– Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын. Бұл – әлемде кеңінен тараған парламенттік рәсім. Осылайша, Мәжілістің қазіргі құрамы барлық заңдық рәсімдер аяқталғанша өз ісімен айналыса береді. Сенат жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығып, жаңа Парламент сайлауы өткенге дейін алаңсыз жұмыс істейді. Ал саяси партиялардың бәсекелі тартысқа дайындалуына уақыты болады. Депутаттарымыз нағыз мемлекетшіл азамат ретінде бұл мәселеге зор жауапкершілікпен әрі түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Түптеп келгенде, саяси реформалардың бәрі еліміздің біртұтас институционалды жүйесінің ажырамас бөлігіне айналады, – деп атап көрсетті.
Бұл бастама Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысында да кеңінен талқыланды. Алқалы жиынға қатысып, сөз сөйлеген Президент Парламенттік реформаның еліміздің алдында тұрған аса маңызды, жауапты жұмыс екеніне баса назар аударды.
– Бір палаталы Парламент құру туралы бастама инновациялық саяси шешім болды. Қазір ел ішінде, әлеуметтік желіде түрлі ой-пікірлер айтылуда. Басым көпшілігі мұны «әбден пісіп-жетілген мәселе» деп санайды. Тіпті, «Халықтың көбі қолдаған бастаманы талқылап, референдум өткізудің қажеті жоқ» деген ойлар да айтылып жатыр. «Реформаны созудың қажеті жоқ, таяу арада қысқа мерзім ішінде жасай салуға болады» деген пікірлер де бар. Шын мәнінде, қай жағынан алып қарасақ та, мәселе өте өзекті. Азаматтарымыздың әртүрлі пікір айтып, белсенді болғаны – жақсы үдеріс. Дегенмен парламенттік реформа – аса күрделі жұмыс. Асығыстыққа жол беруге болмайды. Себебі, бұл – еліміздің тағдырын шешетін жағдай. Бұл – мемлекеттің болашағына тікелей ықпал ететін қадам. Мұндай маңызды шешім кең ауқымды талқылау арқылы қабылдануға тиіс. Қазақстан – халық үніне құлақ асатын Әділетті мемлекет. Бұл – мызғымас ұстаным, – деді Мемлекет басшысы.
Расында да, қазір парламенттік реформа туралы әралуан пікірлер айтылып жүр. Бұл тұрғыда Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғаны белгілі. Әр саланың өкілдері қоғам өкілдері тарапынан жинақталған талап-тілектерді жинақтай келе, нақты ұсыныстарын беретін болады. Осы орайда аталған жұмыс тобының мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақтың парламенттік реформа туралы пікірі кім-кімді де бейжай қалдырмайтындығы сөзсіз.
– Жұмыс тобының құрамына мемлекеттік басқару жүйесінің өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, білікті заңгерлер, қоғам және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, сондай-ақ танымал саясаттанушылар мен ғылыми қауымдастық өкілдері енді. Бұл жерде айта кететін жайт – еліміз қазіргі таңда саяси жаңғырудың жаңа кезеңін бастан өткеріп жатыр. «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы стратегиялық бағдар айқындалды. Жаңа саяси және құқықтық институттар қалыптасуда. Сонымен бірге қоғам өмірінде де елеулі өзгерістер байқалады – қазақстандықтардың азаматтық белсенділігі мен саяси мәдениеті артып келеді. Осыған байланысты мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту, оның тиімділігін арттыру – бүгінгі уақыт талабы. Ең маңызды ұстанымдардың бірі –Парламенттің құрылымын оңтайландыру мәселесі. Бұдан біз не күтеміз? Ең алдымен, билік тармақтарының өзара тиімді жұмыс істеуін, оның нәтижелілігін, сондай-ақ парламенттік реформаның нәтижесінде демократиялық институттардың нығаюын және халық өкілдігінің тетіктерінің жетілдірілуін күтеміз. Осы реформаның нәтижесінде мемлекеттік басқару тиімділігі артып, заң шығару процесінің ашықтығы қамтамасыз етілуі тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік басқарудағы шығындарды азайту да басты мақсаттардың бірі, –дейді депутат.
Сонымен қатар ол парламенттік реформа бойынша Конституция мен өзге де бірқатар заңдарға енетін өзгерістер бойынша да өз ұстанымын білдірді.
– Конституцияның өміршеңдігі –оның заман талабына сай икемделе алу қабілетінде. Осы өзгерістерге мемлекеттің дайын немесе дайын еместігі туралы айту үшін, ең алдымен елімізде болып жатқан үдерістерге дұрыс баға бере алуымыз қажет. Біз әділетті Қазақстан құру жолын таңдадық және оған нақты стратегиялық бағыттар қойдық. Енді осы бағыт бойынша жұмыс жүргізу барысында жаңа саяси және құқықтық институттар қалыптасып жатыр. Олардың нәтижесі белгілі бір деңгейде мемлекеттік басқару жүйесін жаңартуға және оның тиімділігін арттыруға ықпал етпек. Сөзсіз, қоғамда белгілі бір өзгерістер болған сайын, ол өз өміріне жаңа міндеттер мен жаңа талаптар қояды. Ал бұл жаңа міндеттер мен талаптар өз кезегінде жаңа өзгерістерді туындатады, бұл – заңдылық. Сондықтан Парламенттік реформа да әлі де сұрыпталып, сарапталып, терең зерттелетін болады. Бұл үдеріске қатысты әр пікір мен ұсыныс жан-жақты сараптамадан өтеді. Кез келген ой мен ұстаным мұқият зерделеніп, содан кейін ғана нақты өзгерістер енгізіледі. Сондықтан егер қоғам осы өзгерістерді қабылдауға толық дайын болмаса немесе белгілі бір нәзіктік байқалса, сол жағдайға икемдеп бейімдейтін амал-тәсілдер де қарастырылатын болады, – деді халық қалаулысы.
Қазіргі таңда Мәжілісте парламенттік реформаны талқылау жұмыстары жалғасып жатыр. Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Магеррам Магеррамовтың айтуынша, жұмыс тобына қазірдің өзінде 300-ге жуық ұсыныс келіп түскен.
Депутаттың айтуынша, бір айдан бері азаматтар, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар реформаның мазмұнына қатысты өз пікірлерін жолдаған. Алдағы өзгерістердің басты мақсаты – мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын күшейту және біртіндеп көппартиялы бірпалаталы парламент қалыптастыру.
– Қазақстан Халық партиясы да өзінің ұсыныстар пакетін жолдап, ортақ іске үлес қосты. Қоғам өкілдерінің реформаны талқылауға қатысуы – ел дамуының бағытын бірге айқындауға мүмкіндік беретін нағыз демократиялық процесс. Бұл тәсіл түрлі әлеуметтік топтардың мүддесін ескеруге жол ашады, –М.Магерраммов.
Айта кету керек, e-Otinish мемлекеттік платформасы мен Egov сервисінде «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі іске қосылған. Бүгінде азаматтар мен қоғам белсенділері байыпты бастамаға байланысты өз ұсыныстарын жолдауда. Мұның өзі елімізде азаматтық қоғам институтының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
Асан Тілемісов



