Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жаңа жыл түніндегі алапат өрт: Оқыс оқиғаға не себеп?

Жаңа жыл түніндегі алапат өрт: Оқыс оқиғаға не себеп?
Автор
Жаңа жылға санаулы сағаттар ғана қалған шақ. Қала көшелері әсем шамдармен жарқырап, әр үй мерекелік думанға барынша дайындалғаны сезіледі. Адамдар бір-біріне ақ тілектерін арнап, дастарқан жайып, шат-шадыман күйде жаңа жылдың келуін күтіп жатқан сәт еті бұл. Алайда осы қуанышты сәтті аяқ астынан болған қайғылы оқиға бұзды. Біз облысты дүрліктірген сол бір төтенше жағдайдың мән-жайына үңілген едік.

АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ

Тараз қаласының «Қарасу» (5) шағынауданында орналасқан №15 көпқабатты тұрғын үйден кенеттен алапат өрт шығып, қызыл жалын мен қою түтін бүкіл аумақты шарпыды. Әп-сәтте тыныштықты дабыл дауысы, адамдардың үрейлі айқайы басты. Тұрғындар абдырап, кейбірі балаларын қолына алып, енді бірі қарттарды сүйемелдеп, сыртқа шығуға асыға бастады. Мерекелік шаттықтың орнын қорқыныш пен алаңдаушылық басты.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменінің ресми өкілі Карина Карташованың айтуынша, алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына келген сәтте тұрғын үйдің бесінші қабатындағы қылтима (балкон) мен шатыр қызыл жалынға оранып жатқан.

– Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тұрғындарды жедел эвакуациялау ұйымдастырылып, барлығы 100 адам, оның ішінде 30 бала қауіпсіз жерге шығарылды. Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментінің вахталық көліктері базасында тұрғындарды жылыту пункттері ұйымдастырылды. Оқыс жағдай орын алған жерде өрт сөндіру жедел штабы құрылып, «тілсіз жауды»  ауыздықтау үшін үздіксіз су шашу жұмысы қамтамасыз етілді. Үш жауынгерлік учаске жұмыс істеп, жеті су оқпаны қолданылды. Қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция департаментінің қызметкерлері аумақты қоршауға алды. Өртті сөндіру жұмыстарына жеке құрамнан 62 адам және 22 техника жұмылдырылды, – деді К.Карташова.

Дәл сол түні құтқарушылар тағы бір өрттің алдын алып, Тараз қаласындағы «DR Watson» мейрамханасын тілсіз жаудан сақтап қалды. Жамбыл даңғылы бойында орналасқан екі қабатты мейрамхана ғимаратына жапсарлас салынған жаздық алаңшада өрт шыққаны анықталды. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар  мейрамханадан шамамен 100 адамды эвакуациялады. Жедел және үйлесімді әрекеттердің нәтижесінде өрттің мейрамхананың негізгі ғимаратына және жанында орналасқан жанармай құю бекетіне таралуына жол берілген жоқ. Өрт 300 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Зардап шеккендер тіркелген жоқ, өрттің шығу себебі анықталуда.

– Реті келгенде айта кету керек, 2025 жылғы 31 желтоқсандағы сағат 07.00-ден 2026 жылғы 1 қаңтардағы сағат 07.00-ге дейінгі аралықта облыс аумағында жедел кезекшілік желісі арқылы барлығы 6 төтенше жағдай тіркелді. Осы уақыт ішінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері 17 рет жедел шығу жұмыстарын жүзеге асырды. Шақырулардың ішінде 6 жағдай өрт оқиғаларына, 4 жағдай жану деректеріне, 7 жағдай авариялық-құтқару жұмыстарына байланысты болды. Іздестіру жұмыстары мен әртүрлі сипаттағы басқа да шығулар тіркелген жоқ. Жүргізілген жедел әрекеттер нәтижесінде адамдарды тікелей құтқару жағдайлары орын алмағанымен, қауіпсіздік мақсатында 200 адам, оның ішінде 30 бала алдын ала қауіпсіз орындарға көшірілді. Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары толық дайындықта болып, жағдайға уақтылы әрекет ету қамтамасыз етілді, – дейді Карина Карташова.

 

ҚЫЗЫЛ ЖАЛЫНМЕН АРПАЛЫСҚАНДАР

Сол түні ғимаратты шарпыған «тілсіз жауды» ауыздықтауға үлкен үлес қосқан құтқарушылардың бірі – Ертай Райымбеков. Азаматтық қорғау подполковнигі 2025 жылдың шілде айынан бері облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары лауазымын атқарып келеді.

– Осы қиын да қауіпті мамандықты 2004 жылы мектепті аяқтағаннан кейін саналы түрде таңдадым. Содан бері жиырма бір жылға жуық уақыт бойы азаматтық қорғау саласында еңбек етіп келемін. Қызмет жолымның алғашқы жылдарын қазіргі уақытпен салыстырсам, айырмашылық жер мен көктей. Ол кезде ұялы телефонның өзі тапшы болатын, ал бүгінгі таңда жаңа технологиялар, заманауи техника, дрондар мен жетілдірілген құрал-жабдықтар біздің негізгі көмекшімізге айналды. Алғаш сөндірген өртім әлі күнге дейін көз алдымда. Тараз қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесінде орын алған өрт кезінде ішінде қалып қойған адамның толықтай жанып кеткен мәйітін алып шыққан сәт менің жадымда мәңгі сақталды. Ол кезде жас маман ретінде қорқыныш пен үрейдің болғаны рас, мұндай жағдайға психологиялық тұрғыда дайын емес едік. Уақыт өте келе, тәжірибе жинақталып, мұндай сезімдерге берілмеуді, сабыр сақтауды үйрендік, – деген Ертай Құрманбекұлы ұзақ жылғы тәжірибесіне қарамастан, бұл жолғы өртті сөндіру операциясы психологиялық тұрғыдан оңайға соқпағанын жеткізді.

Е.Райымбеков оқиға орнына келген кезде үйдің шатыры толықтай жалынға оранып жатқанын көреді. Сол сәттен-ақ өртті тез арада сөндіру мүмкін болмайтынын, алда өте ауыр әрі күрделі жұмыс күтіп тұрғанын іштей сезеді. Шынында солай болды, өртті ауыздықтау ұзақ уақытты алды. Дәл сол түні сағат 00.00-де, көпшілік отбасымен жаңа жылды қарсы алып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың телеарналардан берілген құттықтауын тыңдап отырғанда, құтқарушылар жалынмен арпалысып, өртпен күресіп жатты.

– «Тілсіз жауды» ауыздықтау үшін үйдің кіреберісі (подъезд) ішіндегі шатырға шығатын люктер арқылы көтерілуге тура келді. Шатыр ішіндегі температура өте жоғары, шыдау мүмкін емес еді. Сондықтан алдымен ішке кіретін аумақты салқындатып, жалынды басып барып қана жұмыс істеуге кірістік. Соның өзінде шатырдың іші нағыз пештің ішіндегі жалындай сезілді. Себебі қою түтін, дем алудың қиындығы, аса жоғары температура жағдайды тіпті күрделендірді. Осындай ауыр жағдайларға қарамастан, әріптестерімнің ерлігі мен жанкештілігінің арқасында өрт адам шығынынсыз сөндірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер болған жоқ. Барлық әрекет радиобайланыс арқылы өзара үйлестіріліп, арнайы құрылған орталық штабтан басқарылды. Әр бөлімше нақты тапсырмалар алып, біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеді. Соның нәтижесінде өрт тиісті деңгейде, кәсіби тұрғыда сөндірілді деп есептеймін. Жалпы өрт қауіпсіздігі – ең алдымен әрбір азаматтың, үлкен-кішіге бірдей ортақ міндеті. Қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау – ірі өрттер мен үлкен апаттардың алдын алады. Сондықтан әр адам, әр отбасы өз балаларына өрт қауіпсіздігінің қарапайым қағидаларын үйретуі тиіс. Ережелерді елемеу орны толмас шығынға алып келуі мүмкін. Әсіресе мереке күндері салюттер мен отшашуларды қауіпсіздік талаптарын сақтамай қолдану, ұялы телефондарды зарядтаудағы қарапайым ережелерді бұзу, ашық отты бейберекет пайдалану – бәрі де өртке себеп болуы ықтимал. Соның ішінде от арқылы ұшырылатын әуе шарлары да үлкен қауіп төндіреді. Мұндай шарлар бір жерге барып, жанғыш затқа түсуі салдарынан қаншама өрт оқиғалары тіркеліп жатыр. Бірнеше жыл бұрын орталық алаңда дәл осындай шар шыршаға барып қонып, орталық шыршаның өртеніп кеткен кезі де болған. Сондай-ақ тұрғын үйлердің шатырларына құлап, үйлердің өртенуіне себеп болған жағдайлар да аз емес. Мұның барлығы ашық отты дұрыс қолданбаудан және қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындап отыр, – дейді бейбіт күннің батыры.

Жаңа жылды жұмыс сәтінде қарсы алған Ертай Құрманбекұлының отбасына сағат түнгі 00.00-де жаңа жылды отағасынсыз қарсы алуға тура келді. Құтқарушыға да сол сәтте хабарласып, жақындарын құттықтауға да мүмкіндік болмады. Тек кейін, сағат түнгі 03.00 шамасында ғана байланысқа шыққан екен. Жолдасы өмір мен өлімнің ортасында жүрген соң үйдегі жұбайы да отағасының амандығып ойлап, уайымнан көз іле алмаған екен. Себебі әлеуметтік желілерден өрт туралы ақпаратты көріп, алаңдап, ұйықтай алмай шыққан көрінеді. Тек Ертай Райымбеков телефон арқылы қауіпсің сейілгенін, өзінің де, әріптестерімнің де аман екенін айтып, жаңа жылмен құттықтаған кезде барып көңілі орнына түсіпті. Осындай сәттерде бұл мамандықтың тек қызмет емес, үлкен жауапкершілік пен құрбандықты талап ететінін тағы бір мәрте терең сезінесің.

Бейбіт күннің батыры осы жылдар ішінде сан түрлі құтқару операцияларына қатысқан. Қызмет барысында ауыр кезеңдер де аз болған жоқ. Әсіресе Ертай үшін Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған өрт кезінде жақын достарының қаза табуы – жүректе жазылмас із қалдырған ауыр оқиғалардың бірі. Кейіпкеріміз осындай сан түрлі құтқару жұмыстарына белсене қатысқаны үшін ведомстволық марапаттарға ие болған. Ең жоғары марапаты – Президент Жарлығымен берілген екінші дәрежелі «Айбын» ордені.

Ал «Dr Watson» мейрамханасынан шыққан өртті сөндіруге алғаш жеткен құтқарушыларды бірі – №4 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Қуанышбек Көпбосын. Ол азаматтық қорғау саласында 2013 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Алғаш еңбек жолын Жаңатас қаласында өрт сөндіруші болып бастаған.

– Осы уақыт аралығында талай ірі әрі күрделі өрт оқиғаларына қатысып,  жауапты сәттерді бастан өткердім. Есімде ерекше сақталған оқиғалардың бірі – Тараз қаласы, Төле би көшесі, №5 мекенжайдағы жатақхананың шатырынан шыққан өрт. Түнгі сағат 03.30 бен 04.00 шамасында болған бұл оқиғада тұрғындар түгелге жуық тәтті ұйқыда жатқан еді. Біз жедел жетіп, адамдарды ұйқысынан оятып, барлығын қауіпсіз жерге көшірдік. Сол кезде ең бастысы – адам шығынына жол бермеу болды, нәтижесінде ешқандай зардап шеккендер болған жоқ. 2026 жылы тағы бір аса қауіпті оқиға орын алды. Төле би көшесі арқылы Жамбыл даңғылымен келе жатқанымызда радиобайланыс арқылы Жамбыл даңғылы, №178 мекенжайда орналасқан «Dr Watson» нысанын өрт шарпығаны  туралы хабарлама түсті. Хабарды алған бойда дереу сол мекенжайға бағыт алып, бір минуттың ішінде оқиға орнына жеттік. Келген сәтте екі қабатты ғимараттың жаздық алаңшасы толықтай жалынға оранып жатқанын көрдік. Жедел әрекетке көшіп, жағдайды бағалау барысында оқиға орнында жүрген адамдардан аса қауіпті ақпарат алдық: ғимараттың жертөлесінде шамамен жүзге жуық адам қалып, сыртқа шыға алмай жатқаны белгілі болды. Бұл мәліметті бірден радиобайланыс арқылы жедел құтқару басқармасына жеткіздім. Артынша газ-түтіннен қорғау қызметінің буынын іске қосып, жертөлеге қарай бет алдық. Жертөлеге түсу барысында сол жақ бөлікте орнатылған пластик терезелер мен стендтер адамдардың сыртқа шығуына кедергі келтіріп тұрғанын анықтадық. Уақыт созуға болмайтын еді. Дереу бір оқпаннан су беріп, жалынды баса отырып, адамдарды құтқару жұмыстарына кірістік. Біртіндеп барлығын жертөледен таза ауаға алып шықтық. Абырой болғанда, ешбір адам күйік шалып немесе ауыр жарақат алмай, түгелдей қауіпсіз жерге көшірілді, – дейді Қуанышбек Базарұлы.

Бір айта кетерлігі, аталған нысанның жанында жанармай құю бекеті орналасқан болатын, бұл жағдай өрттің қауіптілігін одан әрі арттырды. Сол себепті бір мезетте жанармай бекетіне де су беріліп, өрттің таралуына жол бермеу үшін барлық күш жұмылдырылды. Әр өрттің өзіндік қиындығы мен  қауіпті тұстары болады. Бұл жолы да жағдай өте күрделі болды. Дегенмен бөлімше жеке құрамының үйлесімді әрі батыл әрекеттерінің арқасында үлкен апаттың алдын алды.

Қуанышбек үшін құтқарушы – тәуекелі мол, бірақ саналы түрде таңдалған мамандық.

 – Біз бұл жолды өз қалауымызбен таңдадық, сондықтан қандай қиындық болса да, басты мақсатымыз – адам өмірін сақтау. Осындай сәттерде әр секундтың, әр дұрыс қабылданған шешімнің қаншалықты маңызды екенін терең сезінесің, – деп сөзін түйіндеді ол.

 

БҮЛІНГЕН ШАТЫР ҚАЛЫПҚА КЕЛТІРІЛУДЕ

Қыстың қақ ортасында баспанасынан айырылған тұрғындардың жағдайы көпшілікті алаңдатпай қоймайды. Жаңа жылға санаулы сағаттар қалғанда болған бұл өрт бір емес, бірнеше отбасының тағдырын астан-кестен етті. Мерекелік көңіл күйдің орнын үрей мен қорқыныш басты. Көпқабатты үйдің тұрғындары үшін 31 желтоқсан ұмытылмас, әрі ауыр күнге айналды. Сол сәтте-ақ әлеуметтік желілерде оқиғаға қатысты бейнежазбалар тарап кетті.

Өрт шыққан бесінші қабаттағы пәтердің тұрғыны Альбина Ратхан қайғылы жағдай жаңа жылға шамамен екі сағат қалғанда болғанын айтады. Сол кеште бүкіл отбасы бір шаңырақ астына жиналып, мерекені қарсы алуға дайын отырған.

Әлеуметтік желілердегі видеода жанып жатқан балкон – біздікі. Көршілердің балконы пластик, олардың пәтері аз көлемде залал келді. Төменгі қабаттағы тұрғындардың баспанасын тек су басқан, ал біз бәрінен қатты зардап шектік. Оқиға қалай болғанына тоқталсам, біз балконға шығатын залда жаңа жылдық дастархан басында жиналып, отбасымызбен мерекені атап өтіп отырғанбыз. Бір сәтте балконда от тұтанды. Өзіміз сөндіріп көруге тырыстық. Күйеуім су толтырылған леген алып шықты, бірақ жалын тез тарады. Әйнектер жарылып, от пәтерді шарпыды. Екі кішкентай баламыз бар – біреуі екі жаста, екіншісі небәрі екі айлық. Біз сыртқа шығып үлгердік, бірақ үйімізден түк қалмады. Сыртқа шығып сәл есімізді жиып, ел-жұртпен тілдескенімізде куәгерлер де оқиғаға себеп пиротехниканың ұшқыны болуы мүмкін екенін айтып жатты. Сол сәтте аулада жүрген көрші балалар біреудің салют атқанын көрген, ұшқын біздің ағаш балконымызға түскен. Ол жерде киім кептіріліп тұрған, плед жатқан. Біз өзіміз отшашу атқан жоқпыз, сәбиіміз бар. Менің ойымша, біреудің отшашуы плед ілінген кептіргішке түсті де, жалын бірден үйімізді шарпыды. Дегенмен өрттің ресми себебі әлі күнге дейін анықталмады. Пәтер толық жанып кеткендіктен, дәлел жинау өте қиын, – дейді зардап шегуші тұрғын.

Альбинаның айтуынша, бұл пәтерге отбасы небәрі бір жыл бұрын ғана көшіп келген. Үмітпен басталған жаңа өмірдің күлге айналуы жас ананың жанын жаралағаны анық.

Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, жалын көз ілеспес жылдамдықпен тараған. Қауіп төнген сәтте басты мақсат – адамдардың амандығы болған. Ал өрттен кейінгі жағдайды көргендер үшін пәтерлерді тану мүмкін емес. Үй ішін түтін мен су басып, құрылыс материалдары жарамсыз күйге түскен.

– Тура мерекенің алдында мұндай күйге түсеміз деп ешкім де күтпеді. Түсқағаздар ашылып кеткен, линолеумның асты су. Есіктер сынып жатыр. Әрине, еңбекпен келген дүниелер болған соң ішің ашиды. Дегенмен бастысы адам шығынының жоқтығы. Осы ой көңілімді жайландырады. Қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Үйіміз қайта жөнделуде, – деді қала тұрғыны Дархан Атшабар.

Туындаған ахуалға байланысты  арнайы зерделеу комиссиясы құрылып, орын алған жағдай аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев пен қала әкімдігінің тұрақты бақылауына алынды. 1 қаңтар күні аймақ басшысы Тараз қаласындағы «Қарасу» (5) шағынауданындағы шатыры өртенген №15 көпқабатты үйді аралап, тұрғындарының жағдайымен танысты.

– Өрттің шығу ошағын, себебін және шығын көлемін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Тұрғын үйге нысаналы төтенше жағдай жарияланды. Әр пәтер бойынша келтірілген шығын есептеліп, заң талаптарына сәйкес қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсетіледі, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Аймақ басшысы зерделеу комиссияның жұмысына тұрғындарды да тарту қажеттігін баса айтып, қала басшылығына нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ тұрғындарды сабырлық танытуға, сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров те 1 қаңтарға қараған түні өрт шыққан көпқабатты тұрғын үйге барып, жағдайын біліп қайтты.

Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабековтің айтуынша, қызыл жалынға оранған бес қабатты тұрғын үй 1972 жылы салынған, 90 пәтерлі.

– Шатырдың жану аумағы шамамен 900 шаршы метрді құрады. Оқиға орнында дереу жылыту пункттері ұйымдастырылып, жағдайды үйлестіру және жедел басқару үшін жедел штаб құрылды. Қоғамдық тәртіпті полиция қызметкерлері қамтамасыз етті. Зардап шеккен тұрғындарды уақытша орналастыру мақсатында №25 орта мектептің базасында эвакуациялық пункт ашылды. Қазіргі таңда 8 отбасы, барлығы 32 адам, оның ішінде 16 бала «Жасмин» және «24/7» қонақ үйлеріне орналастырылған. Қонақ үйлерде уақытша тұрып жатқан азаматтар ыстық тамақпен, қажетті тұрмыстық жағдайлармен толық қамтамасыз етілген. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайы жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында. 2026 жылғы 5 қаңтардағы сағат 15.00 жағдай бойынша объектілік масштабтағы төтенше жағдай жарияланып, су, газ, электр жарығы және жылу жүйелері толық қосылды. Барлық 90 пәтерге зерделеу жұмыстары жүргізілді. Алғашқы тексеру нәтижесінде 54 пәтердің бүлінгені анықталып, 36 пәтерде нақты су өту фактілері тіркелді. Су өту деректеріне келсек, 5-қабатта – 15 пәтер, 4-қабатта – 13 пәтер, 3-қабатта – 13 пәтер, 2-қабатта – 9 пәтер, 1-қабатта – 4 пәтер бүлінген. Кейінгі нақтылау жұмыстарының нәтижесінде 2026 жылғы 5 қаңтардағы сағат 18.00 жағдай бойынша бүлінген пәтерлер саны 55-ке дейін нақтыланды. ал нақты су өту фактілері тіркелген пәтерлер саны 36-ны құрады, – дейді Н.Исабеков.

Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары 2026 жылғы 1 қаңтар күні сағат 08.00-де басталды. Алдын ала есеп бойынша жөндеу жұмыстарының жалпы құны 150 миллион теңгені құрайды. Қалпына келтіру шараларына 60 адам, 2 жүк көтергіш, 2 автокөтергіш (вышка), 2 жүк тасығыш көлік және 1 трактор тартылған. Қазіргі уақытта шатырды демонтаждау жұмыстары толық аяқталып, монтаждау кезеңі жүргізілуде. Сонымен қатар барлығы 12 пәтерде, атап айтқанда, №45, №46, №58, №69, №89, №29, №83, №90, №9, №20, №60 және №88 пәтерде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары белсенді түрде атқарылып жатыр екен. Қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындардың тұрмыс жағдайы тиісті қызметтердің тұрақты бақылауында. Жергілікті атқарушы органдар мен жауапты құрылымдар тарапынан жағдайды тұрақтандыру және тұрғын үйді толық қалпына келтіру бағытындағы жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.

 

ОТШАШУДЫ ОРНЫМЕН ПАЙДАЛАНҒАН ЖӨН

Тұрғындар арасында өрттің шығуына себеп болуы мүмкін деген нұсқалардың бірі – отшашуды қолдану. Осыған байланысты пиротехникалық бұйымдарды пайдалану ережелеріне қатысты мән-жайды нақтылау мақсатында облыстық полиция департаментіне сауал жолдаған едік.

Облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қанат Құрманалиевтің айтуынша, зерделеу жұмыстары аяқталып, ресми себебі анықталғанша «өрттің шығуына отшашу ұшқыны себеп» деп кесіп айтуға әлі ерте. Дегенмен құқық қорғау қызметкері жаңа жыл қарсаңында пиротехникаға қатысты профилактикалық жұмыстар тұрақты бақылауда болғанын жеткізді.

– Желтоқсан айында өңірде «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылып, оған әкімшілік полиция, жергілікті полиция қызметі және төтенше жағдайлар департаментінің өртке қарсы қызметкерлері жұмылдырылды. Алдын алу шараларын жүргізуге облыстық полиция департаментінің 350 қызметкері тартылып, пиротехникалық бұйымдарды заңсыз әкелу, сақтау, сату және пайдалану фактілерін анықтау үшін 83 мобильді топ құрылды. Заңсыз сауданы анықтау мақсатында 191 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, нәтижесінде пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатудың 102 дерегі тіркелді. Аталған фактілер бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 196-бабына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар сертификаты жоқ 1 541 дана пиротехникалық өнім, оның ішінде салют батареялары тәркіленді. Жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында балалар мен ересектер арасында пиротехникалық бұйымдарды қолдану салдарынан жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген деректер тіркелген жоқ, – дейді Қ.Құрманалиев.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, сол түні тәртіп сақшылары да тұрғындар қауіпсіздігін сақтау үшін барын салып баққан.

– Біздің полиция қызметкерлері оқиға болған жерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, тәртіпті қадағалады. Қазіргі уақытта да бұл аумақта бақылау және түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Эвакуация кезінде тұрғындарға көмек көрсетіліп, халық қауіпсіз жерге көшірілді. Өрттен кейін пәтерлерде қалған азаматтардың дүние-мүлкінің жоғалып кетпеуі қатаң бақылауға алынды. Сондай-ақ сол аумақта қылмыстық немесе келеңсіз оқиғалардың орын алмауына ерекше назар аударылды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Түйін: Қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталғанша, зардап шеккен тұрғындар облыс пен қала басшыларының жеке бақылауында болады. Дегенмен қыс ортасында сәбиін құшағына алып, туған шаңырағынан жырақта күн кешу кімге болса да оңай соқпайтыны анық. Барлығы сәтімен аяқталып, бұл сынақтың артынан үлкен жақсылық келсін деп тілейміз. Жөндеуден өткен әр шаңырақта тек береке мен тыныштық орнасын. Десе де бұл жағдай бәрімізге сабақ болуы тиіс. Облыстың өзге де тұрғындарын құтқарушы мамандар айтып өткен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар