Бүгінде бала қиялым шындыққа айналды. Қалаға келіп, журналистика саласына қызығушылығым артып, мамандығымды жүрек қалауымен таңдадым. Іштей «мен таңдаған мамандық – жай кәсіп емес, бұл – болашаққа жол ашар көпір» деген сеніммен жүрдім.
Университетте жүріп-ақ алуан түрлі тақырыптарда шағын мақалалар жаза бастадым. Студенттер арасында өткен шығармашылық байқауда «Ерекше жазба» аталымын жеңіп алып, алғашқы марапатқа қол жеткіздім. Бұл марапат қаламыма жел беріп, ерекше әсер қалдырды. Кейін де біраз мақалам «Дулати тынысы» газетінде тұрақты жарық көріп тұрды.
Күндердің бір күнінде университеттен шығып, көше бойымен келе жатып, бір ғимараттың маңдайшасындағы жазуға көзім түсті. Ондағы «Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі» деген сөздер көзіме оттай басылды. Сол сәтте жүрегімде ерекше толқыныс сезімі оянып, айналам өзгеше мейірімге тұнып қалғандай болды. Сөйтіп имене-имене баспасөз үйінің табалдырығын аттап, «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын бұрдым. Серіктестіктің Бас директоры Данияр Асқарұлы жылы жүзбен қарсы алды.
«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, Данияр Асқарұлы Цифрлық контент орталығына контент-редактор ретінде жұмысқа қабылдады. Қолыма ноутбук ұстатып, «Arainfo.kz» сайтының тізгінін сеніп тапсырды.
Уақыт өте келе түрлі форматтағы ақпараттарды сараптап, мәтін жазу шеберлігін меңгере бастадым. Бір жарым жыл ішінде кәсіби тұрғыда өсіп, тәжірибе жинадым. Тіс қаққан аға-әпкелермен тіл табысып, жұмысы мен қалжыңы жарасқан ұжыммен етене араласып кеттім.
Жақында ғана облыстық «АR-AI» жастар газетінің жарық көргеніне 20 жыл толғанын естігенде, кеудемді қуаныш кернеді. Себебі талас жасқа жол ашқан жастар газетінде еңбек еткенім үлкен мәртебе, мақтаныш деп білемін. Бұл газет жастардың үнін жеткізген, жалынды ойды қағаз бетіне түсірген, талай қаламгердің мектебі болған басылым.
Шабытымның бастауына айналған жастар газеті алдағы уақытта да әр парағына ізгілік сыйдырып, жүректің жалынын жолдай бергей!
Арнат БЕКМОЛДА,
студент


