Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шаһар шырайлана түседі

Шаһар шырайлана түседі
А.Қартабай
Кеше «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихатын өткізіп, осы жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Шаһар басшысының айтуынша, қаңтар-қазан айларының қорытындысымен Тараз қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі 570,2 миллиард теңге, инвестиция – 171,0, құрылыс жұмыстары – 76,1, ауылшаруашылығы өнімі 21,8 миллиард теңге деңгейінде қалыптасқан. Сол секілді бөлшек сауда 325,5 миллиард теңге, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 325,9 мың шаршы метрді құраған.

– Экономикалық өсімді тұрақты қамтамасыз ету үшін жаңа өндіріс орындарын ашып, экономиканың нақты секторына инвестиция тартуымыз қажет. Есепті кезеңде 17,1 миллиард теңгеге 12 жоба іске қосылып, жыл соңына дейін тағы 5,4 миллиард теңгеге 4 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалардың аясында 484 жаңа жұмыс орындары құрылады. Облыс орталығында 28 туристік ұйым, 123 орналастыру орны, 12 туристік нысан бар. Аталған нысандар инфрақұрылыммен толық жабдықталған. 2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындысымен қалаға келген туристер саны 56 411 адамды құрап, көрсеткіш 12,2 пайызға өсіп отыр. Ішкі туристер саны – 55 400, шетелден келген туристер саны – 1 011 адам. Қаңтар-қазан айларының қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 18,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 22,9 пайызға өскен. Сондай-ақ туризм саласында құны 9,4 миллиард теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба жоспарланып, оның екеуі іске асырылды, біреуі жыл соңына дейін, тағы біреуі 2026 жылдың қазан айында пайдалануға берілетін болады. Өткен жылдың 27-28 қыркүйек аралығында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты III халықаралық қолөнершілер фестивалі ұйымдастырылып, кең көлемде атап өтілді. Республика көлемінде Тараз қаласы алғашқы болып Дүниежізілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енді. Фестивальге алыс және жақын 12 шет мемлекеттен қолөнершілермен қатар халықаралық қолөнершілер қауымдастықтары, халықаралық сарапшылар, туризм саласына қатысты мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйым өкілдері қатысты. Туризмді дамыту мақсатында биыл «Тектұрмас» кешенінде «Көне қамал» қорғанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді, – деген Бақытжан Әмірбекұлы шағын және орта бизнестегі жетістіктер жайын баяндады.

Қаңтар-қазан айының қорытындысымен Тараз қаласында жалпы 49 867 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде шағыны – 7 494, орта кәсіпкерлік нысан – 50, жеке кәсіпкерлер саны 40 420 болса, 1 903 шаруа қожалық бар. Тіркелген субъектілердің 44 442-сі бүгінде нақты жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында 50 орта кәсіпкерлік, 37 034 жеке кәсіпкерлік және 1 699 шаруа қожалығының жұмысы ырғақты. Ал 5 425 кәсіпкерлік субъектісі қазіргі уақытта жұмыс істемейді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жаңадан тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандар 5 981-ге артыпты. Биыл 76 683 тұрғын шағын және орта кәсіпкерлік арқылы жұмыспен қамтылса, өндірілген өнім көлемі 400,8 миллиард теңгені құраған. Сондай-ақ «Бірыңғай кешенді» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы және «Өрлеу» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы Тараз қаласы бойынша 19,8 миллиард теңгеге 131 жоба қаржыландырылған екен. Пайыздық ставкаларды субсидиялау тетігімен 7,6 миллиард теңгеге 31 жоба, «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» құралы арқылы 3,3 миллиард теңгеге 72 жоба кепілдендірілген көрінеді. «Өрлеу» бағдарламасы аясында 4,7 миллиард теңгеге тағы 28 жоба қаржыландырылды.

– Базарларды жаңғырту жайында да айта кетсек, бүгінде Тараз қаласында 15 сауда базары жұмыс істеп тұрса, оның ішінде 14-і әмбебап, біреуі арнайы мамандандырылған сауда орны. Қала базарларындағы жалпы сауда орны – 7 493, оның ішінде жалға алушылар саны – 4 691. «Сауда орындарын жаңғыртуға» арналған жол картасы аясында «Нұралы» базары қайта жаңғырту жұмыстарын толық аяқтады. Қазіргі таңда «Жібек жолы», «Салтанат», «Якка сарай» базарларына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Жол картасына сәйкес барлық жаңғырту жұмыстары 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін аяқталуы тиіс. Қалалық бюджеттің түсімдеріне келетін болсақ, соңғы 3 жылда салықтық түсімдер 211,8 пайызға өсті. Ал, салықтық емес түсімдер 201,8 пайызға артып отыр. Осы жылдың жоспары 39 миллиард теңгеден артып отыр. Оның ішінде негізгі салықтардың барлық түрінен қарқынды динамика қалыптасуда. Тиісті жауапты органдармен жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайту жөнінде 2025-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, әкімдікке қарасты бюджеттік мекемелер және тиісті уәкілетті органдармен жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Білім саласында да қуантарлық жетістіктер бар. Биыл «Ұлы дала» ықшамауданындағы 2 000 орындық «Келешек мектеп» пайдалануға берілсе, «Шөлдала» тұрғын алқабындағы 600 орындық «Келешек мектептің» құрылысы аяқталып, құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар №15, №7 мектеп-гимназияларына 300 орынды жапсарлас ғимараттарының құрылысы аяқталса, №27 орта мектепке 600 орынды жапсарлас ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар №1, №45 гимназиялар және №13, №25 орта мектептер, барлығы 4 білім нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, №54 оқу ордасы 2026 жылға өтпелі. Сондай-ақ 24 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасалуда. Нәтижесінде қала мектептеріндегі орын тапшылығы, апатты мектептер мәселелері жойылып, өз шешімін тапты, – деді Б.Орынбеков.

Қала тұрғындарын жиі толғандыратын сауалдардың бірі – көше жарығы. Биыл 85 көшеге жарықшамдары орнатылыпты. Оның ішінде 65 көше аяқталса, 20 көшенің жұмыстары келесі жылы да жалғасады. Қаладағы көпқабатты 308 тұрғын үйдің ауласы самаладай жарқырап тұр.

Есепті кезеңде 61,4 шақырымды құрайтын 108 көше орташа жөндеуден өткен. Одан бөлек, 2024-2025 жылдары «Құмшағал», «Шөлдала» тұрғын алқаптарындағы және 28 саяжайдағы 320 көшеге қиыршық тас жол салынған. Сондай-ақ ұзындығы 35,3 шақырым болатын 18 жаяу жүргінші жолдары пайдалануға берілген. Биылға 17 шақырым арық жүйесін жаңартуға бюджеттен 600 миллион теңге бөлініпті. Қазір қаладағы Желтоқсан, Қазыбек би, Төле би, Байзақ батыр, Сүлейменов көшелері және «Қаратау», «Жайлау», «Аса», «Жансая» ықшамаудандарымен «Химпоселок» аумағында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

Тараздық тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында жүзеге асқан игіліктің бірі – «Ұлы дала» ықшамауданы жанындағы «Түйте» каналының 1,7 шақырымына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне берілуі. Алдағы уақытта «Үшбұлақ» және «Қарасу-2» каналдарын да жаңғырту жоспарда бар екен. Сондай-ақ «Үшбұлақ» су арнасының бірінші кезеңде 1,2 шақырымын, ал «Қарасу» каналының 1,3 шақырымын абаттандыру жоспарда бар. Жобада каналдардың жағалауын саябақ ретінде көгалдандыру, воркаут, спорт алаңшалары және зейнеткерлерге арналған демалыс аумағы қарастырылған. Мұнымен қатар Достастық жәрмеңкесі аясында «Гидрокешен» саябағын абаттандыру және «Төрткүл» керуен сарайын қайта жаңғырту жұмыстары басталыпты. Сол секілді биыл «Сеңкібай» каналын механикалық тазалау жұмыстарына 44,1 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізіліп, толығымен аяқталған.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар