Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қар көшкіні қаупі бар

Қар көшкіні қаупі бар
Автор
Қар көшкіні – тау беткейлерінде жиналған қар массасының тұрақтылығы бұзылған сәтте төмен қарай жылдам сырғып, зор қауіп төндіретін табиғи құбылыс. Әсіресе еңістігі 15 градустан асатын тау шатқалдарында қар жамылғысының қалыңдығы 30 сантиметрден жоғары болған жағдайда қар көшкінінің өздігінен жүру ықтималдығы арта түседі.

Бұған дейін, нақтырақ айтқанда 2017 жылға дейін облыс аумағында қар көшкіні қаупі бар учаскелер тіркелмеген деп есептеліп келген. Себебі таулы аймақтарда көшкін жүруі мүмкін жерлерде нысандар, құрылыстар мен адамдардың тұрақты болуы анықталмаған еді. Алайда уақыт өте келе жүргізілген зерттеулер нәтижесінде Жуалы ауданында зақымдану аумағы 386 мың шаршы метрді құрайтын қар көшкіні қауіпті үш учаске анықталды. Оның екеуі Көксай шатқалында, біреуі Қаралма шатқалында орналасқан.

Өңірімізде қар көшкіні қаупі бар кезең қараша айынан басталып, наурыз айының соңына дейін жалғасады. Әсіресе қаңтар, ақпан және наурыз айлары қауіпті кезең саналады. Бұл уақытта таулы аймақтарға жиі қар жауып, қар жамылғысының қалыңдауы көшкіннің жүруіне қолайлы жағдай қалыптастырады. Наурыз айында да, тіпті қар аз көрінген күннің өзінде биік таулы өңірлерде қауіп сейіле қоймайды.

Осы қауіптің алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалы өз құзыреті шеңберінде облыс халқы мен шаруашылық нысандарын сел, қар көшкіні және сырғыма секілді қауіпті табиғи құбылыстардан қорғау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде.

2025-2026 жылдардағы қысқы кезеңге дайындық аясында филиал мамандары жергілікті атқарушы органдардың және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, Қырғыз жотасының солтүстік беткейі мен Талас Алатауы шатқалдарында қар көшкіні қауіптілігін анықтау және қар қорына фондық бағалау жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазавиақұтқару» АҚ-ның «Eurocopter ЕС-145» тікұшағымен бір рет әуеден шолу жасалып, 4 мәрте қауіпті учаскелерге жерүсті зерттеулері ұйымдастырылды.

Сонымен қатар алдын алу шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Филиал мамандары жыл сайын таулы аймақтарда орналасқан әкімдіктерге, әскери бөлімдерге, демалыс орындарына және өзге де мекемелерге арнайы ескерту-ұсыныс хаттарын жолдайды. Биылғы қар көшкіні кезеңі басталғалы бері 107 ескерту-хат таратылып, таулы аймақтарда демалушыларға қауіпсіздік талаптарын түсіндіру мақсатында 400-ге жуық жадынама үлестірілді. Бұл жұмыстар қауіпті кезең аяқталғанға дейін жалғасады.

Қазіргі таңда облыстағы қауіпті учаске – Жуалы ауданындағы Көксай шатқалында филалдың «Көксай» бақылау бекеті орналасқан. Бекет бақылаушысы орталық диспетчерлік пунктке тәулігіне үш рет гидрометеорологиялық мәліметтерді – су деңгейі мен өтімі, ауа және су температурасы, жауын-шашын мөлшері, ауа райы мен қар жамылғысының биіктігі жөніндегі деректерді үздіксіз жолдап отырады.

2025 жылдың қараша айында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен және Жуалы ауданы әкімдігі аппаратының қолдауымен осы бекетке заманауи мобильді тұрғын үй орнатылды. Жалпы аумағы 28,64 шаршы метр болатын бұл нысан қызметтік, тұрмыстық және жатын бөлмелермен қамтылып, автономды жылыту, кондиционер және электр жүйелерімен жабдықталған. Бұл жаңашылдық бекет бақылаушысының тәулік бойы тиімді әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасап отыр.

«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік мекемесінің 2026 жылдың қаңтар айына берген болжамына сәйкес, айдың екінші онкүндігінде қардың жиі жаууы күтіледі. Жаңа қардың ескі қардың үстіне түсуі қар көшкінінің өздігінен жүру қаупін арттыратыны белгілі. Қазіргі таңда нақты қауіп байқалмағанымен, болжамға сәйкес алдын алу шаралары тоқтаусыз жүргізіле береді.

Қыс мезгілі – тау спортын ұнататындар үшін ең қолайлы уақыт. Дегенмен дәл осы кезеңде қауіп деңгейі де жоғарылайтынын ұмытпау қажет. Әсіресе демалушылар жиі баратын Талас Алатауы жотасындағы Көксай шатқалында сақтық шараларын қатаң сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Ең бастысы – тауға шыққанда абай болып, ауа райы болжамын ескерген жөн және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керек.

Қуаныш ХАМЗИН,

Төтенше жағдайлар министрлігі
«Қазселденқорғау» мемелекеттік мекемесі
«Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы»

филиалының инженер-гидрологы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар