Шара кітап оқу мәдениетін көтеру, отбасылық құндылықтарды нығайту және ата-ана мен бала арасындағы рухани байланысты тереңдетуді мақсат етті. Байқаудың ашылуында облыс әкімінің кеңесшісі Есаман Хамит Ерболатұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйледі.

Облыстың әр өңірінен 25 отбасы, жалпы 100-ге жуық қатысушы бақ сынаған бұл жоба бірнеше айға созылды. Алғашқы онлайн кезеңнен үздік деп танылған 10 отбасы ғана финалда сынға түсті. Шешуші кезеңде қатысушылар қазақ әдебиеті классиктерінің шығармалары негізінде сахналық қойылым көрсетіп, актерлік қабілеттерін ортаға салды.

Финал қорытындысында өз өнерімен көптің назарын аударған Жуалы ауданының Байболовтар отбасы бас жүлдені жеңіп алды. Сахналық шеберліктерімен ерекшеленген Байзақ ауданынан Берік отбасы мен Шу ауданының Әлімхожаевтар әулеті жүлделі екінші орынға лайық деп танылды. Ал көркемдік талғамы мен үйлесімді ойын көрсеткен Тараз қаласының Жақыпбек отбасы және Исмазовтар әулеті үшінші орыннан көрінді.
Байқау жеңімпаздарына дипломдар, қаржылай сыйлықтар және арнайы марапаттар табысталды. Сонымен қатар барлық қатысушы отбасыларға Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» төрт томдығы сыйға тартылды.




