Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бірінші орын – Байболовтар отбасында

Бірінші орын – Байболовтар отбасында
Автор
«Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығында «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Отбасыммен оқыған кітап» атты отбасылық шығармашылық байқаудың қорытынды кезеңі өтті.

Отбасылық құндылықтарды нығайту, кітап оқу мәдениетін дамыту, ата-ана мен бала арасындағы байланысты тереңдету және көркем әдебиет арқылы отбасылардың шығармашылық қабілетін арттыруды мақсат еткен байқау 3 ай бұрын жарияланған болатын. Сайысқа қатысу үшін облыс бойынша 25 отбасы өтінім берген.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушы отбасылар жазушы Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романын оқып, алған әсерлері мен ой-толғамдарын бейнеролик түрінде дайындап, өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларына жүктеді. Екінші кезеңде қатысушылар жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Айқай» повесін оқып, шығармадан түйген ойларын эссе немесе сырласу хат түрінде жазып, орталыққа жіберді.

Нәтижесінде шешуші кезеңге 10 отбасы жолдама алды. Бұл кезеңнің шарты бойынша қатысушылар 2025 жылы мерейтойы аталып өтіп жатқан қазақ әдебиеті классиктерінің кез келген шығармасынан 3-5 минуттық көрініс дайындап келді.

Іс-шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде кітаптың адам баласының рухани дамуына қаншалықты керек екенін атап өтті.

– Кітап – адам баласының ғасырлар бойғы жинаған даналығы мен өшпес мұрасы. Біздің ең басты байлығымыз, рухани деміміз – кітап. Адам ішкі әлемін байытпаса, жүрегін, сана-сезімін тәрбиелемесе, ешқандай жаңа технология құтқара алмайды. Рухани қуаты күшті ұлт қана сапалы, білімді, өркениетті ұлтқа айналады. Кітап оқу – ойымызды тереңдетіп қана қоймай, қиялымызды кеңейтеді, шығармашылығымызды оятады. Оқитын адам ешқашан тоқырап қалмайды, – деді Хамит Ерболатұлы.

Байқаудың қорытындысы бойынша I орынды Байболовтар отбасы иеленсе, II орынға Берік және Алимхожаевтар отбасылары тұрақтады, ал III орынды Жақыпбектер отбасы мен Исмазовтар отбасы өзара бөлісті.

Үздік атанған отбасыларға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйақылар табысталды.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар