«Ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауызсу мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан, Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет», деді Президент.
Жолдауда айтылған міндетті орындау мақсатында облысымызда да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Тұрғындарды 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 13,9 миллиард теңгеге 24 ауылдық елді мекен мен 9 тұрғын алқапта құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 11,1 миллиард теңгесі игеріліпті. Бұл туралы облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте баяндады.
– Облысымызда барлығы 371 елді мекен бар. Осы елді мекендерді 100 пайыз ауызсумен қаматамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 19 елді мекен мен 5 тұрғын алқаптың құрылыс жұмыстары толық аяқталып, тұрғындар сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ 3 елді мекен мен 4 тұрғын алқаптың құрылыс жұмыстары аяқталып, нысандарды қабылдау-тапсыру жұмыстары жүзеге асырылуда. Қалған 2 нысандағы құрылыс көлемі 90 пайызға дейін аяқталып отыр. Жалпы барлық нысандардағы құрылыс жұмыстары тұрақты бақылауда. Жыл соңына дейін барлық нысандардағы құрылыс жұмыстары өз мәресіне жеткеннен кейін тұрғындар 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтылатын болады, – дейді Ғалым Исабайұлы.
Мұқағали ЖАМБЫЛҰЛЫ




