Тайырбек Төлентаев 1974 жылдың 29 қаңтарында Өзбекстан Республикасының Сырдария облысы, Ворошилов ауданына қарасты Социализм ауылшаруашылығы кеңшарында дүние есігін ашқан.
Жастайынан талапты болған Тайырбек 1993-1997 жылдары Ташкент ирригация және ауылшаруашылығын механикаландыру институтында білім алады. Жоғары оқу орнын бітірген жас маман еңбек жолын Ташкент қаласындағы «ТАПОИЧ» авиация зауытында шебер-механик қызметінен бастайды. Ал 1998-2000 жылдары тағдыр жолы кейіпкерімізді Оңтүстік Кореяға алып барды. Чанг-Вон мен Масан қалаларындағы әйгілі «Samsung», «Hyundai», «LG» компанияларында роботтарды басқарушы болып еңбек етіп, үлкен тәжірибе жинайды. Кейін еліне оралған соң сауда саласына бет бұрып, 2000-2003 жылдары «Зулхаё» сауда компаниясына менеджер болып жұмысқа орналасып, филиал директоры лауазымына дейін көтерілген.
Тағдырын Қазақстанмен байланыстыру Тайырбек Анарқұлұлының өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі болды. 2003 жылы облысымызға қоныс аударып, жаңа ортада жаңа белестерді бағындыруға бел буды. Алғашында Тараз қаласындағы «Сенім» баспаханасында экспедитор, 2005-2008 жылдар аралығында «Дүйсен және К» техникалық қызмет көрсету орталығында механик болып жұмыс істеп, кейін «Атакент» сауда орталығының құрылыс бөлімін басқарған.
– 2003-2004 жылдары біздің әулет үшін өмірдің жаңа белесі басталды десем болады. Бір күнде 48 адам үдере көшіп, Тараз қаласына табан тіредік. Сол кездер әлі күнге дейін жадымда жатталып қалған. Үміт пен күдік аралас, бірақ жүректе елдік рухы өшпеген, болашақты жақсартуға деген іңкәрлік басым шақ болатын. Алғашында халық арасында «За линий» алқабы атанып кеткен аумақта тұрдық. Қалаға бейімделу, жаңа ортаға сіңісу, бала-шағаның оқуы мен тұрмыстық қиындықтар бірінің артынан бірі келді. Дегенмен ел үшін еңбек етемін деген адамға ештеңе кедергі емес екеніне сонда тағы бір мәрте көзім жетті. Уақыт өте келе, көңіл түбіндегі «Ауыл – алтын бесік» деген ұғым бізді қайтадан түп-тамырымызға тартты. Әке-шешем Айша бибіде тұрғандықтан, ауылдың топырағы, ауасының өзі бала күнгі сезімдерді оятатын. Сол себепті біз қайда жүрсек те, ауылдан қол үзбеуді, алғашқы игілікті бастамаларымызды да сол жерден бастауды жөн көрдік. Ауылдың адамдары кеңпейіл, дархан мінезді, күнделікті тірлікте бір-біріне қол соза алатын қасиетімен қашанда ерекшеленеді. Міне осы орта бізге күш-қуат, шабыт берді. Қазір Айша бибі ауылында еңбек етіп, ауылдың игілігі үшін қолдан келгенше жұмыс істеп келеміз. Көрші-қолаңмен араласып, тұрғындармен етене жақын болу біздің басты қағидамыз. Себебі ел болып, жұрт болып өмір сүру деген тек өзің үшін емес, айналаңдағы адамдардың да жағдайын ойлау деген сөз. Қолымыздан келгенше бөлісуге, көмектесуге әрдайым дайынбыз – дейді Тайырбек Анарқұлұлы.
Кейіпкеріміз 2013 жылдан бастап Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылындағы «Аман-Ата» шаруа қожалығы мен «Аман-ата» наубайханасының басшысы болып, он жылдан астам уақыт ішінде ауыл халқына қызмет ететін, күнделікті нан өнімін ұсынып отырған өндірісті дамытуға күш салды. Кәсіп иесі қайырылымдылық шараларын өткізіп, карантин кезінде халыққа нан жеткізуді мақсат тұтып, сауапты іспен айналысқан. Бүгінде наубайханада 12 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Біздің отбасымыз нан өнімдерін шығаратын кәсіппен айналысады. Ел басына күн туған, жұрттың бәрі үйден шыға алмай, індет шарпыған карантин кезеңінде біз үшін сын сағаты соқты. Қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, қала әкімдігі арқылы арнайы рұқсат қағаздарын алып, тоқтаусыз жұмыс істеуге тура келді. Себебі сол кезде нан елдің күнделікті ең басты қажеттілігі болды. Ауыр күндерде адамдық парыз бен азаматтық борыш бір арнаға тоғысты. Біз бір ай бойы жақын ауылдастарымызға, көршілерімізге, көпбалалы отбасыларға және жағдайы ауырлаған тұрғындарға нан өнімдерін тегін тараттық. Бұл қайырымдылық жасадық деп мақтану үшін емес, қиын күнде елге сүйеу болу үшін жасалған іс. Cол кездері апаларымыздың ақ батасы, қариялардың алғысы, балалардың қуанышты жүзі бізге одан әрі күш беріп, қоғамға пайдалы болудың қадірін сездірді. Адамның бар байлығы – артында қалдырған жақсылығы. Қазір де ауыл тұрғындарымен бірге болып, қоғамдық жұмыстардан шет қалмай, қолдан келгенше игі бастамаларға атсалысып келеміз. Өйткені ауыл – біздің ғана емес, болашақ ұрпақтың да рухани тірегі. Оны дамыту, көтеру – әр азаматтың борышы,– дейді Т.Анарқұлұлы.
Тайырбек Төлентаев бүгінде еңбегінің жемісін көріп, жас ұрпаққа үлгі болып отыр. Ол маңдай тер мен табан аудармай атқарған тірлігінің арқасында «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Сонымен қатар еліміздің және Қырғыз Республикасының бірнеше марапаттарына ие болған.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ




