Іссапар аясында уәкіл мен жауапты сала мамандары тарапынан 21 жайсыз отбасының тұрмыстық жағдайы тексеріліп, тиісті зерделеу актілері рәсімделді. Сонымен қатар мектепішілік есепте тұрған 6 баланың және қорғаншылықтағы 17 баланың өмір сүру жағдайы, тәрбиеленуі мен қауіпсіздігі жан-жақты қаралды.
Аудандық емхананың патронаж қызметкерлерімен бірлесе отырып, 0-5 жас аралығындағы 2994 баланың медициналық бақылауда болуы және олардың денсаулық жағдайына қатысты мәселелер талқыланды. Бұл ретте балалардың уақытылы тексеруден өтуі мен қажетті медициналық көмектің көрсетілуіне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандарымен бірге аудан мектептеріндегі педагог-психологтардың жұмысы зерттеліп, психологиялық қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар берілді.
Кездесу барысында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия төрағасы Мейірхан Берікұлы ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар білім бөлімі, полиция, орталық аурухана және отбасын қолдау орталығы өкілдері өз салалары бойынша есептерін ұсынды.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ата-аналармен жеке кездесіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәрбиедегі жауапкершілік пен психологиялық қолдаудың маңызы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жайсыз отбасыларға арнайы кеңестер беріліп, қауіптің алдын алу бойынша нақты ұсыныстар айтылды.
Сапар қорытындысы бойынша әлеуметтік көмек көрсету шараларын күшейту, отбасын қолдау орталығының жұмысын жандандыру, сондай-ақ тәуекел тобындағы балалармен профилактикалық жұмысты жүйелеу жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.
Баланың құқығын қорғау – баршаға ортақ міндет. Бұл бағыттағы жұмыстар Мойынқұм ауданында алдағы уақытта да тұрақты жалғасын табады.
«AR-AI»-ақпарат



