Соңғы жылдары облыс аумағында қардың күрт еруіне байланысты төтенше жағдайлар жиілеп кетті. Әсіресе, өткен жылы Сарысу ауданында және Жамбыл ауданына қарасты Жасөркен ауылында болған су тасқындары тұрғындардың жадында әлі күнге дейін сақтаулы. Сондықтан көктемгі су тасқыны қаупінің алдын алу үшін ерте қамданып, сақтық шараларын күшейту аса маңызды. Осы орайда біз көктемгі су тасқынына қарсы облыста атқарылып жатқан дайындық жұмыстарының жай-күйін анықтап көруді жөн көрдік.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының бірінші орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Азат Абдразаковтың айтуынша, өңірімізде су тасқыны қаупі бар аймақта 42 елді мекен орналасқан. Қауіпті аумақтағы 32 638 үйде 178 152 тұрғын тұрады. Жүргізілген алдын алу шараларының нәтижесінде 34 елді мекенде су басу қаупі толықтай жойылып, тағы 2 елді мекенде қауіп айтарлықтай төмендетілген.
– 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысында бірқатар аудандар мен Тараз қаласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, Талас өзенінің табаны механикалық әдіспен тазаланды. Сонымен қатар ұзындығы 150 метр, ені 30 метр болатын бөлікте өзен арнасы түзетіліп, судың ағу бағыты өзгертілді. Бұл өз кезегінде су өткізу қабілетін арттырып, арнаның шайылу қаупін төмендетті. «Алматы – Ташкент – Термез» республикалық маңызға ие автомобиль жолының сол жақ жағалауында Талас өзенінің арнасы бұрылып, ұзындығы 60 метр болатын дамба көтерілді, оның биіктігі 1,5-2 метрді құрайды. Аталған нысан жол инфрақұрылымын және оған іргелес аумақтарды қорғауға мүмкіндік берді. «Денсаулық» саяжайының аумағында Талас өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жалғасуда. Бұл учаскелерде де өзен арнасы мен табанын механикалық тазалау, сондай-ақ судың бағытын өзгерту шаралары жүзеге асырылды. Нәтижесінде су деңгейінің күрт көтерілуі кезінде жағалауға түсетін қысым азайтылды. Бұдан бөлек Тараз қаласының аумағынан өтетін жалпы ұзындығы 82,55 шақырымды құрайтын 8 ирригациялық канал толықтай механикалық тазалаудан өткізілді. Бұл жұмыстар қала ішіндегі су өткізу жүйесінің тиімділігін арттырып, жауын-шашын мен тасқын сулардың іркіліссіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталды. Сонымен қатар Меркі ауданындағы Ақермен елді мекенінде арық жүйелері тазаланып, ұзындығы 2,64 шақырым дренаж жүйесі қазылды. Кеңес ауылында да дренаж қазу, 6 далалық көпірді ауыстыру және арық жүйелерін кеңейту жұмыстары жүргізілді. «Ақермен-1» су бөгетінің гидротехникалық құрылғысы, яғни шлюзі қайта қалпына келтірілді. Бұл шаралар елді мекендердегі су реттеу мүмкіндігін жақсартып, артық судың қауіпсіз әкетілуіне жағдай жасады. Меркі ауылынан өтетін Меркі өзені бойында су басу қаупі жоғары учаскелер анықталып, судың еркін әрі кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін өзен арнасы тазаланды. Жағалауды шайып кету қаупін азайту мақсатында арна нығайтылып, С.Сейфуллин көшесінде орналасқан су өткізу көпірінің құрылымдары күшейтілді. Сонымен қатар су өткізу сыйымдылығын арттыру үшін көпірдің арна бөлігі кеңейтіліп, өзеннің тасқын кезінде арнасынан шығу қаупі төмендетілді, – деді Азат Бердібекұлы.
Т.Рысқұлов ауданында да бұл бағытта ілкімді істер атқарылуда. Мәселен Көкдөнен ауылында тау беткейлерінен келетін еріген қар суы мен нөсер жауын суларын елді мекен аумағынан бұрып әкету үшін инженерлік жұмыстар жүргізілген. Аудандық бюджеттен 9,8 миллион теңге бөлініп, ұзындығы 2,5 шақырым жаңа арық қазылыпты. Сонымен бірге 2 шақырым ескі арнаның іші толық тазаланып, су өтуін қамтамасыз ету үшін 5 көпір орнатылған. Ауыл ішіндегі 1,5 шақырым арық тазаланып, су жиналу қаупі бар аумақтар ретке келтіріліпті.
Сол секілді Құлан ауылы, Өтемісұлы көшесі бойымен 600-700 метр аралығында жаңа арық қазылып, судың өткізу көлемін ұлғайту үшін сыйымдылығы жоғары 4 су өткізу құбыры орнатылған. Құлан ауылындағы Ұлтарақова көшесінде ұзындығы 5 шақырым дренаж жүйесі қазылып, ол алдыңғы 3 шақырым дренаж каналына қосылған. Нәтижесінде жерасты және жауын суларының жиналуы азайтылыпты.
Сарысу ауданында да су тасқынына қарсы кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Жаңатас қаласында «Бүркітті» өзенінің қала көшелері бойымен өтетін бөліктерінде кешенді тазалау және кеңейту жұмыстары атқарылған. Атап айтқанда, Ш.Әлжанұлы, Цветочная, И.Тайманұлы, Көксу және Ы.Дүкенұлы көшелері аумағында өзен арнасы кеңейтіліп, жағалаулары нығайтылыпты. Табаны өсімдік тектес тал-бұтақтардан және қоқыстардан тазаланған.
– Қордай ауданы, Ноғайбай ауылдық округінде беткейлік ағын сулардың қаупін азайту үшін Ырғайтты өзеніне суды қауіпсіз өткізу шаралары толық жүзеге асырылды. Ноғайбай ауылындағы Шекенді көшесінде 350 метр арық-дренаж кеңейтіліп, 70 метр жағалау нығайтылды. Жұмыстар толығымен аяқталып, елді мекенді су басу қаупі айтарлықтай төмендеді. Мойынқұм ауылында орналасқан Радай өзенінің сол жақ жағалауында, көпірден төмен қарай ұзындығы 450 метр, биіктігі 1,5 метр болатын учаскеде жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатта 2 150 тонна инертті материал төселіп, өзеннің шайып кету қаупі бар бөліктері бекітілді. Сонымен қатар облыс аумағында төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен тұрғындарды қабылдауға арналған инфрақұрылым алдын ала дайындалды. Жалпы 119 000 адамға арналған 396 қабылдау пункті белгіленіп, олар мәдениет және білім беру объектілерінің базасында орналастырылды. Қосымша 32 шатыр, 890 төсек және 460 кереует дайындалды. Тамақтандыруды ұйымдастыру және арнайы техниканы тарту үшін 58 келісімшарт жасалып, халықты уақытша орналастыру және қамтамасыз ету мүмкіндігі толық қамтылды. Көктемгі су тасқыны кезеңі күрделенген жағдайда халықты қауіпсіз жерге уақытылы көшіру үшін инженерлік және эвакуацияға арналған техниканы пайдалану, сондай-ақ күштік құрылымдармен өзара іс-қимыл жасау тәртібі алдын ала нақтыланды. Бұл шаралар тұрғындарды тасымалдау, жолдарды ашық ұстау және су басу қаупі туындаған аумақтарда кідіріссіз әрекет етуге мүмкіндік береді, – деді А.Абдразаков.
Көктемгі су тасқыны кезеңіне жедел ден қою үшін облыс аумағында тиісті күштер мен құралдар толық дайындыққа келтіріліпті. Қазіргі уақытта төтенше жағдайларды жоюға 1 927 адам, 485 техника және 132 су айдау құралы әзір тұр. Бұл ресурстар ықтимал қауіп туындаған жағдайда бірден жұмылдырылуға арналған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құрамында 146 адам, 32 техника, 35 су айдау құралы, 19 жүзу құралы және 492 байланыс құралы тұрақты дайындық режимінде ұсталады.
Сонымен қатар көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан 290 инженерлік техника, зардап шеккен халықты эвакуациялауға арналған 25 техника және 964 жеке құрам дайындалыпты. Бұл күштер су тасқыны кезінде халықты көшіру, бөгеттерді бекіту және су басқан аумақтардағы жұмыстарды атқаратын болады.
– Қазіргі таңда облыс аумағындағы қалалар мен елді мекендерде қар жамылғысы жоқ. Бұл жағдай көктемгі кезеңдегі су көлемінің күрт арту қаупін төмендететін фактор ретінде бағаланады. Бүгінде облыстың өзендеріндегі су деңгейі тұрақты, барлық су айдындарына күнделікті мониторинг жүргізілуде және гидрологиялық жағдай тұрақты бақылауда тұр, – деді Азат Бердібекұлы.
Көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары азаматтық қорғау саласының ғана құзырындағы мәселе емес екені белгілі. Бұл бағытта су шаруашылығына жауапты мекемелердің де рөлі айрықша. Осыған орай біз «Қазсушар» республикалық мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалына арнайы сауал жолдап, аталған саладағы дайындықтың жай-күйін білуді жөн көрдік. Сұрағымызға филиал басшысы Қайрат Аманов жауап беріп, көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды.
Филиал басшысының айтуынша, мекеме тарапынан 9 гидротехникалық құрылыста ағымдағы жөндеу және алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
– Апаттық жағдай орын алған жағдайда Талас, Шу және Аса өзендерінен суды бұру карталары әзірленіп, жоба бүгінгі күні бекітілді. Осы бағытта аудандармен бірлескен жұмыстар атқарылды. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша филиал тарапынан инертті материалдар толық дайындалды. Атап айтқанда, 4 800 дана қап, 14 тонна құм, 32 тонна цемент және 25 тонна жанар-жағармай қоры жинақталды. Бұдан бөлек, Мойынқұм ауданында Фурманов айналма каналының 20 шақырымы тазаланып, қазіргі уақытта пайдалануға берілді. Осы канал арқылы секундына 25 текше метр су өтіп жатыр, – деді Қайрат Тілеубайұлы
Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиев те облыстағы суқоймалары, көлдер мен тоғандардың жағдайы бақылауда екенін жеткізді. Алайда жауын-шашын мөлшері көбейген жағдайда қауіп туындауы мүмкін, сондықтан қосымша талдау жүргізу қажеттілігі туындап отыр екен.
Жалпы басқарма қарамағында 113 су нысаны болса, олардың сыйымдылығы 136 миллион текше метрді құрайды. Қазіргі уақытта суқоймаларының толу деңгейі 26 пайыз шамасында, бұл жауын-шашын мен қар қорының аз болуына байланысты қалыптасып отыр екен. Өткен жылы 6 суқоймасына 60 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ 2 суқоймасында көпфакторлы зерттеу жасалған. Басқарма басшысының айтуынша, алдағы көктемде вегетациялық кезеңнің басталуына байланысты су ресурстарын кезең-кезеңімен реттеу жұмыстары жалғасады, барлық су нысандары бақылауда ұсталады.
Биыл қыс мезгілінде түскен жауын-шашын мөлшері бұрнағы жылдармен салыстырғанда біршама төмен болғанымен, бұл су тасқыны қаупі толық сейілді дегенді білдірмейді. Сондықтан бұл мәселені күн тәртібінен алып тастауға әлі ерте. Осыған байланысты біз су басу қаупі бар аймақтарға жақын орналасқан, тәуекел аумағындағы аудандардың қазіргі жағдайы мен дайындық деңгейін анықтап көрдік.
Мәселен, Т.Рысқұлов ауданындағы 7 ауылдық округ су басу қаупі жоғары аймақ ретінде белгіленген. Аудан әкімі Ернар Есіркеповтың мәліметінше, аудандағы 42 елді мекеннің 16-сы тау бөктеріне жақын орналасқан. Соның ішінде 7 ауылдық округ қауіпті аймақта екен. Көктем мезгілінде қардың күрт еруі және нөсерлі жауын-шашын салдарынан су басу қаупіне бейім осы 7 ауылда су басу жағдайларының алдын алу мақсатында өткен жылы дренажды каналдар қазылып, су бұру жұмыстары толық жүргізілген.
– Осы қауіпті аймақтарға өткен жылы аудандық бюджеттен 38,5 миллион теңге бөлініп, Ақтөбе бағытында 14 көпір, Құлан ауылында 6 көпір ауыстырылды. Сонымен қатар облыстық бюджеттен 77 миллион теңге бөлініп, аудан аумағындағы қауіпті 12 көпір жаңартылды. Ауданның коммуналдық шаруашылықтарының техникалық базасын нығайту мақсатында бюджеттен 753 миллион теңге бөлініп, 2 трактор және 1 арнайы техника сатып алынды. Су тасқынының алдын алу және салдарын жою үшін аудан кәсіпорындарымен келісімдер жасалып, 32 шаруашылық пен 32 техника төтенше жағдай кезінде жұмылдырылатын болып бекітілді. Сонымен қатар аудан деңгейінде 20 мотопомпа дайындалып, оларды пайдалану бойынша оқыту және жаттығу шаралары өткізілді. Өткен жылы «Қазсушар» мекемесімен бірлескен жұмыстар аясында ауданға жаңа экскаватор беріліп, оның көмегімен 18 каналдың 11-інде толық механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Жалпы аудан бойынша су тасқынына қатысты жағдай тұрақты бақылауда, тәулік бойы мониторинг жүргізілуде. Барлық жауапты қызметтер толық дайындық режимінде жұмыс атқаруда, – дейді Ернар Серікәліұлы.
Меркі ауданы бойынша да су тасқыны қаупі бар аймақтар мен су нысандары тұрақты бақылауда. Аудан аумағында 24 су бөгеті, 2 өзен және 1 суқоймасы орналасқан.
– Қазіргі таңда су деңгейінің төмен болуына байланысты елді мекендерге қауіп жоқ. Барлық суқоймалары мен өзендерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған, күнделікті мониторинг жүргізілуде. Бөгеттердің толу көрсеткіші бүгінгі күнге 42 пайызды құрап отыр. 2026 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық шеңберінде көлемі 3 мың текше метр инертті материал қоры әзірленіп, 5 су сору құрылғысы дайындалды. Су қорғау бөгеттерін күшейту, арықтар мен дренаж жүйелерін, сондай-ақ көпірлер мен су өткізу құбырларын тазалау жұмыстарының нәтижесінде жалпы ұзындығы 351 шақырым аумақ тазаланып, 96 тонна қоқыс шығарылды. 2025 жылы сел, сырғыма және су тасқынының алдын алу мақсатында жергілікті бюджеттен 73,5 миллион теңге бөлініп, 18,14 шақырым аумақта арналарды қазу және тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 2025 жылғы 29 желтоқсанда Меркі ауданының таулы аймақтарына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Аэрошолу нәтижесінде Аспара және Меркі өзендерінің орта және төменгі ағыстарында мұз кептелістері анықталған жоқ. Су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары толық көлемде жүргізіліп, қазіргі таңда барлық су нысандары тұрақты бақылауда тұр, – деді Меркі ауданының әкімі Ербол Жұмабекұлы.
Жамбыл ауданында да дайындық жұмыстары жоғары деңгейде. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аудандағы барлық су бөгеттері мен дренаж каналдар тазартылып, олардың өткізу қабілеті қалпына келтіріліпті. «Қазсушар» мекемесі тарапынан да каналдар мен су арналарының төменгі бөлігі тазаланып, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аудан бойынша Аса өзенінің жағалауын нығайтуға арналған жоба әзірленген.
Су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатқанымен, оның нақты нәтижесін алдағы уақыт көрсетпек. Табиғаттың тосын мінезі мен ауа райының құбылмалы сипаты сақтықты босаңсытуға жол бермейді. Сондықтан жауапты мекемелердің жүйелі жұмысы мен тұрғындардың қырағылығы қатар жүргенде ғана ықтимал қауіптің алдын алуға мүмкіндік туады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ



