – дейді Сәбит Зайырұлы.
Биыл шегіртке тектес зиянкестерге, яғни ерекше қауіпті зиянды организмдерге қарсы күресу іс-шараларын сапалы және тиянақты атқару мақсатында аталған аумақтық инспекция тарапынан аудан әкімдеріне хат жолданыпты. Онда үйірлі шегірткелерге қарсы штаб құру туралы және химиялық өңдеу жұмыстары кезінде әр ауылдық округтерде жұмыс тобын құрып, инспекция мамандарымен бірігіп жұмыс істеу керектігі ескертілген екен. Аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы фитосанитариялық шараларды үйлестіру мақсатында облыс әкімінің өкімімен облыстық штаб құрылған, 16 ақпан күні облыс әкімінің орынбасарымен бірінші штаб отырысы өтіп, барлық аудан әкімдерімен бірқатар мекемеге хаттамалық тапсырмалар беріліпті.
– «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің филиалдары штаттық кестеге сәйкес мамандармен толығымен қамтылған. Облыстық филиалда 4, аудандарда 51 маман бар. Қазіргі таңда маусымдық анықтау жұмыстарына 40 адам өз көліктерімен уақытша анықтаушы ретінде қосымша келісімшартпен алынып отыр. Науқан жұмыстары барысында жергілікті атқарушы органдардың тарапынан ауылдық округтерден бөлінетін және қоғамдық жұмысшылар саны 457 адамды құрап отыр. Науқан жұмыстары барысында осы ауылдық округтерден бөлінетін адамдардың толығымен шегірткелерді анықтап, зерттеу жұмыстарына шығуы бақылауға алынған. Аудандардағы ауылдық округтердегі үйірлі шегірткелердің күбіршектері орналасқан жерлердің жұмыс карталары фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы мен инспекция мамандарының барлығында бар. Осыған орай өңдеу жұмыстары басталмас бұрын жерлерді алдын ала ескертіп, арнайы белгілермен белгілеу, жұмыстарды орындау барысында, бірінші кезекте, егістік алқаптар, шекара және жол бойларын өңдеу жұмыстарын ұйымдастыру қамтамасыз етілмек. 2026 жылғы химиялық өңдеу жұмыстарына жалпы 230 848 гектар, оның ішінде Марокко дернәсілдеріне қарсы 111 228 гектар жер көлемі дәріленбек. Одан бөлек италиялық прусқа қарсы өңдеу көлемі 100 100 гектар болса, 19 520 гектар азиялық шегірткеге қарсы өңдеу жұмысы жүргізіледі. Осы жылы үйірлі шегірткелерге қарсы фитосанитариялық іс-шараларды жүргізу үшін 56 арнайы бүріккіш техникалар жұмылдырылу жоспарланып отыр. Оның ішінде 5 ұшақ, 37 жерүсті бүріккіші, 4 аэрозольді генератор, 10 дрон бар. Қазіргі таңда Мемлекеттік инспекция комитеті тарапынан жоспарланған барлық 230 848 гектардың 204 828 гектарына конкурс өткізіліп, мердігерлер анықталды. Әуе ұшақтарымен «DAP AEROSERVICE GROUP» ЖШС, жерүсті бүріккіш техникалармен «Бағжан» жеке кәсіпкерлігі, аэрозольді генератормен «Progress» мүгедектер қоғамдық бірлестігі жұмыс істейтін болады. Пилотсыз әуе жүйесі арқылы дәрі шашуға «Фитосанитария» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік мекемесі жеңімпаз ретінде анықталып отыр. Ал қалған 26 020 гектарға алдағы уақытта анықталған конкурс жеңімпаздарымен қосымша келісімшарт жасалынатын болады. Осыған орай қазіргі келісімшартпен бастапқыда 204 828 гектарға өңдеу жұмыстары атқарылмақ. Барлық болжамдалған алқаптарға қолданылатын пестицидтер конкурсты ұтып алған мердігерлердің өздерінің тараптарынан сатып алуы арқылы қолданылады. Аталған пестицидтердің барлығы Қазақстанда рұқсат етілген. Сонымен қатар биыл саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына 26,79675 мың гектар жер көлемі болжамдалды. Оның ішінде мемлекеттік жер қоры 21,21825 мың гектар болса, шаруа қожалықтардың жері – 5,57850 мың гектар. Қазіргі таңда облыс әкімдігі ауылшаруашылық басқармасы тарапынан тендер ойнатылып, бес ауданның саяқ шегірткелеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін мердігер анықталды. Ал қалған аумақтарға қазіргі таңда конкурс ойнатылуда. Қазіргі таңда бірқатар ауданда қанатсыз саяқ шегірткелердің жер бетіне шығуы анықталып, фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы мамандары тарапынан тиісті мекемелерге дабылдық хабарламалар берілді. Жыл басында барлық ауданда бекітілген кестеге сәйкес әр ауылдық округ әкімдіктерімен және шаруа қожалықтарымен агрооқулар 125 ауылдық округте жүргізілді. Өз кезегінде ауылшаруашылығы тауар өндірушілері жайылымдықтарда немесе басқа жерлерде шегірткелерді байқаған жағдайда дереу хабар беруі керек. Биыл Марокко дернәсілдерінің алғашқы тууы 6 сәуірде Шу, Қордай, Жамбыл аудандарында тіркелді. Фитосанитариялық іс-шаралар сәуір айының екінші онкүндігінде басталды. Облыс бойынша фитосанитариялық ахуалды қалыпты жағдайда ұстап тұру және аса қауіпті зиянды организмдер, көктемгі зерттеу жұмыстары аудандық инспекторларымыздың күнделікті қатаң бақылауында болады, – дейді С.Жүсіпов.
Біз көтерген мәселе – шаруа мен жауапты мекемелер арасындағы түсініспеушілікке қатысты түйткіл. Дегенмен маманның айтуынша, өңірде шегірткеге қарсы күрес жұмыстары жоспарға сай әрі белгіленген технологиялық талаптар аясында жүргізілуде. Зиянкестердің таралуы мүмкін аумақтар тұрақты бақылауға алынып, химиялық өңдеу шаралары жыл сайын дер кезінде жүзеге асуда. Арнайы техника мен препараттар да жеткілікті деңгейде жұмылдырылуда. Биыл да зиянкестердің ошағын анықтауда мониторинг жұмысы барынша күшейтілген, алдын алу шаралары жалғаса бермек. Мәселен, дүйсенбі күні фитосанитарлық іс шараларды жүргізуге жұмылдырылатын техниканың дайындығын тексеру мақсатында облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің, тиісті мамандар және жергілікті әкімшілік өкілдерінің қатысуымен үлкен семинар кеңес өтті. Сол жерде қолда бар техникалар аудан-ауданға бөлінді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ




