Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Психологиялық жарақат миф пе, шындық па?

Психологиялық жарақат миф пе, шындық па?
Автор
Қазіргі қоғамда жиі талқыланатын тақырыптардың бірі – «балалық жарақат» немесе «детская травма». Психологтардың айтуынша, балалық шақтағы психологиялық жарақат – адамның жандүниесіне, мінез-құлқына және болашағына терең әсер ететін маңызды фактор. Әсері көрінбесе де, кейде өмір бойы адамның сеніміне, әлеуметтік қатынасына және эмоциялық тұрақтылығына кедергі келтіруі мүмкін.

ХХ ғасырдың басынан бастап психология ғылымында бұл тақырып зерттеліп келеді. Австриялық психолог Зигмунд Фрейд эмоционалдық жарақаттың, атап айтқанда абьюз және немқұрайдылықтың кесірі ересек шақтағы мінез-құлыққа қалай әсер ететінін алғаш теориялық түрде көрсетті. Жан Пиаже мен Лев Выготский балалардың дамуы әлеуметтік ортаға тәуелді екенін дәлелдеді. Джон Боулбидің «Қарым-қатынас теориясы» (Attachment Theory) бойынша, ана мен басты қамқоршы арасындағы байланыс адамның кейінгі эмоционалдық тұрақтылығын анықтайды. Бұл зерттеулер қазіргі «балалық жарақат» түсінігінің ғылыми негізін қалыптастырды. Психиатрияда бұл ұғым ресми түрде 1980 жылы DSM-III жүйесіне посттравматикалық стресс бұзылысы ретінде енгізілді. Сол арқылы «детская травма» жеке зерттеу объектісі ретінде танылды.

Облыстық психологиялық қолдау орталығының әдіскер-психологі Динара Сұлтанова «балалық жарақат» тек психологиялық тұрғыдан ғана емес, биологиялық тұрғыдан да әсер ететінін айтады.

– Балалық шақ – тұлға қалыптасуының ең маңызды кезеңі. Егер бала сыртқы немесе ішкі факторлардың салдарынан ауыр психологиялық соққы алса, бұл оның өмірге деген көзқарасына, дамуына, әлеуметтік қатынасына терең әсер етеді. Отбасындағы тұрақсыздық, ата-ананың жиі жанжалы, ажырасуы, маскүнемдік немесе психикалық ауру, мектептегі немесе көшедегі мазақтау, физикалық немесе эмоционалды зорлық, жақын адамның қайтыс болуы – барлығы баланың психикасында із қалдырады. Стресске ұшыраған немесе эмоционалды травма алған балада стресс гормондары – кортизол сияқты заттардың деңгейі тұрақсыз болады, бұл жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Ұзақ мерзімді стресс пен травманың нәтижесінде мазасыздық, депрессия, агрессия, тәуелділік сияқты психикалық проблемалар дамуы мүмкін. Кеңес дәуірінде психология тұрмыстық деңгейде кеңінен қолданылмаған. Сол кезде басты назар адамдардың ішкі сезімін зерттеуден гөрі тәртіп пен тәрбиеге аударылған. «Травма» деген ұғым әлсіздік немесе еркелікпен байланыстырыла беретін. Қазақ қоғамында да «баланы ұрып алсаң да тәрбиеле» деген дәстүр қалыптасқан. Бұл тақырыпқа қатысты ғылыми зерттеулер кеш жеткендіктен, ұғымның дұрыс түсінілмеуі қалыпты жағдай болды. 2000 жылдарға дейін интернеттің жалпыға қолжетімді болмауы, психолог мамандардың жетіспеушілігі және қоғамның бұл тақырыпқа жабықтығы ұғымның кең таралуына кедергі жасады. Ақпарат ағынының артуы арқылы әлемдік психология жаңалықтары қазақ тілінде қолжетімді бола бастады. «Балалық травманың» салдары әртүрлі. Ұйқы бұзылысы, қорқыныш сезімі, өзін-өзі бағалаудың төмендеуі, агрессия немесе тұйықтық, оқу үлгерімінің төмендеуі, депрессия, мазасыздық – ең жиі кездесетін белгілер. Кейде бұл жағдайлар өз-өзіне зиян келтіру ойларына дейін жетуі мүмкін. Бала естіген ауыр сөзді, көрген қорлықты, сезінген қорқынышты жүрегіне сақтайды. Ол үнсіз қалса, бәрін ішке жұтып жүргенінің белгісі. Ересек өмірде сол бала кездегі жаралар тұйықтық, агрессия, сенімсіздік секілді түрлі қиындықтарға себеп болады, – дейді психолог.

Психолог маман «балалық травмамен» күрестің жолдарын да атап көрсетеді. Балаға эмоционалды қолдау көрсету, оның сезімін тыңдау, сенімді және қауіпсіз орта жасау, күн тәртібін реттеу, қажет болса психологқа жүгіну маңызды рөл атқарады. Әсіресе ата-ананың ықпалы ерекше. Бала тек маманмен ғана емес, ата-анасының көмегімен де қалпына келуі мүмкін.

Динара Мұсақызы өз сөзінде баланың позитивті тәжірибесінің маңыздылығын атап өтті.

– Бала өмірінің алғашқы жылдарында алған сүйіспеншілік, мейірім, қызығушылық тәжірибесі оның өзін-өзі бағалауына, әлеуметтік дағдыларына, эмоционалды тұрақтылығына әсер етеді. Мұндай балалар өмірдегі қиындықтарға төтеп беруге үйренеді, стресске төзімділігі артады, бақытты тұлға болып қалыптасады, – деді ол.

Тараз қаласының тұрғыны Әсел Оспанованың айтуынша, психологиялық жарақат тек балалық шақта ғана емес, ересек өмірде де қалыптасуы мүмкін және ол адамның болашаққа деген сеніміне, қарым-қатынас құруына айтарлықтай әсер етеді.

– Мен 25 жасымда тұрмысқа шықтым. Алайда неке сәтсіз болып, көп ұзамай ажырасып кеттік. Жолдасым өте қызғаншақ болды, әрбір іс-әрекетіме үнемі күмәнмен қарайтын. Сол жағдайлар әлі күнге дейін санамда сақталып қалды. Бірнеше жылдан бері бойдақпын. Ер-азаматтармен тіл табысуым қиын. Біреумен жақын сөйлесе бастасам, өзімді ақтаумен боламын. «Тағы тұрмысқа шықсам қайта ажырасып кетемін бе?» деген қорқыныш бар. Әзірге психологқа жүгініп көрмедім. Алдағы уақытта өзіммен жұмыс істеп, бұл жағдайды жеңемін деп ойлаймын, – дейді Әсел.

Ал кейбір азаматтар «балалық шақтағы жарақат» деген ұғымды қабылдай бермейді. Олардың пікірінше, бұл қазіргі заманның ойлап тапқан термині.

– Біз «детская травма» деген ұғымды мүлде білмей өскен ұрпақпыз. Ол кезде ондай термин де болған жоқ. Мүмкін, сол себепті бізде ондай жарақат та болмаған шығар. Әрине, отбасында ұрыс-керіс, жанжал көп болса, оның бәрі баланың болашағына әсер етеді. Ондай балалар өскенде өз отбасында да сол мінезді қайталауы мүмкін. Бірақ өз басым балалық шағымда ондай ауыр психологиялық жарақат алдым деп айта алмаймын, – дейді ақын Ербол Қамбатыров.

Тағы бір топ азамат «психологиялық жарақат» дегенді мүлде жоққа шығарады. Олардың айтуынша, бұрынғы тәрбие қатал болғанымен, ол адамды әлсіз етпеген. Актер Еркебұлан Дайыров бір сұхбатында осы мәселені көтеріпті. Оның айтуынша, бүгінде қоғамда «психологиялық детская травма» деген ұғым тым әсіреленіп кеткен.

– Кейде ойлаймын, «психологиялық детская травма» деген терминді кім ойлап тапты екен. Шынымды айтсам, мен бұл ұғымды толық түсіне бермеймін. Біз осындай терминдер арқылы өз қолымызбен әлсіз ұрпақ тәрбиелеп жатқан жоқпыз ба деген сұрақ мазалайды. Қазір баланы тәрбиелеуде «оны істеме, бұлай сөйлеме, тиіспе, даусыңды көтерме, әйтпесе психологиялық жарақат алады» деген ескертулер тым көбейіп кеткендей. Егер мені дәл осылай шамадан тыс аялап, әр қадамымды шектеп өсірсе, бәлкім, бүгінгі өмірдің қиындықтарына дайын болмас па едім. Қоғамдағы сынақтарға төтеп бере алмай, әлсіз болып өсуім де мүмкін еді. Өмірде адамды орнынан тұрғызатын, алға жетелейтін мотивация қажет. Қиындықсыз, кедергісіз өскен адам ертең шынайы өмірмен бетпе-бет келгенде не істейді? Қиындыққа шыдай алмай, күйзеліске түсіп, тіпті өзіне қол жұмсауға дейін баруы мүмкін. Бұл жерде ешкім де «бала таяқ жесе, суицид жасамайды» немесе «қатаң тәртіп көрген бала міндетті түрде мықты болып шығады» деп кепілдік бере алмайды. Мәселе – тепе-теңдікте. Бала ата-анасының махаббатын сезінуі керек. Бірақ сол махаббат баланы өмірден толықтай қорғап тастау дегенді білдірмеуі тиіс. Әсіресе өтпелі кезеңде, жасөспірім шақта баланың ішкі жандүниесінде не болып жатқанын біз көбіне байқамай қаламыз. Нәтижесі кейін, 14-17 жас шамасында көріне бастайды. Сондықтан бала тәрбиесінде тек қатаңдық та, тек шектен тыс жұмсақтық та дұрыс емес. Кейде талап қойып, кейде еркіндік беріп, өмірдің ащысы мен тұщысын қатар сезіндіру қажет. Қиындықты жеңіп көрген, бірақ сүйіспеншіліктен де құр қалмаған бала ғана ертең өмірге бейім, өзіне сенімді тұлға болып қалыптасады, – дейді актер.

Осылайша, қоғамда психологиялық жарақат мәселесіне қатысты көзқарас екіұдай. Бірі оны мойындап, маман көмегіне жүгінуді дұрыс деп санаса, енді бірі бұрынғы өмір салтын үлгі етіп, мұндай ұғымды артық деп есептейді. Ал қай пікірдің шындыққа жақын екенін әр адам өз өмірлік тәжірибесіне сүйеніп бағамдайды.

Дегенмен мамандар баланың жандүниесіне көңіл бөлу, эмоциясын ескеру және қауіпсіз кеңістік жасау маңызды екенін ескертеді. Балалық «травма» емделуі мүмкін жағдай, тек уақытылы қолдау көрсету қажет. Бұл тек жеке балаға ғана емес, болашақ қоғамға жасалған қамқорлық.

Балалық шақтағы позитивті тәжірибе – бұл тек ойын мен бақыт емес, баланың психикалық денсаулығына жасалған инвестиция. Сүйіспеншілік, қолдау, түсіністік, мейірім – баланың болашақтағы сенімділігі мен эмоционалды тұрақтылығының негізі. Балаға осындай мүмкіндіктер беру арқылы біз келешекте психологиялық тұрғыдан тұрақты, өз-өзін бағалай білетін, қоғамға пайдалы тұлғаларды қалыптастырамыз. Психологиялық жарақат көзге көрінбесе де, оның іздері ұзаққа созылады, бірақ дұрыс қолдау арқылы бұл іздер емделеді.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар