Іс-шараға «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов пен Қазақ ұлттық сушаруашылығы және ирригация университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Кәмшат Түсіпова қатысты.
Жиын барысында Дауыл Ынтықбайұлы жастардың партиялық жобаларға белсенді қатысып жүргенін атап өтті.
– «АMANAT» партиясы әрқашан жастардың әлеуетіне сенеді. Өйткені еліміздің ертеңі – дәл сіздердің қолдарыңызда. Бүгінгі цифрлық заманда білімді, батыл, жаңашыл жастар – Қазақстанның ең үлкен күші. Бүгінде «Жастар рухы» жастар қанатының қатарында 125 мыңнан аса жас бар. Ал облысымыз бойынша 6 мыңнан аса жас осы ұйымның айналасына топтасып, күнделікті нақты жұмыстар атқарып келеді. Олар оқу орындарында, қалалар мен ауылдарда көптеген әлеуметтік, экологиялық, мәдени жобаларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, «Ардагерлерді ардақтайық», «Есірткіге жол жоқ», «Вандализммен күрес», «Қауіпсіз қала» және «Bir Tolqynda» сессиялары арқылы жастар қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, тың идеялар ұсынып келеді, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.
Дауыл Бейсенқұловтың айтуынша Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Қазфосфат» зауытының базасында 300 жұмысшы жастың қатысуымен «Жұмысшы жастар аманаты» форумы өткізілген. Сондай-ақ «Жастарға жұмыс» жобасы аясында 50-ден аса жұмыс беруші 500-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынған үлкен жәрмеңке ұйымдастырылыпты. Қатысушылардың ішінен 36 адам жұмысқа орналасқан.
Ал университет ректоры Кәмшат Түсіпова «Жастар рухы» жастар қанатының жұмысына оң бағасын беріп, болашақта барлық бастамаларға қолдау көрсетілетінін айтты.
Конференция қорытындысы бойынша университет жанынан құрылған бөлімшенің төрағасы болып Нұрдәулет Тұрар сайланды. Алдағы уақытта жаңа бөлімше тарапынан нақты жобалар мен әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар жүзеге асырылады деп күтілуде.
Сымбат ҚУАНЫШ



