Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Халық қалаулылары ел ішінде

Халық қалаулылары ел ішінде
Автор
Апта басында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәкен Арубаев, сонымен қатар бір топ Мәжіліс депутаттары облысымызға жұмыс сапарымен келген болатын. Халық қалаулылары бірнеше күн Тараз қаласы мен аудандарды аралап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысты. Өнеркәсіп, ауылшаруашылығы және инфрақұрылым секілді негізгі салаларда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысын бағамдады. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпорын өкілдерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, бірқатар түйткілді мәселелерге назар аударды.

СЕНАТОРҒА АРТАР СЕНІМ МОЛ

Мәселен, сенатор Сәкен Арубаевтың облысымызға жасаған жұмыс сапары Жамбыл ауданындағы бірқатар әлеуметтік және инвестициялық нысандарды аралаудан басталды. Алдымен депутат Аса ауылының кіреберісінде орналасқан жаңадан пайдалануға берілген аудандық орталық кітапхана, архив және жасөспірімдерге арналған демалыс кешенінің жұмысымен танысты. Аудандық орталық кітапхана заманауи үлгіде жабдықталып, бір мезетте бірнеше жүз оқырманға қызмет көрсетуге негізделген. Кітапхана қоры жыл сайын толықтырылып, электронды ресурстармен жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылған. Аудандық архивте өңірдің тарихи-құжаттық мұраларын сақтау, жүйелеу және цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Жасөспірімдер демалыс кешені балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған және спорттық, мәдени-танымдық үйірмелермен қамтуға бағытталған. Аталған нысандардың құрылысы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылып, азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Халық қалаулысы келесі кезекте Аса ауылында салынып жатқан 120 пәтерлі тұрғын үй құрылысының барысымен танысты. Бұл көпқабатты тұрғын үй әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба іске қосылғаннан кейін 120 отбасы жаңа пәтерге қол жеткізеді. Құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталып, инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету көзделген. Жұмыс сапары барысында Сәкен Қаланұлы «AzNurAgro» өндірістік кооперативінің 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылыс алаңында болды. Аталған инвестициялық жоба іске қосылған жағдайда тәулігіне бірнеше тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. Ферма заманауи технологиялармен жабдықталып, ауыл тұрғындары үшін жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Жобаның іске асырылуы ауданның ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Одан әрі депутат «ARZAN CITY-III» жол бойындағы кешенді қызмет көрсету сервисінің жұмысын көрді. Кешен құрамына тамақтану орны мен қонақүй кіреді. Бұл нысан республикалық маңызы бар автожол бойындағы жолаушылар мен жүк тасымалдаушыларға тәулік бойы қызмет көрсетуге лайықталған. Жоба жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып, бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сенатор сондай-ақ Айша бибі ауылындағы «Ализа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көкөніс сақтау қоймасымен танысты. Қойма мыңдаған тонна көкөніс өнімдерін сақтауға арналған және ауылшаруашылық өнімдерін маусымаралық кезеңде нарыққа тұрақты жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл жоба өнім бағасының тұрақтылығын сақтауға және жергілікті шаруалардың табысын арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар С.Арубаев «Super Рharm» ЖШС-нің бір реттік медициналық бұйымдар өндіретін кәсіпорнының жұмысын көрді. Кәсіпорын медициналық қолғап, бір реттік медициналық бетперде, бахила, шприц сияқты бұйымдарды шығарып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуде. Жоба аясында бірқатар жаңа жұмыс орындары ашылған, ал өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланған.

Жұмыс сапары барысында Сенат депутаты әрбір нысанның әлеуметтік-экономикалық маңыздылығына назар аударып, инвестициялық жобалардың аудан дамуына қосып отырған үлесін атап өтті. Сонымен қатар көтерілген мәселелер мен ұсыныстар алдағы заңнамалық және депутаттық қызмет барысында ескерілетінін жеткізді.

Сейсенбі күні Сәкен Арубаев Жуалы өңіріне де арнайы ат басын бұрып, ауданның өндірістік және агроөнеркәсіптік әлеуетін айқындайтын бірқатар кәсіпорындар мен білім беру нысандарын аралады.

Сенатор алдымен Бауыржан Момышұлы  ауылындағы ірімшік зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын жергілікті сүт шикізатын өңдеуге маманданған. Зауытта сүт қабылдау, пастерлеу, ірімшік дайындау және қаптау желілері бар. Өндіріс қуаты ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуға бағытталған, тұрақты жұмыс орындарын қалыптастырып отыр.

Келесі нысан – «Ақсай Жуалы» ЖШС. Кәсіпорын тәулігіне 80 тоннаға дейін минералды сусын өндіреді. Жоба құны 400 миллион теңге болса, мұнда 15 адам тұрақты жұмыс істеп жүр. Бұл – аудан бойынша алғашқы минералды сусын зауыты. Өндірісте заманауи су құю және қаптау желілері орнатылып, өнім сапасын бақылау толық автоматтандырылған. Сенатор кәсіпорын жұмысымен етене танысып, айтар уәжі бар азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Іссапар барысында №16 Жуалы колледжі де қамтылды.  Білім ощағында аграрлық бағыттағы мамандықтар бойынша тәжірибелік оқытуға арналған оқу алаңдары, техника мен зертханалық база бар. Бұл нысан өңірдің ауыл шаруашылығы саласына білікті кадрлар даярлауда маңызды рөл атқарады. Сенатор колледж меншігіндегі ауылшаруашылық техникалары мен ұсынылатын дәнекерлеу істерін ширату, яғни, кәсіпорын қуаттылығын арттыру үшін қолда бар технологияларды пайдалану арқылы өз бюджеттерін көтеру қажеттігін алға тартты. Ережеге енгізілетін өзгерістер, осы бағыттағы жұмыстарды дамыту мақсатында ұсыныс берулерін сұрады.

Сапар соңында сенаторға «Ali-Ko SUT» сүт цехының жұмысы көрсетілді. Цех сүт өнімдерін бастапқы өңдеуден өткізіп, дайын өнім шығаруға бағытталған. Кәсіпорын жергілікті фермерлерден алынатын шикізатқа сүйеніп, өндірістік қуатын кезең-кезеңімен ұлғайтуда. Бұл бастама ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етуде.

Кеше Сәкен Қаланұлы Талас ауданына барып, Қаратау қаласында бірқатар өндіріс орындарын аралады. Алдымен «ARTAZA» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінде болып, сублимацияланған сүт өнімдерін шығаратын цехтың құрылыс жұмысының жай-күйіне қанықты. Бұдан кейін «Жамбыл Недр» («Karatau Lime») серіктестігінің минералды ұнтақ өндіретін зауытының жұмысын көрді. Сондай-ақ аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков «Alina Group» ЖШС-нің мәрмар тасын өндіру бағытындағы қызметін таныстырды. Күннің екінші жартысында сенатор «Talas Investment Company» серіктестігінің натрий цианиді мен аммоний сульфатын өндіретін зауытында болып, өндірістік үдерістерге назар аударды. Сапар соңында «Karatau Chemicals» ЖШС-нің натрий пиросульфитін өндіретін зауытына ат басын бұрып, кәсіпорын жұмысына қанықты.

Бүгін Сәкен Қаланұлының жұмыс сапары Сарысу ауданында жалғасты. Мұнда сенатор «Qazaq Soda» ЖШС-нің кальцийлендірілген сода зауытының құрылыс алаңында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын көрді. Сонымен қатар «Ислам Даму банкі» арқылы қаржыландырылып, күрделі жөндеуден өтетін су арналарының құрылысымен танысты. Одан кейін сенатор Жайылма ауылындағы «Ұбайділда» шаруа қожалығының жұмысын көріп, ауылшаруашылығы бағытындағы тірліктерге қанықты. Сондай-ақ «Диас» шаруа қожалығында болып, мал бордақылау қорасының жағдайымен танысты.

 

МӘЖІЛІС МІНБЕРІНЕН АЙТЫЛАР МӘСЕЛЕ КӨП

«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасында оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындалған. Осы мақсатта өңірлерде жаңа білім беру нысандарын салу, қолданыстағы мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижесі де бар. Білім саласына бөлінген қаржы мен қолға алынған жобалар өңірлердегі мектеп мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік беріп отыр.

Осы орайда, облысымызға іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұқаш Ескендіров, Гүлдара Нұрым және Әбутәліп Мүтәлі Тараз қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы №27 орта мектеп жанынан салынып жатқан 600 орындық жаңа оқу корпусының құрылыс жұмыстарымен танысты. Халық қалаулылары нысанды аралап, құрылыс барысы, жұмыс сапасы және белгіленген мерзімдердің сақталуы жөнінде жауапты тұлғалардың есептерін тыңдады.

Аталған білім ошағы алғаш рет 1951 жылы пайдалануға берілген. Кейін 1963 және 1970 жылдары қосымша екі корпус салынған. Алайда сол уақыттан бері мектеп ғимаратында ауқымды жаңғырту немесе күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Жыл сайын атқарылатын ағымдағы жөндеу ескі ғимараттардың тозуын тоқтатуға жеткіліксіз болды. Инженерлік желілердің ескіруі мен оқу орындарының сыйымдылығы да өзекті мәселеге айналды. Осыған байланысты «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында басталған жаңа оқу корпусының құрылысы мектептің материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам саналады.

Жобаның мердігері – «Тараз құрылыс Дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мектеп құрылысына республикалық бюджеттен 3 миллиард 500 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл қаражат заманауи талаптарға сай, қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасын қалыптастыруға жұмсалуда.

– Қазіргі таңда құрылыс алаңында 70-тен астам жұмысшы мен 8 техника тұрақты түрде еңбек етуде. Нысанда шатыр жабу, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, ауа райының қолайлылығына қарай сыртқы абаттандыру қатар қолға алынған. Қазір мектепте 465 оқушы білім алуда. Құрылыс жұмыстарына байланысты олар уақытша В.Чкалов атындағы және №18 орта мектептердің базасында оқып жатыр. Жоспар бойынша құрылысты 2026 жылдың 11 қарашасына дейін аяқтауымыз қажет. Дегенмен, жаңа оқу жылында, яғни 1 қыркүйекте мектепті пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Оған барлық мүмкіндік бар. Қажет болған жағдайда жұмысшылар санын арттырып, қарқынды режимде жұмыс істеуге дайынбыз, – деді мердігер компанияның бас директоры Ғазиз Бекбердиев.

Ал аталған орта мектептің директоры Гүлзат Қарымбаева жаңа оқу корпусы іске қосылғаннан кейін бұл білім ордасында 800 оқушы екі ауысыммен білім алатынын атап өтті. Бұл өз кезегінде сыныптардағы оқушы тығыздығын азайтып, оқу сапасын арттыруға ықпал етпек.

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіровтің айтуынша, ескі мектептің жанынан жаңа ғимарат салу – бұл жай ғана жөндеу немесе қосымша құрылыс емес, болашаққа салынған инвестиция. Сондықтан «AMANAT» партиясы білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді.

– Өскелең ұрпақтың сапалы білім алуы – бүгінгі күннің басты талабы. Балалардың заманауи, қауіпсіз әрі қолайлы мектепте білім алуына жағдай жасау – ортақ міндет. Біз бүгін келіп отырған бұл мектеп ғимараттарының салынғанына 55 жылдан астам уақыт өткен. Осы аралықта олардың тозығы жеткені анық. Еліміздің болашағы білімді ұрпақпен тығыз байланысты болғандықтан, оқушылар ескі ғимаратта емес, заман талабына сай мектепте оқуы тиіс. Сондықтан мердігер ұйым құрылысты сапалы әрі уақытында аяқтауы қажет. Қай заманда да мектеп салу – сауапты іс, – деді Мәжіліс депутаты.

Халық қалаулысы Гүлдара Нұрымның айтуынша, Жамбыл облысында «AMANAT»  партиясының сайлауалды уәделерін орындау барысы тұрақты түрде депутаттардың бақылауында. Өңірге қолға алынған  әрбір құрылыс жұмысы партия алдындағы ғана емес, халық алдындағы жауапкершілік ретінде қарастырылады. Осыған байланысты мердігер ұйымдарға қойылатын басты талап – жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы. Себебі мұндай нысандар тек әлеуметтік инфрақұрылымның бір бөлігі ғана емес, тұрғындардың сенімі мен партияның нақты ісінің көрінісі.

– «AMANAT»  партиясы үшін уәде беру мен оны орындау арасында алшақтық болмауы тиіс. Біз сөз жүзіндегі міндеттемелермен шектелмей, нақты нәтижеге жұмыс істейміз. Партия берген уәде міндетті түрде жүзеге асады. Қазіргі таңда өңірде салынып жатқан ірі құрылыс нысандары – соның дәлелі. Мұндағы жұмыстар жоспарға сай, сапа талаптарына сәйкес жүргізілуде. Дегенмен, құрылысты бастау оңай болғанымен, оны талапқа сай әрі уақытында аяқтау – үлкен жауапкершілік. Бұл істің нәтижесіне әрбір тарап бірдей жауап береді, – деді депутат Гүлдара Алданышқызы.

Үш қабатты жаңа оқу корпусында балалардың алаңсыз әрі сапалы білім алуына барлық жағдай қарастырылған. Жобада кең әрі жарық спорт залы, заманауи оқу кабинеттері, зертханалық және арнайы жабдықталған сыныптар қамтылған. Мұның барлығы оқушылардың жан-жақты дамуына, білім сапасын арттыруға бағытталған. Құрылыс барысында қауіпсіздік талаптары мен оқу үдерісіне қолайлы жағдай жасау мәселелері де назардан тыс қалмаған.

Осы орайда Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі нысанды аралау кезінде құрылыс сапасымен қатар, мектептің заманауи талаптарға сай жабдықталуына ерекше көңіл бөлді. Оның айтуынша, ғимараттың өзі ғана емес, ондағы оқу құрал-жабдықтардың сапасы да білім беру үдерісіне тікелей әсер етеді.

– Бүгінгі күні білім беру саласында заманауи техникалық құралдарды кеңінен қолдану – уақыт талабы. Сондықтан мектептерді жаңа үлгідегі оқу жабдықтарымен қамтамасыз ету мәселесі назарда болуы тиіс. Бұл – оқушылардың білімге қызығушылығын арттырып, олардың қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Қазіргі оқушы – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азамат. Сол себепті біз бүгіннен бастап олардың қалыптасуына қолайлы жағдай жасауымыз қажет, – деді Әбутәліп Мүтәлі.

Жалпы, Жамбыл облысында «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында білім беру саласына ерекше көңіл бөлініп отыр. Атап айтқанда, 2025 жылы өңірде 960 орындық 5 мектептің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 27 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық база жаңартылды. Ал биыл тағы 24 мектептің құрылысын аяқтау және 27 білім беру нысанында жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл жұмыстар өңірдегі білім беру сапасын арттырып, оқушыларға қолайлы оқу ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Халық қалаулылары бұдан кейін де облысымыздың бірнеше аудандарын аралап, халықпен жүздесіп, маңыздылығы жағынан ауқымды мәселелерге назар аударды. Мысалы, осы күні Гүлдара Алданышқызы Сарысу ауданына жол тартты. Депутатты аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мұратбек Есмұрзаев, облыстық мәслихаттың депутаты Айтбала Жолмаханова мен аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Айнұр Каликова күтіп алды. Алдымен халық қалаулысы Досбол ауылдық амбулаториясының жұмысымен танысты. 2010 жылы пайдаланылуға берілген медициналық пункт күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ медициналық пунктке жедел жәрдем көлігі қажет. Сонымен қатар, ауылда дәрігер тапшылығы да бар. Аталмыш мәселелердің мәніне үңілген Гүлдара Алданышқызы тиісті шаралар атқарылатынын жеткізді. Сонымен қатар Досбол ауылдық клубының тыныс-тіршілігіне зер салды.  Ауылдық клуб үйінде меңгеруші, қарауыл, от жағушы, еден жуушы жұмыс істейді. Клубтың негізгі бағыты- мәдени өызмет, қосымша ән, көркемсөз үйірмелерін өткізу. 2025 жылы 35 мәдени іс-шара өткізіліп, 2600 адам қамтылған екен.

Гүлдара Нұрымның сапары Тоғызкент ауылдық округінде жалғасты. Депутат әуелі «Жанна» балабақшасында болып, мекеме ұжымымен кездесті. Аталмыш орында 9 педагог, 5 тәрбиеші, 1 меңгеруші, 1 психолог және 1 әдіскер жұмыс істейді. 2014 жылы пайдаланылуға берілген балабақша күрделі жөндеуді қажет етеді. Парламент Мәжілісінің депутаты бұл мәселені де реттеуге ықпал ететінін айтты. Сонымен қатар, № 29 балалар - жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысына да көңіл бөліп, айтылған бірқатар мәселелерді тыңдады. Бүгінде спорт мектебінде 378 спортшы спорттың 7 түрімен шұғылданады. 2025 жылы  ҚР чемпионатында 3 жүлдегер, облыс чемпионатында 9 жүлдегер топ жарды. Ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді, спорт зал керек және ғимаратты газбен жылыту мәселесі де өзекті болып отыр.

Гүлдара Алданышқызы тұрғындардың тілегін тыңдау мақсатында ауылдық клуб үйінде азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындар ауыз су, Әбілда ауылындағы жол мәселесі мен әкімшілік ғимаратының ескіргендігі және күрделі жөндеуді қажет ететіндігі туралы айтты. Тұрғындардың тілегін тыңдаған Мәжіліс депутаты заң аясында жауап беріп, жауапты басшыларға тиісті тапсырмаларды жүктеді.

Сәрсенбі күні депутат Шу және Мойынқұм аудандарына ат басын бұрса, кеше Жамбыл ауданында болды. Бүгін Қордай және Меркі аудандарына барады. 12 қаңтарда Т.Рысқұлов ауданы тұрғындарымен кездесетін болады.

Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Әбутәліп Мүтәлі сейсенбі күні Жуалы ауданындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты. Алдымен халық қалаулылары Қарабастау ауылындағы ішкі газ желілерінің жұмысын көрді. Мыңнан аса тұрғыны бар ауылды газдандыру жұмыстарын «Париев» ЖШС жүргізсе, бұл жоба үшін облыстық бюджеттен 476,3 миллион теңге бөлінген екен. Депутаттар тұрғындармен тілдесіп, көтерілген мәселелерді назарға алды. Айта кетейік, былтыр Жылыбұлақ, Әбдіқадыр және Дарбаза ауылдарына да газ тартылып, аудан толық көгілдір отынмен қамтылған болатын.

Келесі нысан – Нұрлыкент ауылында бой көтеріп жатқан спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы болды. Бұл нысанның қазығы 2023 жылы қағылғанымен ол 2026 жылға өтпелі. Қазіргі таңда мердігер – «Компания Сырым Блеке» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Депутаттар жұмыстың сапасына назар аударып, нысанды өз мерзімінде аяқтау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ осы ауылдағы спорт алаңшасының жай-күйімен де танысты. Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары ауылдағы теміржол арқылы өтетін жерасты өткелінің жобасымен танысып, құрылысқа жауапты мамандармен кездесті. Бұл өткел – жуалылықтардың бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқан маңызды мәселесі. Кездесу барысында халық қалаулылары құрылыс жұмыстарының тоқтап тұрғанына алаңдаушылық білдіріп, мердігер компания өкілдеріне ескерту жасады. Сонымен қатар жұмысты жақын арада қайта бастау қажеттігін қатаң түрде еске салды.

Мұқаш Ескендіров кеше Меркі ауданына жұмыс сапарымен барса, бүгін Талас ауданын бетке алды.  12-13 қаңтарда Жамбыл ауданындағы бірқатар елді мекендегі нысандарды аралау жоспарында бар.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар