Осындай қиын сәтте халыққа «Қазавиақұтқару» мамандары үміт сәулесін шашатыны анық. Олар ауа райының қолайсыздығына, арадағы қашықтыққа қарамастан, арнайы авиациялық техникамен жедел жетіп, шұғыл медициналық және құтқару көмегін көрсетеді. Шалғай ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бұл қызметтің маңызы да, жауапкершілігі де орасан.
«Қазавиақұтқару» тарихы 2002 жылдан бастау алады. Сол жылы Төтенше жағдайлар жөніндегі республикалық мемлекеттік кәсіпорынның құрамында авиациялық бөлім құрылып, кейін 2002 жылғы 26 тамыздағы №638 бұйрықпен «Қазақ өрт сөндіру және авариялық-құтқару авиациялық қызметі» ресми түрде ашылды. 2005 жылғы 25 қаңтарда Үкімет қаулысымен «Қазавиақұтқару» мемлекеттік кәсіпорны болған мекеме 2011 жылы акционерлік қоғам ретінде қайта құрылды.
Мекеме қызметінің ауқымы кең. Мұндағы мамандар төтенше жағдай орын алған аймақтарға жолаушылар мен жүктерді жеткізу, эвакуациялау, гуманитарлық көмек тасымалдау, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу сияқты қызметтерді атқарады. Сонымен қатар медициналық көмек көрсету, орман өрттерін сөндіру, құрылыс-монтаждау жұмыстарына ұшулар ұйымдастыру, аэрофототүсірілім және картографиялық жұмыстар жүргізу де қарастырылған. Сонымен бірге ресми тұлғалар мен делегацияларды тасымалдау, чартерлік рейстерді ұйымдастыру, заң талаптарына сәйкес лицензиялауды қажет ететін қызмет түрлерін тиісті рұқсаттар негізінде жүзеге асыру да мекеменің қызметіне кіреді.
Сөзімізге тұздық болсын, таяуда ғана «Қазавиақұтқару» тікұшағы Мойынқұм ауданының бір тұрғынына көмектескен болатын. Сол кезде Тараз қаласы арқылы ұшқан тікұшақ санавиация желісі арқылы ауданға шұғыл жеткен еді. Арнайы бригадаға жаңадан дүние есігін ашқан нәрестеге медициналық көмек көрсету үшін жедел ұшу қажет болған. Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, дәрігерлер шақырту орнына келіп, сәби мен ананың жағдайын анықтап, нәрестені облыс орталығына шұғыл жеткізу қажеттігін анықтапты. Жаңа туған баланың денсаулығына төнген қауіп уақытылы және кәсіби медициналық араласуды талап еткен. Тексеру нәтижесінде дәрігерлер сәби жағдайын тұрақтандырып, оны дереу әуе көлікпен эвакуациялау жөнінде шешім қабылдаған. Пневмония дертіне шалдыққан бала «EC-145» тікұшағымен жедел түрде Тараз қаласына жеткізілген. Жедел ұйымдастырылған тасымалдаудың арқасында нәресте бүгінде мамандандырылған медициналық орталықта қажетті ем-домын алып жатыр. Уақытылы көрсетілген көмек пен құтқарушылардың үйлесімді жұмысы сәби өмірін сақтап қалуға мол мүмкіндік берді.
Ана мен баланың өмірін сақтап қалуға себепші болған тікұшақты тізгіндеген азамат – Рүстем Жұмабаев. 25 жастағы ұшқыш Алматы қаласының тумасы. 2017 жылы Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына оқуға түсіп, 2022 жылы тәмамдаған. Сол жылдан бастап «Қазавиақұтқару» мекемесінде еңбек етіп келеді.
– 2023 жылы «Қазавиақұтқару» мекемесіне «Eurocopter EC-145» тікұшағының екінші ұшқышы болып қабылдандым. Біздің ең басты міндетіміз – ұшу қауіпсіздігін сақтау. Сондықтан әуеге көтерілу туралы шешім қабылдар алдында ұшатын нүктедегі, маршруттағы және қонатын жердегі ауа райын толық талдаймыз. Жолаушыларды белгіленген нүктеге қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда жеткізу де біздің негізгі мақсатымыз. Жалпы санитарлық авиацияның маңызы ерекше. Себебі еліміздің аумағы кең, ал шалғай ауылдарға жедел жәрдемнің жетуі ұзақ уақытты алады. Осындай жағдайда тікұшақ – ең жылдам әрі тиімді көлік. Шақыртулар бізге ресми түрде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығынан түседі. Біз көбіне жағдайы ауыр пациенттерді тасымалдаймыз. Бір күндік жүктеме әрқалай. Орта есеппен бір немесе екі шақырту болады. Өз басым бір күнде екі рейс орындаған кездерім болды. Мысалы, қазір Ақтөбе облысында болсам, келесі сағатта Жетісу өңіріне жолға шығып кетуіміз мүмкін, – дейді Р.Жұмабаев.
Кейіпкеріміздің айтуынша, жұмысының ең ауыр тұсы – адам өміріне тікелей жауапты екендігін бар болмысымен сезінетін сәт. Сол себепті ұшқыштар құтқару операциясына шықпас бұрын ауа райын мұқият зерттеп, барлық шектеулерді сақтап, қауіпсіз маршрутты таңдап алады. Ұшқыштар үшін ең күрделісі – таулы аймақта ұшу. Өйткені тауда ауа ағындары тұрақсыз, жел бағыты күрт өзгереді, қону алаңдары шектеулі, биіктеген сайын қозғалтқыш қуаты төмендейді екен. Сондықтан әр шешім екі есе мұқият қабылданады.
– Таулы аумақтардағы биіктіктерге көтерілу үшін де пилоттың арнайы рұқсаты болуы керек. Мәселен, рұқсат белгісі 2 500 метрге дейін шектелген ұшқыштың 4000 метрге шығуға құқы жоқ. Осы ережелердің бәрі қауіпсіздік үшін, әр операцияның сәтті аяқталуы үшін қажет. Алғашқы ең жауапты шақыртуға 2023 жылдың басында шықтым. Әлі есімде, 22 наурыз күні туғанына бір тәулік те болмаған нәрестені Талдықорған қаласынан Алматыға жеткіздік. Бұл мен үшін ең есте қаларлық оқиғалардың бірі. «Жаңа туған сәбиді тасимын» деп ешқашан ойламаған едім. Қызмет барысында эмоционалды ауыр сәттер де кездеседі. Мәселен, 2024 жылы еліміздің көптеген өңірлерін су басқан кезде Петропавл қаласында халықты эвакуациялауға қатыстым. Қаланың маңындағы бір ауылды түгелдей су басып, арал сияқты оқшауланып қалыпты. Сол ауылдың тұрғындарын эвакуацияладық. Қиын шақта халықтың күйзелген жүзін көру жанымызға қатты батқан еді. Көпшілігі үйлерін тастап кеткісі келмеді. Бірақ уақыт шектеулі болғандықтан, мүмкіндігінше көп адамды құтқаруға тырыстық. Біз оларды қаланың маңындағы мектеп ауласына жеткіздік. Ал Мойынқұм ауылына ұшу туралы шақырту бізге шамамен күндізгі сағат он бірде түсті. Экипаж құрамында өзіммен бірге командир, екінші ұшқыш және екі медициналық қызметкер болды. Медициналық қызметкерлердің саны жағдайға қарай екі немесе үш адамнан жасақталады. Экипажда шешімді командир қабылдайды. Командир ауа райына қарап, қажет болса рейсті орындамауға немесе балама маршрут таңдауға құқылы. Аэропортқа келгенде дәрігерлер науқастың жағдайын түсіндірді. Біз Тараздан Мойынқұмға бір сағат он минутта жеттік. Автокөлікпен бұл жол кемінде бес сағатқа созылады. Мойынқұмға қонғаннан кейін дәрігерлер ана мен баланы шамамен бір сағат ішінде тікұшаққа алып келді. Ұшу кезінде жағдайы тұрақты болып, қажет етпеген соң арнайы медициналық борттық жабдықтар қолданылмады, – дейді Р.Жұмабаев.

Бұл жағдай Рүстемнің тәжірибесіндегі облысымызға жасаған алғашқы сапары болғанымен, мекеме мамандары аймақ халқының өмірін сақтап қалуда өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді. Мәселен 2022 жылы 2 қаңтар күні орталыққа Мойынқұм ауданынан жедел шақыру түседі. Хабарламаға сәйкес, омыртқасы жабық сынған ер адамды автокөлікпен шамамен 350 шақырым қашықтықтағы Таразға жеткізу мүмкін болмаған. Осыған байланысты дәрігерлер «Қазавиақұтқарудың» «Ми-8АМТ» тікұшағын көмекке шақыртқан. Экипаж шұғыл ұшып барып, науқасты қауіпсіз тасымалдап, Тараз қаласындағы №1 көпбейінді ауруханаға жеткізіпті.
Сондай-ақ 2024 жыл қаңтар айының басында Қарабастау ауылындағы Билікөл көлінде жоғалып кеткен тұрғындарды іздестіру жұмыстары жүргізілген болатын. Оқиға орнына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің тиісті күштері мен құралдары жедел жетіп, 10 тәулік бойы әуесқой балықшыларды іздеу жұмыстарын жүргізді. «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамы осы төтенше жағдай кезінде де көмекке келіп, «Еurocopter» тікұшағымен іздеу жұмыстарына қатысты.
Өңіріміз табиғи өрттер бойынша да жоғары қауіп аймағы болғандықтан, авиациялық құтқару көмегі жиі қажет болады. Әсіресе өткен жылы Меркі мен Тұрар Рысқұлов аудандарының орман алқаптарында шыққан ірі өрт кезінде олардың рөлі айрықша байқалды. Өрт 4 маусым күні Меркі ауданындағы Сарыкөбін орманшылығы аумағында басталып, құрғақ шөптің жануына байланысты тез таралып, 1 650 гектар аумақты шарпиды. Тұрар Рысқұлов ауданының жеріне де өткен тілсіз жау жалпы 1 800 гектарға дейін ұлғаяды. Десе де мамандардың жұмылдырылуымен аумақтағы өрт ошағы сөндіріліп, елді мекендерге қауіп төнбеді. Өртті сөндіруге 167 адам, орманшаруашылығының ондаған техникасы және авиациялық қызмет жұмылдырылды. «Қазавиақұтқару» тікұшақтары әуе патрулі арқылы оттың таралуын бақылауға алып, қиын жететін тұстарға бағыт-бағдар көрсетіп отырды. Меркі мен Тұрар Рысқұлов аудандарындағы өрт толық сөнгенше әуеден мониторинг үзілмеді. Жағдай қиындаған кезде орталықтың қосымша әуе күштері де дайындықта тұрды.
Сол секілді 2023 жылдың 3 тамызында да таулы аймақтан өрт шығып, «Қазавиақұтқару» тікұшақтары «Ан-2» ұшағымен бірге қиын рельефті жерлерге су тастап, өрттің таралуын тоқтатуға үлкен үлес қосты.
Осы оқиғалардың барлығы «Қазавиақұтқару» АҚ-ның өңірімізді қоса алғанда еліміздің барлық облыстарында адам өмірін құтқару, төтенше жағдайларды жою және табиғи апаттардың алдын алу ісінде аса маңызды рөл атқарғанын көрсетті.
Рүстем Жұмабаевтың айтуынша, қазіргі сәтте «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының бас директоры қызметін Алпамыс Камалов атқарып отыр екен. Тәжірибелі басшының өз жұмысына деген жауапкершілігінің арқасында орталық техникасы түгел заманауи талапқа сай жаңарып жатыр. Бүгінде әр өңірде кем дегенде бір әуе кемесі, басқаша айтқанда тікұшақ немесе ұшақ тұрақты дайындықта тұр екен.
– Бұрындары облыстарда әуе техникасы мүлде болмайтын. Тосыннан төтенше оқиға бола қалса, басқа аймақтан тікұшақты мобилизациялауға тура келетін. Ол 2-3 сағат ұшады, тағы 40 минут дайындық уақыты бар. Ал құтқаруда әр минут маңызды. Сондықтан әр өңірге тұрақты әуе техникасын орналастыру – «алтын сағат» қағидасына негізделген шешім, – дейді маман.
Авиациялық құтқару саласында өзіне тән қиындықтары да жоқ емес. Соның бірі – техниканы басқаратын кадрлар тапшылығы. Мекеме басшысы Алпамыс Камалов та өз сұхбаттарында осы мәселені жиі көтеріп тұрады.
– Бұл сала жарнама беріп тауып ала салатын кәсіби бағыт емес екені белгілі. Арнайы дайындық керек. Сондықтан «Қазавиақұтқару» АҚ Азаматтық авиация академиясымен тығыз қарым-қатынаста болып бірлесе жұмыс атқарып келеді. Әр жылы шамамен 150 инженер «Қазавиақұтқару» мекемесінен тәжірибеден өтеді. Өкініштісі жас мамандардардың барлығы бірдей қызметке келе бермейді, біреулер « Air Astana», біреулер «SCAT»-қа кетеді. Әркімнің арманы бөлек. Сондықтан салаға кадр тарту мәселесі күрделі болып тұр. Мекемеге қазіргі сәтте шамамен 70 инженер мен дәл осынша ұшқыш жетіспейді. Қазір бізде 39 бірлік әуе техникасы бар. Соның 28-29-ы толық ұшуға әзір. Тәулік бойы дайындықта. Біздің мекеме Төтенше жағдай минстрлігімен де, Денсаулық сақтау министрлігімен де, орманшаруашылығымен де тығыз жұмыс істейді. Бұрын бөліністер болушы еді. Қазір ондай жоқ, барлық жерде бірлесе әрекет етеміз. Орман өрттері көбейген аймақтарда ауыр техниканы (МИ-8 секілді) тұрақты қалдырамыз. Себебі мұндай тікұшақтар 4 тоннадан астам су тастай алады. Уақытында бір рет су төгу – мыңдаған гектар орманды аман алып қалуы мүмкін. Өзім де салаға ойда-жоқта келгенмін. Мектеп бітірген соң экономист болуға ниеттенгенмін. Бірақ кейін Азаматтық авиация академиясы ашылғанын естіп, сонда оқуға түстім. Мәселен, Батыс Қазақстан жастары көбіне Ақтөбедегі әскери училищені біледі, ал Азаматтық авиация академиясының барын көпшілігі естімейді. Авиациялық академия Алматы, Тараз, Шымкент секілді оңтүстік өңірлерде ғана танымал. Бір айта кетерлігі Қазақстанда біздің салаға тікелей кадр дайындайтын – Алматыдағы Азаматтық авиация академиясы ғана. Сонымен қатар біз Төтенше жағдайлар министрлігі құрамынан зейнетке шыққан тәжірибелі ұшқыштар мен инженерлерді қабылдап, азаматтық авиация стандарттарына сай қайта оқытамыз, – дейді А.Камалов.
Өзіне сенген халықтың үмітін ақтау жолында еңбек ететін батырлар дайындыққа да қатты мән береді. Ұшқыш Рүстем Жұмабаевтың сөзіне сүйенсек, әр пилот жылына екі рет арнайы тренажерлық дайындықтан өтуге міндетті екен.
Шындығында да ұшқыштардың жұмысы сырт көзге қарапайым көрінгенімен, әр «эвакуацияланды» деген қысқа ғана сөздің артында талай шешім, жауапкершілік пен қауіп-қатер жатады. Отандық техниканы да, шетелдік әуе кемелерін де толық меңгерген, әлемдегі ең үздік мамандардың қатарындағы біздің ұшқыш-құтқарушылардың күнделікті еңбегі қандай мақтауға да тұрарлық.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ


