Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ЭTNO – AUYL»-дың ерекшелігі көп

«ЭTNO – AUYL»-дың ерекшелігі көп
Автор
Байзақ ауданына қарасты Көкбастау ауылындағы Амангелді атындағы орта мектепте «ЭTNO – AUYL» кешені ашылды. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ашылған кешен болашақ жастардың бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастыруды көздейді.

«ЭTNO – AUYL» – халқымыздың бай дәстүрін дәріптейтін, жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтатын мәдени орта. Бұл кешен көне ғұрыптарымыз бен бұйымдарымызды, бабаларымыздың тұрмыста қолданған заттарын қайта жаңғырту мақсатында ашылған.

Кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов және ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымы қатысты.

Алғашқы болып сөз алған Нұрбек Әбубекұлы қазақы дәстүрлердің қайта жаңғыру үрдісіне тоқталып, мұндай кешендердің санын көбейту керектігін айтып өтті.

– Облысымызда «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бірден-бір дәлелі осы «ЭTNO – AUYL» кешені. Бұл кешен болашақ ел азаматтарын ұлтжандылыққа, Отанға деген адалдыққа тәрбиелеуге өз үлесін қосады деп сенемін. Әр іс-шараның артында үлкен еңбек жататыны сөзсіз. Сол себепті «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп, осы кешенді ашу жолында аянбай еңбек еткен ауыл азаматтарына өз алғысымды білдіремін, – деді Нұрбек Әбубекұлы.

Әрі қарай кешеннің лентасы қиылып, мектеп ұжымы реквизиттерді таныстырды. Сонымен қатар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қарлығаш Қадырқызы мен шәкірті Ақниет Ахмат «Құндылықтар» көрмесіне саяхат жасады.

Мұнан соң мектеп оқушыларынан құралған домбырашылар тобы «Ертұран» күйін орындап, балуандар күресіп, басқа да ұлттық ойындарымыз ойналды.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар