Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Басқаны қорлау – өзіңді жоғалту

Басқаны қорлау – өзіңді жоғалту
Автор
Өмірден тартқан азабының салдарынан ба, әлде тағдыр жолында талайға таланып, шекесіне тигендіктен бе, әйтеуір сондай сақ әрі адуынды адамдар болады. Үнемі ашуланып, екі иінінен дем алып, әлдекімде қалып кеткен өшін ала алмай жүргендей әркімге бір кіжінеді, кемсітеді. Жан баласын аямайды. Сөйтіп адамдардың әлсіздігін бетіне басқаннан ләззат алады.

Әлеуметтік желіде сурет салып, сол арқылы табыс тауып жүрген мүгедектігі бар жасөспірім қыз болатын. Талантты арудың өнеріне тәнті едім. Мүгедектер арбасында отырған талдырмаш қыздың тағдыры ешкімді бейжай қалдырмағаны анық. Оның саусақтары икемге келмей, семіп қалған еді. Алайда тағдырына мойымаған бойжеткеннің талабы таудай. Өз оқырмандарының сұрағына ақжарқын жауап беріп, емен-жарқын араласқанды ұнататын. Қаламды тістеп ақ қағаз бетіне салған суреттері жанды жылытатын.

Тікелей эфирде талайларды талантымен таң қалдырып отырған арудың эфиріне бірде екі жігіт кірді. Салған жерден сұрақ жаудыра бастады. Оларды қыздың қашаннан бастап мүгедектер арбасында отырғанынан бастап, қалай дәретке баратынына дейін қызықтырды. Одан бөлек, «Сені ешкім алмайтынын білесің бе? Туа алмайтыныңды ше? Негізі ақыл-ойыңда да кемістік бар сияқты ғой» деген сынды орынсыз зілге толы пікірлерін жаудыра бастады.

Онсыз да тағдыры талқыға түсіп, саусақтары икемге келмейтін бойжеткен әлгі екеуді эфирден аластату үшін анасын жанұшыра шақырды. Жанды жеріне тиген сұрақтардан дәрменсіздікпен өксіп-өксіп жылаған қызына не болғанын ә дегеннен ұға қоймаған анасы абдырап қалды. Қарқылдап күліп, жан ауыртарлық сұрақтарын дамылсыз жаудырып жатқан екі жігіттің даусын естігенде барып, байғұс шеше тікелей эфирді сөндіріп үлгерді. Бірақ сол уақыт аралығында қыздың жанұшыра жылаған кейпі оқырмандарының көз алдында қалды.

Мүгедектігі бар қыз эфир арқылы түскен табысына дәрі-дәрмек алып, табыс тауып отырғандықтан, араға апта салып, қайта оралып, оқырмандарымен өз ойын бөлісе бастады.

– Мен өмірде біреуді қорлағанды ұнататын адамдардың бар екенін білсем де, ондайлармен бірінші рет бетпе-бет кездестім. Бұл азап екен. Онсыз да өзімнің хал-қадірімді білемін. Оны неге қайта қайта айтып, жанымды ауыртқысы келгенін ұқпай қалдым. Тікелей эфирге енді оралмастай күй кештім. Күйзеліске түстім. Ішетін дәрілердің бағасы қымбат болғандықтан, тікелей эфир арқылы табыс тауып отырғандықтан орталарыңызға қайта оралдым, – деді жанары жасқа толып.

Өзгенің көңіліне қарамай, пасықтығын таныта ауыр сөйлетіндердің құрбаны болған тағы бір кейіпкеріміз – Айдана. Шағын ІТ-компанияда жұмыс істейтін бойжеткен соңғы айларда жұмысынан жылап шығуды әдетке айналдырған. Ол бөлім басшысы Ерланның үнемі келемеждеп сөйлейтінінен мезі болғанын айтады. «Мынаны да дұрыс істей алмайсың ба?», «Әй, сенен хатшы да шықпайды ғой». Қызметкер басшысынан осындай сөздерді күн сайын ести берді. Ең сорақысы, бұл сөздер әріптестерінің көзінше айтылатыны еді.

Алғашқы кезде бойжеткен өзін кінәлап, шынымен әлсізбін деп ойлап жүреді. Бірақ бір күні түскі асханадағы түскі ас үстінде ұжымның алдында бөлім басшысы тағы да Айдананы менсінбей сөйлейді. Сол сәт қасындағылардың бірі «Сіз адамның қадірін таптап тұрсыз» деп айтып салады да, бөлім басшысы әңгіме ауанын басқа арнаға бұрып жібереді.

Кейін басшының бұрынғы жұмыс орнында да қызметкерлерді қорлайтын әдетімен көзге түскені белгілі болады. Жоғары талап қоюды «басқару деген осындай болуы керек» деп түйген ол, өз сенімсіздігін басқаларды төмендету арқылы жасырып келген сыңайлы. Кейін тексеріс жүргізіліп, бөлім басшысына ескерту беріліп, алқа алдында кешірім сұрауға міндеттеледі.

– Өзіңді біреу, әсіресе бастығың кемсітіп отырса, қатты қиналып, «расымен сондай төменмін бе?» деген ойға шомып, дүниеден түңіліп кетеді екенсің. Сол оқиғадан кейін ол біраз уақыт өзін оқшау ұстап, мінезін өзгертуге талпыныс жасағаны байқалып жүрді. Мен өзімде кінә жоқ екенін енді ұқтым. Өзімді-өзім жегідей жеп, бостан-босқа күйзелген екенмін – дейді ол.

Психологтар мұндай жағдайда өзгені қорлайтын адамның ішкі күйзелісі, комплекстері немесе билікке деген шамадан тыс құштарлығы болатынын айтады.

– Қоғамдық қатынастар күрделенген сайын адамдар арасындағы сөз мәдениетінің құны бұрынғыдан да арта түседі. Ең ауыр жара физикалық емес, сөзден болады. Біреуді қорлау ішкі әлсіздіктің белгісі. Адам өз жан тыныштығын жоғалтқанда ғана басқаны кемсітуге ұмтылады. Біреуді қорлау бұл көбіне ішкі сенімсіздік пен өзіне деген наразылықтан туындайды. Қорлайтын адамның психикасында өзіне сенімсіздік, қорқыныш және реніш жиі кездеседі. Ол осы сезімдерді басқаны кемсіту арқылы жеңуге ұмтылады. Біреуді төмендету арқылы ол бір сәттік жеңіс сезімін басынан өткізеді. Бірақ әлдекімді кемсіту арқылы алынған рахат сезімі ұзаққа созылмайды. Бұл процесс адамның ішкі тыныштығын бұзады. Жандүниесін әлсіретеді. Қорлау эмоционалды интеллекттің жетіспеушілігін көрсетеді. Адам эмоциясын басқара алмаған сайын басқаларды манипуляциялауға бейім болады. Қорлайтын адамның мінез-құлқында күш көрсету және үстемдікке ұмтылу басым тұрады. Бұл әрекет оның беделін төмендетеді. Негізі адамды қорлауға деген құмарлық көбіне балалықтан қалыптасқан сенімсіздікпен байланысты. Отбасылық немесе әлеуметтік ортадағы қауіпсіздік сезімінің төмендігі әсіресе жастайынан көп әсер етеді. Бала өз қорқынышын басқаға бағыттап, өзін қорғау ретінде қорлауға үйренеді. Біреуді кемсіткеннен алынған ләззат өтпелі эмоция болып қалады. Шынайы күш эмоцияны басқара білуден шығады. Өз әрекетін түсініп, өзгеруге талпынған адам ішкі тыныштық пен құндылыққа жетеді. Басқаны кемсіту арқылы өзіңді ешқашан таба алмайсың. Сыйластық арқылы ғана жетістікке жетуге болады, – дейді психолог Жансая Нұржан.

Қасыңдағы адамды қордау кейде опасыздыққа да алып келеді. Айрандай ұйып отырған отбасыны да ойран ететін осы сезім. Сөзімізге дәлел Айша мен Ерланның оқиғасы. Олар сүйіп қосылған бес жыл бірге тұрған жұп еді. Бірақ уақыт өте келе Ерланның мінезі өзгере бастайды. Оған Айшаның үйді қалай жинағаны немесе тамақты қалай жасағаны, бәрі-бәрі ұнамайтын. Алғашында жас келін бәрін өзінен көрді.

Күн өткен сайын күйеуі өз үстемдігін күшейтіп, әйелінің киіміне, достарымен қарым-қатынасына, тіпті жұмыс таңдауына да араласа бастайды. Ол жиі айқайлап, қорқытып, өзінің пікірін мәжбүрлі түрде тыңдатып, қабылдатқысы келеді. Сол уақыт аралығында Айша күннен-күнге кішірейіп, жүрегін қорлық сезімі меңдеп кеткенін біліп, өзгеруге талпынады.

– Күнделікті «Сенің қолыңнан түк келмейді» деген сөзді естіп, өзіңді әлемдегі ең жаман адам сезіну ең ауыр сезім екенін ұқтым. Не істерімді білмедім. Себебі менің бойымда сүйіспеншілік пен қорқыныш сезімі араласып кетті. Бір күні өзіме психологиялық кеңес керек екенін түсіндім. Психолог маған өмір құндылығын түсінуді, шекараларды анықтауды үйретті. Уақыт өте келе мен қайтадан өзіме сенімді көзбен қарай бастадым. Жаңа жұмысқа орналасып және достарыммен қайта байланыс орнаттым. Ерланға мұның бірі де ұнамады. Бір күні күйеуімнің ауыр соққысынан көзімнің оты жарқ етіп, өмір мен өлімнің ортасындағы ауыр хәлде ауруханаға түстім. Ауруханадан жазылып шыққан соң, жолдасыма қайта оралмадым. Құрсағымдағы баланы дүниеге аман алып келуді ғана ойлап, төркініме қайттым. Өзіме сенімді, бақытты өмірді қайта бастағым келеді. Ал менің өмірлік тәжірибем басқаларға сабақ болсын. Біреудің қорлауы сүйіспеншілік емес екені анық. Өзіңді қорғау ең бірінші кезектегі міндет, – деді келіншек.

Иә, адамды қорлау, жүрегіне жара салып, намысын таптау – күштіліктің белгісі емес, керісінше сенімсіздіктің көрінісі. Әлдекімді кемсіту арқылы ешкім өз құндылығын арттыра алмайды, керісінше өз беделін жоғалтады. Ең шынайы күш ол басқаларды түсіну, сыйлау және қолдау арқылы көрініс табады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар