Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бюджеттік бағдарламалардың берері мол

Бюджеттік бағдарламалардың берері мол
Автор
Бүгінде Қордай ауданында қазынадан қаралған қаржы есебінен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде. Әр салада бюджеттік бағдарламалардың тиімді іске асырылуы мен бюджеттік жобалардың орындалуы үнемі бақылауда болуының арқасында жоспарланған жұмыстар көптің көңілінен шығуда. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, тұрғын үй, инженерлік инфрақұрылым, тұрғындарды ауызсумен жабдықтау, елді мекендерді газдандыру, әлеуметтік саланың әлеуетін арттыру бағыттары бойынша құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілген.

ТҰРҒЫНДАР ТАЗА АУЫЗСУМЕН ҚАМТЫЛУДА

Мысалы, білім саласына келетін болсақ, Республика күні қарсаңында «Келешек мектептері» жобасы аясында Қаракемер және Қарасу ауылдарында 300 орындық екі мектептің пайдалануға берілгені баршаға аян. Жаңа нысандардың ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің өзі қатысқан еді. Сол секілді Сортөбе ауылында бір ауысымда 200 адамды қабылдайтын емхана салынған болатын. Сондай-ақ иммундық-биологиялық препараттар шығаратын биофарм зауытын және осы кәсіпорынның базасында субстанция өндірісі цехын салу жұмыстары жүргізілді. Үлкен Сұлутөрде жаңа спорт кешені бой көтеруде.

Тұрғын үй құрылысы да қарқын алып, Қордай ауылының «Батыс» ықшамауданында 60 пәтерлі екі көпқабатты тұрғын үй бой көтерді. Аухатты ауылындағы жаңа тұрғын алабта электр желілері жүргізілді. Қарасай, Еңбек және Керу ауылдарына газ құбырын тарту жұмыстарының екінші кезеңі жүзеге асуда. Қайнар ауылында 3 800 гектар суармалы алқапты ылғалдандыру үшін қысыммен су беретін құбырдың жұмысы аяқталды.

Биыл ауданда жол жөндеу, инфрақұрылым, мектеп, балабақша құрылысы сияқты бағыттарға 14 миллиард 200 миллион 419 мың теңге бөлініпті.

Қордай ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ануар Абсеитов ауданда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланатын елді мекендер саны 37-ге жеткенін, яғни 90,2 пайызды құрайтынын айтады. Тұрғындар санына шаққанда, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелеріне қосылғандар саны 155 875 адам болса, қосылмағандар саны 1,1 пайыз деңгейінде ғана екен.

– 2025 жылы сметалық құны 3 миллиард 74 миллион 381 мың 392 теңге болатын Гвардейск және сметалық құны 830 миллион 482 мың 474 теңгеге Алға ауылдарын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар Шарбақты ауылында құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындар таза ауызсуға қол жеткізді. Күнбатыс-2 ауылындағы су құбыры желісінің құрылыс жұмыстары 100 пайызға аяқталса, су қабылдағыш құрылғы 70 пайызға жиналды. Барлық құрылыс-монтаждау жұмыстары желтоқсан айының 25-іне дейін толық аяқталады деп жоспарлануда. Қордай ауданы, Көгадыр елді мекеніне суды тазартудың кешенді блок-модулін (КБМ) орнату үшін аудандық бюджеттен қажетті қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар толық атқарылды. Аталған жобалар кезең-кезеңімен іске қосылып, аудан тұрғындары сапалы ауызсумен қамтамасыз етілуде. Бәйтерек ауылын газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін қажетті қаражат көлемі анықталып, жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар Гвардейск қалашығын газдандыру бойынша «Бақыт таңы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 42,5 миллион теңгеге келісімшарт жасалып, 1-2 кезең бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу жұмыстары аяқталып, сараптаманың оң қорытындылары алынды. Аталған кезеңдер бойынша облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына өткен жылы тиісті бюджеттік өтінім тапсырылды. Бел, Мұзбел, Аңырақай ауылдарына ауылішілік газ құбырын жүргізу үшін «АРС проект» ЖШС арқылы жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды. Жалпы сметалық құны 604,8 миллион теңгені құрады. Нәтижесінде ауданның барлық елді мекендері 100 пайыз табиғи газбен қамтылады, – дейді Ануар Жансейітұлы.

 

АВТОЖОЛДАР ТАЛАПҚА САЙ

Қордай ауданында автомобиль жолдарының ұзындығы 1343,3 шақырымды құраса, 308 шақырымы республикалық маңызы бар, 275,5 шақырымы аудандық маңызы бар, ал 760 шақырымы елді мекен көшелері екен. Қордай ауданы аумағында жергілікті маңызға ие автомобиль жолдарын күтіп-ұстау, яғни жолдарды ағымдағы жөндеу, жол белгілерін сызу және жол белгілерін орнату мақсатында тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүргізілген.

– Аудан аумағынан өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына келсек, Батыс Европа – Батыс Қытай жолының 143-240 шақырымы мен Алматы – Бішкек жолының 142-232 шақырымы біздің аудан аумағында орналасқан. Сондай-ақ Қордай – Шу жолының 50 шақырымы да Қордай ауданының аумағынан өтеді. Отар – Сұлутөр – Көктөбе бағытындағы аудандық маңызы бар жолға жүргізілген орташа жөндеу жұмыстары 2025 жылдың 12 қарашасында толықтай аяқталды. Қазіргі уақытта жолдағы барлық жұмыстар түгелдей орындалып, жол таңбалары сызылып, қажетті жол белгілері орнатылды. Осылайша нысан толық пайдалануға берілді. Қыс мезгілінде жолдарды қардан тазалау және көктайғақтың алдын алу мақсатында қажетті техника мен инертті материалдар қоры талапқа сай дайындалды. Барлығы 13 техника дайындалса, екі «HOWO ZZ-1257» және «КамАЗ-65116» техникасы қыстың көзі қырауда жолдарды қардан тазартып, тайғақ жолдарға тұз себу үшін пайдаланылады. Сондай-ақ тағы бір «HOWO», «КамАЗ-6520», «КамАЗ-55571» ауыр жүк көліктері қар тазалау, тасу жұмыстарымен айналысады. Олардың қатарында «LW-500 PL» жүкартқыш, «JCM-755 K» фронтальды жүкартқыш, жерді тегістейтін «ДЗ-180» автогрейдер, 3 «Беларус-920» тракторы бар. Қыста жолды күтіп-ұстауға 134 миллион 819 мың 600 теңге қаржы қарастырылды. Қар мен мұзға қарсы материалдардың қорына келсек, жоспар бойынша 3700 текше метр құм дайындалуы керек болатын. Бүгінде 1 975 текше метр құм, яғни 53 пайызы дайындалды. Ал тұз бойынша жоспар 300 текше метр болса, нақты орындалған көлемі – 150 текше метр. Барлық қажетті дайындық жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуде. Сонымен қатар республикалық маңызға ие автомобиль жолдарын күтіп-ұстау мақсатында «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалының Қордай өндірістік бөлімшесі (ДЭУ-34) тарапынан да тиісті дайындық жұмыстары атқарылды. Бұл бөлімше арқылы қысқы маусымға арналған материалдардың қоры бойынша 1827 тонна тұз, 9600 тонна қиыршықтас, 35 тонна химиялық қоспа дайындады. Бөлімшенің 16 қар тазалайтын техникасы бар. Тарқата айтсақ, 2 шнекоротор, 2 жүкартқыш, 3 жерді тегістеп сүретін (грейдер), 3 «МТЗ» тракторы, 3 «Газель», 3 жеңіл автокөлік, 1 «Урал» вахталық автокөлік қысқы маусымға сақадай-сай тұр. Өйткені барлық техникаға қысқы маусымға қажетті жөндеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстары толық көлемде жүргізілді. Сондай-ақ елді мекендердің ішкі көшелерін қардан тазалау және көктайғақтың алдын алу мақсатында мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасалды. Қысқы кезеңде аудан аумағындағы республикалық және аудандық маңызға ие автомобиль жолдарының үздіксіз әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында барлық ұйымдастыру және дайындық іс-шаралары толық көлемде орындалады, – дейді А.Абсеитов.

«ДОСАЛЫ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жасалған келісімшартқа сәйкес ауылдық елді мекендер мен аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында орналасқан бейнекамералар қалпына келтіріліпті. Қыркүйек-қазан айларында Қордай ауылында, оның ішінде Жібек жолы, Төле би, Қазыбек би көшелерінде, орталық кеден посты мен орталық саябақ аумағында, сондай-ақ Шу қаласына шыға берісте орналасқан бейнекамералардың сымдары жөнделген.

Қордай ауданы аумағында жылдамдықты шектейтін 18 «Сергек» бейнебақылау камерасы 10 елді мекенде орнатылып, толықтай іске қосылған екен. Аталған камералар аудандық полиция бөлімі арқылы интеграцияланған. Атап айтқанда, бұл камералар Қайнар, Сарыбұлақ, Қақпатас, Бетқайнар, Жамбыл, Степное, Әлжан ана, Қарасу, Өтеген және Масаншы елді мекендерінің аумағында іске қосылған. Барлық бейнебақылау камералары орталықтарда, елді мекендердің кіреберіс және шығаберіс жерлерінде орнатылған. Нақты орналасу орындары ауыл әкімдері мен полиция бөлімдерінің келісімі бойынша қауіпті аймақтар ескеріле отырып таңдалған. Қазіргі уақытта осы камералар құқық қорғау органдарына қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және құқықбұзушылықтың алдын алуға үлкен көмегін тигізіп жатса керек.

 

ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР УАҚЫТЫЛЫ ТӨЛЕНУДЕ

Ауданда әлеуметтік осал топтарды қолдауға да қомақты қаражат бөлінген екен. Атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі, мүгедектер мен үйде оқитын балаларға арналған әлеуметтік төлемдерді тиісті отбасылар мен азаматтар тұрақты алуда.

Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шаралар жайлы біз аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақсана Елеусізовадан сұраған едік.

Бөлім басшысының айтуынша, 2025 жылы кедейшілік деңгейінен төмен тұратын отбасыларды мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету мақсатында 166 527,0 мың теңге қарастырылыпты. Есепті кезеңде 220 отбасыға немесе 1 164 адамға жалпы сомасы 116 639,0 мың теңге көмек төленіпті.

Ауданда халықты жұмыспен қамту жұмыстары 2025 жылы кең көлемде жүргізіліпті. 2025 жылдың 1 қарашасына дейін ресми түрде жұмыссыздар есебінде 1 444 адам тіркеліпті. Ал жыл басынан бері 6 163 азамат жұмыспен қамту бойынша өтініш білдіріп, олардың ішінде әлеуметтік қорғау шараларымен 4 106 адам қамтылған екен. Бұл азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету барысында жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, қысқа мерзімді оқу курстары, кәсіби біліктілікті арттыру бағытындағы шаралар ұсынылған.

– Есепті кезеңде бос тұрған ваканттық жұмыс орындарына 2 389 азамат жолданды. Бұл жерде әр азамат өзінің мамандығына сәйкес жұмысқа орналастырылды, кейбірі қайта даярлау курстарына жіберілді. Сонымен қатар қысқа мерзімді оқу курстары мен жұмыс орындарында оқуға 145 адам жолданды, олар өздерінің кәсіби дағдыларын жетілдіріп, нақты жұмыс тәжірибесін алды. Одан бөлек, 143 азамат онлайн оқу курстарына қатысып, заманауи технологиялар мен кәсіптік дағдыларды меңгерді. «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгеруге 349 адам жолданды. Олар шағын және орта бизнес ашуға қажетті білім алып, өз ісін бастауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар жыл ішінде аудан бойынша 90 тұрғын арнайы грантпен қамтамасыз етіліп, жеке кәсіпкерліктің жандануына үлестерін қосты. Субсидияланған жұмыс орындары арқылы 990 адам жұмыспен қамтылды. Атап айтқанда, ақылы қоғамдық жұмыстарға 622 азамат тартылса, «Жастар тәжірибесіне» 192 адам жолданды. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында – 38, әлеуметтік жұмыс орындары бойынша 70 қордайлыққа жолдама берілді. «Күміс жас» жобасы бойынша – 66, «Ұрпақтар келісімшарты» аясында 2 азамат еңбек дүбіріне араласты. Барлық іс-шаралар аудан тұрғындарының жұмыспен қамтылуын арттырумен қатар, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, азаматтардың өмір сапасын жақсарту, кәсіптік дайындықты арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Аудандық мансап орталығы мен аудан әкімдігі халыққа жұмысқа орналастыру қызметін ұсына отырып, оларға кеңес беру, кәсіби бағыт нұсқау, гранттар мен субсидияларды пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту жұмыстарын жүргізді, – дейді А.Елеусізова.

Жалпы мемлекет үшін бюджет қаржысының тиімді жұмсалуы мен қандайда бір жоба бойынша дайындалған сметалық құжаттардың талапқа сай орындалуы маңызды. Бұл тұрғыда Қордай ауданы істі арнайы бекітілген тәртіппен жүргізуде. Атқарылған жұмыстардың көлемі мен сапасы уақытылы тексеріліп, бақылау бір сәтке де назардан тыс қалмаған. Қаржыны үнемдеу немесе қайта бөлу қажеттігі секілді қажеттіліктер туындағанда да басым бағыттар ескерілуде, яғни қаржы негізінен басым шығындарға, аяқталмаған жобаларды аяқтауға және әлеуметтік қажеттіліктерге бағытталып отыр. Бір айта кетер жайт, келесі жылға арналған бюджеттік жобалар қазір дайындық кезеңінде тұр. Бюджетті қалыптастыру барысында халықтың ұсыныс-тілектері ескерусіз қалмайды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар