Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Орманды өрттен қорғау – ортақ міндет

Орманды өрттен қорғау – ортақ міндет
Автор
Еліміздің баға жетпес байлығы – көз тартарлық табиғаты, орманы мен жануарлары. Орман-тоғай – Жер-Ананың адамзатқа берген шексіз сыйы. Он сегіз мың ғаламдағы тіршілік атаулының құт мекені – табиғат, соның ішінде орман десек қателеспейміз. Сондықтан табиғатты аялау мен оның қадір-қасиетін сезіну – барша адамзатқа парыз.

Табиғатты қорғау, оның әрбір байлығына жанашырлық таныту, сондай-ақ оларды дала өрттері мен түрлі апаттардан сақтау – маңызды міндеттердің бірі. Осы жауапты істің алдыңғы шебінде «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Жамбыл авиациялық бөлімі тұр.

Бөлім басшысы Бауыржан Төлепбергеновтің айтуынша, Жамбыл авиациялық бөлімшесі – Қазақстан ормандарын әуеден қорғау және орман шаруашылығына авиациялық қызмет көрсету міндетін атқаратын «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының маңызды құрылымдық бөлігі.

– Бөлімше Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылында орналасқан. Мекеме қарамағындағы орман қорының жалпы аумағы – 3 миллион 48 мың гектар. Кең территорияда орман және жануарлар дүниесін қорғаумен айналысатын 11 коммуналдық мемлекеттік мекеме жұмыс істейді. Орман алқаптары әуеден 2-4-сыныпты тікұшақтар мен ұшақтар арқылы бекітілген 4 маршрут бойынша патрульденеді. Бөлімше штаты толық жасақталған. Қызметкерлердің барлығы арнайы кәсіби даярлықтан өткен. Ерекше атап өтерлігі, мекемедегі 8 өртсөндіруші-десантшы заманауи өрт сөндіру техникасын меңгерген, арнайы курстардан өткен тәжірибелі қызметкерлер. Биыл жалпы ұшу уақыты тікұшақтар бойынша 150 сағатты, Ан-2 ұшағы бойынша 318 сағат 5 минутты құрады. Маусым барысында бөлімшенің қарауындағы аумақта 46 орман өрті тіркелді. Жанған аумақ 33 393,36 гектарды құраса, 21 184,91 гектары – орманды, 12 208,45 гектары – ормансыз алқаптар. Авиациялық-өрт сөндіру қызметі 29 өртті сөндіруге тікелей қатысып, 29 473,25 гектар аумақты қорғап қалды. Бұл – барлық тіркелген өрттердің 63 пайызына тең, – деген бөлімше басшысы келесі жылға өрт қаупі маусымына дайындық жұмыстары басталып кеткенін жеткізді.

Қызметкерлер штаттық құрам бойынша толық жасақталған. Жыл сайынғы демалыстар аяқталғаннан кейін барлық қызметкерлер медициналық тексерістен өтіп, теориялық және практикалық дайындықтан өтеді. Тиісті сынақтар мен емтихандар тапсырылып, мамандардың кәсіби даярлығы расталады. Сонымен бірге 2026 жылы жеке қорғаныс құралдарын жаңарту жоспарланып отыр екен. Көлік, байланыс құралдары, өрт сөндіру техникалары тексеріліп, консервацияланған. Қыс мезгілінде барлық техниканың ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нормалық талаптарға сай жетіспейтін жабдықтар толықтырылады.

2026 жылға әуелік патрульдеу және орман қорын қорғау бойынша ұшу сағаттары да белгіленіпті. Жоспарға сай 2-3-сыныпты тікұшақтар үшін – 380 сағат, ал ұшақтар үшін 350 сағат деп анықталып отыр екен. Осылайша «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Жамбыл авиациялық бөлімшесі жаңа маусымды толық дайындықпен қарсы алуды көздеп отыр.

Ал облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Медет Үрістеновтың айтуынша, облыс аумағындағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 миллион 425 мың гектарды құраса, 2 миллион 311 мың гектары орманмен қамтылған. Бұл облыс аумағының 30,8 пайызын құрайды.

– Орман қорының күзеті, қорғалуы, тиімді пайдаланылуы, ормандарды қалпына келтіру және күтіп-баптау жұмыстарын басқармаға бағынысты 15 орманшаруашылығы мекемесі мен Меркі өңірлік табиғи паркі жүзеге асырады. Биыл облыстық мемлекеттік орман қорында өрт қаупі бар маусым 26 наурыз бен 20 қараша аралығында белгіленді. Осы кезеңде өрттің алдын алуға бағытталған кешенді шаралар атқарылды. Орманшылықтарда 39 өрт бақылау мұнарасы мен 16 найзағай бұрғыш орнатылып, жұмыс жағдайына келтірілді. Өрт қаупі жоғары аймақтардағы 65 бақылау бекетінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, орман алқаптарындағы жағдай тұрақты түрде басқармаға хабарланып отырды. Сондай-ақ облыстың 3 миллион 48 мың гектар орман қоры аумағын өрт маусымы кезінде әуеден бақылауды «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің АН-2 ұшағы мен AS-350 тікұшағы қамтамасыз етті. Орманшаруашылығы мекемелерінде бірінші және екінші типтегі өрт сөндіру стансаларына біріктірілген 380 өрт жасақшысы құрылды. Олар нысаналы формалармен толық қамтамасыз етілді. Барлық жұмылдырылған қызметкерлер арнайы оқудан өтіп, сертификаттар алды. Өрт сөндіру стансалары 5 өрт сөндіру автокөлігімен, 15 УАЗ-330365АЦ-0,9 шағын кешенді өрт көлігімен, 90 түрлі маркадағы МТЗ тракторларымен және 15 жартылай тіркемелі үш тонналық әмбебап су цистерналарымен жабдықталған. Орман қорын патрульдеуге арналған 72 жеңіл автокөлік те үздіксіз қызмет атқарды, – дейді Медет Әбдімашұлы.

Алдын алу шараларының тұрақты жүргізіліп жатқанына қарамастан, өрт қаупі жоғары маусымда облыстың орман қоры аумағында жалпы 50 орман өрті тіркеліп, тілсіз жау 33 807,91 гектар аумақты қамтыпты.

Өрттердің шығу себептеріне келсек, 3 жағдай азаматтардың өрт қауіпсіздігін сақтамауынан, 26 жағдай найзағайдың түсуінен, 6 оқиға жақын орналасқан елді мекендер аумағынан өрттің орманға өтуінен тіркелген. Бір өрт орман ішіндегі учаскеден көршілес учаскеге тараса, 14 жағдайда себептері анықталмапты.

– Өрттің алдын алу мақсатында биыл орман қоры аумағында жалпы ұзындығы 11 154,5 шақырым болатын өртке қарсы минералды жолақтарға күтім жасау жұмыстары толығымен орындалды. Орманшаруашылықтары жанар-жағармаймен жеткілікті көлемде қамтамасыз етіліп, 46 500 литр бензин және 18 500 литр дизель отыны резервте сақталды. Бұл қорлар өртті сөндіру, оның себептерін анықтау және залалды бағалау кезінде пайдаланылды. Негізі осы жылғы өрт қаупі маусымына дайындық жұмыстары кезең-кезеңімен ұйымдастырылды. Мемлекеттік орман қоры мен оған шектес ауылдық округтердің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған профилактикалық іс-шаралар жоспары бекітіліп, аудан әкімдіктері деңгейінде де жергілікті жоспарлар қабылданды. Облыс әкімдігінің 2025 жылғы 8 сәуірдегі №79 қаулысына сәйкес өрттердің алдын алу және оларды сөндіру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, сәуір айында дала және орман өрттерінің алдын алу мақсатында оқу-тәжірибелік жаттығулар өткізілді. Жаттығуларға төтенше жағдайлар департаменті, аудан әкімдіктері мен орманшаруашылығы мекемелері қатысты, – дейді М.Рүстенов.

Сонымен қатар материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында 2025 жылы жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге бөлініп, өрт сөндіру техникалары, патрульдік автокөліктер және пилотсыз ұшу аппараттарын сатып алуға бағытталған. Қазіргі таңда 9 патрульдік автокөлік сатып алынып, орман мекемелеріне жеткізіліпті. Сондай-ақ орман шаруашылықтарының арнайы есепшоттары есебінен қосымша 1 «Нива» автокөлігі алынған. Бұдан бөлек, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы 1,8 миллиард теңгеге 59 өртке қарсы техниканы лизинг арқылы сатып алу жоспары іске асырылып жатыр екен.

Сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Дархан Қалдырбектің сөзіне сүйенсек, орман және дала алқаптарындағы өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында арнайы құжат әзірленген. Атап айтқанда, «Облыс аумағындағы табиғи өрттердің алдын алу жөніндегі шаралар туралы» облыс әкімінің қаулысының жобасы департамент мамандарымен бірге дайындалып, уәкілетті мемлекеттік органдармен толық келісуден өткен.

– Табиғи өрттерді сөндіруге тартылатын бөлімшелердің өзара іс-қимылын пысықтау мақсатында 2025 жылдың сәуір айының соңында орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі барлық 15 мемеме аумағында өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізілді. Мамыр айында іс-қимыл жоспарына сәйкес ірі өрттерді жою кезінде Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі Талас және Шу облыстары бойынша басқармаларымен трансшекаралық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Өртке қарсы жолақтарды жырту жұмыстары да назардан тыс қалмады. Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар 1237 шақырым автомобиль жолының 1074 шақырымының бойында, облыстық маңызы бар 1943 шақырым жолдың 712 шақырымының бойында, сондай-ақ 840 шақырым темір жолдың 104 шақырымының бойындағы орман алқаптары маңында бұл жұмыстар толық атқарылды. Мемлекеттік орман қорының аумағына кіретін жерлерде және автомобиль жолдары бойында 60 аншлаг, 40 панно және 16 билборд орнатылған. Облыстың ауылдық округтерінде жеке құрамы 2604 адамнан тұратын 248 ерікті өртке қарсы құралымдар құрылды. Олар 49 су тасығышпен, табиғи өрттерді сөндіруге бейімделген 591 техникамен, 88 өрт мотопомпамен және 175 ранцтық өрт сөндіргішпен қамтылған. Облыстағы 165 ерікті өртке қарсы құралымдардың 10-ы қоғамдық бірлестіктер нысанында құрылды. Соңғы 2 жылда «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесі өрт сөндіру бөлімдері және мамандандырылған оқу орталықтарының базасында 2 мыңнан астам ерікті өртсөндіруші оқытылды, – дейді Д.Қалдырбек.

Маманның айтуынша, облыс аумағында 377 елді мекен бар. Солардың ішінде мемлекеттік өртке қарсы қызметтің 20 өрт сөндіру бөлімі өздерінің қызмет көрсету радиусына кіретін 106 елді мекенді қорғайды. Ал қалған 271 елді мекенді қорғау үшін жергілікті атқарушы органдар кезең-кезеңімен 36 өрт сөндіру бекетін құруды жоспарлап отыр. Осыған байланысты облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесе отырып, 2021-2025 жылдарға арналған өңірді дамыту жоспарына өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізіліпті. Яғни 13 шалғай елді мекенде өрт сөндіру автомобильдері мен арнайы бейімделген техникалары бар өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңімен құру мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінгі күні облыс аумағында 23 өрт сөндіру бекеті құрылған. Аталған бекеттердің жауапкершілік аймағында халық саны 211 мыңнан асатын 78 елді мекен орналасқан. Өрт сөндіру бекеттері шалғай аумақтардағы өрт қауіпсіздігін күшейтуге және оқиға орындарына дер кезінде жетуге мүмкіндік береді.

– Өрт сөндіру бекеттері шалғай аумақтардағы төтенше жағдайларға жедел ден қоюды айтарлықтай жақсартты. Сөзімізге дәлел 2022 жылы осы мекемелер 32 тілсіз жауға тосқауыл болды. Оның ішінде 23 өрт мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерімен бірлесіп, ал 9 өрт өз күштерімен сөндірілді. 2023 жылы бұл көрсеткіш артты. Барлығы 42 өрт тіркеліп, оның 27-сі өртке қарсы қызметпен бірлесе, 15-і дербес түрде сөндірілді. Жалпы, шалғай елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру және ерікті өртке қарсы құралымдарды қоғамдық бірлестік нысанында дамыту мәселесі тұрақты бақылауда ұсталып отыр. Бұл шаралар ауылдық аумақтардағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өрттердің алдын алуға және оларды дер кезінде жоюға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі саналады, – дейді Дархан Өскенбайұлы.

Облыс аумағындағы орман қорын күзету мен қорғау жұмыстары жауапты мекемелердің тұрақты бақылауында және алдағы маусымдарда да бұл бағыттағы шаралар күшейтіле бермек.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар