Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазына қаржысы мақсатты игерілуде

Қазына қаржысы мақсатты игерілуде
РСК
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімдігі мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ғалым Әбдіқазиев 2025 жылғы мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырудың жылдық қорытындысы туралы баяндама жасады.

Жыл басынан бері жалпы сомасы 137,3 миллиард теңгеге 652 лот бойынша тапсырыс берушілерден мемлекеттік сатып алу рәсімін жүргізуге өтінімдер түскен.

Ғалым Әбдіқазиев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылғы 1 шілдеде «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылданып, заң аясында мемлекеттік сатып алу конкурстарының мерзімі 2 айдан 10 жұмыс күніне дейін қысқартылғанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар сатып алу процесін жеделдету мақсатында шағымдарды қарау тәртібі қайта қаралғанын қоса айтты. Басқарма басшысының айтуынша, конкурс қорытындыларына веб-портал арқылы 3 жұмыс күні ішінде шағым беруге болады. Шағымдарды бұрынғыдай ұзақ мерзімде емес, 40 жұмыс күнінен 3 жұмыс күніне дейін қысқартылған мерзімде сатып алуды ұйымдастырушының өзі тікелей қарайды екен.

Мемлекеттік сатып алуда өтінімді қамтамасыз ету және шартты қамтамасыз ету сомалары бойынша өзекті өзгерістер енгізілді. 2024 жылы барлық конкурстар мен аукциондар үшін өтінімді қамтамасыз ету мөлшері 1 пайыз деңгейінде болған еді. 2025 жылдан бастап мөлшерлеме сатып алу тәсіліне қарай сараланып белгіленді. Яғни конкурс және аукцион 1 пайыз деңгейінде қаралса, баға ұсыныстарын сұрату 3 пайыздық көрсеткішпен жүргізіледі. Ал өтінішті шартты қамтамасыз ету бойынша 2025 жылдан бастап мөлшерлік деңгей конкурс және аукцион негізінде 3 пайыз, баға ұсыныстарын сұрату бағытында 5 пайыз болып өзгертілді. Сондай-ақ жылдық көлемі 1 000 АЕК-тен аспайтын (шамамен 3,9 миллион теңге) біртекті тауарларға марка мен брендті көрсетуге рұқсат берілді. Биыл өңірдегі мемлекеттік сатып алу көрсеткіштері төмен емес. Басқарма тарапынан ұйымдастырылған мемлекеттік сатып алу конкурстары бойынша 133,9 миллиард теңгеге 631 лоттың жеңімпаздары анықталды. Анықталған жеңімпаздардың жалпы саны 187 мердігерді құрайды. Нақты айтқанда облыста тіркелген 116 мердігермен 100,4 миллиард теңгеге 500 лотқа келісімшарт жасалды. Ал басқа облыстарда тіркелген 71 мердігермен 33,5 миллиард теңгеге 131 лот бойынша келісімшарттар рәсімделді. Нәтижесінде жалпы келісімшарт сомасы 131,1 миллиард теңгені құрап, бюджет қаражаты есебінен 2,8 миллиард теңге үнемделді. Мемлекеттік сатып алу конкурстарының негізгі бағыттарына да тоқталып өтейін. Мәселен құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша 120,3 миллиард теңгеге 143 нысан мемлекеттік сатып алу веб-порталында жарияланған. Оның ішінде ауызсу, жылыту және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстарына 13 нысан белгіленіп, 12,1 миллиард теңге қаралған. Ал электрмен жабдықтау бойынша 14 нысанға 22,1 миллиард теңге болса, газбен жабдықтау бойынша 2 нысанға 0,8 миллиард теңгенің жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар 54 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарына 46,7 миллиард, 41 нысанның күрделі жөндеу жұмыстарына 13,5 миллиард теңге бөлінсе, жолдарды және көпірлерді жөндеу жұмыстарына 24,6 миллиард, басқа да жұмыстарға 0,4 миллиард теңге үлестірілген, – деді Ғалым Қамбарұлы.

Мұнымен қоса тауарлар, қызметтер және құрылысқа қатысы жоқ жұмыстарды мемлекеттік сатып алу бойынша барлығы 17,0 миллиард теңгеге 509 лот жарияланыпты.

Мұқағали ЖАМБЫЛҰЛЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар