Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кәсіпкерліктің орнықты дамуына жағдай жасау қажет

Кәсіпкерліктің орнықты дамуына жағдай жасау қажет
Автор
«AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов партия жұмысының стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде бизнесті қолдау мен дамытуға ерекше мән беріп, бұл бағыттағы жұмыстарды нақты әрі жүйелі жүзеге асыруды тапсырған болатын. Осыған сәйкес, партия жанынан Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылған еді. Жақында «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы ұйымдастырылды. Жиын облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек пен «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұловтың тең төрағалығымен өтті.

Кеңес отырысына облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры Қанат Әубәкіров, «Zhambyl Invest» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Қайранов шақырылды. Одан бөлек, аумақтық филиалдардың төрағалары, аудан әкімдерінің салалық орынбасарлары мен бөлім басшылары және кәсіпкерлер ZOOM платформасы арқылы қатысты.

Үйлестіру кеңесінің міндеті – кәсіпкерліктің орнықты дамуына жәрдемдесіп, қолайлы бизнес-ортаны қалыптастыру және әкімшілік кедергілерді барынша азайту, экономиканың инвестициялық тартымдылығын арттырып, отандық кәсіпкерлерді және олардың заңды мүдделерін қорғау. Сонымен қатар бизнестің экспорттық әлеуетін дамытуға жәрдемдесіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін дамытып, кәсіпкерлік саласындағы проблемалық мәселелерді талдап және заңнаманы реттеуді жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу, кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік және партиялық бағдарламалардың іске асырылуына мониторинг жүргізу де жүктелген.

Жиынның күн тәртібінде өңірдегі бизнес өкілдерінің өзекті мәселелері талқыланып, оны шешудің жолдары қаралды. Алғашқы сөз облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевқа берілді.

Сыртқы сауда айналымының көлемі биыл қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 1 миллиард АҚШ долларын құрап, 64,1 пайызға артты. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйегінде шикізаттық емес тауарлар 270,4 миллион АҚШ долларына экспортталып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге артты. Облыс бойынша биыл қаңтар-қазан айларында ішкі сауда көлемі 842,7 миллиард теңгені құрады. Ал көтерме сауда 371,4 миллиард теңгеге жетіп, 97,7 пайызға төмендеді. Былтырғы 10 аймен салыстырғанда сату көлемі 18,4 миллиард теңгеге артық. Алайда баға индексінің жоғарылап кетуіне байланысты көтерме сауданың НКИ-нің көрсеткіші төмендеп, -107,7 пайызға түсіп кетті. Жоспардың орындалмау себептеріхалықтың төлем қабілеттілігінің төмендігіне байланысты. Мысалы, халық тарапынан тұрмыстық техникаға сұраныстың төмендеуі «Sulpak» және «Технодом» сауда үйлерінің жабылуына әкелді. Облыс бойынша 12 «Sulpak» сауда үйінің 8-і, 8 «Технодом» сауда үйінің алтауы жабылды. Сауда үйлерінің жабылуы соңғы 10 ай ішінде сауда көлемінің шамамен 8,8 миллард теңгеге азаюына алып келді. Халықтың көпшілігі тауарларды онлайн сатып алуды таңдайды, осыған байланысты сату көлемі басқа өңірлерде есепке алынады. Осы жылдың соңына дейін сауда көлемінің төмендеуіне жол бермеу үшін кредиттік-қаржы құралдары арқылы шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын күшейту қажет. Келесі жылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға «Zambyl Business» өңірлік бағдарламасына 3 миллиард теңге қаражат бөлінсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бағдарламаға бұл қаражат қарастырылса, «Даму» қоры тарапынан 3 миллиард теңге қоса қаржыландырылады. Облыс кәсіпкерлеріне 7 пайызбен несие алу мүмкіндіктері туындайды. «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында «Сыйақы мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау» құралына 2 миллиард теңге қаражат қарастырылса, облыс кәсіпкерлерінің 12,6 пайызбен несие алу мүмкіндіктері туар еді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша шағын несиелік жобаларға қосымша қаражат бөлінсе, ауыл тұрғындарының табыс деңгейі арта түседі, – деді А.Сейсебаев.

Басқарма басшысының айтуынша, Тараз қаласындағы «Жібек жолы», «Салтанат», «Якка сарайы» базарларын жаңғырту қарастырылған. Бүгінгі күні базарлардың құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Салтанат» базары бойынша құрылыс жұмыстары осы жылдың мамыр айында басталған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 80 пайызы атқарылған. Жол картасы бойынша осы жылдың желтоқсан айында аяқталуы қажет. «Якка сарай» базарында құрылыс жұмыстары басталып, қажетті тіреулері мен фермалары қойылуда. Орындалған жұмыс көлемі – 70 пайыз. Ал «Жібек жолы» базарының жаңғырту жұмыстары 2022 жылы басталған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 70 пайызы орындалыпты.

Сондай-ақ спикер өнеркәсіп саласының көрсеткіштеріне де тоқталып өтті.

– Өнеркәсіп саласында 929 кәсіпорын жұмыс істейді. Мұнда 39,7 мың адам жұмыспен қамтылған. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары арқылы 1,08 триллион теңгенің өнімі өндірген. Тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында 201,5 миллиард теңгенің өнімі шығарылды. Жалпы биылғы жылдың қорытындысымен өнеркәсіп саласының өсу динамикасы сақталып отыр. Туристік саланы дамыту мақсатында да бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылып, көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Соңғы 10 айдың қорытындысымен туризм саласына 18,3 миллиард теңге инвестиция тартылды. Болжам бойынша жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 20 миллиард теңгеге жетіп, 130 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде. Жалпы сомасы 27,3 миллиард теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Проблемалық мәселелер мен ұсыныстар да жоқ емес. «Көне Тараз» паркіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оны толыққанды музейлік қызметіне қайтару қажет. Облысқа келетін туристер легін арттыру үшін әр аудан көлемінде орналасқан тарихи-мәдени туристік нысандардың инфрақұрылымын дамыту және абаттандыру үшін қаражат бөлу мәселесін шешу керек. Оның ішінде QR-кодтарды және жолсілтегіштерді жаңартып, кемінде 3 тілде ақпараттық тақтайшалар, санитарлық-гигиеналық тораптар және қоқыс жәшіктері мен орындықтар орнатылуы тиіс, – деді Аспандияр Мұраталыұлы.

Дауыл Ынтықбайұлының айтуынша, қазіргідей жаһандану дәуірінде экономиканы дамыту – еліміздің негізгі басымдығы. Бұл бағытта кәсіпкерлік саласын ілгерілету партияның да басты назарына алынған.

– Өңір экономикасының соңғы жылдардағы қарқыны қуантарлық деңгейде. Инвестиция тарту жағынан алдыңғы қатардамыз. Қазір қолға алынған жобалардың басым бөлігі ұзақмерзімді, жүйелі бастамалар. Десе де, шешімін күткен түйткілдер де бар. Өңірде партияның бастамасы бойынша жергілікті мәслихаттардың шешімімен салық мөлшерлемесі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді. Бірақ, жаңа Салық кодексіне сәйкес ірі кәсіпорындарда түрлі қызметтерді атқаратын жеке кәсіпкерлер міндетті түрде жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелуі тиіс. Олар енді аутсорсинг тәсілін пайдалана алмайды. Бұл өте үлкен мәселе. Жуалы ауданындағы «Көксай» демалыс орталығына газ тарту мәселесі де өзекті. Бұл нысанның әлеуеті жоғары. Қазір бюджеттен 105 миллион теңге қарастырылып, келер жылы жоба жүзеге аспақ. Облыс түрлі санаттағы субсидия бойынша шаруаларға 27 миллиард теңге берешек. Биыл тек 8 миллиард теңгесі бөлінген. Келер жылы бұл қарызды толық жабу – маңызды міндет. Жалпы кәсіпкерлік – кең ауқымды сала. Бір отырыста барлығын қамту мүмкін емес. Сондықтан алдағы кеңестерде де нақты проблемаларды көтеріп, шешу жолдарын бірлесе қарастыратын боламыз, – деді Д.Бейсенқұлов.

Айта кету керек, жиын барысында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры Қанат Әубәкіров пен «Zhambyl Invest» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Қайранов та өз пікірін білдіруге мүмкіндік алды. Отырыста айтылған пікірлер мен бастамалар өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыра түсуге үлкен серпін беретіні анық.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар