ТҮСІМ МОЛ БОЛДЫ
Тәуелсіздік жылдарындағы толайым табыстар өз алдына бір бөлек әңгіме. Біздің айтпағымыз – биыл аталған салада қол жеткізген жетістіктерді тақырыпқа арқау ету. Облыста ауылшаруашылығы саласын қолдау мақсатында осы жылы 29,2 миллиард теңге қаржы бөлініп, соның 29,1 миллиард теңгесі игеріліпті. Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтың айтуынша, бұл қаражат 5 мыңнан астам шаруаға субсидия ретінде жеткізілген. Қаржылай қолдаудың және атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері ауылшаруашылығы саласында 458,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,1 пайызға өсіп, республика бойынша өңіріміз алтыншы орынға табан тіреуге мүмкіндік алған.
– Осы жылдың 11 айында өнім көлемінің басым бөлігі егіншаруашылығына тиесілі болып, 292 миллиард теңге арқылы нақты көлем индексі 104 пайызды құрады. Малшаруашылығы бағытында 165,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 101,7 пайыз деңгейінде қалыптасты. Сонымен қатар салаға тартылған инвестициялар көлемі де ұлғайып, негізгі капиталға 35,3 миллиард теңге бағытталды. Оның ішінде ауылшаруашылығының негізгі капиталына – 12,6 миллиард теңге, ал тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына – 22,7 миллиард теңге инвестиция тартылды. Биыл ауылшаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 640 мың гектарға дейін жеткізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 13,2 мың гектарға артты. Егістік алқаптардың құрылымының қалыптасуына тоқталып өтсем, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 362,0 мың гектарды, мал азығы дақылдары – 181,3, майлы дақылдар – 38, көкөністер – 31,1, бақша дақылдары – 12,7, картоп – 8,2, қант қызылшасы – 6,6 мың гектарды құрады. Алайда көктем айларындағы қолайсыз табиғи жағдайлар, күннің күрт жылынуы мен жауын-шашынның аз түсуі секілді қолайсыздықтар егістіктің өнбей қалуына және өнімділіктің төмендеуіне әсер етті. Соның салдарынан 343,5 мың гектар масақты дәнді дақылдар ғана орылып, әр гектардың орташа өнімділігі 9 центнерге тең болды. Жалпы бастырылған астық көлемі – 283 мың тонна. Оның ішінде 147 мың гектар бидай алқабынан 145,2 мың тонна, ал 169 мың гектар арпа егістігінен 137,8 мың тонна өнім жиналды. Осы көрсеткіштер өңір ауылшаруашылығының табиғи қиындықтарға қарамастан даму қарқынын сақтап қалғанын және қаржылай қолдаудың тиімділігін көрсетеді. Алайда Үкіметтің ауылшаруашылығы өнімдерін екі есеге ұлғайту тапсырмасына сәйкес, биыл егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында мал азығы дақылдары – 3,6 мың гектарға, майлы дақылдар – 5, көкөніс дақылдары – 4,7, бақша дақылдары – 7,3, картоп – 1,5 мың гектарға артты. Жалпы ауылшаруашылығы дақылдарынан 3,3 миллион тонна өнім алынды, – деді Қайрат Есенұлы.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, жиналған өнімдердің 451,6 мың тоннасы қоймаларға сақтауға қойылған. Оның ішінде 436,9 мың тонна пияз, 1,8 мың тонна картоп, 540 тона сәбіз, 12,1 мың тонна басқа да өнім түрлері бар. Бұдан бөлек, 888,7 мың тонна егіншаруашылығының өнімдері Ресей, Қырғыз Республикасы, Пәкістан, Өзбекстан, Әзербайжан секілді шетелдерге экспортталыпты. Оның ішінде көрші мемлекеттерге 410 мың тонна пияз жөнелтіліп, республика бойынша бірінші орынға шығып отыр екенбіз.
Биыл 498,4 мың гектар алқапқа 99,7 мың тонна минералды тыңайтқыштар, яғни 39 мың тонна аммиакты селитра, 21 мың тонна аммофос, 39,7 мың тонна басқа да тыңайтқыш ендіру жоспарланса, есепті кезеңде 487,7 мың гектар алқап үшін 97,5 мың тонна минералды тыңайтқыш қолданылған. Осы жылға көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін Үкімет тарапынан 24,3 мың тонна дизель отыны бөлінген екен. Көктемгі дала жұыстарына – 20 мың тонна, күзгі дала жұмыстарына – 4,3 мың тонна қарастырылған. Дизель отынын тарату үшін 8 өңірлік таратушы операторлар айқындалып, тарату бағасы 1 литр үшін 254 теңгені құрапты. Бөлінген жанар-жағармай шаруаларға толық таратылып берілген.
– Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары аясында облысқа 7 миллиард теңге қарастырылған болатын. Бүгінгі күні 211 шаруадан 5 миллиард теңгеге өтінім түсіп, 209 шаруаға 4,9 миллиард теңге қаражат 5 пайыздық несиемен берілді. Қалған 2 миллиард теңгеге өткен қараша айынан бастап келер жылғы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға өтінімдер қабылданып жатыр. Биыл 762 бірлік ауылшаруашылығы техникасы, атап айтқанда, 348 өздігінен жүретін, 414 аспалы және тіркеме сатып алынды. Нәтижесінде ауылшаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 5,6 пайызды құрады. Облыста ағын суды үнемдеу және өнім көлемін арттыру мақсатында су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап биыл 11 мың гектарға артып, 66,5 мың гектарды құрады. Оның 40,4 мың гектарына тамшылатып, 23,5 мың гектарына жаңбырлатып суару әдісі, 2,5 мың гектарына лазерлік жоспарлаушы технологиялар қолданылған. Өңіріміз ел бойынша қант қызылшасы өндірісінің және қант өнеркәсібінің негізгі орталығы ретінде стратегиялық маңызға ие. Алайда соңғы жылдары өнімділіктің жоғарылауына қарамастан, шаруа қожалықтар өсірген өнімді өткізуде және оның әділ бағасын алуда үлкен кедергілерге тап болып отыр. Мәселені шешу мақсатында нақты амалдар қарастырылып жатыр. Биыл 6,6 мың гектар қант қызылшасынан 250 мың тонна өнім алу жоспарланған. Осы жылдың 11 айында 4,2 мың гектар алқаптан 204,7 мың тонна өнім алынса, оның 186,6 мың тоннасы зауытқа өткізілді. Зауыт алдында кептеліс тудырмау мақсатында әр ауданға шекті лимит беріліп, арнайы талондар арқылы қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Қант қызылшасын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 6,9 миллиард теңге бөлініп, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 5,3 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру күтілуде, – дейді Қ.Көшенов.
Аймақтағы ауыл шаруашылығы саласы соңғы жылдары тұрақты дамып, өңір экономикасының өзегі ретінде өз әлеуетін айқын көрсетуде. Өңірде өндірілетін жалпы ауылшаруашылық өнімдерінің 52 пайыздан астамын малшаруашылығының құрауы бұл бағыттың стратегиялық маңызға ие екенін дәлелдейді. Бүгінгі таңда аймақтағы жалпы мал басы 3,7 миллионға жетіп, оның ішінде мүйізді ірі қара – 441,1 мыңды, қой-ешкі – 3,1 миллионды, жылқы – 179,7 мыңды, түйе – 8,3 мыңды, ал құс саны 1,8 миллионды құрап отыр. Бұл көрсеткіштер өңірдегі малшаруашылығының қарқынды дамып, нақты нәтижелерге қол жеткізіп жатқанын аңғартады. Мемлекеттік қолдаулар мен жүйелі жұмыстардың арқасында саладағы өндіріс көлемі де айтарлықтай артқан. Соның нәтижесінде ет өндіру көлемі 2,7 пайызға өсіп, 96 056,4 тоннаға жетсе, сүт өндіру 1,6 пайызға ұлғайып, 196 747,1 тоннаны құрады. Жоғары көрсеткіш – сала еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінің, сондай-ақ тиімді мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтижесі.
Өңірдің өнімдері ішкі нарықты қамтып қана қоймай, шет мемлекеттерге де кеңінен экспортталуда. Жыл басынан бері 4 629,9 тонна ет және 539,8 тонна шұжық өнімдері Қырғызстан, Катар, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Сауд Арабиясы, Иран және Германия сынды мемлекеттерге жөнелтілді. Экспорт құрылымында 675,1 тонна сиыр еті, 1 419,6 тонна қой еті, 0,4 тонна жылқы еті, 1 721,5 тонна құс еті және 813,1 тонна малдың ішкі өнімдері бар. Осылайша, өңірдегі малшаруашылығы саласы экономиканың берік тірегіне айналып, өнім өндіру көлемін арттырумен қатар экспорттық әлеуетін де кеңейтіп келеді. Жүйелі қолдау, тиімді саясат және еңбеккерлердің үздіксіз еңбегі аймақтың ауылшаруашылық саласын жаңа белестерге жетелей түсуде.
МАЛ ҚЫСТАТУ НАУҚАНЫ СӘТТІ ӨТУДЕ
Облыстың кең жазира даласында малшаруашылығы жылдан-жылға өрісін кеңейтіп, тіршілік тамыры тереңдей түсуде. Мыңдаған қосыны мен қорасы қатар тізілген шопандар ауылында тіршілік қысы-жазы тоқтамайды. Шаруалар мал жайып, оның санын төлі есебінен көбейтуден бөлек, бүгінде оны семіртіп сатудың да пайдасы мол екенін жете түсінген. Мысалы, тоғыз ірі мал бордақылау алаңы өңірдің ет өндірісіндегі бетке ұстар нысандарының бірі. Осы арқылы азық-түлік қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне зор үлес қосылуда. Оған қоса, сүт және сүт өнімдерін өндіру ісі де өңірде жанданып келеді. атап айтқанда 50-ден 400 басқа дейінгі сауын сиыры бар 15 мың тонналық 43 шаруа қожалығы мен 400 бастан жоғары 4 мың тонна сүт беретін екі агроқұрылым жыл он екі ай тыным таппай, шаруасын шалқытып отырған жайы бар.
2025-2026 жылғы мал қыстату науқанына да өңір алдын ала қамданып, 450,1 мың бас ірі қара, 3,2 миллион уақ мал, 183,6 мың жылқы және 8,3 мың түйені аман-есен қыстатуда. Қыс қыстығын жасамай қоймайды, алайда шаруаны шатқаяқтатып алмас үшін, малға да қолайлы жағдай керек. Сол қажеттілікке сай биыл 2,2 миллион тонна пішен, 480,3 мың тонна сабан, 119,9 мың тонна пішендеме және 92,1 мың тонна сүрлем дайындалыпты. Бұдан бөлек, қыс ұзаққа созылатын болса пайдаға асырылады деген есеппен өткен жылдан қалған 206,3 мың тонна шөп қосымша қор ретінде сақтаулы тұр.
– Жалпы өңір бойынша 5 862 мал қыстату орны бар. Оның мыңнан астамы шалғайдағы кең жайылымдарда, құмды өңірлерде орналасқан. Сол қыстауларда тұратын малшыларға арналған 5 564 үй, 2 184 қашар мен 936 баз толық жөнделіп, қыстың қақаған аязына дайын, отын-суы түсірілген. Әр қыстауда пештің оты маздап, үй іші қыз-қыз қайнап тұр. Халықтың әл-ауқатын көтеріп, ауылдың тыныс-тіршілігін жандандыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы да аймаққа үлкен серпіліс әкелді. 2019-2023 жылдары 42,2 миллиард теңге бөлініп, 62 ауылдық округте 8 028 жоба іске қосылды. 2024 жылы қайтарылған қаражат есебінен тағы 6,2 миллиард теңгеге 875 жоба қолдау тауып, 2025 жылы 3,2 миллиард теңге көлемінде 437 жаңа бастама қаржыландырылды. Өңірдің экономикалық қуатын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған инвестициялық жобалар облыстың дамуына қанат бітіретін күш деуге толық негіз бар. 2027 жылға дейін құны 365 миллиард теңгені құрайтын, 1,6 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын 37 жоба жүзеге асырылмақ. Олардың қатарында тауарлы сүт фермалары, құс фабрикалары, қой және балықшаруашылықтары, көкөніс сақтау қоймалары мен су үнемдеу технологияларын енгізу сияқты заманауи бастамалар бар. Биылдың өзінде құны 18,1 миллиард теңгені құрайтын 5 ірі жоба іске асырылып, 36 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде «Жетібай» шаруа қожалығындағы жаңбырлатып суару жүйесі, «Кемер Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тыңайтқыш өндіру желісі, «Aliza» және «Рабби» шаруа қожалықтарындағы көкөніс сақтау қоймалары, сондай-ақ «Алель Агро» акционерлік қоғамының 15,6 миллиард теңгелік мал сою кешені бар. Жуырда «Алель Агро» акционерлік қоғамы жылына 70 мың тонна өнім өндіретін, инкубациядан бастап дайын тауарды қайта өңдеп, нарыққа шығаратын ірі құс шаруашылығы жобасын іске қосты. Солтүстік Қазақстан облысының озық тәжірибесін кеңейту мақсатында 3 миллиард теңгеге 7 жоба несиелендіріліп, тағы 4,4 миллиард теңгеге 6 жобаны қаржыландыру жоспарлануда. Мұнда көкөніс қоймалары, қайта өңдеу, балық өсіру, етті малшаруашылығы және асыл тұқымды құс репродукторын құру сияқты бағыттарды қамтитын тың бастамалар бар, – деп сөзін түйіндеді Қайрат Есенұлы.
Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты шаруашылыққа қолайлы облысымызда ауылшаруашылығы саласы жыл санап алшаң басып келеді. Алдағы уақытта суармалы алқаптардың аумағын ұлғайту, заманауи ауылшаруашылығы техникаларын сатып алу, асыл тұқымды мал санын арттыру, ақылды фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашуға күш жұмсалатын болады.
ТАЗА АУЫЛ ДӘМІ – «ДәмЕлі»
Ауылшаруашылығы өнімдерінің нарықтағы орны айрықша. Жылдар өткен сайын табиғи таза өнімге деген сұраныс артпаса, кеміген емес. Тұтынушы талғамы сапаға ауысқан заманда еңбегінің шынайы нәтижесін көріп, , кәсібін бірізге түсіріп отырған кәсіпкерлердің еңбегі айрықша бағалы. Осындай азаматтар ауыл экономикасының дамуына серпін беріп, ел тұрмысының нығаюына өз үлесін қосып келеді. Солардың бірі – «ДәмЕлі» жеке кәсіпкерлігі арқылы облыс халқына сапалы сүт тауарларын ұсынып отырған Серік Абдраманов. Іскер азамат бизнесін бастамас бұрын ұзақ жылдар бойы мемлекеттік құрылымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинаған.
Тұрғындарға ауылшаруашылық саласындағы азық-түлік өнімін таза қалпында жеткізуді мақсат етіп, осы жауапкершілігі жоғары кәсіп түрін ашу туралы ойға Серік дүкен сөрелерінде айлар бойы бүлінбей тұра беретін сүт өнімдерін көргенде келген. Айлап сақталатын тауарларды көргенде сапасына күмәнданып, «Табиғи өнім ұзақ уақыт сақталмайды» деген қарапайым түсінік ойынан шықпай, «Өз баласына ішкізе алмаған айран-сүтті өзгеге қалай ұсынуға болады?» деген сауал жанын жиі мазалай бастайды. Балалары дүниеге келген сәттен бастап көкейіндегі күмән-күдік ұлғая түсіп, табиғи өнім өндіруге деген ықыласын арттырған екен. Осы ой оны кәсіптің көзін табуға жетелеп, жаңа істі бастауына түрткі болған.
– Қызмет бабымен Астанаға ауысқанда, бұл ойым одан әрі нақтылана түсті. Елордадағы фермерлік дүкендердің кең таңдауы мен өнім сапасына ерекше назарым ауды. Әсіресе үш-ақ күн жарамды сүтті көргенде, халықтың шынайы табиғи өнімге назары ауып жатқанына көзім жетіп, таза тауарға деген сұраныс ешқашан жоғалмайтынын анық түсіндім. Сол сәтте келіншегім екеуіміз «Ендеше біз де өз қолымыздан келетін игілікті неге бастамасқа?» деген шешіммен, арманымызды нақты мақсатқа айналдыруға әрекет ете бастадық. Өз қаражатымызға ашқан жеке кәсіпкерлігімізге «ДәмЕлі» атауын беру жөніндегі ой жайдан-жай туған жоқ. Бұл сөз «елдің дәмі», туған жердің жұпар иісі, бабалардан қалған асыл дәстүрдің жалғасы деген мағынаны меңзейді. Сонымен қатар, осы атау қызым Дәмелінің есімімен үндесіп жатыр, – дейді Серік Файзрахманұлы.

Жеке кәсіпкерлік алғашқы өнімін нарыққа 2024 жылдың көктемінде шығарды. Өндіріс ошағы Меркі өңірінде, ауасы мөлдір, суы таза жерде орналасқан. Бұл аймақтың шөбі шүйгін, табиғаты көркем. Мұндай жерде сауылған малдың сүті де ерекше болады. Өнімнің сапасы мен дәмі ауыл таңының самалындай жан сарайыңды аша түседі. Қоспасы көп, ұзақ сақталатын өнім көбейген заманда «ДәмЕлі» халыққа табиғилықты қайта ұсынуды мақсат етіп отыр.
Қазіргі таңда компания айран, қымыз, піскен айран, ашымық және қаймақ секілді барлығы бес түрлі өнім түрін шығарады. Тауарлар қарапайым болғанымен, халыққа ең жақын, табиғилықты анық жеткізетін ас түрлері.
– Тауарлар шағын цехта дайындалады. Көлемі шағын болса да, әр партияның сапасы тыңғылықты тексеріледі. Ұсынған асымыз адал болса деген ұстанымнан айнымаймыз. Сұраныс артқан сайын өндірісті кеңейту жоспарда бар. «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, әзірге біз үшін ең бастысы ақша қуып, пайда табу емес, сапаны сақтап қалу. Әзірге ешқандай фермермен бірігіп жұмыс істемейміз. Өйткені істің басы бақылауда, ал ол сапаның кепілі екенін жақсы түсінеміз. Малдың күтімі, жем-шөбі, суының тазалығы бәрі өз қолымызда болғандықтан, өнімнің тұрақты сапасына сеніміміз зор. Қымыз да өз жылқымыздан алынған, дайындалу технологиясы да дәстүрлі әдіспен жасалады. Ата-бабадан жеткен технологияны бұзбай, табиғи дәмді сол қалпында сақтап отырмыз деп сеніммен айта аламын,– дейді кәсіпкер.
Бизнесте есімі енді таныла бастағанына қарамастан кәсіпкерліктің алғашқы қадамдары сәтті болды. Былтыр «Қазақстанның үздік тауары – 2024» көрмесіне қатысып, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалисті атаныпты. Сол сәтте қымыздың дәмін көрген сарапшылар «қазақтың горилласы» деп жоғары баға беріпті. Халықтың сенімі мен мамандардың бағасы олардың дұрыс бағыт таңдағанын көрсетіп отыр.
Жеке кәсіпкерлікті дөңгелетіп отырған ерлі-зайыптылар бәсекелестіктен қорықпайды. Өйткені сүт өнімдерінің нарығы кең және әр өндірушінің өз орны бар. Десе де ірі өнеркәсіптік брендтермен бәсекелесе алмайтынын түсінеді, әрі алдарына ондай мақсат та қоймапты. Өйткені «Дәм Елі» – шағын партиямен дайындалатын, өздерінің табиғи шикізатынан жасалған, дәстүрлі технологиялар мен табиғи дәмді сақтайтын фермерлік өнім. Дәл осы ерекшеліктері оларды ірі өндірушілерден айырып тұрады.
Алайда сұраныстың өндірістен жылдам өсуі кәсіпкерлер үшін қуаныш емес, сынға айналып отыр екен. Анығын айтқанда «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшалары «@dameli_product» арқылы түрлі аймақтан түсетін тапсырыс жиілеген. Бірақ цехтің шағын болуы мен құрал-жабдықтың аздығы өнімді үлкен көлемде өндіруге мүмкіндік бермейді. Сондықтан іскер азамат бүгінде кәсіп аясын кеңейтуге жағдай жасау бағытында жұмыс істеп жатыр. Өндірісті жаңғыртып, қуаттылықты арттыруды жоспарлауда. Алайда олар үшін сапаны сақтау маңызды болғандықтан, барлығы біртіндеп әрі жауапкершілікпен жүзеге асырылуда.
– Бүгінде «ДәмЕлі» Тараз қаласындағы «Юбилейный», «Оптовик», «Шах» секілді ірі дүкендерден түсетін тапсырыстарды тұрақты орындауда. Болашақта қаланың ішінде фирмалық дүкендер ашу жоспарда бар, алайда бұл мақсат әлі іске асу кезеңінде тұр. Ал қаржылық нәтижелерге келсек, үлкен жетістіктер туралы айтуға әлі ерте. Себебі біздің бизнесіміз енді басталды. Соған қарамастан, дүкендердің ешбірі өнімімізді кері қайтарған емес, осылай тұрғындар сұранысын қанағаттандырып, маңызды көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз, – дейді С.Абдраманов.

Алдағы бес жылда жас кәсіпкерлік бірқатар маңызды әрі шынайы мақсаттар қойып отыр. Ең алдымен, Тараз қаласында шағын фирмалық дүкендер ашуды жоспарлайды, бұл тұтынушыларға жақын болуға және балғын өнімге тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Басқа қалаларға тауар жөнелтіп, филиал ашу секілді жоспарлар әзірге ойда жоқ, себебі сүт өнімдерін тасымалдау мен сақтау үшін елеулі шығындар мен талаптар қажет. Сондықтан алдымен жергілікті нарықтағы позицияны күшейтуді көздейді.
Ассортимент бойынша жақын болашақта құрт пен сары майды қосу, сондай-ақ наринэ мен балалар йогуртының өндірісін қайта жандандыру жоспарланып отыр. Бұл өнімдер олардың желісін толықтырып, табиғи әрі пайдалы сүт өнімдеріне деген сұранысты көрсетеді. Міне, аталған кәсіпкердің ісін тәуелсіздік таңындағы татымды тірліктің бірі деуге болады.
Биыл өңірдің ауылшаруашылығы саласы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Ауыз толтырып айтарлық жұмыстардың барлығы – тәуелсіздік жылдары қалыптасқан мүмкіндіктер мен мемлекет ұсынған қолдаудың жемісі. Егемендік бізге өз даму жолымызды таңдауға, ауылшаруашылығы экономикасын тиімді басқаруға және жаңа биіктерге ұмтылуға жол ашты. Тәуелсіздіктің арқасында ауыл-аймақтың әлеуеті артып, бүгінгі табыстардың негізі қаланды. Сондықтан биылғы көрсеткіштер – бір жылдың нәтижесі емес, тәуелсіз ел болып қалыптасқаннан бергі тұрақты еңбектің, жүйелі саясаттың және ауылдағы еңбек адамдарының маңдай тері.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




