Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Отбасы – тұлға қалыптастыру ортасы

Отбасы – тұлға қалыптастыру ортасы
Автор
Қазіргі қоғамның дамуы, оның мәдениеті мен рухани деңгейі тікелей адам тәрбиесіне байланысты. Ал тәрбиенің негізі – отбасыдан бастау алады. Отбасы құндылықтары – тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның сапасын айқындайтын басты факторлардың бірі. Себебі әрбір азаматтың бойындағы қасиеттер мен мінез-құлық нормалары, ең алдымен, отбасында қалыптасады. Яғни отбасы – тұлға қалыптастыру ортасы.

Бала өмірге келген сәттен бастап дүниетанымы, мінезі, қарым-қатынас мәдениеті ата-ананың тәрбиесі арқылы қалыптасады. Үйдегі атмосфера, ата-ананың бір-біріне және балаға деген қарым-қатынасы – бәрі де баланың болашағы мен тұлғалық қасиеттеріне әсер етеді.

Адам бойындағы адалдық, жауапкершілік, мейірімділік, сыйластық секілді ең маңызды қасиеттер отбасынан бастау алады. Осындай құндылықтарды бойына сіңірген адам қоғамда өз орнын таба алады және айналасына оң әсер ете алатыны бәрімізге мәлім. Нақтырақ айтқанда, адамның отбасынан алған тәрбиесі оның қоғамдағы іс-әрекетінен анық байқалады. Мысалы, үлкенді сыйлап өскен адам қоғамда да әдептілік танытады. Ал жауапкершілікке үйренген тұлға өз ісіне мұқият, сенімді болады.

Қоғамдағы тәртіп, адамдар арасындағы қарым-қатынас мәдениеті жеке тұлғалардың тәрбиесіне байланысты. Егер әрбір отбасы бала тәрбиесіне мән берсе, қоғамда да тәртіп пен өзара құрмет деңгейі жоғары болады.

Керісінше, отбасылық тәрбиенің әлсіреуі қоғамдағы түрлі жағымсыз құбылыстарға әкелуі мүмкін. Немқұрайдылық, қатыгездік, жауапсыздық сияқты мінез-құлықтар – көбінесе дұрыс бағыт берілмеген тәрбиенің салдары.

Сондай-ақ бүгінгі таңда технологияның қарқынды дамуы, әлеуметтік желілер адамдар арасындағы қарым-қатынасқа әсер ету үстінде. Көп жағдайда ата-ана мен бала арасындағы байланыс әлсіреп, рухани алшақтық пайда болғаны анық байқалады. Менің ойымша, бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, отбасы ішіндегі қарым-қатынасты нығайту қажет. Ата-ана баласына уақыт бөліп, оның ішкі жандүниесін түсінуге тырысуы тиіс. Тек материалдық жағдай емес, рухани тәрбие де басты назарда болуы керек. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ата-ананы сыйлау – ұлттық құндылықтарымыздың негізі. Осындай тәрбиені көріп өскен ұрпақ қоғамда да өзін дұрыс ұстай біледі. Сондықтан бүгінгі жастар ұлттық тәрбиені ұмытпай, оны заманауи өмірімен үйлестіре білуі қажет. Бұл – қоғамның рухани дамуының кепілі.

Отбасы құндылықтары – қоғамның айнасы. Адамның отбасынан алған тәрбиесі оның өмірлік ұстанымын қалыптастырып, қоғамдағы орнын анықтайды.

Мен үшін отбасы тек жақын адамдар емес, ол өмірлік бағыт беретін, дұрыс жол көрсететін қасиетті орта. Сондықтан әрбір адам өз отбасын бағалап, ондағы құндылықтарды сақтауға ұмтылуы тиіс.

Егер әр отбасы берік болса, қоғам да тұрақты әрі дами түсері сөзсіз. Себебі мықты қоғам мықты отбасылардан құралады.

Гүлгауһар ҚҰРМАНӘЛІҚЫЗЫ,
Шерхан Мұртаза атындағы
руханият және тарихтану орталығының
мәдени жұмыстарын
ұйымдастырушысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар