Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Агросектор алға басуда

Агросектор алға басуда
РСК
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлебек Құлекеевтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Спикердің айтуынша, 2025 жылы салаға 29,2 миллиард теңге қаржы қарастырылып, бүгінгі күні оның 29,1 миллиард теңгесі облыстағы 5 мыңнан аса шаруаға субсидия ретінде төленген.

Осының нәтижесінде жыл басынан бері салада 458,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 3,1 пайыз өсімді көрсетті. Бұл республика бойынша 6 орынды құрайды.

– 2025 жылы ауылшаруашылығы дақылдары 640 мың гектарға отырғызылып, 13,2 мың гектарға артты. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 362,0 мың гектарды құраса, мал азығы дақылдары – 181,3 мың гектар, майлы дақылдар – 38 мың гектар, көкөніс – 31,1 мың гектарды, бақша дақылдары – 12,7 мың гектар, картоп – 8,2 мың гектар, қант қызылшасы 6,6 мың гектарды құрап отыр. Биылғы жылы көктем айларында күннің күрт жылынуы мен жауын-шашынның аз түсуі салдарынан, дәнді дақылдардың өнбей қалуы мен өнімділіктің төмен болуы сынды фактілер орын алып, нәтижесінде 343,5 мың гектар масақты дәнді дақылдар егін орағына түсіп, әр гектардан алынған орташа өнім 9 центнерді құрады және 283 мың  тонна астық бастырылды. Қант қызылшасына келсек, бүгінгі күні 4,2 мың гектар алқап жиналып, 204,7 мың тонна өнім алынса, оның 186,6 мың тоннасы зауытқа өткізілді. Зауыт алдында кептеліс тудырмау мақсатында әр ауданға шекті лимит беріліп, арнайы талондар арқылы қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы 6,6 мың гектар қант қызылшасынан 250 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Қант қызылшасын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 6,9 миллиард теңге бөлініп, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 5,3 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру күтілуде. Аймақта ауылшаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 52 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Бүгінгі күні өңірдегі жалпы мал саны 3,7 миллион басты құрайды. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада өндірілген ет өнімдері 2,7 пайызға, сүт өнімдері 1,6 пайызға ұлғайды,– дейді Төлебек Болатұлы.

Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облысымызда ауылшаруашылығы саласы жыл санап алға озып келеді.

Баяндамашының айтуынша алдағы уақытта суармалы алқаптардың аумағын ұлғайту, заманауи ауылшаруашылығы техникаларын сатып алу, асылтұқымды мал санын арттыру, ақылды фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашуға күш жұмсалатын болады.

С.НҰРБОЛҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар