Шындығында, әдебиет қашанда адамның эстетикалық танымын арттырады, өнер туындысындағы, адамдар арасындағы жарасымдылық пен әсемдікті түйсіне білуге жетелейді. Адам жандүниесіне ізгілік шуағын төгетін көркемдік пен сұлулықтың күретамыры – талғампаздыққа тәрбиелейді.
Көркем әдебиеттің бала бойындағы бар асыл қасиетті тәрбиелеудегі ерекше рөлін әрбір ата-ананың дұрыс түсінуін қамтамасыз ету – мұғалімнің тікелей борышы. Оқушының сыныптан тыс уақытта білім алуына, көркем әдебиеттерді оқуына басшылық жасауда ата-ананың жауапкершілігі, рөлі пән мұғалімінен, кітапханашыдан, сынып жетекшісінен кем емес.
Отбасы – баланың тұлғалық негізі қаланатын өмір сүру және даму ортасы. Мектеп тәжірибесінде ата-аналармен жұмыс істеудің жаппай, топтық жеке формалары мен әдістері пайдаланылады. Бұл бағыттағы жұмыстардың қай-қайсысы болмасын ата-аналардың педагогикалық мәдениетін көтеруге, отбасы мен мектептің өзара ынтымақтастығын нығайтуға бағытталып отырады.
Халқымыздың бала тәрбиесіне қатысты тәлімдік мәні зор ой-толғаныстары бесік жырынан бастап батырлық эпостарда, ертегі-аңыздарда, шешенік сөздер мен айтыс термелерде, мақал-мәтел, жұмбақтарда көптеп кездесетіні белгілі. Қазақ халқы ертеден-ақ бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, өз ұрпағын бесікте жатқан кезінен бастап-ақ өлең-жыр мен әңгіме, ертегі, тақпақ, санамақ және тағы да басқа өлеңдер арқылы тәрбиелеп отырған. Мұның құндылығы қазіргі кезде күннен-күнге өсе түсуде. Бұл мәселенің әрқайсысы жеке ғылыми зерттеу нысанына айналып, көптеген ғылыми жеке еңбектер жарық көрді.
Ата-аналар ең алдымен баласының сыныптан тыс уақытта, яғни үйде оқуға тиісті кітаптарының тізіміне көңіл бөлуі тиіс. Осы мақсатта әдебиет пәнінің мұғалімімен әңгімелесіп, бағдарламалық материалға байланысты қандай шығармалар оқу керектігін анықтаған дұрыс. Тәжірибеміз көрсеткендей көп ата-ана баласының көркем шығарма оқуға әуестігіне мән бермейді. «Күнделікті негізгі сабаққа зиянын тигізеді» деп ойлайды. Ал енді бір топ ата-ана бұл ретте барлық жауапкершілікті пән мұғалімі мен кітапханашыға артып қояды.
Дейтұрғанмен жеке адамның жоғары моральдық қасиеті ең алдымен отбасында дамиды әрі қалыптасады. Отбасы бала үшін бірінші мектеп екенін есте ұстаған жөн.
Салтанат ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Антон Макаренко атындағы орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі



