– Бүгінде дипфейктер азаматтық қоғам үшін ең елеулі қауіптердің біріне айналды. 2019 жылдан бері олардың саны 550 пайызға артты. Resemble AI компаниясының есебіне сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы төрт айында дипфейктер арқылы жасалған алаяқтықтан келтірілген қаржылық шығын 200 миллион АҚШ долларынан асты. Ал Deloitte компаниясы 2027 жылға қарай жасанды интеллектіні пайдалану арқылы жасалатын алаяқтықтан болатын шығын 40 миллиард долларға жетеді деп болжайды. Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша биыл елімізде дипфейктерге қатысты 40 қылмыстық іс қозғалды. Бұл енді фантастика емес, әр азамат үшін нақты қауіп. Мәселен Гонконгте бір компания қызметкері видео конференцияға қатысып отырып барлық қатысушылардың, тіпті қаржы директорына дейінгі бейнелердің түгелдей дипфейк екенін білмей, алаяқтарға 25 миллион доллар аударып жіберген, – деді Мақсат Байдалиев.
Кездесуде дипфейктердің үш негізгі түрі – әлеуметтік желілердегі жалған аккаунттар, дауыс арқылы жасалатын алаяқтық және видео-дипфейктердің қауіптері түсіндірілді. Спикер әлеуметтік желілердегі виртуалды «интернет-романдар» арқылы азаматтардың сеніміне кіріп, ақша немесе жеке ақпарат талап ететін жағдайлардың көбейгенін айтты. Биыл Астанада бір әйел өзін «шетелдік азаматпын» деп таныстырған алаяқпен бірнеше күн хат алмасып, кейін 9 миллион теңгеден астам ақша аударып жібергені мысал ретінде келтірілді.
Сонымен қатар іс-шарада дауыстық дипфейктердің қауіптілігі көрсетілді. Бар болғаны 30 секундтық дауыс үлгісі арқылы кез келген адамның дауысын айнытпай салуға болатыны айтылып, студенттерге жасанды дауыс үлгісі ұсынылды. Полковник Байдалиев мұндай әдістер көбіне ата-ана немесе бала даусымен «шұғыл ақша сұрау» сценарийінде қолданылатынын ескертті.
Баяндаманың тағы бір бөлігі видео-дипфейктерге арналды. Желіде белгілі саясаткерлердің, қоғам қайраткерлерінің және өнер жұлдыздарының бейнесін пайдаланып, азаматтарды жалған инвестициялық платформаларға тартатын видеолардың көбейгені айтылды. Алаяқтар «ҚазМұнайГаз», «KazMinerals», «Каспий Профит» секілді компания атауларын жамылып, жоғары табыс табуға болатыны жайлы ұсыныстар жасайды. Ал азаматтар жеке деректерін қалдырып, ақша салғаннан кейін алаяқтар барлық байланыс арналарын дереу бұғаттап тастайды.
Келесі кезекте облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің штаб басшысы, подполковник Ержан Кенжебаев «Ұялы телефон қауіпсіздігі және Wi-Fi қосылымдарының қауіптілігі» тақырыбында баяндама жасады.
Іс-шара соңында цифрлық қауіпсіздікті күшейтуге қатысты кеңестер беріліп, студенттер сұрақтарын қойды.
Айжан ӨЗБЕКОВА



