Мәселен Президент Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде лудоманиямен қоғам болып күресу керегін ерекше атап өтті.
«Сол сияқты тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады.
Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады. Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. «Amanat» партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болатынын тағы бір мәрте еске салды.
Сондықтан да бүгінде лудоманияның алдын алу, қоғамдық ортадағы тұрақтылықты, тұрғындардың психикалық саулығы мен адамгершілік құндылықтарын, әсіресе өскелең ұрпақтың рухани болмысын қорғау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті де бұл іске өз үлесін қосуда. Департамент басшысының орынбасары Нұрбол Рахметовтің айтуынша, жыл сайын заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактілері анықталып, жолы кесіледі.
– Мәселен, өткен жылы Тараз және Шу қалаларында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 4 дерегі әшкереленген. Оның үшеуі әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы жасалған. Аталған деректер бойынша Қылмыстық кодекстің 307-бабы аясында тергеу амалдары толық аяқталып, қылмыстық істер сотқа жолданды. Сонымен қатар биыл заңсыз ойын бизнесінен түскен табысты заңдастыруға қатысты қылмыстық іс те сотқа берілген. Сот үкімімен бұл істің ұйымдастырушысы 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ал соңғы 6 жылда департамент қызметкерлері осындай 46 фактіні анықтап, оның 44-і бойынша қылмыстық істер сотқа жөнелтілген. Департамент мамандары лудоманияның алдын алу бағытында да белсенді жұмыс істеуде. Жоғары оқу орындары мен колледж студенттерімен, орта мектептердің оқушыларымен тұрақты түрде дәрістер, «дөңгелек үстелдер», кездесулер өткізіліп, жастарға түсіндіру шаралары жүргізіледі. Мұндай жиындарда көрнекі материалдар, бейнероликтер, слайдтар көрсетіліп, оқушылармен ашық әңгіме өрбиді. Сондай-ақ департамент облыстық ақсақалдар кеңесімен бірлесіп, «Һибатулла Тарази» мешітінде форум өткізді. Облыс әкімдігі дін істері басқармасының өкілдері, Тараз қаласы мен аудандардағы мешіттердің имамдарының қатысуымен өткен форум барысында діни қызметкерлердің лудоманиямен күреске қолдау көрсетуі жөнінде ортақ келісім жасалды, – деген Нұрбол Рахметовтің жыл сайын заңсыз ойын бизнесін, қаржы пирамидаларын насихаттайтын сайттарды анықтап, бұғаттау бойынша мониторинг жүргізілетінін жеткізді.
Мәселен, былтыр осындай мазмұндағы 4 300-ден аса сайт анықталып, жабылса, 2025 жылдың 10 айында алты мыңнан аса сілтеме бұғатталған.
– Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жауапкершілікке әкелетінін, мүлкі тәркілене отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратынын қаперге саламыз. Азаматтарды заңсыз құмар ойындарына араласпауға шақырамыз. Қазақстан заңнамасына сәйкес, ойын бизнесін ұйымдастыруға Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы жағалауы мен Ақмола облысының Бурабай ауданында ғана рұқсат берілген, – деді Нұрбол Жолдасұлы.
Құмар ойындарға тәуелділердің басым бөлігі – жастар әрі еңбекке қабілетті азаматтар. Облыстық психикалық денсаулық орталығының психиатр-дәрігері Айдана Оспанованың айтуынша, бұл мәселенің түп-тамыры тереңде жатыр.
– Лудоманияға ұшыраған адамдар қарызға батып, несие алып, сол ақшаны құмар ойындарына салумен болады. Сөйтіп, күннен-күнге қарыздың үстіне қарыз қосып, тұйыққа тіреледі. Ғылыми тұрғыда дәлелденгендей, құмар ойындарға тәуелді адамның миында нашақор есірткі қабылдағанда бөлінетін заттармен бірдей химиялық реакция жүреді. Бұл – оның өзіне ғана емес, бүкіл әлеуметтік ортасына, яғни ата-анасына, балаларына, жұбайына және басқа да жақындарына ауыр салмақ түсіреді. Бұрын ойынқұмарлардың «мекені» казино, ойын автоматтары немесе букмекерлік кеңселер болса, бүгінде құмар ойындары толықтай дерлік онлайнға көшті. Лудомания көбіне алкогольге тәуелділік, есірткіге әуестік, темекі шегу, моральдық азғындау сияқты басқа да зиянды әдеттермен қатар жүреді. Бұл – адамның толықтай деградацияға ұшырауының көрінісі. Әрине, мұның барлығы ұлттың әлсіреуіне, әлеуметтік және экономикалық мәселелердің ушығуына себеп болады, – деді Айдана Оспанова.
Психологтардың пікірінше, жағдай ушығып кетпес үшін ең алдымен жақындары лудоманияға шалдыққан адамды емделу мен сауықтыру қажеттілігіне сендіруі тиіс. Көмек алу үшін облыстық психикалық денсаулық орталығына, сондай-ақ жеке клиникалар мен оңалту орталықтарына жүгінуге болады. Онда мамандар тәуелділіктен арылу үшін кәсіби көмек көрсетеді.
Сондай-ақ психологтің айтуынша, онлайн құмар ойындар тек уақытты ұрлап қоймайды, жастардың бойындағы сенімділік, тұрақтылық, болашаққа деген сенімді жояды. Жеңіліс тапқан сайын олар өз-өзіне сенімсіздік танытып, жалғыздыққа ұшырайды. Қарызға кіру, достарынан ақша сұрау, кейде алаяқтыққа бару – құмар ойынға тәуелді адамның шынайы бейнесіне айналады.
Жалпы мамандар әлеуметтік кеселмен күрес үшін кешенді көзқарас қажет екенін айтады. Қазіргі әдістер бұл мәселені шешуге жеткіліксіз. Жастармен жұмыс істеуде олардың тілін табатын, заманауи форматтағы жобалар қажет. Мысалы, киберспорт секцияларын ашу, онлайн турнирлер өткізу арқылы қызығушылықты дұрыс арнаға бұруға болады. Сонымен қатар қаржылық сауаттылықты арттыру, нақты табыс табу жолдарын үйрететін арнайы курстар жүргізу – бүгінгі күннің басты қажеттілігі. Әлеуметтік желі мен «Tik Tok», «Instagram» арқылы насихат жүргізу де маңызды. Жастарға мотивациялық контент қажет, бірақ ол нақты өмірмен үндес болуы тиіс.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




