Жаттығу кезінде аязы қытымыр маусымның нақты жағдайына барынша жақын ортада құтқарушылардың төтенше оқиғаларға дайындығы тексерілді. Боран, көрінудің нашарлауы, қардың қалың жаууы секілді табиғи құбылыстардың жыл сайын тұрғындар үшін қауіп төндіретіні белгілі. Сондықтан мұндай оқу-жаттығулар әр әрекетті алдын ала пысықтауға септігін тигізеді.
Алдымен жағдай талданып, құтқарушыларға түрлі тапсырмалар жүктелді. Маңыз берілген бағыттардың бірі – қыста жиі қар құрсауы кездесетін аумақтарды зерттеу. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аға инженері Нұржан Тілеубердиев азаматтық қорғау қызметтеріне осы учаскелердің ерекшеліктерін түсіндіріп, қажет жағдайда шұғыл әрі нақты жұмыс істеу тәсілдерін көрсетті. Әр аймақтың жер бедері әртүрлі болғандықтан, тәжірибе алмасу да үлкен пайда әкелді.
Жиында тәжірибелік жаттығуларға да ерекше көңіл бөлінді. Сценарийге сәйкес мамандар көрінуі шектеулі және қатты суықта автокөліктегі шартты өртті сөндірді. Қауіп аймағынан адамдарды шығару кезеңінде барлық қауіпсіздік талаптары сақталып, іс-қимылдар үйлесімді атқарылды.
Сол секілді нақты іс-қимылдар арқылы зардап шегушіні қауіпсіз жерге жеткізу ісі де пысықталды. Ол үшін жолсыз жерде жүре алатын шынжыр табанды техника пайдаланылды. Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері шұғыл тексеру жүргізіп, алғашқы көмек көрсетіп, зардап шеккен адамды ары қарай тасымалдауға дайындады.
Жаттығудың соңында құтқарушылар қыс кезінде қолданылатын жедел әрекет ету техникаларын таныстырды. Олардың қатарында жоғары өтімді арнайы көліктер мен эвакуациялау және салдарды жоюға арналған жабдықтар көрсетілді.
Сап түзеу кезінде оқу-жаттығудың нәтижесі қорытындыланып, бөлімшелердің дайындығы мен өзара әрекеттестігінің деңгейі бағаланды. «Қыс – 2025» барысында жинақталған тәжірибе өңірлік құтқару қызметтерінің ынтымақтастығын нығайтып, халықтың қауіпсіздігін арттырды.
Қайғылы жағдайды болдырмас үшін алдын алу мақсатындағы жаттығулардың рөлі зор екені анық. Осы орайда облыс құтқарушылары профилакикалық жұмыстарға көп көңіл бөледі. Мәселен, төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының қызметкерлері жуырда тараздық тұрғындар үшін өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникасының тақырыптық көрмесін ұйымдастырды. Іс-шара Асқар Тоқпанов атындағы драма театрдың фойесінде спектакль басталар алдында өтіп, келген қонақтардың үлкен қызығушылығын тудырды. Келушілер арнайы техниканы жақыннан көріп, мамандарға сұрақтарын қойып, әрбір техникалық жабдықтың шынайы жағдайда қалай қолданылатыны туралы мәлімет алды.
Жиынның басты мақсаты – халықтың өрт қауіпсіздігі ережелері туралы хабардарлығын арттыру және төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелеріне назар аударту. Құтқарушылар қонақтарға тұрмыста сақтық шараларын, өрт болған жағдайда әрекет ету тәртібін және жедел қызметтерді уақытылы хабардар етудің маңызын түсіндірді.
Сол секілді Тараз қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері үшін «Ашық есік» күнін ұйымдастырды. Іс-шара барысында балаларға өрт сөндіру техникасы таныстырылып, арнайы құрал-жабдықтардың жұмысы көрсетілді. Құтқарушылар өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, төтенше жағдайда қалай әрекет ету керектігін айтты. Балалар от жауынгерлерінің киімін киіп көріп, өрт сөндіру көліктерімен танысып, сұрақтарына жауап алды.
Мұндай жұмыстар аудандарда да жалғасын тапты. Айталық, Байзақ аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері «ҚазТрансГазАймақ», аудандық электр жүйесі мекемесі және аудандық жастар ресурстық орталығының мамандарымен бірлесіп Сарыкемер ауылының тұрғын үйлерінде өрт қауіпсіздігі бойынша сенбілік өткізді. Іс-шара барысында азаматтарға электр сымдары мен розеткалардың жарамдылығын тексеру, пеш пен плитадағы тамақты қараусыз қалдырмау, балаларды отпен ойнаудан сақтандыру, тұрмыстық өрт қауіпсіздігін сақтау және улы газдың қаупі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Құтқарушылар мұндай түсіндіру жұмыстары судағы жазатайым оқиғаларды азайтуға және халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ



