Өкініштісі сол, қазір аңыз-ертегісін айтып, санаға сәуле құятын үлкендердің қатары сиреп, баланы ата-ана емес, телефон мен әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр.
Өнегелі өмірінде ертегіні насихаттауға аянбай еңбек еткен Гүлсім Сариева халық ауыз әдебиетінің кәусар бұлағымен сусындап өскен баланың жандүниесі рухани бай, ой-санасы кең, қиялы ұшқыр болып өсетінін айтады.
– Біздің балалық шағымызда ертегі айтып ұйықтату бұлжымас үрдіс болатын. Есейе келе әкеміз кешкісін дастан-жырларды, батырлар жырын алдымызға жайып қойып: «Мына жерге дейін оқы», – деп қатаң қадағалайтын. Содан бәріміз кезек-кезек алып, жарыса оқитынбыз. Кейін ата-анамыз оқыған дүниеміздің мазмұнын сұрап, «Не түсіндің?» деп ойымызды саралап отыратын. Осылайша біз кітаппен дос болып, ертегімен есейдік. Ал бүгінгі заманда бәрі қолжетімді, бірақ кітаптан алыстап бара жатырмыз. «Барлық ақпарат телефонда тұр» деп, соған ғана жүгінетін болдық. Ертегі – баланың сана-сезімін оятып, ой-өрісінің кеңеюіне тікелей әсер ететін құрал. Өзім телеарнада қызмет еткен жылдарымда да, радиода да ертегі айту үрдісін үзбей, түрлі хабар жүргіздім. Сөйтіп, балалардың ертегіге деген ықыласын оятуға тырыстым. Ертегі тыңдаған немесе оқыған бала армандайды, қиялдайды, мазмұнын көз алдына елестетеді. Бұл үрдіс жандүниені рақатқа бөлеп, ішкі тыныштық сыйлайды. Өкінішке қарай, бүгінгі балдырғандар ертегіден гөрі мультфильмдер мен киноларға әуес. Дегенмен жуырда ертегілердің мультфильм форматында ұсыныла бастағанын көріп, шын қуандым. Осындай қазақтілді жобалар көбейіп, аналарымыз ең болмаса жатар алдында перзентіне ертегі айтып берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Кезінде өзім ертегі айтқан немерелерім: «Апа, қасыңызға жатайыншы, ертегі айтып беріңізші», – деп айналсоқтап жүретін. Бүгінде олар ержетіп, азамат болды. Ертегі баланың сөйлеу қабілетін жетілдіріп, санасын ерте оятады. Сондықтан ата-аналарымыз балаларын телефонға телміртіп қойғанша, осындай асыл қазынамызбен сусындатып, тәлімді тәрбие берсе екен деймін, – деді Гүлсім әже.
Сәт сайын өсетін батыр немесе шешендігімен талай тығырықтан шығатын ділмар, бойындағы айрықша күш-қуатымен жауды жайратқан қаһармандар ертегінің де, аңыздың да басты кейіпкерлері болған. Баланың санасына сәуле құйып, қиялына қанат бітіретін осындай ауыз әдебиетінің үлгісі әлемде кең сұранысқа ие. «Сұлу мен құбыжық», «Ұйқыдағы ару» сынды қанша рет тамашаласаң да жалықпайтын әлемдік ертегілер кинофильм, мультфильм ретінде таспаланды. Әлі күнге қалың көпшіліктің назарында. Ал «Алдар көсе» десе, елең етпейтін қазақ жоқ шығар, сірә. Ертегісін тыңдап, анимациялық еңбекті де, киноны да сан мәрте тамашаладық қой.
Ал бүгінде жас ата-аналар балалары жыласа, телефон беріп құтылады. Дегенмен ізгілердің ізімен жүріп, салиқалылардың соқпағынан жаңылмай келе жатқан жас отбасылар да бар. Тараз қаласының тұрғыны, жас ана Сымбат Сұлтанмен тілдескенімізде ол жас сәбиіне жұбайы екеуі құрсақтағы күнінен ертегі айтып келе жатқандарын жеткізді.
– Жасым жиырма бесте. Бүгінде екі жасар бүлдіршін тәрбиелеп отырған анамын. Біз жолдасым екеуміз ұлымыз құрсақта жатқан кезден бастап оған ертегі айтуды әдетке айналдырдық. Қазір ақпараттық технологиялар қарқынды дамыған заман. Соның салдарынан келетін рухани зиянның алдын алу үшін баламыздың ішкі әлемі бай, қиялы ұшқыр болсын деген мақсатпен ертегі айтамыз. Тұңғышымызды күтіп жүргенде-ақ әкесі «Тазша бала», «Ер Төстік» сынды аңыз-ертегілерді жиі оқып беретін. Қазір де сол үрдісті үзбей, баланы кезектесіп ертегімен ұйықтатамыз. Ұлымыз да бұған әбден үйреніп алды, тіпті жатар алдында өзі ертегі айтуымызды сұрайды. Қазіргі таңда кейбір ананың баланы музыкамен немесе аудио түріндегі бесік жырымен ұйықтататынын көріп жүрміз. Меніңше, бұл – қате. Балаға ананың немесе әкенің дауысымен айтылған ертегінің әсері мүлде бөлек. Мен атам мен әжемнің бауырында өстім. Олар маған небір ғажайып ертегілерді айтып беретін. Соларды тыңдағанда еріксіз қиял әлеміне еніп, сол кейіпкерлермен бірге жүргендей ерекше күй кешетінбіз. Өкінішке қарай, қазір ертегі тыңдап өсетін балалар қатары сиреп барады. Көпшілігі әлеуметтік желілерге, мән-мағынасыз мультфильмдерге әуес. Сондықтан қатарластарымды, жас ата-аналарды балаларына ертегі айтуға шақырамын. Бұл – тек ермек емес, біздің ұлттық құндылығымыз, ұлттық тәрбиеміздің өзегі. Бабадан қалған осы асыл мұраны жоғалтып алмауымыз керек, – деді жас ана.
Осы тұста біз Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының «Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамарға хабарласып, пікірін білуді жөн санадық. Ол халық ауыз әдебиетінің ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын тарқатып айтып берді.
– Ертегі мен аңыз – тек балаларға арналған қиял-ғажайып әңгіме емес, ол – ұлттың рухани коды, тәрбие мен танымның терең қайнары. Қарапайым көрінгенімен әр ертегінің, әр әфсананың астарында өмірдің сан қилы шындығы, адамгершілік қағидалары, ұрпаққа аманат етер ой-тұжырымдар жатады. Сол себепті ертегіні тек балаға керек дүние деп қарастыру – оның шынайы мәнін тарылтып алу, меніңше. Қазақ қоғамында аңыз бен ертегі айту тек уақыт өткізу амалы емес, үлкен мәдениеттің, шешендік өнердің бір көрінісі болған. Әсіресе үлкен жиындарда, отырыстарда тікелей айтылмайтын ойды астарлап жеткізу, көңілге қаяу түсірмей, шындықты жұмсартып айту аңыз бен әңгіме арқылы жүзеге асқан. Бұл сөз қадірін білген халықтың ерекше парасат биігі еді. Орта Азия халықтарына ортақ бұл дәстүр қазақта да кеңінен таралып, өзіндік сипатқа ие болды. Қазақтар бас қосқанда көрген білгенін құр баяндап қоймай, оны ой елегінен өткізіп, тұжырым жасап, аңызға айналдырып жеткізген. Осы арқылы олар тыңдаушыны ойландырды, тәрбиеледі, бағыт-бағдар берді. Ертегі – ұрпақ тәрбиесінің үнсіз ұстазы. Онда жақсылық пен жамандықтың аражігі ажыратылып, адалдық пен әділдіктің бағасы беріледі. Бала санасына әсер етудің ең нәзік әрі тиімді жолы да – осы ертегі. Ал аңыздар арқылы халық өзінің тарихи жадын сақтап, ұлт ретінде қалыптасу жолындағы құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда бұл дәстүрдің әлсіреп бара жатқаны жасырын емес. Үлкендердің өзара тағылымды әңгіме айтуы сиреп, балаларға ертегі айтатын әжелердің қатары да азайғандай. Заманауи технологиялар мен қарбалас тіршілік сөздің қадірін сезінуден алыстатып барады. Дегенмен үміт сәулесі де жоқ емес. Жамбыл өңірінде осы олқылықтың орнын толтыруға атсалысып жүрген ерікті әжелер бар. Олар балабақшада, мектепте, түрлі мәдени іс-шараларда балаларға ертегі айтып, ұлттық құндылықтарды насихаттап келеді. Бұл – тек өткеннің сарқыншағын жаңғырту емес, болашаққа бағытталған игі қадам. Әжелердің бұл бастамасы – қоғам үшін аса маңызды рухани қызмет. Олар тек ертегі айтып қана қоймайды, әрбір әңгіме арқылы өмірдің мәнін, адамгершіліктің биік өлшемдерін жеткізеді. Осылайша ұмыт бола бастаған дәстүр қайта жанданып, жаңа буынның санасына сіңірілуде, – деді ол.
Ұлттық болмысымызды технологияның тегеурініне таптатпай, керісінше, жандандыра білу – біздің жарқын болашағымыздың кепілі. Бұл ретте қазыналы көркем әдебиетіміздің, аңыз бен ертегінің орны айрықша. Демек, өз құндылығымызды дәріптеп, көздің қарашығындай сақтау азаматтық абыройымызды асқақтататын іс болмақ.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ



