Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«VIP» нөмір алу қанша тұрады?

«VIP» нөмір алу қанша тұрады?
Автор
Жыл басы қазақстандық жүргізушілер үшін үлкен жаңалықпен басталды. Жаңа Салық кодексі аясында мемлекеттік нөмірлерді тіркеу тәртібіне енгізілген өзгерістер қоғамда үлкен резонанс тудырды. Заңнамаға сәйкес мемлекеттік нөмірді таңдау құқығы берілгені сол еді, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында адам қарасы күрт көбейіп, ұзын-сонар кезек пайда болды.

Түсінікті етіп айтсақ, халық үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген кез келген қажетті цифрлық және әріптік белгілермен мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін  еркін таңдауды көздейтін нормалар әзірленді. ҚР Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлегенқызының айтуынша, азаматтар мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы таңдай алады. Бұл ретте, кез келген қажетті әріптік және цифрлық белгілері бар мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі жоғары сұранысқа ие номерлерді қоспағанда құны 10 айлық есептік көрсеткіш және 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде болады.

 – Нөмірлердің құны 43 мың теңгеден басталады. Бірақ нөмір бос болуы шарт. Баға саны мен әріп тізбегіне қарай қымбаттай береді. Мәселен, 010, 020 деген сандар 246 жарым мың, әріптері бірдей болса 493 мың теңгеге бағаланады. Ал 100, 111, 200 деп басталатын нөмірлер үшін 592 мың, әріптері бірдейіне 838 мың, 001,777 деген әдемі комбинация қаласаңыз 985 мың, әріптерін бірдей қылсаңыз 1 миллион 200 мың теңге төлеуге тура келеді. Ал ештеңе таңдамай, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары ұсынғанды алсаңыз ол 12 мың теңге тұрады, – дейді А.Төлегенқызы.

Расында да көлігіне таңдаған нөмірін таққысы келген қазақстандықтар «автоЦОН»-дарға ағылды. Өйткені жүргізушілердің көбі өзінің туған күнімен, жылымен, тіпті анасының атымен байланыстыруға болатын мемлекеттік нөмірлерді бар-жоғы 43 мың теңгеден алу үшін асыққан. Оның үстіне, әдемі әріптер тізбегі таусылып қалса өзгертуге тура келеді. Сондықтан қалаған нөміріне қол жеткізгісі келгендер күні ұзаққа иық тірескен кезекке тұрды.

Биылғы алғашқы жұмыс күні-ақ мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары адамға лық толды. Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің сөзінше, тұрғындардық орталыққа ағылуына жаңа қызмет қана емес, мерекелік демалыстардан кейінгі жиналып қалған жұмыстар да әсер еткен.

– Егер қателеспесем, 5 қаңтар күні ел бойынша әдемі нөмірлерге 11 мыңға жуық өтініш берілді. Біз өз тарапымыздан дәл осы қызмет бойынша операторлар санын көбейттік. Бұл «ажиотаж» тағы 1-2 күн жалғасуы мүмкін, бірақ біз осы аптада «eGov» арқылы онлайн-режимді іске қосамыз, – деген Ростислав Коняшкин бұл жағдайдың цифрлық қызметтер қаншалықты қажет екенін көрсетіп бергенін атап өтті.

Вице-министрдің бұдан басқа «Азаматтарға арналған үкімет» те өз сервисін дайындап жатқаны белгілі болды.

Нөмір таңдағандардың көбі үш әріпті есімімен, сандарды туған күнімен байланыстырып жатыр. Қалаған нөмірге өтінішті онлайн да беруге болады. Алайда жүргізушілердің айтуынша, порталдың  жұмысы тежеліп тұр. Сондықтан да мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келгендерін айтады. Әзірге «әдемі» нөмірге жаппай өтініш қабылдау жүріп жатыр.

Облыста да жағдай дәл осындай. Облыс жүргізушілері «VIP» санатындағы әдемі нөмірлерді алып қалу үшін белсенділік танытып, «автоЦОН»-табалдырығын тоздыруда. Көпшілігі сұраныс жоғары болғандықтан, қалаған нөмірді өткізіп алмауға тырысып жатыр. Мамандардың айтуынша, алдағы күндері де «әдемі» нөмірлерге қызығушылық бәсеңдемеуі мүмкін.

Кезек күтіп, өз қалауындағы нөмірге қол жеткізген жамбылдық жүргізушілердің бірі – Кеңесбай Сұлтанов. Ол «VIP» нөмір алу үшін ұзақ уақыт күтіп, қазір көлігіне көңіліндегі нөмір белгісін тағып үлгерген.

 – Бұрын көлігімде кәдімгі мемлекеттік нөмір болатын. Бірақ көптен бері «айрықша» нөмір алсам деген ойда жүрдім. Ақшасына да аса мән берген жоқпын, бастысы өзіме ұнайтын нөмір болсын дедім. Көп күткен тілегім орындалып, қазір таңдаған нөмірімді алып қойдым. Осындай мүмкіндік туып отырғанына ризамын. Көлікке мінген сайын өзің қалаған нөмірді көрсең, еріксіз көңілің көтеріліп қалады екен, – дейді ол.

Тағы бір тараздық тұрғын Нұргелді Әжіханов жақында ғана көлік сатып алған. Енді ол өз талғамына сай, мағынасы бар нөмірге қол жеткізгісі келеді.

– Жақында көлік алдым, енді соған өзіме ұнайтын нөмір алғым келіп жүр. Мен үшін нөмірдің мағынасы бар. Әрине, ол өмірімді түбегейлі өзгертіп жібермейді, бірақ күнде көріп, мініп жүрген көлік болған соң, көзге де, көңілге де жағымды болғанын қалайсың. Жамбыл облысының коды 08 болғандықтан, соған ұқсас 808 сандары бар нөмір алсам деген ойым бар. Бұл бір жағынан туған өңіріммен байланысып тұрса, екінші жағынан есте оңай сақталады. Сонымен қатар өз атымның инициалдарына сәйкес әріптер болса деген ниетім де жоқ емес. Тіпті «088AJX08» деген нөмір белгісіне қол жеткіземін деп жоспарлап қойдым. Өзіме жақын, мағынасы бар нөмірді таңдағым келеді. Мұндай мүмкіндік беріліп жатқаны қуантады, – дейді Н.Әжіханов.

Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция бөлімінің процессинг орталығының бастығы, полиция подполковнигі Айбек Кушековтың айтуынша, 1 қаңтардан бастап күшіне енген ҚР жаңа Салық кодексіне сәйкес, бұл мемлекеттік қызметтің құны 667-баптың 3-тармағының 7-тармақшасымен бекітілген.

 – Биыл айлық есептік көрсеткіш 10 пайызға өсіп, 4 325 теңгені құрады. Осыған байланысты «әдемі» нөмірлердің де бағасы сәйкесінше артып отыр. Егер кездейсоқ таңдалған қарапайым нөмірдің бағасы 2,8 айлық есептік көрсеткіш немесе 12 110 теңге болса, арнайы таңдалған нөмірлердің құны әлдеқайда жоғары. Ең қолжетімді ерекше нөмірлердің бағасы 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде немесе 43 250 теңгеден басталады. Бұл сомаға иесі қымбат санатқа жатпайтын кез келген ұнаған цифрлар жиынтығын таңдай алады. Жаңа Салық кодексіндегі тағы бір жаңалық – «айналы» нөмірлерді, мысалы, 181, 272, 737, 949 секілді нөмірлерді таңдау мүмкіндігі. Мұндай комбинациялар әртүрлі әріптермен бірге 15 айлық есептік көрсеткіш немесе 64 875 теңгеге бағаланады. Ал егер көлік иесі кез келген нөмірге үш бірдей әріпті мысалы, AAA, RRR секілді нөмір белгілерін қойғысы келсе, бұл қызметтің құны жеке 57 айлық есептік көрсеткішті немесе 246 525 теңгені құрайды. Нөмірлердің бағасы оның өзгешелігіне қарай бірнеше сатыға бөлінеді. Атап айтқанда, 010, 020,  077, 080, 090, 707 секілді цифрлар 57 айлық есептік көрсеткіш көлемінде немесе 246 525 теңге тұрады. Егер оларды бірдей әріптермен үйлестірсе, баға екі есе өсіп, 114 айлық есептік көрсеткішке немесе 493 050 теңгеге жетеді. Сондай-ақ 100, 111, 222, 900, 999 сияқты танымал комбинациялардың бағасы 137 айлық есептік көрсеткіш немесе 592 525 теңге, ал үш бірдей әріппен бірге 194 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 839 050 теңге болады, – дейді Айбек Талғатұлы

ҚР Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Қазақстандағы ең жоғары сұранысқа ие «престижді» сандар – 001-ден 009-ға дейінгі жиынтық және 777 нөмірі. Олардың базалық құны – 228 айлық есептік көрсеткіш көлемінде.  Ал бұл сандарды бірдей әріптермен мысалы, 001 AAA деп толықтырсаңыз, баға 285 айлық есептік көрсеткішке, яғни 1 232 625 теңгеге дейін барады. Бұл – 2026 жылғы мемлекеттік нөмірлер үшін белгіленген ең жоғары баға.

Айта кетерлігі, жаңа заңнама аясында VIP-нөмірлер қымбаттағанымен, таңдау мүмкіндігі кеңейе түскен. Сонымен қатар, көлік иелеріне тиімді бір жеңілдік сақталып қалды: автокөлікті сатқан жағдайда «әдемі» нөмірді өзіңізде қалдырып, келесі жаңа көлігіңізге тағуға болады. Мұндай нөмірлер мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында бір ай бойы тегін сақталады, ал одан әрі алты айға дейін сақтау үшін айына 2,8 айлық есептік көрсеткіш немесе 12 110 теңге мөлшерінде ақы төлеу қажет. Бұл ретте салық заңнамасының өзгеруі мемлекеттік бюджетті толықтырып қана қоймай, автокөлік нарығындағы сұранысты заңды әрі ашық түрде қанағаттандыруға бағытталған.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар