Спикердің айтуынша, жыл сайын облыстық қан орталығына қан тапсыру үшін 15 000-нан аса адам келеді. Қан донациясы 100 пайыз ерікті және өтеусіз негізде жүргізіледі. Облыс бойынша 1000 тұрғынға шаққандағы қан және оның компоненттері донациясының үлесі орта есеппен 6,8 пайызды (6 қан донациясы) құрайды, республикалық көрсеткіш – 9,2 пайыз (9 донация).
– Гемопоэздік дің жасушаларының донорлары бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Астана қаласының Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының базасында 2012 жылдан бастап Гемопоэздік дің жасушалары донорларының Бірыңғай ұлттық базасы (тізілімі) жұмыс істейді. Бұл қатерлі қан ауруларын емдеуге қол жеткізуге мүмкіндік беретін тез дамып келе жатқан индустрия, технология. Бізге келген донордың келісімі бойынша өтініш және ақпараттық парақ толтырылады. Содан кейін әдетте жылына екі рет 80-нен астам қан үлгісі Астана қаласына жіберіледі. Қан жүйесі аурулары бар пациенттер үшін HLA теру бойынша сәйкестіктер қазірдің өзінде бар екенін атап өткім келеді. Жылына кәсіпорын 25 000 мыңға жуық түрлі қан компоненттерінің дозасын дайындайды. 2025 жылдың 9 айында эритроцит құрамды компоненттер 7186 доза, вирус белсенділігі жойылған аферездік тромбоциттер 1462 доза, барлық түрдегі плазма 4636 доза, криопреципитат 402 доза, лейкомасса 37 доза дайындалды. Шығарылатын гемоөнімдердің сапасын жақсарту бойынша озық технологияларды үнемі зерттеп, қан компоненттерін дайындаудың неғұрлым жетілдірілген бағыттарын енгізудеміз. Барлық донорлық қан ИХЛА және ПТР зертханалық диагностикасынан (2 кезеңдік скрининг) өтеді. Зерттеулер жетекші шетелдік компаниялар жеткізген жоғары дәлдіктегі жабық типті автоматтандырылған жабдықтарда жүргізіледі. 2025 жылдың нәтижелері бойынша, медициналық зертхана СТ РК ISO 15189-2023 стандарты бойынша медициналық зертхананы аккредиттеу аттестатын алды. Орталықтың маңызды жетістіктерінің бірі – 2025 жылғы 5 наурызда Жапония Елшілігі мен облыстық қан орталығы арасында 68 790 АҚШ доллары (30,3 миллион теңге) сомасына гранттық келісімшартқа қол қойылды. Бөлінген қаражатқа 5 заманауи жабдық сатып алынды. Бұл қан орталығының материалдық-техникалық базасын нығайтып, қан компоненттерін дайындау мен скрининг сапасын арттыруға мүмкіндік берді. 4 қарашада Жапония Елшілігінің қолдауымен іске асырылған «Шөп тамыры» (KUSANONE) гранттық жобасының аяқталу салтанаты өтті, – деді Гулам Умаров.
Қан орталығы 26 емдеу-профилактикалық ұйымды қан компоненттерімен қамтамасыз етеді, оның ішінде ірі кардиологиялық клиникалар да бар. Соңғы 3 жылда медициналық ұйымдарға 51 мыңға жуық түрлі қан компоненттері беріліп, 10 мыңнан астам пациенттің өмірі сақталған.
– «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында облыстың медициналық ұйымдарында 100 пайыз «Info Blood» жүйесі орнатылды. Бұл біздің мамандарға гемоөнімдерді ұтымды пайдалануды күн сайын бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Қан менеджменті» бағдарламасы жұмыс істейді, ол трансфузиялық белсенділік, медициналық ұйымның қашықтығы мен ауа-райы сияқты географиялық жағдайларды ескере отырып, қанның азаймайтын қорын қалыптастыруға бағытталған, – деді Гулам Умаров.
Айжан ӨЗБЕКОВА




