Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Халықтың талап-тілегі жерде қалмайды

Халықтың талап-тілегі жерде қалмайды
Автор
Әр аудандағы қоғамдық тірліктің қызу ортасынан «AMANAT» партиясының филиалдары қай кезде де табылады десек қателеспейміз. Мәселен, Мойынқұм ауданында аталған партияның филиалы соңғы уақытта бірқатар маңызды бастамаларды жүзеге асырыпты. Біз бұған «AMANAT» партиясы Мойынқұм аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаевпен әңгімелесу барысында қанық болдық.

Атап айтқанда, Мойынқұм ауданында партия қызметкерлері тарапынан тұрғындармен кездесулер тұрақты түрде өткізіліп, әлеуметтік мәселелер уақытында зерделенеді екен. Инфрақұрылымдық жобалардың орындалуы тұрақты бақыланып, ауылдық жердегі түйткілдердің түйінін тарқату мақсатында жүйелі жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді.

– «AMANAT» партиясының Мойынқұм аудандық филиалы партияның облыстық конференциясында алға қойған басты мақсаттар мен міндеттерді орындап, жаңа бастамаларға ұмтылып келеді. Партиялық жұмыстың негізгі қағидалары жетілдіріліп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік серпін берді. Партияның қазіргі жұмысы жауапкершілік, жариялылық, есептілік және ашықтық қағидаттарына негізделгенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Партияның Мойынқұм аудандық филиалына қарасты 19 бастауыш партия ұйымындағы 78 партиялық топтың қатарында ерік-жігері мол, еліне адал қызмет атқарып жүрген 3 088 партия мүшесі есепте тұр. Өздеріңізге мәлім 2022 жылы 1 наурызда партияның кезектен тыс ХХІІ Съезі өтіп, «Нұр Отан» партиясы «AMANAT» деген жаңа атауға ие болған еді. 2022 жылғы 26 сәуір – «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIII съезі барысында партияның жаңа төрағасы болып Ерлан Қошанов сайланды. Партия саяси трансформацияға бет бұрып, Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум, Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы, барлық деңгейдегі депутаттардың сайлауы өткізілді. Аталған шаралар ауданымызда партия мүшелерінің белсенді қатысуымен жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткім келеді. Қазіргі құрамдағы облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына біздің партиядан ұсынылған 9 депутаттың 8-і депутаттық мандатқа ие болды. Бұл біздің ортақ жеңісіміздің айқын дәлелі іспетті. Айта кету керек, қоғамдық қабылдаулар партияның халықпен кері байланысының басты құралына айналып отыр. Жыл басынан бері партия аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде 79 қабылдау өткізілсе, 239 өтініш келіп түсті. Түскен өтініштердің 133-і оң шешімін тапты. Тарқата айтқанда, келіп түскен өтініштердің оң шешім табуы 55,6 пайызды құрады. Қалған 105 өтініш немесе 44,4 пайызы заң аясында түсіндірілді. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы аясында 14 елді мекенде көшпелі мобильдік қабылдау өткізілді. Қабылдауға тұрғындар қажеттілігі ескеріліп, тиісті сала мамандары қатыстырылды. Аудан әкімінің және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, мәслихат депутаттарының қоғамдық қабылдау кестесі филиалдың ресми парақшасында жарияланып, белгіленген мерзімде өткізіліп келеді, – дейді филиал төрағасы.

Өз сөзінде М.Көшкімбаев елдегі саяси үрдістерге де тоқталып өтті. Ол елде өткен бұрынғы сайлау науқанының маңызын атап өтіп, бұл кезеңде партияның жауапкершілігі арта түскенін жеткізді. Аудан тұрғындарының пікірін тыңдап, ұсыныстарын жинақтау, сайлау алдындағы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүйелі жүргізу филиалдың басты міндеттерінің бірі болғанын әңгіме өзегіне айналдырды.

– 2023 жылы өткен сайлау науқаны барысында сайлаушылардан аудан бойынша 55 ұсыныс-тілек түскен болатын. Әрбір ұсыныс-сұрақтың орындалуын бақылау бөлінісі жасалып, аудандық мәслихат депутаттарына бекітіліп берілді. Бүгінгі күнге 53-і орындалды, яғни көрсеткіш 96,4 пайызды құрайды. Қалған екеуі орындалу үстінде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес ауыл әкімдерін сайлау халықтың құзіретіне беріліп, жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесімен әкімдер сайлануда. Биыл Бірлік, Қызылотау, Қызылтал ауылдық округі әкімі лауазымына партиядан үміткерлер ұсынылып, үміткерді қолдауға арналған үгіт-насихат жұмыстары бекітілген желілік кестеге сәйкес жүргізілді. Үгіт-насихат кезеңінде зиялы қауым өкілдері мен ақсақалдар, ауыл тұрғындары мен білім және денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері кездейсоқ кездесу, бейресми кездесулер, есіктен есікке акциясы, онлайн іс-шаралармен қамтылды. Сайлау округіндегі мекеме, кәсіпорындар және сайлаушылар толық қамтылды. Сайлау қорытындысы бойынша «AMANAT» партиясы атынан ұсынылған барлық кандидаттар айқын басымдықпен жеңіске жетті. Филиалдың жұмыс жоспарына сәйкес осы жылы партияның аудандық филиалында партиялық бақылау комиссиясының 7 отырысы, Мойынқұм аудандық мәслихатындағы депутаттық фракциясының 4 отырысы өтті. Отырыста көктемгі су тасқындарының алдын алу бойынша аудан көлемінде жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы, егіс алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету, тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Сондай-ақ аудандық мәндегі жолдарды жөндеу, жылыту маусымына дайындық, аудан аумағында бой көтеріп жатқан құрылыс нысандарының барысы, партияның сайлауалды бағдарламасындағы Жол картасының орындалу барысы туралы мәселелер пысықталып, аудан әкімі мен оның салаға жауапты орынбасарларының есебі тыңдалды. Отырыс соңында шығарылған мәселелерді талқылай келе, тиісті қаулылар қабылданды, – дейді Манарбек Өсербекұлы.

Аудандық филиал осы күні әлеуметтік ахуалды жақсартуға бағытталған бірнеше бастаманы сәтімен жүзеге асырып келеді. Оның ішінде тұрғындардың күнделікті тұрмысындағы ең өзекті мәселелерді шешуге арналған жобалар ерекше назарға алынған. Осы ретте филиал төрағасы қоғамдағы қаржылық мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың қарызға тәуелді болмауына бағытталған бастаманың мәнін тілге тиек етті.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының халыққа арнаған Жолдауында партияның «Қарызсыз қоғам» жобасын қолдау тапсырылған болатын. Аталған жоба ауданда табысты іске асырылуда. Өткен жыл 350 адамның орнына 396 адам арнайы курстан өтіп, «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша Мойынқұм ауданында жоспар 113,2 пайызға орындалды. Биыл да бұл жоба жалғасын табуда. Қоғамдық бақылау шаралары бүгінгі уақыт талабына айналды. Осы орайда партиялық бақылау жұмыстары жанданып келе жатқанын айта кеткен жөн. Мысалы, су тасқынының алдын алу бойынша партия аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, аудандық мәслихат депуттары аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшыларымен бірлесіп, ауданның су бөгеттеріне, каналдарына, ақпан және сәуір айының басында үш рет зерделеу жұмыстарын жүргізді. Балалар денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сәуір айында М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейдің, Жамбыл мектеп-гимназиясының, Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінің, Абай атындағы, Ә.Төлепбергенов атындағы орта мектептің асханасының жағдайы, оқушыларды ыстық тамақпен қамту барысы зерделенді. Нәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша білім бөліміне ұсыным жолданды. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының жұмысына партиялық бақылау шаралары тұрақты жүргізілуде. Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан Айдарлы ауылындағы спорттық-сауықтыру кешені мен ауылдық клуб құрылысы, Қарабөгет ауылындағы көпір құрылысы жұмыстарының барысы зерделеніп, тиісті ескертпелер уақытылы берілді. Бүгінгі күнге спорттық сауықтыру кешені мен ауылдық клуб құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға ұсынылды. Партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында «Ауған асуында от кешкендер» атты кеш өткізіліп, ауған соғысы ардагерлеріне марапаттар табысталды. Сонымен бірге Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шара барысында тыл ардагерлеріне лайықты құрмет көрсетілді. «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі күніне арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында саябақтарға талдар отырғызылып, аулалар қоқыстан тазартылды. Партия халықпен кері байланысты әлеуметтік желі арқылы белсенді жүргізуде. Аудандық филиалдың әлеуметтік желілердегі «Facebook» парақшасында – 315, «Іnstagram» парақшасында 107 материал жарияланды. Бұқаралық ақпарат құралдарында 36 материал жарық көрді. Филиал қызметкерлерінің партиялық бағдарламалар мен тапсырмаларды мерзімінде орындау, халық пен биліктің ортасындағы байланысты күшейту мақсатындағы жұмыстары жалғасын табатын болады, – деді Манарбек Көшкімбаев.

Жалпы «AMANAT» партиясы Мойынқұм аудандық филиалы көтерген мәселелер мен іске асырып жатқан жобалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етіп отырғаны анық. Тұрғындармен ашық диалог орнатып, ел ішіндегі түйткілдерді дер кезінде анықтау филиал жұмысының басты тетігіне айналғаны аңғарылады. Партия өкілдері алдағы уақытта да осы бағыттан таймай, нақты нәтижеге жұмыс істеуді көздеп отырғаны қуанарлық жайт. Аудан халқының тұрмысын жақсарту, жастар мен жас отбасыларды қолдау, инфрақұрылымды күшейту секілді шаруалар күн тәртібінен түспейтін міндет екені баршаға аян. Қоғам мен билік арасындағы байланыс нығайған сайын, жергілікті бастамалардың да жемісі артатынына күмән жоқ.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар