Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бюджет қаражаты тиімді жұмсалуда

Бюджет қаражаты тиімді жұмсалуда
Автор
Кез келген облыс, оның ішінде жекелеген аудандардың қарыштап дамуы әр салаға бөлінетін бюджет қаражатының көлемі мен оның тиімді игерілуіне байланысты. Жоспарлы қаржыландырудың нәтижесі қыруар тірліктің жүзеге асуына себеп болатынын ескерсек, бұл тұрғыда Сарысу ауданында ілгерілеу бар. Себебі ауданда республикалық және облыстық бюджеттен қаржының бөліну көлемі мен инвестиция тарту, инвестициялық бағдарламаларды сәтімен жүзеге асыру жұмысы жанданып келеді.

КІРІС АРТЫП КЕЛЕДІ

Алдымен аудан бюджетінің кірісі мен шығысын сөз етсек, осы жылы Сарысу ауданының нақтыланған бюджетінің кіріс бөлігі 9,9 миллиард теңгені құрапты. Бұл жалпы ауданға түсетін барлық қаражаттың мөлшері, оның ішінде аудандық бюджеттің өзіне тиесілісі 9 243 822 000 теңгесі болса, ауылдық округтердің IV деңгейлі бюджеті саналатын 2 047 436 000 теңгесі бар. Кірістің құрылымы да әр түрлі көзден құралатынын ескерсек, ауданның өзіндік кірістері – 4 179 523 000 теңге, ал 3 021 548 000 теңге облыстан бөлінетін субвенцияға жатады. Нақты мақсаттарға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер 2 113 313 000 теңге болса, даму жобаларына арналған нысаналы трансферттер 601 857 000 теңгені құрайды. Осы жылдың 1 қарашасына дейінгі жоспар бойынша бюджетке 7 074 800 000 теңге түсуі керек болса, шын мәнінде 7 622 300 000 теңге кіріс кірген. Яғни жоспардан тыс 547 500 000 теңге артық түсім түскен. Аудан бюджетінің кірісі қалыптасып келе жатқанын осы көрсеткіштер арқылы аңғаруға болады. Өзіндік кірістер бойынша жоспар 2 990 100 000 теңге болса, нақты түсім 3 537 600 000 теңге болған. Ал трансферттердің барлығы толық, яғни 100 пайыз орындалған.

Осы жылы ауданның шығыстары 10,5 миллиард теңге болып жоспарланыпты. Оның ішінде аудандық бюджет шығыстары 9 788 840 000 теңге болады деп пайымдалса, IV деңгейлі бюджет бойынша шығыстар 2 089 092 000 теңге деп белгіленген. Ағымдағы нысаналы трансферттер, яғни күнделікті қажетті жұмыстар мен қызметтерге қаржы 2 113 313 000 теңгені, құрылыс, жөндеу жұмыстарын жүргізу, жаңарту сияқты жобалармен байланысты даму бағытындағы нысаналы трансферттер 601 857 000 теңгені құрап отыр. Бюджеттік кредиттер 1 868 872 000 теңге болған. 1 қарашаға дейін шығыстар бойынша жоспар 7 411 900 000 теңге болса, оның 7 383 200 000 теңгесі игерілген. Яғни жоспар 99,6 пайызға орындалған. Дегенмен, 28 700 000 теңге игерілмей қалған. Осы ретте аудан бюджеті жоспарға қарағанда тәп-тәуір орындалып жатқанын айта кетуіміз керек. Кіріс бөлігі артығымен түсіп, шығыс бөлігі жоспарға сәйкес біртіндеп игеріліп жатқаны байқалады.

Осы тектес жекелеген салалар бойынша жетістіктерді сөз етсек, биылғы 10 айда ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан. Жалпы алғанда әр салада өсім бар. Мысалы, ауданның өнеркәсіп саласында өткен жылға қарағанда біршама табысқа қол жеткізілген. Жыл басынан бері 103 миллиард 228,9 миллион теңгенің өнімі өндіріліпті. Нақты көлем индексінің 101,2 пайыз болуы өндірістің бірқалыпты өсіп келе жатқанын айғақтайды. Өткен жылдың осы кезеңінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 71 миллиард 567,3 миллион теңге болғанын ескерсек, айтарлықтай айырмашылық бар. Аудан әкімі Сәкен Мамытовтың айтуынша, ауылшаруашылық саласында да жағдай жалпы жаман емес. Биыл 23 миллиард 866,5 миллион теңгенің өнімі алыныпты. Бұл салада да былтырғы 17 миллиард теңгеден астам табыспен салыстырғанда көрсеткіш едәуір жоғары екенін байқауға болады. Дегенмен, нақты көлем индексі 99,9 пайызды құраған.

– Себебі «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны осы жылғы көктемде егіс жұмыстарының басталуына қарай топырақтағы ылғал қорының болжамын ұсынған болатын. Соған сәйкес 2024-2025 жылдары күзгі-қысқы кезеңде қазанның бірінші онкүндігінен наурыздың бірінші онкүндігіне дейін жауын-шашын нормадан аз болды (73-92 мм). Қар жамылғысының биіктігі нормадан аз болуына байланысты тау бөктеріне түскен жауын-шашын көлемі төмен болып, Түркістан ауылдық округіне қарасты тәлімі егістік алқаптарға себілген ауылшаруашылық дақылдарының шығымы көңіл көншітпеді. Соның салдарынан алынған өнім көлемі де өте төмен болды. Негізінде ауылдық округ бойынша 75 шаруа қожалығына тиесілі 13 734 гектар тәлімі егістік алқап бар. Оның ішінде бүгінгі күнде 13 319 гектарына ауылшаруашылық дақылдары егілуде. Атап айтқанда 1 352 гектарына күздік бидай, 6 322 гектарына жаздық арпа, 380 гектарға жаздық бидай, 2 419 гектар мақсары егілсе, одан бөлек 2 846 гектарды көпжылдық шөптер алып жатыр. Осының ішінде 10 500 гектар алқапта ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігі төмен болды. Мысалы, 1 500 гектар бидай мен 5 200 гектар арпа және 3 800 гектар мақсарының түсімі ойдағыдай болмады. Анығын айтқанда, 10 500 гектардың 6 900 гектары оруға жарамсыз. Нәтижесінде былтыр жиналған өніммен салыстырғында биыл бидай 3 402 тоннаға, арпа 3 875 тоннаға, мақсары 120 тоннаға кем болды. Аудан экономикасын алға жетелейтін басты бағыт, әрине, ауылшаруашылығы саласы екені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауылшаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажеттігі атап көрсетілді. Сондықтан саладағы жұмысты ширатуға барынша басымдық берілуде. Қазіргі таңда ауданымызда тіркелген 1 542 шаруа қожалығының 1 421-і белсенді жұмыс атқаруда. Шаруашылықтарға 533 442 гектар жайылымдық, 34 230 гектар шабындық және 25 031 гектар егістік жер берілген. Бүгінге дейін егіс алқаптарының 23 149 гектарына дақылдар егіліп, 93 пайызы толығымен игерілді. Сол сияқты тәлімді егіс алқаптарына 1 724 тонна тұқым себу қамтамасыз етілді. Шаруа қожалықтар тарапынан 1 858 тонна минералды тыңайтқыштар сатып алынды. Оның құнының 50 пайызы субсидиялауға жатады. Шаруашылықтар 1 030 тонна жеңілдетілген дизель отынына қол жеткізді, 1 литрдің бағасы 254 теңге, бұл нарық бағасынан 15 пайызға төмен. Шаруа қожалықтарымыз биыл мемлекеттік бағдарламалар аясында лизингке жаңадан 18 трактор және 18 қосалқы техника сатып алды. Жыл соңына дейін аудандағы техникалардың 6,5 пайызын жаңарту көзделіп отыр. Несиелендіру жұмыстарына тоқтала кетсем, «Саудакент несие серіктестігі» арқылы 21 шаруа қожалыққа 155,3 миллион теңге қаржы берілді. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында 305 миллион теңгеге 42 жоба несиелендірілді. Алдағы уақытта 74,9 миллион теңгеге қосымша 7 жобаны қаржыландыру күтілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы аудандағы игерілмей жатқан 13 000 гектар жайылымдық жерді кері қайтару жоспарланса, бүгінгі күнге 15 146 гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне өтіп, жоспар 117 пайызға орындалды. Аудан бойынша жайылымдық жер жетіспеушілігі мәселесі толықтай шешілген. Бұдан бөлек, биыл аудан көлемінде комплексті ветеринарлық нысандардың құрылыстары жүруде. Атап айтқанда, 5 ветеринариялық пункт, 8 мал емдеу орны (раскол) және 8 мал шомылдыру орны (купка) салынуда. Аталған жұмыстарға 238 миллион теңге қаржы жұмсалатын болады. Осы жылғы ауқымды жобалардың бірі ретінде, Жаңаталап, Байқадам, Игілік және Жайылма ауылдық округтеріне қарысты 10 канал қайта жаңғыртудан өтеді деп отырмыз. Жоба құны 11 миллиард теңгені құрайды. Жоба «Ислам даму» банкі арқылы қаржыландырылып, жыл соңына дейін тиісті жұмыстар басталатын болады, – дейді Сәкен Үмбетұлы.

 

ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ ӨСКЕН

Президент аталған Жолдауында елімізге қомақты инвестиция тарту міндетін де қойған болатын. Бүгінде Сарысу ауданында инвестиция тарту саясаты ерекше қарқын алып келеді екен. Негізгі капиталға 104 миллиард 676 миллион теңгеге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 295,6 пайызды құрапты. Аудан әкімі бұл бағытта ірі кәсіпорындармен жұмыс одан әрі жалғастырылатынын айтады.

Ауданда мемлекеттік құрылыс пен тұрғын үй саясатын іске асыру мақсаты басты назарға алынған. Мысалы, 10 айдың қорытындысымен құрылыс жұмыстарының көлемі 27 миллиард 670,2 миллион теңгеге немесе нақты көлем индексі 148 пайызға орындалған. Ал пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 18 282 шаршы метрді құрап, көрсеткіш 101,8 пайызға артыпты.

– Жүргізіліп жатқан жұмыстардың арасында ауданда тұрғын үй қоры бойынша бірқатар игі істер атқарылды. Бүгінде республикалық бюджеттен 1,8 миллиард теңге қаражат бөлініп, аталған қаржыға Жаңатас қаласындағы 1- шағынаудандағы №45 80 пәтерлі үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сол секілді 6-шағынауданнан 5 қабатты 60 пәтерлі жаңа үйдің құрылыс жұмыстары басталды. Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген «Көлік-логистиканы одан әрі дамыту» бағыты аясында ауданымызда бірқатар нақты жұмыстар атқарылуда. Осы жылы Шығанақ және Қамқалы ауылдары арасындағы облыстық маңызы бар 17 шақырым жолға жөндеу жұмыстары толық жүргізіліп, қазіргі таңда ол нысан пайдалануға берілді. Мердігер «Тараз Көлік Жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 715 миллион теңгелік жобаны сәтімен жүзеге асырды. Сондай-ақ Саудакент және Жайылма ауылдары арасындағы облыстық маңызы бар 11 шақырым жолды жөндеуге 715,9 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылып, бүгінде  жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жолдың 5 шақырымы биыл  жөнделіп, қалған 6 шақырымын жөндеу жұмыстарын келер жылы аяқтау көзделіп отыр. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 20,2 миллион теңгеге Ұйым ауылындағы Сырлыбаев көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудан халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған аса маңызды шаралардың бірі – елді мекендерді газдандыру. Сарысу ауданының 14 елді мекенін, оның ішінде Жаңатас қаласын табиғи газбен қамту мақсатында 2 ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Облыс әкімінің қолдауымен газ тарту жұмыстарына 3,9 миллиард теңге қаржы бөлініп, мердігер тарапынан құбыр тарту жұмыстары қолға алынды. Бүгінгі күнге Жаңатас қаласының 25,8 мың тұрғынын қосқанда 14 елді мекендегі 39 582 адамды табиғи газбен қамту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аталған жоба бойынша 13 елді мекенге, яғни Жаңатас қаласынан басқа ауылдардың сыртқы және ішкі құбырлары жүргізілді. Алдағы жылы аудан тұрғындарының игілігіне көгілдір отын беріліп, газбен қамту деңгейі 76 пайызға, ал халық санымен есептегенде 94 пайызға жететін болады. Бұл шалғайда орналасқан біздің Сарысу ауданы жұртшылығы үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған аса үлкен қамқорлық деп есептейміз. Жаңатас қаласы бойынша 13 шкафтық газ реттегіш пункті орнатылуы тиіс. Оның төртеуі шағынаудандарда, ал қалған 9-ы жеке секторда орналасатын болады. Бүгінде жеке секторға 7 шкафтық газ реттегіш пункті орнатылды. Қалған алтауы алдағы уақытта орнатылатын болады. Оның ішінде екеуі Бүркітті, Шанхай аумақтарына және төртеуі шағынаудандарда орналасады. Қала бойынша 1 400-ге жуық жеке секторға газ нүктесі тартылды, мердігер газ құбырларын өз қаржысына тартуда. Аудан халқын таза әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары өз жалғасын тауып келеді. Мысалы, аудандағы барлық елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Қазақстан Республикасының Арнайы мемлекеттік қоры қаражаты есебінен халықты сумен жабдықтау -басты міндеттің бірі. Өйткені сумен жабдықтау нысандарына қатысты Мемлекет басшысының тұрғындарды 100 пайыз ауызсумен қамту жөнінде тапсырмасы бар. Осы тапсырманы орындау шеңберінде бүгінгі күнге Жайылма және Маятас ауылдарында ауызсу жүйесін қайта жаңғырту жобасына 1,6 миллиард теңге қаражат қарастырылып отыр. Оның 1,3 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, 330,4 миллион теңгесі облыстық бюджеттен бөлінді. Құрылыс жұмыстары 2026 жылы басталатын болады, – дейді аудан әкімі.

Ауданда жеке және шағын кәсіпорындардағы бөлшек сауда тауар айналымы 3 миллиард 929,1 миллион теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 100,2 пайызды көрсеткен екен. Бұл көрсеткіштер де аудан нарығында сауданың қызып, тұрғындардың өзара алыс-берісі артып, соның арқасында кәсіпкерлердің табысқа кенеліп отырғанын білдіреді.

 

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР

Аудан әкімі өз сөзінде әрбір мемлекет өзінің болашағы мен келешегін ұрпақтары алған сапалы білімі мен тағылымды тәрбиесінен күтетінін тілге тиек етті. Айтуынша, биыл 617 миллион теңгеге білім беру нысандарына қатысты 5 жоба іске асырылыпты. Мысалы, Тоғызкент ауылындағы «Жанна» балабақшасы блок-модульді газ жүйесіне ауыстырылып, жобаға 16 миллион теңге жұмсалған. Шағалалы орта мектебі де құны 12,3 миллион теңгелік жоба арқылы блок-модульді газ жүйесіне көшкен. Қала тұрғындары тарапынан жиі көтеріліп жүрген «Болашақ» бөбекжай-бақшасының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары 355 миллион теңгеге жүргізіліпті. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында Б.Қашқынбаев және Ш.Датқа мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жоба құны 233 миллион теңгені құрапты.

Аудан халқының денсаулығын жақсарту мен сапалы ем қабылдауларына барлық жағдай жасау бағытында да біршама жұмыстар атқарылуда. Осы жылы 156 миллион теңгеге Саудакент ауылындағы емхана ғимаратының жылу жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. 2025 жылы 16 миллион теңгеге қан қысымдарын тұрақты бақылауға арналған 2 «Смад» аппараты, 24 сағат бойы жүрек жұмысын бақылуға арналған 2 «Холтер» аппараты сатып алынған екен. Сол секілді созылмалы өкпе ауруларын тексеруге арналған 1 «Спирометр», медицианалық құрал-жабдықтарды залалсыздандырғаннан кейін қаптауға арналған аппарат, қан құрамы қышқылдық негіздік талдауына арналған аппарат алыныпты.

Сонымен қатар тамыз айында 4 дәрігер жұмысқа қабылданса, оның ішінде, акушер-гинеколог, травматолог, окулист және радиолог дәрігерлер бар.

– Ауданда 257 спорт нысанының екеуі спорт кешені, біреуі стадион. Сондай-ақ 33 спорт зал, 28 футбол алаңы, 179 спорт алаңшасы, 14 кіші зал бар. Жыл ішінде спортшыларымыз халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарға қатысып, 86 алтын, 84 күміс, 145 қола, барлығы 315 медальға ие болды. Бүгінгі күнде 75,5 миллион теңгеге Жаңатас қаласы мен Саудакент, Жайылма, Қаратас ауылында бір-бір. Жаңаарық ауылдық округінде екі спорт алаңшасы орнатылды. Сонымен қатар 7,2 миллион теңгеге Түркістан ауылдық округінде бір алаңша ағымдағы жөндеуден өткізілді. Одан бөлек, жеке кәсіпкер Асхат Баубековтің тарапынан Жаңатас қаласында құны 594 миллион теңгелік «Дене шынықтыру спорт кешенінің» құрылысы жүруде. Құрылыс монтаж жұмыстарының аяқталуы бүгінгі күнге 95 пайызды құрап отыр. Оның құрылыс жұмыстарын мердігер «ЭкспоТехно ПромКЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Аудандағы мәдениет саласына жыл сайын ерекше көңіл бөлініп, түрлі жобалар қолға алынуда. Жыл басынан 771 мәдени іс-шара өткізіліп, 70 мыңнан астам адам қамтылды. Аудан тұрғындарының мәдениет нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті  бюджеттен 21 миллион теңгеге бөлініп, Досбол ауылындағы клуб ағымдағы жөндеуден өткізілді. Еңбек нарығын реттеу арқылы аудан тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Мысалы, биыл мемлекеттік бағдарламалар аясында 1 307 адам жұмыспен қамтылып, 176 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Сонымен қатар, бүгінде 80 адамның әрқайсысына 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 125,8 миллион теңгеге кәсіп бастау үшін қайтарымсыз грант берілді. Сарысу ауданының экономикасын арттыруда жергілікті ірі компаниялар мен инвестициялық жобалардың алар орны ерекше. Өйткені тартылған инвестиция өңірдің дамуына аса зор ықпал етеді. Ауданымыздың өнеркәсіп саласында жұмыс істеп келе жатқан 13 ірі кәсіпорыннан жыл сайын аудандық бюджетке 2,4 миллиард теңге салық түсіп отыр. Бұл қаржы тұтастай аудан халқының тұрмысын арттыру мен жақсартуға бағытталған. Бүгінде ауданда «Еврохим» және «Qazaq Soda» компаниялары зауытының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы зауыт құрылысы жобаларының құны 638 миллиард теңгені құрайды. Жоспарлы түрде аталған зауыттар 2027 жылы толық қуатында іске қосылады деп күтілуде. Зауыттар іске қосылған соң, жалпы 2 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Барлық шаруаның жүйелі жүзеге асырылуы ауданға бөлінген бюджеттің дұрыс пайдаланылуымен тікелей байланысты. Инфрақұрылымға, ауылшаруашылығы техникасын жаңартуға, кәсіпкерлерді қолдауға, жол жөндеу мен су жүйелерін реттеуге бөлінген қаражат өз нәтижесін бере бастады. Жаңатас қаласы мен ауылдық округтердегі көшелер жөнделіп, инженерлік желілер жаңартылды. Әлеуметтік нысандарға жүргізілген күрделі жөндеу де осы қаржының арқасында жүзеге асуда. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы шаруалар субсидия алып жатса, кәсіпкерлер жеңілдетілген несиеге қол жеткізуде. Сол қолдаудың арқасында өндіріс те, ауылшаруашылығы да жұмысын тоқтатпай, алға жылжып келеді. Әсіресе, ауылшаруашылығы, шағын бизнес, өнеркәсіп бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлерге берілген жеңілдетілген несие мен субсидиялар жергілікті экономиканың жандануына әсер етуде. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті табыстың артуына мүмкіндік беруде. Ал кірістің өсуі қайтадан аудандық бюджетке түсетін түсімді көбейтіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруға жол ашуда. Сондықтан экономикалық даму ісі бюджетпен тығыз байланысты деуге толық негіз бар. Анығын айтқанда, Сарысу ауданы қаржыны орнымен жұмсай білгендіктен, экономикамыз біртіндеп жақсаруда. Бюджеттің әр тиыны халықтың тұрмысына әсер ететініндей өз орнымен жұмсалуда. Жалпы Сарысу ауданының әкімдігі мен оның құрылымдық бөлімдері, қала және ауылдық округ әкімдері алдағы уақытта да аталған бағытта жұмысты жалғастыра беретін болады. Біз, өз кезегімізде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берілген тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламаларды орындау бағытындағы тиісті жұмыстарды барынша атқаратын боламыз – дейді С.Мамытов.

Расында да бюджет қаржысы тиімді жұмсалған жағдайда ғана халықтың тұрмыс сапасы жақсаратыны анық. Сарысуда жүргізіліп жатқан әр жоба болашақтың қамы десек болады. Сол себепті ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен қаржы тәртібінің дұрыс үйлесуі өңірдің тұрақты дамуына негіз болып отыр.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Жаңғырудың жаңа кезеңі
Алдыңғы мақала
Жаңғырудың жаңа кезеңі

Ұқсас жаңалықтар