Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Анар Базарқұлованың айтуынша, өтпелі шақта жасөспірімдер құқықбұзушылыққа көп барады екен.
– Әдетте мұндай әрекетке көбіне өзін жалғыз сезінетін жасөспірімдер барады. Өтпелі кезеңдерінде өздерін түсінбей жүрген жеткіншектер білместікпен қателікті көп жасайды. Яғни енді үлкен өмірге аяқ басып келе жатқан жеткіншек айналасынан өзін түсінетін, қолдайтын жан таппаған сәтте өмір сүргісі келмейді. Болар іс болып, кейін өкініп қалғаннан гөрі, мұндай жағдайдың алдын алған дұрыс. Сондықтан балаға өмірде түрлі қиындықтар кездесетінін ата-анасы ерте бастан ескертіп айту керек. Оны айтудың да жолдары бар. Ата-ана өз өмірінде кездескен қиындықтарды мысалға келтіре отырып, баласының санасына кез келген мәселенің шешімі болатынын жеткізсе, жасөспірімге түсіну оңай болады. Қазіргі таңда әрбір үшінші жасөспірім өтпелі шақтарында құрдастарының тарапынан қысымға ұшырап, буллингтің құрбанына айналады. Ең сорақысы, мұның арты өліммен аяқталуы да мүмкін. Балалар арасындағы буллинг бұрыннан бар нәрсе. Тек қазіргі уақытта телефонға түсіріп алу, оны таратып жіберу сияқты әрекеттер бұл мәселені одан бетер өршітіп жіберді. Сонымен қатар қазір жасөспірімдер арасында буллингтің физикалық түріне қарағанда психологиялық шабуылы көбірек байқалады. Балалар арасындағы суицидтің көп белең алып кетуі де осыған байланысты. Бала өмірге келген күннен бастап отбасы мүшелерінің бір-біріне деген қарым-қатынасы, өмір сүру дағдылары оның мінез-құлқының жақсы жағына қарай қалыптасуына әсер етеді. Отбасы мүшелерінен қалыптасқан мінез-құлық дағдылары жасөспірім шақта кездескен қиындықтардан ішкі тұлғалық қабілеттері арқылы өзін алып шығуына септігін тигізеді. Өзін ата-анасы, ортасына қажет сезінбеген, сенімсіз, алға қойған айқын мақсаттары жоқ балалар көбіне қылмыс жасауға үйір болып келеді. Әдетте ондай балалар басқа адамдардың айтқанына тәуелді болады, – дейді Анара Иманбайқызы.
Жалпы көп жастардың оқуға, адал еңбекке ынта қоймай, бос уақыттарын көшеде өткізіп, достарымен жүргенін құп көретіні жасырын емес. Осы орайда облыстық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Әлішер Қалышевпен аз-кем тілдескен болатынбыз.
– Бала – болашағымыз. Біз қоғам болып, олардың түзу жолдан таймай, толыққанды тұлға болып қалыптасуы үшін қоғам болып атсалысуымыз керек. Өңірдегі 522 мектеп пен 42 колледжге ювеналдық полиция инспекторлары, учаскелік полиция қызметкерлері және жедел уәкілдер қайта бекітілген. Тараз қаласының білім беру мекемелеріне қосымша полиция департаментінің басқарма басшылары мен олардың орынбасарлары бекітіліп, жеке бақылау жүргізілуде. Сонымен қатар полиция департаментінің тәлімгерлер кеңесінің жұмысы жанданып, педагогтар және ата-аналармен тұрақты байланыс жүргізіліп, жасөспірімдер құқықбұзушылығы мен қылмысының алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында арнайы жоспар әзірленіп, өңірде кешенді профилактикалық шаралар жүргізілуде. Сондай-ақ облысымыздағы мектептерде «Қауіпсіз мектеп» жобасы да өз жұмысын атқаруда. Жоба буллинг, әлімжеттік, кибербуллинг, бопсалау фактілерінің алдын алу және оқушылардың қауіпсіз ортада білім алуын қамтамасыз ету мақсатында іске асырылады. Жоба аясында психологтармен бірлесіп сауалнамалар жүргізіліп, тәуекелі жоғары оқушылар анықталып, 207 бейресми көшбасшымен жеке профилактикалық жұмыс жүргізілді. Бейнебақылау камералары мен сауалнамалар нәтижесінде облыс бойынша қорқытып алу, бұзақылық, ұрып-соғу деректерімен 7 қылмыстық іс тіркелді. Буллинг және кибербуллинг деректері бойынша 32 тұлға Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 127-2-бабымен жауапқа тартылды. Жасөспірімдердің бұзақылық фактілері үшін олардың 269 заңды өкілі Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 435-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жастар арасындағы құқықбұзушылық бүгінде қоғамды алаңдатып отыр. Сондықтан қылмыстарды тоқтатуға күш салып, алдын алу шараларын қолдану керек. Әрбір отбасында ата-ана өсіп келе жатқан жасөспіріммен жақын сөйлесіп, жеткіншекті мазалап жүрген ойларын біліп, оның айналасындағы достары туралы хабардар болып, оның мәселелерін шешуге көмектесуі қажет, – дейді Әлішер Қалышев.
Қалай десек те қазір жас ұрпақтың мінезі тым қатыгезденіп бара жатқандай. Дейтұрғанмен еліміздің болашағына баланып отырған жасөспірімдер қылмыс жасай отырып өз басына ғана емес, ортасына, үйде тілеуін тілеп отырған ата-анасына үлкен зиян келтіретінін ұмытпаған жөн.
Сымбат ҚУАНЫШ



