Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құнды мұраларымыз цифрлық дамумен үйлесім тапты

Құнды мұраларымыз цифрлық дамумен үйлесім тапты
РСК
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Нұржан Мергенбайдың қатысуымен брифинг өтіп, республикалық маңызы бар ескерткіштерді сақтау, қорғау және дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндалды.

Спикердің айтуынша, қазіргі таңда облыс аумағында республикалық маңызы бар 30-ға жуық тарихи-мәдени ескерткіш тіркелген. Оның ішінде 12 қала құрылысы және сәулет ескерткіші, 15 археологиялық нысан, 1 кешен (ансамбль) және 2 монументалды ескерткіш бар. Ал «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының теңгерімінде 7 тарихи нысан орналасқан.

Музей-қорық қызметінің тиімділігін айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі – келушілер саны. Бұл бағытта соңғы екі жылда тұрақты өсім байқалып отыр. Атап айтқанда, 2024 жылы музей-қорыққа 112 839 адам келіп, 224 экскурсия ұйымдастырылса, 2025 жылы келушілер саны 123 661 адамға жетіп, өткізілген экскурсиялар саны 502-ге дейін артқан. Бұл көрсеткіштер өңірдегі тарихи-мәдени нысандарға деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын аңғартады.

Былтыр республикалық деңгейдегі музей-қорықтармен өзара ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән берілді. Осы мақсатта өңірде «Отырар» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мен «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының жылжымалы көрмелері ұйымдастырылды. Аталған көрмелер арқылы Тараз өңірінің ғана емес, жалпы Қазақстан аумағындағы бірегей тарихи-мәдени ескерткіштерді кеңінен насихаттау көзделді. Сонымен қатар, музей мамандары арасында тәжірибе алмасу, бірлескен мәдени іс-шаралар өткізу және болашақта ортақ ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру мәселелері де талқыланды.

Алдағы кезеңде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Т. Рысқұлов ауданында орналасқан Құлан қалашығында ауқымды ғылыми жоба іске асырылмақ. Халықаралық Түркі мәдениеті және мұрасы қорының бастамасымен қалашықты музейлендіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл жоба Құлан қалашығының тарихи келбетін жаңғыртып, оның халықаралық деңгейде кеңінен танылуына жол ашады.

Сонымен қатар, Төменгі Барысхан қалашығын жан-жақты зерттеу мақсатында «Ежелгі Барысхан қалашығы: тарихи-мәдени мұраны сақтау және зерттеу» атты ғылыми жоба әзірленуде. Алдағы уақытта археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген жағдайда, нысанды тарихи-мәдени туризм орталығы ретінде дамыту жоспарланып отыр. Жоба аясында ашық аспан астындағы музей ұйымдастыру, туристік маршруттарға енгізу және кешенді қорғау шараларын іске асыру көзделген.

Тарихи мұраны заманауи форматта таныту мақсатында Қарахан мен Айша бибі кесенелеріне арналған тарихи-аңыздық бейнебаян жасанды интеллект технологиясының көмегімен әзірленіп, көпшілік назарына ұсынылды. Бұл бастама отандық музей ісінде жаңа технологияларды тиімді қолданудың нақты үлгісіне айналды.

Сондай-ақ Айша бибі және Қарахан кесенелерінде, Ақыртас кешенінде және Тараз қалашығында QR-код арқылы төлем жүйесі енгізілді. Бұл жүйе қаржылық есептің ашықтығын қамтамасыз етіп, қолма-қол ақшаны пайдалануды азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Келушілер санын нақты есепке алу және қауіпсіздікті күшейту мақсатында турникеттер орнату жобасы да қолға алынған. Алдағы уақытта түрлі валюталар мен электронды төлемдерді қабылдайтын заманауи қайырымдылық жәшіктерін орнату жоспарлануда.

Баспасөз конференциясы барысында Нұржан Мергенбай музей саласындағы цифрлық жаңашылдықтарға кеңінен тоқталды.

– Биылғы жылдың ең негізгі жаңалықтарының бірі – музей-қорыққа қарасты барлық нысандарда 3D турлардың іске қосылуы. Енді кез келген адам біздің ресми сайт арқылы тарихи нысандармен виртуалды түрде танысып, қорымызда сақталған жәдігерлер туралы толық ақпарат ала алады. Мемлекет басшысының бастамасымен биыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялануы музей саласына да тың серпін беріп отыр. Сонымен қатар, тарихи нысандардың қауіпсіздігі мен келушілерге қолайлы жағдай жасау – басты міндетіміз. Осы мақсатта билет сату жүйесі толықтай электронды форматқа көшірілді, бейнебақылау камералары орнатылды. Бұл шешімдер келушілер легін автоматты түрде есептеуге және қаржылық процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алдағы жоспарымыздың бірі – мектептерде «Өлкетану» сабағын енгізу. Балалар өз туған жерінің тарихын, жер-су атауларының мәнін білуі тиіс. Бұл бағытта да заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін пайдаланамыз. Сонымен қатар, балаларға арналған тарихи мультфильмдер түсіру және ЮНЕСКО ұйымына Ақыртас кешенінің аумағында павильон салу жобасын ұсыну жоспарда бар, – деді музей-қорық директоры.

Айта кетейік, 2025 жылы музей-қорықта барлығы 130 мәдени және ғылыми іс-шара ұйымдастырылған. Оның ішінде 15-і ғылыми бағыттағы шаралар. «Тараз – тарих және тағылым» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференция өткізіліп, Тараздың ежелгі өркениеттегі орны кеңінен талқыланған. Сонымен қатар, мектеп оқушыларына арналған «Өлкенің жас археологы», «Жас өлкетанушы» бағдарламалары жүзеге асырылып, оқу орындарында 42 тақырыптық дәріс өткізілді. Әлеуметтік желілерде ескерткіштер туралы 21 бейнедәріс жарияланып, бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет ресурстарда 30 ғылыми-танымдық мақала жарық көрген.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар