– Амангелді Карентайұлы, облыстың ветеринария саласының қазіргі әлеуеті қандай? Өңірде ветеринариялық іс-шаралар лайықты жүзеге асырылып жатыр ма, бұл мәселе сіздердің тараптарыңыздан зерделеніп тұра ма?
– Әрине, егер ветеринария саласында қадағалау болмаса, мал-жан ауру-сырқауға ұшырап, ауылшаруашылығы саласында өндірілетін өнімнің де сапасы нашарлайды. Мысалы, қыркүйек айында қоғамдық кеңес тарапынан Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Тараз қалалық және аудандық аумақтық инспекцияларының қызметтеріне қоғамдық мониторинг жүргізілген болатын. Аталған мониторинг «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 20-бабының 5-тармағына сәйкес жүзеге асырылды. Сол кезде қоғамдық кеңес мүшелері Тараз қаласы мен Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Талас, Сарысу, Тұрар Рысқұлов, Меркі, Шу, Қордай және Мойынқұм аудандарындағы ветеринария бөлімдерін қамтыды. «Бұл жұмыс не үшін жасалды?» деген сауалға келсек, біріншіден, аталған бөлімдердің халыққа көрсететін мемлекеттік қызметтерінің сапасын тексерудің маңызы зор. Екіншіден, мемлекеттік бағдарламалардың қалай орындалып жатқаны қоғам тарапынан бағалануы керек. Үшіншіден, «Осы мекемелерде заң талаптары сақтала ма, заңға сай емес әрекеттер салдарынан халыққа немесе қоғамдық мүддеге зиян келіп жатқан жоқ па?» деген мәселе де анықталуы қажет. Осы зерделеу барысында аталған салада атқарылып жатқан оңды жұмысты да, кейбір олқылықты да байқадық. Ол жөнінде тиісті ұйғарым жасалды.
Негізінде облыс әкімдігінің ветеринария басқармасы «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңға және басқа да қолданыстағы нормативтік құжаттарға сүйеніп жұмыс істейді. Яғни, жергілікті атқарушы органдарға жүктелген барлық ветеринариялық іс-шараларды ұйымдастыру және жүзеге асыру осы басқарманың міндеті. Биыл облыс көлемінде ветеринариялық іс-шараларды атқаруға жалпы 4,6 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 873,5 миллион теңге, облыстық бюджеттен 3,7 миллиард теңге қаралған. Мемлекеттік тапсырыспен бекітілген ветеринариялық жұмыстардың жоспарына сәйкес, осы жылдың тоғыз айында жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу бағыты бойынша 10,4 миллионнан астам ветеринариялық манипуляция, яғни екпе егу, өңдеу, тексеру сияқты шаралар жасалған. Ал диагноз қою және тексеру үшін бағытталған 3,6 миллион манипуляция толық орындалған. Бұл ретте жыл басынан бері жоспарланған барлық профилактикалық және диагностикалық ветеринариялық жұмыстар облыс аумағында толық көлемде атқарылған деп айтуға негіз бар.
– Салада қандай жұмыстар атқарылып жатқанын тарқата айтсаңыз...
– Осы жылы облыс бойынша жалпы төрт түліктің 1 491 790 төлін бірдейлендіру және дерекқорға енгізу жоспары бекітілсе, 22 қыркүйектегі ақпарат бойынша 1 292 293 төл бірдейлендіріліп, орындалуы 87 пайызды құрады. Жануарлардың құлақ жапсырмаларын сатып алуға республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу арқылы қажетті сырғалар алынып, аудандарға таратылған. Бүгінгі күнге ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру дерекқорында 4 564 099 ауылшаруашылық жануарлары тіркелген. 2025 жылы қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға және жансыздандыруға жергілікті бюджеттен 30 миллион теңге қаралып, конкурс нәтижесінде 24,1 миллион теңгеге жеңімпаз болып анықталған облыстық ветеринариялық стансамен келісімшарт жасалып, тиісті жұмыстар жүргізіліпті.
Осы жылдың 9 айында «Жамбыл 109» диспетчерлік орталығына түскен 4098 өтініш бойынша облыс аумағында 15 619 қаңғыбас ит ауланған. Оның ішінде 14 925-і ережелерге сәйкес жансыздандырылып, 537 ит панажайларға орналастырылған. Ауланған қаңғыбас иттердің агрессивті емес 157-ісіне стерилизация және кастрация жасалып, табиғи мекендеу ортасына қайта жіберілген.
Облыс аумағында барлығы 160 ветеринариялық пункт бар болса, олардың 85-і талаптарға сай ғимараттарда, 75-і ыңғайластырылған үй-жайларда, яғни ауыл әкімдігінде, жалдамалы ғимаратта орналасқан еді. Өткен жылы Сарыкемер ауылында пилоттық режимде типтік үлгіде мал емдеу алаңы және тоғытпасы бар, барлық жағдайы жасалған ветеринариялық пункт ғимаратының құрылысы жүргізіліп, қолданысқа берілген болатын. Биыл типтік үлгідегі, мал емдеу алаңдары мен тоғытпалары бар 44 ветеринариялық пункттің құрылысын жүргізу жоспарланып, ауылдық округтерде қажеттілігіне қарай 44 нысанның құрылысы салынуда. Аудан әкімдіктері арқылы бір ветеринариялық пункт ғимаратының құрылысына 30-34 миллион теңге аралығында қаржы қарастырылуда. Келер жылы республикалық бюджеттен 30 ветеринариялық пункт ғимараты сатып алынады деп жоспарлануда. Осы жұмыстар орындалған жағдайда келесі жылы облыстағы барлық ветеринариялық пункттер талаптарға сай ғимараттармен толық қамтамасыз етілетін болады.
Облыс бойынша ветеринариялық қызмет теңгерімінде барлығы 44 «Беккер» биотермиялық шұңқыры бар. Мысалы, Байзақ пен Мойынқұм ауданында мұндай шұңқырдың екі-екіден төртеуі, Жамбыл ауданында тоғызы салынған. Сол секілді Жуалы, Қордай, Меркі аудандарында төрт-төрттен, Т.Рысқұлов, Сарысу, Шу аудандары мен Тараз қаласында үш-үштен, Талас ауданында 7 биотермиялық шұңқыр орналасқан. Осы жылы Байзақта 2, Жуалыда 1, Қордайда 7, Меркіде 4, Т.Рысқұловта 1, Сарысуда 3, Таласта 4, Шуда 3, барлығы 25 шұңқырдың құрылысына аталған аудан бюджеттері есебінен барлығы 574,4 миллион теңге қаралды.
Мысалы, Байзақ ауданының Көптерек ауылындағы нысан құрылысына 15 миллион теңге бөлінген. Сол сияқты Суханбай ауылына да 15 миллион теңге қарастырылған. Меркі ауданы бойынша да Т.Рысқұлов ауылына – 6,1 миллион теңге, Кеңес ауылына – 5 миллион теңге, Ақтоған ауылына – 7 миллион теңге бағытталған. Мойынқұм ауданындағы бірқатар ауылдарға да қомақты қаражат қарастырылған. Яғни Ұланбел, Қарабөгет, Биназар, Шығанақ ауылдарындағы әр нысан 25 миллион теңгеге бағаланып отыр. Тұрар Рысқұлов ауданының Қайыңды, Қарақыстақ және Көкдөнен ауылдарына арналған үш нысанға жалпы 13,2 миллион теңге бөлінген. Сарысу ауданында да Досбол ауылына – 27,4 миллион теңге, Жайылма ауылына 27,6 миллион теңге жұмсалуда. Қордай ауданындағы Аухатты, Сортөбе, Ноғайбай, Үлкен Сұлутөр, Қордай, Алға және Степное ауылдарының әрқайсысына 41 миллион теңгеден бөлінген. Оның жалпы сомасы 286 миллион теңгені құрайды. Қазіргі уақытта облыста 6 биотермиялық шұңқырдың құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде Қордай ауданында 4, Сарысу және Талас аудандарында бір-бір шұңқыр салынуда. Жалпы 19 шұңқырдың құрылысы аяқталған, қазір олардың құжаттары рәсімделіп жатыр. Мәселен, Жуалы ауданында 1, Қордай ауданында 3, Меркі ауданында 3, Мойынқұм ауданында 4, Тұрар Рысқұлов ауданында 3, Сарысу ауданында 2, Талас ауданында 2, Шу ауданында 1 шұңқырдың құрылыс жұмысы бітті. Ал 3 биотермиялық шұңқыр жұмысы толық аяқталмаған және нысан сапасыз салынған. Атап айтсақ, Байзақ ауданындағы 2 шұңқырдың, Меркі ауданындағы 1 шұңқырдың жағдайы осындай. Сонымен қатар Жуалы ауданында тағы бір биотермиялық шұңқырға арналған жер телімі анықталғанымен, бірақ оған әлі қаржы бөлінбеген. Облыстық ветеринариялық стансаның теңгерімінде 20 инсенератор бар болса, оның ішінде бесеуі жылжымалы, 15-і станционарлық үлгіде. Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігінің ұйымдастыруымен республикалық бюджет қаражатынан келер жылы 11, 2027 жылы да осыншама, барлығы 22 биотермиялық шұңқыр сатып алынуы жоспарланып, уәкілетті органға қажетті құжаттары жолданды.
– Мал дәрігерлерінің материалдық-техникалық жағдайы жайында не айтасыз?
– Облыстық ветеринариялық станса 2025 жылы аймақ басшысының қолдауымен 50 «НИВА» автокөлігі және 160 термочемоданмен қамтамасыз етілді. Ол үшін облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Облыстық ветеринариялық стансаның ақылы қызметтен түскен ішкі қаражаты есебінен малдәрігер мамандарына 1 150 арнайы жұмыс киімі мен 1 150 жұп етік алынып, үлестірілді. Қосымша қыстық жұмыс киімдерімен қамтамасыз ету жайы да жоспарлануда. Қыркүйек айында облыстық бюджеттен 400 миллион теңге қаражат қарастырылып, жыл соңына дейін қосымша 50 «НИВА» автокөлігін сатып алуға конкурс жүргізілуде.
Басқарма тарапынан «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесі арқылы өткен жылы 1 мемлекеттік қызмет түрі, яғни ветеринария саласындағы қызметпен айналысуға арналған лицензия беру қызметі ұсынылған. 2025 жылдың 2 тоқсанында да «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесі арқылы ветеринария саласындағы қызметпен айналысуға арналған лицензия беру қызметі Меркі ауданының ет комбинатына көрсетілген. Мерзімі өткен өтініштер болмаған. Аталған басқармаға қарасты облыстық ветеринариялық стансаның аудандардағы ветеринариялық бөлімдері арқылы «Ветеринариялық анықтама беру», «Ветеринариялық паспорт беру» мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі
Өткен жылы 59872 ветеринариялық анықтама, 291860 ветеринариялық паспорт берілсе, осы жылдың 8 айында 39 125 ветеринариялық анықтама және 5 456 ветеринариялық паспорт ұсынылған.
– Жан-жануарлардан тарайтын қауіпті індеттердің алдын алу жұмысы көңіл көншіте ме?
– Биыл бекітілген «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында қоныстанған аудандардың тұрғындарын қорғау жөніндегі іс-шаралар» жоспарына сәйкес эндемиялық аймаққа енгізілген 46 елді мекенде 3 кезең бойынша көлемі 5,7 миллион шаршы метрді құрайтын 24 398 қора жай мен 168 мың шаршы метр буферлік аймақ және барлық 580 мың ауылшаруашылық жануарлары толықтай залалсыздандырылды. Аталған іс-шараға облыстық бюджеттен 168,6 миллион теңге қаржы бөлініп, акарацидтік препараттар сатып алынды. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы залалсыздандыру жұмыстарына 123,7 миллион теңге қала және аудандық бюджет есебінен бөлінген. Жоғарыда аталған аудан әкімдіктері мен облыстық ветеринариялық станса арасында залалсыздандыруды жүргізу үшін тікелей бір көзден алу әдісімен келісімшарт жасалды. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын тасымалдаушы кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарына барлығы 45 адам, 11 «ДУК» автомашинасы мен 22 дәрі шашқыш аппарат жұмылдырылды. Жыл басынан бері Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының 4 жағдайы расталды. Атап айтқанда Сарысуда 1, Шуда 2, Тараз қаласында бір адамды кене шаққан. 2025 жылдың 8 айында облыс бойынша 602 адамды кене шаққан, дегенмен өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 75 адамға азайып отыр. Оның ішінде қолайсыз аумақтарда 97, қолайлы аумақтарда 501 адамның бойынан анықталған дерт кене шағумен байланысты болған. Өткен жылдың осы кезеңінде 677 адамның 138-ін қолайсыз аумақтарда, 539-ын қолайлы аумақтарда кене шаққан. Былтыр кене шаққан 677 адамның екеуінің сынамалары оң нәтиже көрсеткен, бағымызға орай адам өлімі тіркелмеген.
Ал 2023 жылы кене шаққан 668 адамның 12-нің сынамасы оң нәтиже көрсетіп, оның үшеуі қайтыс болған еді. Бүгінгі таңға облыс аумағында жануарлардың аса қауіпті індеттері бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты.
– Сөз басында салада орын алған олқылықтардың бар екенін айтып қалдыңыз. Мониторинг барысында нендей кемшілікке жол берілгені анықталды?
– Мысалы, Тараз қаласының «Қант зауыты» және «Ақбұлым» алабындағы екі ветеринариялық пункт талапқа сай емес, тіпті біреуі жеке мақсатқа пайдаланылып отыр. Байзақ, Жамбыл аудандарында итті уақытша ұстау үшін салынған ит қоралар пайдаланусыз бос тұр. «Беккер» шұңқырлары өлекселермен толтырылған. Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл аудандарында пайдалануға жатпайтын «Беккер» шұңқырына өлекселер тасталған.
– Жалпы зерделеу жұмысын жүргізу немесе басқа да уақытта халық пікіріне құлақ асасыздар ма, тұрғындар тарапынан көтерілетін мәселелер қалай шешімін табады?
– Ел іші болғаннан кейін мәселе болмай тұрмайды. Жүргізілген қоғамдық кабылдау барысында облыстың он ауданының тұрғындары тарапынан көптеген арыз-шағым түсті. Айталық, Меркі ауданының шаруа қожалық иелері «Төрт түлік» бағдарламасымен жұмыс істеу қиын екенін, осы бағдарламаны үйрету жөнінде шаруа қожалық жетекшілеріне сабақтар өткізілсе деген ұсынысын жеткізді. Осыған байланысты ауылдық округтерде ветеринар мамандар шаруа қожалықтары арасында түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіліп отыру қажет деп есептейміз. «Нұрсұлтан» шаруа қожалығының басшысы Б Мухаметжанов сатып алған сиырлардың сырғалары алып келе жатқанда жолда түсіп қалатынын айтып, осыған қалай сырға салатынын сұрады. Солтүстіктен әкелінген мал негізінде сойылып кеткен, бірақ тірілей сатып отыр, осы жағдайда мәселе қалай болатынын біз білгенімізше тәптіштедік. Негізінде мемлекет тарапынан бір мал үшін бір сырғаға қаржат бөлінетінін, түсіп қалған жағдайда сырға қайта жасалып мал егесінің есебінен салынатынын түсіндірдік. Еліміздің солтүстігінен «сойылуға» деп әкелінген мал 72 сағат ішінде мал сою алаңында сойылып кетуі керек немесе тірілей сатылуға шыққан жағдайда мал егесіне әкімшілік шара қолданылады, осы жағына да тоқталдық.
«Достық» шаруа қожалығы сүт өндірумен айналысады. Басшысы М.Ілекеров сауын сиырға ауырған кезде қандай дәрі салу керек екенін жете білмейді. Өйткені оны анықтайтын лаборатория жоқ. Бұл енді жергілікті жердегі ветеринар маманның біліктілігіне байланысты іс. «Жарқын» шаруа қожалығының басшысы 3.Бейсенбаева мал сату кезінде оны бағдарламаға кіргізу қиындау болып тұрғанын айтты. Сондықтан «Төрт түлік» бағдарламасын жетілдіру бойынша ұсыныс берілді. Сол секілді «АР-АС» шаруа қожалығының иесі А.Несіпбаев жайылымдық жер жетіспейтінін, Ұлттық парктің жеріне кіргізбейтінін, «Олжа» шаруа қожалығы басшысы Е.Елубаев оспа, оба ауруларына вакцина берілмейтінін мәселе етіп көтерді. Жалпы, сонғы үш жылда аталған аурулар облыс көлемінде тіркелмесе, мемлекеттен вакцина бөлінбейді. Сарымолдаев ауылдық округінің шаруалары «Малды қолдан ұрықтандыру жұмыстары қолға алынса» деген тілегін жеткізді. Малды қолдан ұрықтандыруға мемлекеттен қаржы бөлінбейді, керек жағдайда мал егесі қолдан ұрықтандыруды өз есебінен жүргізеді.
Жамбыл ауданының шаруа қожалықтары әрбір ауылда биотермиялық шұңқырлар және мал шомылдыратын тоғытпа салынса деген ой айтты. Әрбір ауылға «Беккер» шұңқырын слу мүмкін емес. Мұндай нысан 2-3 ауылдың ортасынан орын тебеді. Қазіргі уақытта қажеттілік бойынша 70 биотермиялық шұнқыр салынуы керек еді. Алайда оның 44-і ғана салынған, 16-сы салынып жатыр. Сол үшін бұл жұмысты әлі де жандандыру қажет.
Жуалы ауданынан «Қайырбек» шаруа қожалығының басшысы Қ.Исахов мал сату жұмысы үлкен мәселе болып тұрғанын алға тартты. Өйткені сатып алушының жеке сәйкестендіру нөмірі керек, онсыз мал базадан шығарылмайды. Жылқыға салынатын чип тегін берілсе деген ойын айтты. Өйткені қазіргі уақытта чиптің бағасы 350 теңге, салуы 150 тенге. Осы жағы шаруаларға қиын соғып тұрған көрінеді. Барлық аудандарды аралаған кезде байқағанымыз айтылған кемшіліктер төлге деп бөлінген сырғалардың уақтысынан кешігіп келуімен байланысты болып отыр. Оның салдары төрт түлікке екпе егу жұмыстарының уақтылы жүргізілмеуіне әкеліп соғуда.
– Ел-жерді аралап, мәселеге қаныққаннан кейін оның шешілу жолы қарастырылатыны белгілі. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Анықталған мәселелер бойынша тиісті ұсынымдар әзірленіп, ол мүдделі мемлекеттік органдарға жолданды. Мысалы, қаңғыбас ит-мысықтарды аулау функциясын ветеринария жүйесінен алып тастау үшін тиісті заңдарға өзгерістер енгізу қажет. Сол секілді ветеринар мамандардың мәртебесін заң жүзінде айқындау үшін жоғарғы тұрған органдарға ұсыныс берілді. Ветеринариялық қызмет көрсететін бір ветеринариялық дәрігердің нормативтік жүктемесін бекітіп, тұрақты айлық жалақы белгілеу маңызды. «Медицина адамды, ветеринария адамзатты емдейді» деген сөз бар. Осыған байланысты қаңғыбас ит-мысықтарды аулау және жою жұмыстарын ұйымдастыруды ҚР «Ветеринария туралы» Заңынан алып тастау үшін тиісті органдарға ұсыныс берілген болатын. «Сібір жарасы» ошақтары тіркелген ауыл-аймақтарда ауылшаруашылығы жануарларын жылына 2 рет екпеден өткізу керек. Облыс аудандарындағы «ДУК» автомашиналарының тозығы жеткен, сондықтан әрбір ауданға «ДУК» автомашинасы берілсе деген ұсыныс жолдауды да ұмытпадық.
Мал иелері ҚР «Ветеринария туралы» Заңында көрсетілген міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда, жауапты ветеринар маманның Заң жүзінде шара қолдана алатын тетігін қарастырмаса болмайды. Ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру базасының жұмысын жақсарту да басты мақсаттың бірі. Осыған орай мал санын базаға дер кезінде енгізуде компъютер сияқты құрал-жабдықтар жетіспей, қиындықтар тудыруда. Сол себепті барлық ветеринариялық пункттерді жаңа компъютерлік құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз ету маңызды. Облыс көлемінде полиция департаменті және жергілікті құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс атқаруға күш салынуы тиіс. Ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасының жұмыс істеу жүйесін жақсарту керек. Себебі уақытылы атқарылған жұмыстарды енгізуде қиындықтар туындауда, өйткені жүйе жұмыс істемейді. Одан бөлек, ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасы порталында әр жылдың басында өзгерістер болады. Портал ұзақ уақыт жүктеледі. Соның әсерінен профилактикалық, диагностикалық шараларды базаға енгізгенде 2 реттен жүктеліп кетеді. Базаның жұмысын жетілдіру бойынша тиісті шаралар қабылдау – кезек күттірмейтін мәселе. Жануарларды өз жасымен базаға кіргізу, тіркелмеген жан-жануарларды дер кезінде тіркеу үшін «жасыл дәліз» ұйымдастыру қажет.
Жұқпалы ауруларға бөлінген вакцинаны тасымалдау мақсатында, сала арнайы жабдықталған автокөлікпен қамтамасыз етілсе дейміз. Жануарларға манипуляция бойынша бөлінген қаражаттарды дұрыс игеру мақсатында ветеринариялық стансаларды әр аудан әкімшіліктеріне бюджетімен қоса беру оңтайлы шешім болар еді. Манипуляцияға бөлінетін қаржының әр басқа шаққанда бағасын көтеру керек. Қазақстан-Қырғызстан елдерінің мемлекеттік шекарасындағы бақылауды күшейтуге арнайы жер бөлуді қарастыру қажет.
Жүк көліктері тоқтайтын кемінде ені 100 метр, ұзындығы 100 метр орынның болуы және облыстағы эпизоотиялық жағдайды тұрақты сақтау Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрінің 2020 жылғы 7 сәуірдегі № 117 бұйрығы және Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 246-бабын негізінде реттеледі. Осыған орай шекараға жақын орналасқан Жамбыл, Қордай, Меркі аудандарында жануарларды уақытша сақтайтын орынды тәулік бойы күзетпен және жем-шөппен қамтамасыз ету қажет. Ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіруді толық қамтамасыз ету, мемлекеттен бөлінген вакциналарды толық және сапалы егілуін қадағалау, аса қауіпті аурулардың алдын алу, эпизотиялық ақуалды тұрақты сақтау – басты мақсат. Ол үшін әр ауылдық округтерде бір инспектор маман қарастырылуы керек. Осы ұсынымдардың кейбірі бойынша бізге жауап берілсе, кейбірі қарастырылып жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ




