Сол күйлердің ішінде жерлесіміз Әбдімомын Желдібаевтың шығармалары ерекше орын алады. Ол – дәстүр мен жаңашылдықты үндестірген, қазақ күй өнерінің көкжиегін кеңейткен дара тұлға. Оның пернеден төгілген әрбір әуені – тек әуезді саз ғана емес, тағдырлы тарих, буырқанған мінез, сезімге толы сырлы әлем.
Он тоғыз перне мен қос ішектің құдіретінен туындаған күйлердің ғажайып әсерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Домбыраның шанағынан сыр шерткен әрбір сазды үн – бабалардың аманаты, ұлы даланың өшпес дауысы. Әбдімомын Желдібаевтың күйлері де дәл осы аманатты арқалаған, қазақ даласының мәңгілік рухын бейнелеген баға жетпес мұра.
Күй – ұлы өнер. Ал сол саф өнердің биік шыңына көтерілген шығармалардың бірі – Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымы». Бұл күйдің табиғаты ерекше: бірде жібектей есіліп, жүректі тербесе, енді бірде арындап, жандүниеңді астан-кестен етеді. Бірде мұңға батырса, енді бірде шексіз шаттыққа бөлейтін сазды әуен адам жанының сан қырлы толқынын дөп басқандай.
Бұл күйді тыңдаған сайын көз алдыңа жазиралы кең дала келеді: көрікті кең жайлау, жасыл алқап, аққулы айдын, ерке самалмен тербелген боз жусан… Әр нотасы қазақтың байтақ даласындай асқақ та айбынды, сырлы да сиқырлы.
Қасиетті өнердің тінін үзбей, қазақтың музыкалық қазынасына өлшеусіз үлес қосқан Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйі махаббаттан туған сырлы саз, сағыныштан өрілген мұңлы әуен екенін біреу білсе, біреу білмес. Бұл – бозбаланың жүрегінен терең тамыр тартқан, сүйгеніне айта алмаған сөздің күйге айналған көрінісі.
Жігіттің көңілі көрші ауылдың көрікті де қылықты қызына құлайды. Алайда жүрек түкпіріндегі сезімді ашық айтуға батылы бармайды. Өмірдің өз заңы, тағдырдың өз бұйрығы бар. Ғашық жүрек қылаң берген сезімін жария ете алмай жүргенде сұлу аруға құда түсіп, қыз жат жұртқа ұзатылмақ болады.
Жігіттің жаны алай-дүлей, сезімі теңіздей толқып, санасын сан сауал торлайды. «Алып қашсам ба?» деп ойлайды, бірақ мұндай қадамға баруға жүрегі дауаламайды. Ақыры сүйгені өзге біреудің жары болып, қол жетпес сағынышқа айналып кете барады. Айтуға батпаған арман, жанға тұншыққан махаббат шер боп емес, күй болып, күмбірлеген әуенге айналып, домбыраның қос ішегінде қайта тірілді. Сол күй – «Ерке сылқым».
Алайда «Ерке сылқым» – бір ғана адамның сезімі емес, бүкіл қазақ даласының жандүниесін тебірентер сырлы әуен. Оның әрбір пернесінен сағыныштың сазы, махаббаттың назы, баянсыз арманның мұңы есіп тұрады. Қазақ күй өнерінің алтын қорына енген бұл шығарма уақыт өткен сайын өз қадірін арттыра беретін мәңгілік музыка, шынайы сезімнің өлмес ескерткішіне айналды.
Жалпы қазақ музыкасының тарихына көз жүгіртсек, сан ғасырды көктей өткен, уақыттың толқынына жұтылмай, бүгінге жеткен күй өнерінің шұғылалы жұлдыздары аз емес. Сол жарық шоғырдың ішіндегі ең жарықтарының бірі – Әбдімомын Желдібаев. Ол – өз заманының күмбірлеген үнін, даланың сырлы сазын, ұлт рухының өршіл әуенін күй тілімен сөйлете білген тұлға. Бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясында Әбдімомын Желдібаевтың жеке заттарынан жасақталған арнайы экспозиция ұсынылған. Солардың ішінде күйшінің домбырасы да бар. Бұл аспап – оның өнер жолынан сыр шертетін, күйшілік мұрасын айғақтайтын аса құнды тарихи жәдігер.
Күйші өмірден өтсе де, өнері өлмеді, күйі өлмеді. Ал күй бар жерде халықтың рухы мәңгі жасай бермек.
Балнұр САНСЫЗБАЙ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің
кіші ғылыми қызметкері



