ӨНДІРІС ӨРГЕ БАСЫП КЕЛЕДІ
Өңіріміз экономиканың негізгі бағыттары бойынша тұрақты өсім көрсеткен. Облыстың жалпы өңірлік өнімі 7,9 пайызға артса, осы жылдың 10 айында қысқамерзімді экономикалық өсім 109,8 пайыз деңгейінде қалыптасыпты. Мәселен, өнеркәсіп өнімінің көлемі 17, ауылшаруашылығы – 3,1, құрылыс жұмыстары – 18,8, тұрғын үй – 1,7, сауда – 0,5, көлік – 2,9, байланыс – 9,4, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 38,3 пайызға ұлғайған. Аймақ басшысының сөзіне сүйенсек, неркәсіп өндірісінің өсу қарқыны бойынша облыс республикада үшінші орыннан, ал өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бойынша бесінші орыннан көрінген.
– Өнеркәсіп өнімі өндірісінің шамамен 63 пайызы өңдеу секторына тиесілі. Ондағы кәсіпорындармен республика бойынша 100 пайыз натрий триполифосфаты, натрий цианиді, аммофос, сары фосфор және 40 пайыз қант өндіріледі. Жыл басынан бері салаға 203,8 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, өңдеу өнеркәсібі өнімінің экспорты 1,5 есеге ұлғайды, бұл ретте облыс республика бойынша бірінші орынға тұрақтады. Жыл басынан бері облыс экономикасына 553,6 миллиард теңге инвестиция тартылса, оның 82 пайызы жекеменшікке тиесілі қаражат. Инвестициялардың жалпы көлеміндегі жеке инвестициялар үлесі бойынша облыс көшбасшылардың бестігінде тұр. Өңірге тартылған инвестиция көлемінің өсу қарқыны бойынша облыс республикада үшінші орыннан көрінді. Облыста 2029 жылға дейін жүзеге асырылатын инвестициялық портфель түзілді. Ол жалпы құны 4,1 триллион теңгені құрайтын 62 жобадан тұрады. Бұл жобалар аясында 8,3 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Оның ішінде құны 2,6 триллион теңгелік 12 жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылмақ. Осы жылдың соңына дейін 161 миллиард теңгеге 1,1 мың жұмыс орны құрылатын 26 инвестициялық жоба іске асырылады. 2025 жылғы 10 айда 21 миллиард теңгеге 10 жоба іске асырылып, 282 жұмыс орны құрылды. Облыста соңғы жылдары бірқатар ірі инвестициялық жобалар қолға алынуда. Осыған тоқталып өтер болсам, олардың құрылысы мен іске қосылу кезеңдері жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Солардың ішінде ең алдымен еліміз үшін бірегей жоба саналатын «SHENGTAI BIOTECH CO. LTD» («Fufeng Group») компаниясының жылына 3 миллион тоннаға дейін жүгеріні терең өңдейтін зауытын атап өтуге болады. Құны 800 миллиард теңгені құрайтын бұл өндіріс орны 1,5 мың адамды жұмыспен қамтиды. Өңдеу өнеркәсібін дамытатын тағы бір маңызды бастама – «YONGGANG IRON AND STEEL GROUP CO., LTD» компаниясының («Fujian Hengwang Investment») металлургиялық зауыты. Бұл кәсіпорын жылына 3 миллион тоннаға дейін металл прокатын өндіреді. Құны 674 миллиард теңгелік жобада 2,5 мың жұмыс орны ашылады. Агрохимия саласындағы ең ірі жобалардың бірі – «Еврохим Удобрения» кешені. Жыл соңында зауыттың күкірт қышқылын өндіретін бірінші кезеңі іске қосылмақ. Ал келер жылы жылына 1 миллион тонна күрделі тыңайтқыш шығаратын өндіріс орны өз жұмысын бастайды. Жобаның жалпы құны 536 миллиард теңге болса, осы арқылы 800-ге жуық жұмыс орнын құру қарастырылған. Бұдан бөлек, өңірде қант саласына серпін беретін «ZHONGKAI KAZAKHSTAN INTERNATIONAL SUGAR INDUSTRY COMPANY» компаниясының заманауи қант зауытының құрылысы жүріп жатыр. Бұл кәсіпорын жылына 1 миллион тонна қызылшаны өңдеп, 130 мың тонна қант өндіреді. 108 миллиард теңгелік жоба аясында 350 адам еңбек етеді. Химия және құрылыс салалары үшін маңызды өнім шығаратын «QAZAQ SODA» зауыты да өңір экономикасына зор үлес қосады. Жылына 1 миллион тонна кальцийлендірілген сода өндіретін аталған жоба 200 миллиард теңгеге бағаланып отыр және 300 адамды жұмыспен қамту көзделген. Ал Қордай ауданында орналасқан «Шокпар-Гагаринское» кен орнында жылына 500 мың тонна алтынды кен өндіретін тау-кен байыту комбинаты салынып жатыр. Құны 47 миллиард теңгеге жететін өндіріс іске қосылғанда 400 жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар жылына 25 мың тонна натрий цианидін өндіретін «Altynalmas Reagents» зауытының құрылысы жүруде. Құны 68 миллиард теңге болатын бұл кәсіпорында 100 адам еңбек етеді. Осы қатарда «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» компаниясының жылына 30 мың тонна сутек пероксидін шығаратын зауыты да бар. Жоба құны 30 миллиард теңгеге бағаланса, ашылатын жұмыс орны – 100. Жаңартылатын энергия көздері бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Total Eren» компаниясы қуаттылығы 1 гигаватт болатын энергия сақтау жүйесімен жабдықталған жел электр стансасын салып жатыр. 620 миллиард теңгелік жобада 200 жұмыс орнын ашу көзделген. Дәл осындай қуаттылыққа тең тағы бір жел электр стансасын «Masdar» компаниясы жүзеге асыруда. Бұл жобаның құны 728 миллиард теңге, 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Осы аталған ірі жобалардың өзі облыс экономикасына жалпы көлемі 3,8 триллион теңгеден астам инвестиция тартуға мүмкіндік беріп отыр, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Облыс әкімінің айтуынша, жоғарыда аталған жобалардың басым бөлігі «Jibek Joly» арнайы экономикалық аумағында және «Тараз» индустриялық аймағында орналасқан. «Jibek Joly» арнайы экономикалық аумағының жалпы ауданы 905 гектарды құрайды. Бүгінде оның аумағын 1,2 мың гектарға дейін кеңейту жоспарланып отыр екен. Мұнда жалпы құны 1,6 триллион теңгені құрайтын 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Онда 5,2 мың жұмыс орны құрылмақ. Оның 8-і бойынша қазіргі уақытта 975,7 миллиард теңгеге құрылыс жұмыстары басталыпты. Қалған жобалар жобалау сатысында тұр. Мәселен, жалпы құны 29,2 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба толық пайдалануға беріліпті. Оның ішінде «ХИМ-плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі глифосат (гербицид) өндірсе, «КПМ Пласт» ЖШС «ПЭ-100» маркалы полиэтиленнен құбырлар мен шлангтар шығарады екен. «C9 Technologies» ЖШС этикеткалар мен чек ленталарына арналған пластмасса втулкаларын жасайды. «Chemical Engineering» ЖШС аммоний бифторидін өндірсе, «ЭкоБәйшешек» ЖШС өндірістік ғимараттар салумен айналысады. «КазТрубЗаводСН» ЖШС «НПВХ» құбырларын шығарады.
Ал «Тараз» индустриялық аймағында құны 113 миллиард теңге болатын 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. Бұл жобалардың нәтижесінде шамамен 1300 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінде сол жоспардың алғашқы бөлігі орындалып, 11,3 миллиард теңгенің 9 жобасы іске қосылса, нәтижесінде 200 адам жұмыспен қамтылған. Пайдалануға берілген жобалардың қатарында натрий пиросульфитін өндіретін «Karatau Chemicals» ЖШС мен асфальт-бетон эмульсиясын шығаратын «JetiBulaq» ЖШС зауыттары бар. Сондай-ақ «АсқарТау НС» ЖШС асфальт-бетон қоспасын, битум эмульсиясын және қиыршық тас дайындаса, «KazGeoEnergy» ЖШС әк өндіреді. «ТаразЦементСтрой» ЖШС және «I CONS» ЖШС өндірістік ғимараттар салса, «Dala Glass» ЖШС шыңдалған шыны, «Dn Group» ЖШС есік және фиброцемент тақталарын өндіруге ден қойған.
ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТЕ СЕРПІН БАР
Брифингте облыс әкімі шағын және орта бизнес саласына ерекше мән беріп, оның дамуына барлық жағдай жасалып жатқанын тілге тиек етті. Бизнесті дамыту үшін облыстағы екінші деңгейлі банк және микроқаржы ұйымдары арқылы 32,5 мың кәсіпкерге 289,8 миллиард теңге несие беріліпті.
Үлестірілген несиелердің ішінен мемлекеттік бағдарламалар аясында 52,1 миллиард теңгеге 1218 жоба іске асырылыпты. Нәтижесінде, шағын және орта бизнес субъктілері арқылы шығарылған өнім көлемі 18,1 пайызға ұлғайса, бұл 765,5 миллиард теңгеге тең қаражат. Осы жылдың 1 қарашасына жұмыс істеп тұрған субъектілер саны облыста 109,1 мыңды құраса, онда 165,4 мың адам еңбек етуде. Шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы қосылған құны 348,2 миллиард теңгені, жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 22,5 пайызды құраған.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен шағын және орта бизнесті дамыту үшін жалпы ауданы 40 мың шаршы метр өндірістік жайлары бар шағын өнеркәсіптік аймақтар құрылып, онда 1,7 миллиард теңгеге 3 жоба жүзеге асырылыпты.
– Ауылшаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 458,5 миллиард теңгені құрады. Егіншаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 640 мың гектарға жетті. Өңірде 3,3 миллион тонна өнім жиналса, оның ішінде 283 мың тоннасы масақты дәнді дақылдар, 31,3 мың тоннасы майлы дақылдар, 1,3 миллион тоннасы көкөніс, 207 мың тоннасы картоп, 389 мың тоннасы бақша дақылдары. Қант қызылшасы алқабының 88,1 пайызы жиналып, 207 мың тонна өнім алынды. Орташа өнімділік гектарына 483 центнерді құрап отыр. Қант қызылшасын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 6,9 миллиард теңге қаралып, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 5,3 миллиард теңге бөлінеді деп күтілуде. Облыста 762 ауылшаруашылық техникасы сатып алынды. Оның 348-і өздігінен жүретін болса, 414-і аспалы және тіркемелі техника. Нәтижесінде, ауылшаруашылық техникасын жаңғырту деңгейі 5,6 пайызды құрады. Малшаруашылығында тірі салмақтағы ет өндірісі – 2,7 пайызға, сүт 1,6 пайызға артты. 888,7 мың тонна ауылшаруашылығы өнімі экспортталса, оның ішінде 410 мың тонна пияз Ресей, Қырғызстан, Пәкістан, Өзбекстан, Әзербайжан елдеріне жөнелтілді. Пияз экспорты бойынша біздің облыс көшбасшы болып отыр. 61,8 мың гектар пайдаланылмаған ауылшаруашылығы бағытындағы жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2025 жылы 3,2 миллиард теңгеге 437 жоба қаржыландырылды. Облыста 66,5 мың гектар егіс алқабына су үнемдеу технологиялары енгізілді. Өңірдің Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Шу аудандарында 37,2 миллиард теңгеге 625 шақырым болатын 322 су нысаны қайта жаңартылуда. Су саласын дамытудың Кешенді жоспары аясында 184 миллиард теңге есебінен 2029 жылға дейін Ислам даму банкі арқылы 11 жаңа су қоймасын салу, 3 су қоймасын қайта жаңарту және 312 каналды жөндеу жоспарлануда. Облыста су үнемдеу технологияларын қолдануды кеңейту аясында бірқатар жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, «AKPLAS KAZAKHSTAN» компаниясының құны 10 миллиард теңгені құрайтын тамшылатып суару қондырғыларын шығару зауытының құрылысы аяқталуда. Тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері, яғни суару құбырлары және фитингілер, «ПВХ» және төмен қысымды полиэтилен құбырлары, сүзу жүйелері, дискілі сүзгілер, сепараторлар шығаратын зауытты іске қосу келер жылдың алғашқы тоқсанына жоспарланған. Бұл жылына 200 мың гектарды суару қондырғыларымен қамтуға мүмкіндік береді. «Каз Каспи Гидро Сельхоз Технология» ЖШС тарапынан 2,8 миллиард теңгеге тамшылатып суару жүйесінің өндірісі іске қосылды. Өндіріс жылына 12 мың гектарды суару қондырғыларымен қамтуға мүмкіндігін береді. Өңірде тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, жаңа алқаптар мен шағынаудандар салынуда. Жыл басынан бері 586,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2 190 пәтерлі 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1200 пәтерлі 20 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланса, бұған дейін 540 пәтерлі 10 тұрғын үй ел игілігіне ұсынылды. Сонымен қатар көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 710 пәтер сатып алу көзделуде. «Әулиеата жастары» бағдарламасы аясында 140 жас отбасы баспанамен қамтылды, – деді Е.Қарашөкеев.

Елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – маңызды мәселелердің бірі. Ағымдағы жылдың соңына дейін 13,9 миллиард теңгеге 24 ауылдық елді мекен және Тараздағы – 5, Шу қаласындағы – 4, барлығы 9 тұрғын алқап ауызсумен қамтамасыз етілмек. Тарқата айтқанда, республикалық бюджеттен бөлінген 3,9 миллиард теңге мен облыстық бюджеттен қаралған 3,7 миллиард теңге және арнайы мемлекеттік қор есебінен берілген 6,3 миллиард теңгеге 20 сумен жабдықтау нысаны құрылысы, 4 кешенді-модульдік блоктарды орнату жұмысы жүргізілетін көрінеді. Нәтижесінде сапалы ауызсумен қамтамасыз ету деңгейін 100 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда.
Елді мекендерді газдандыру жұмысына қатысты облыстың 6 ауданында 20,5 миллиард теңгеге 14 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде газбен жабдықтау деңгейі тұрғындар санына шаққанда 91,3 пайыздан 91,8 пайызға дейін жетеді. Облыс қалаларында жылу желілерінің ұзындығы 350,7 шақырым болса, оның тозу деңгейі –54 пайыз. Осы жылы Тараз қаласында М-1 негізгі жылу магистралін жаңғырту және жаңа шағынауданда жылу желілерін кеңейту бойынша тиісті жұмыстар аяқталыпты. Қаратау қаласында мазут және орталық қазандықтар қайта жаңғыртудан өтіпті. Сонымен қатар Тараз қаласында М-3 жылу желілерін жаңарту жүргізіліп, жоспарланған 1,4 шақырымның 0,7 шақырымында жұмыстар аяқталған екен. Нәтижесінде жыл қорытындысымен жылу желілерінің тозу деңгейі 53 пайызға дейін төмендемек.
Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10 мың шақырым болса, осы жылы автожол саласында 182 жобаны іске асыруға 28 миллиард теңге бөлініпті. 460,2 шақырым жолға құрылыс, қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Нақты айтқанда, 17,7 шақырым жолдар салынып, 8 шақырым қайта жаңғыртылған және 434,5 шақырым жол орташа жөндеуден өткен. Жыл қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдар үлесі 99,5 пайызға, ал көше-жол желісі 89 пайызға жеткізіледі деп күтілуде.
ТАРАЗ ҚАЛАСЫ ТҮЛЕЙДІ
Аймақ басшысы еліміздегі БАҚ өкілдерін Тараз қаласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысынан да хабардар етіп, қала инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру секілді негізгі бағыттар бойынша іске асырылып жатқан маңызды жобаларға тоқталды.
– Тараз қаласында Абай даңғылының бойында теміржол арқылы өтетін автомобиль қозғалысына арналған жол өткелі болатын көпір құрылысы жалғасып жатыр. Жобаны іске асыру Тараз қаласының тұрғындары үшін көлік логистикасын едәуір жақсартуға, автокөлік қозғалысының тиімділігін арттыруға және тұрғындар үшін көлік қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа тұрғын үй алқаптарының қала орталығымен көлік байланысын қамтамасыз ету үшін 50 шақырым асфальтталған автомобиль жолдары салынып, ұзындығы 10,3 шақырымды құрайтын 3 көше қайта жаңғыртылды. 35,3 шақырым жаяу жүргінші жолдары жабдықталып, 49,6 шақырым суару арықтары жөнделді. Соңғы екі жылда 271 заманауи автобустар сатып алынып, Тараз қалалық автокөлік паркі 82 пайызға жаңартылды. Ғимараттардың сыртқы сәулеттік келбетіне бірегей және заманауи талаптарды қалыптастыру барысында 15 ескі көпқабатты үйлердің сырты қайта жаңғыртылды, көп қабатты үйлердің ауласында 27 балалар ойын алаңшалары орнатылды. 514 аула және 85 көшеге жарық шамдары жүргізілді. Биыл әлеуметтік саланы қамтамасыз етуге 46,6 миллиард теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,1 есеге артық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру бойынша берген тапсырмасы аясында кәсіпкерліктің жаңа бастамаларын қолдау есебінен 16,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бұдан басқа, өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында облыс бойынша 57,3 мың жұмыс орны құрылды, оның ішінде 40,4 мыңы – тұрақты. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 42,8 мың адам қамтылса, оның ішінде 1,1 мыңы мүгедектігі бар азаматтар. Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрайды. Бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 10,2 пайызға артып, 308,1 мың теңгені құрады. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 29,5 пайызға қысқарды. Тараз қаласы мен барлық аудандарда 11 отбасыны қолдау орталықтары ашылып, онда өмірлік қиын жағдайға тап болған 826 отбасыға көмек көрсетілді. Жыл соңына дейін бюджеттен тыс қаржы есебінен Тараз қаласында 200 орындық жаңа белсенді ұзақ өмір сүру орталығын ашу жоспарлануда. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде 25 миллиард теңгеге 26 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Жыл басынан бері барлығы 3550 орынды құрайтын 7 мектеп пайдалануға берілді. Оның төртеуі «Келешек мектептері» жобасы аясында салынса, жыл соңына дейін тағы 7 нысан құрылысы аяқталады. Нәтижесінде 1 үш ауысымды, 3 оқушы орны тапшылығы бар, 3 тозығы жеткен мектептер мәселесі оң шешімін тапты. Жыл соңына дейін 1 апатты, 3 оқушы орны тапшылығы бар, 3 тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешілетін болады. 16 білім нысанын күрделі жөндеуге 11 миллиард теңге бөлінді. «Адал азамат» білім беру бағдарламасы аясында облыстағы 22 мектеп бірыңғай дизайн-кодына (брендбук) көшуді бастады. Облыс оқушылары 16-шы жыл қатарынан республикалық ғылыми жобалар конкурсында «Ең үздік команда» атанып, республикалық олимпиаданың қорытындысымен «Үздік олимпиадалық команда» деп танылды. Бұдан бөлек, ұлттық рух пен патриоттық сананы қалыптастыру үшін жыл соңына дейін өңірде алғаш рет 320 орындық дарынды ұлдарға арналған «Әскери мектеп-интернатын» ашуды көздеп отырмыз. Техникалық және кәсіптік білім беруде инновациялық білім беру технологияларын енгізу үшін Ресейдің Ленинград облысындағы Сосновоборск политехникалық колледжі мен Жамбыл политехникалық колледжі арасында келісімге қол қойылды. Ынтымақтастық Қазақстанда салынып жатқан Атом электрстанциясы үшін жұмысшы кадрлар даярлауға бағытталған. «Рысбаева» жеке кәсіпкерлігінің қаражаты есебінен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледж студенттері үшін Тараз қаласында 120 орындық жатақхана құрылысы жүргізіліп, 46 миллион теңгеге 4 колледжге зертханаға арналған жабдықтар сатып алынды. Осы жылы 4,1 миллиард теңгеге 5 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілуде, оның үшеуі пайдалануға беріледі. 11 қалалық медициналық мекемеге 1,5 миллиард теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның жетеуі пайдалануға берілді. 6 миллиард теңгеге 32 бірлік медициналық жабдықтар, яғни екі-екіден магниттік-резонанстық томограф, компьютерлік томограф, бір-бір ангиограф, ЛОР комбайны және үш цифрлық маммограф сатып алынды. Бұл ерте диагностиканың, жедел жәрдем жұмысының сапасы мен ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде денсаулық сақтау инфрақұрылымының тозу деңгейі 42 пайызға дейін төмендеп, медициналық жабдықпен жарақтандыру деңгейі 92 пайызға дейін жетті. Өңірде ТМД елдерінде аналогы жоқ жасанды интеллектті пайдалана отырып, бірегей жоба іске асырылды. Онда 22 медициналық мекеме бірыңғай радиологиялық ақпараттық жүйеге біріктірілген. Бұл дәрігерлерге және сүт безі қатерлі ісігін ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. 2264 адам тексеруден өтті. Жедел церебральді қан айналымы бұзылыстарын, ишемиялық инсульттің диагностикалауға, оның локализациясы мен зақымдану көлемін бағалайтын дәрігерлерге көмектесу үшін «Серебро» жасанды интеллект жүйесін енгізу жоспарлануда. 562 дәрігер, 4690 орта медицина қызметкері, барлығы 5252 ақ халатты абзал жан оқудан және біліктілігін арттырудан өтті, оның ішінде 12 дәрігер шетелдік клиникаларда оқып келді, – дейді Ербол Қарашөкеев.

ИНТЕРНЕТ САПАСЫ АРТТЫРЫЛУДА
Облыста 3,1 миллиард теңгеге 21 спорт кешенінің құрылысын жүргізу қолға алынып, 3 спорт кешені мен 90 спорт алаңдары пайдалануға беріліпті.
Нәтижесінде халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 70,8 пайызға, денешынықтырумен және спортпен шұғылданатын халық үлесі 41,9 пайызға дейін жеткен. Облыс спортшылары жыл басынан бері түрлі республикалық және халықаралық ресми жарыстарда 1534 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 488-і алтын, 492-сі күміс, 554-і қола. Айрықша атап өтер бір жайт, Токио қаласында өткен дүниежүзілік деңгейдегі XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарына біздің өңірден 12 спортшы қатысып, 1 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль иеленіпті. Тараз қаласында 3,5 миллиард теңге бюджеттен тыс қаржы есебінен балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол академиясының құрылысы басталған екен.
– Мәдениет саласында 16 нысанның құрылысы жүргізіліп, есепті кезеңде 10 нысан, оның ішінде Тектұрмас тарихи кешенінде «Ежелгі Бекініс» нысаны пайдалануға берілді. 207 миллион теңгеге 16 мәдениет нысанына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның арқасында халықтың мәдени инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 79,5 пайызға көтерілді. Биыл мемлекеттік шығармашылық тапсырыспен 1,1 миллиард теңгеге 186 үйірмеде 5,9 мың бала қамтылды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Кеңес одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай «Бауыржан Момышұлы» музейі ашылды. Сондай-ақ «Тараз» жастар театр студиясы, «Қолөнершілер үйі» шығармашылық орталығы құрылды. «Тектұрмас» республикалық тарихи-танымдық журналы ашылды. Туризм саласында 6 миллиард теңгеге 10 инвестициялық жоба іске асырылуда. 1,2 миллиард теңгеге 3 туристік нысан үшін ұзындығы 34,8 шақырым автомобиль жолдары салынды. 353 елді мекен мобильді интернетпен қамтамасыз етілсе, оның 259-ында 4G, 51-інде 3G, 43-інде 2G қолданылады. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 148 елді мекенде интернет сапасы 4G деңгейіне жеткізілді. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 12 антенналық-діңгекті құрылғылардың құрылысы жүргізілуде. Келер жылы талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылу деңгейі 90 пайызды құрайды. Бұдан басқа, жаңа базалық стансаларды орнату кезінде тағы 19 елді мекенде интернет желісінің сапасы 4G деңгейіне дейін арттырылды, Тараз қаласында 5G-мен 45 базалық станса іске қосылды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері 96 сергек және 800 бейнебақылау камерасы орнатылып, 17 мамандандырылған автокөлік құралы сатып алынды. Төтенше жағдайлар саласында 18 бірлік өрт сөндіру-құтқару техникасы пайдалануға берілді. 23 сиреналық-сөйлеу құрылғысы орнатылып, облыстың Талас, Сарысу, Қордай аудандарында өрт сөндіру пункттері ашылды. Халықпен кері байланыс– әкімдіктің негізгі жұмыс бағыттарының бірі. Біз әрбір тұрғынның пікірін тыңдап, ұсыныстарын ескеру арқылы мәселелерді дер кезінде шешуге тырысамыз. Осы орайда 54 мың өтініш тіркеліп, оның 70 пайызы оң шешім тапқанын айта кеткім келеді. Облыстың 150 елді мекеніне ат басын бұрсам, оның 39-ы жұмыс сапарына байланысты болды. Барлық деңгейдегі әкімдермен 632 кездесу өткізіліп, онда 32 мыңнан астам адам қатысты. Халық тарапынан 1981 сұрақтар мен ұсыныстар көтерілді. Оның 1436-сы оң шешім тапты. 21 жеке қабылдауымда 272 азаматтың өтінішін жүзбе-жүз отырып тыңдадым, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің аталған брифингте берген мәліметі осындай. Өңір экономикасын дамытуға бағытталған жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын табатыны күмәнсіз. Бастысы бар атқарылар шаруа тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға сеп болатыны сөзсіз.
САН САУАЛҒА – НАҚТЫ ЖАУАП
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, соңынан еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Жасұлан СЕЙІЛХАН, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің аға тілшісі:
– Өзіңізге таныс, көп жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселелердің бірі – Меркі ауданындағы «Ақшешек» мәселесі. Кәсіпкер Сақ қорғандары үстінен құрылыс жүргізіп, демалыс орнын салып жатыр. Меркі ауылының тұрғындары «Ақшешек» тарихи орны талқандалып жатқанын айтады. Осы «Ақшешек» тарихи орны неге мемлекетке қайтарылып, мемлекеттік қорғауға алынбай отыр?
Екінші сұрағым, еліміздегі ірі қалалардың шайынды суын тазартатын қондырғылардың басым бөлігі тозған. Кейбірі суды сүзгіден өткізуден қалып, қоршаған ортаны ластап жатыр. Бұл мәселе Тараз қаласында да бар. Қашан шешіледі?

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, облыс әкімі:
– «Ақшешек» мәселесімен жақсы таныспын. Бұл жөнінде маған осыған дейін де бірнеше рет сұрақ қойылған. Аталған мәселеге қатысты облыс әкімі ретінде жеке шешім шығара алмаймын. Бәрі заң аясында болуы керек. Бұл бойынша сараптамамен айналысатын арнайы мекемелер бар. Мысалы «Қазақ археологі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан «Ақшешек» обалы қорымына сараптама жасалды. Соның нәтижесінде қорымның архитектуралық құрылымы сақталмағандығы және тарихи-мәдени құндылығы жоқ екені анықталды. Облыс әкімі ретінде тиісті жұмыстарды жүргіздік, қолымыздағы зерттеу-сараптама қорытындысына қоғам келіспейтінін білемін. «Ақшешек» обалы қорымы Меркі ауданында орналасқандықтан, мәселені осы аудан тұрғындары тек сотқа жүгіну арқылы шеше алады. Бұдан басқа жол жоқ, біз барлық мәселені заң аясында шешуіміз керек.
Расында да облыс орталықтарының ішінде қателеспесем, жүйелі түрде кәріз суын тазалайтын жүйе Тараз қаласы мен Ақтөбеде жоқ. Осы жерде айта кетер бір жайт, Тараз қаласында кәріз жүйесімен бұрыннан тұрғын үйлердің 40 пайызы ғана қамтылған. Қалғаны жеке үйлер, олар ілгеріден өздері ассенизаторлық қызметке жүгіну арқылы мәселесін реттеп отыр. Бұл тарихи тұрғыда бұрыннан қалыптасқан жағдай. Тараз қаласында кәріздік тазарту құрылыстарын салу үшін арнайы 42 гектар жер телімі дайындалды. Сүзгі алаңдарына түсетін сарқынды сулардың көлемі тәулігіне 70-80 мың текше метрді құрайды. Әрине, тұрғын үйлердің жартысы бұған қосылмағаннан кейін шайынды суды тазартуға сұраныс жоғары болатыны анық. Сол себептен бұған қатысты арнайы жоба дайындалды. Жоба құны – 46,5 миллиард теңге. Жоба «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы арқылы іске асырылатын болады. Бұл жөнінде тиісті шешім қабылданды. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталып, алдағы екі-үш жылда аяқталып, Тараз қаласында заманауи кәріз суын тазартатын жүйеге қол жеткіземіз деген үмітімз бар. Осы бағытта тиісті жұмыс атқарылуда.
Бақытжан КӨПБАЕВ, журналист:
– Ербол Шырақпайұлы, біршама уақыт бұрын Тараз қаласындағы теміржол вокзалы жөндеуден өткізілген еді. Қазір қайтадан жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр екен. Қыс мезгілі келді. Жолаушыларға қиындық туғызбайды ма?
Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, облыс әкімі:
– Иә, бұл мәселе бірнеше мәрте көтерілген болатын. 2022 жылы «Қазақстан теміржолы» тарапынан қаражат қарастырылып, Тараз теміржол вокзалы ағымдағы жөндеуден өткізілген. Алайда мердігер мекеме жөндеу жұмыстарын сапалы орындамаған. Сондықтан осы жылы вокзалды қайта жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде барлығы заманауи талаптарға сәйкестендіріледі. Менің ойымша Тараздағы теміржол вокзалын жаңарту жұмысы өте қажет. Бұл жұмысты қазір бақылауға алдық. Заманауи материалдарды пайдаланып, жаңғырту ісі дұрыс жүргізіледі деп ойлаймын.
– Жамбыл ауданына қарасты Қапал елді мекенінде бастауыш мектеп бар. Балалар бастауыш сыныпты бітірген соң көрші ауылға барып оқиды. Тұрғындар «Қыс мезгілінде ымырт үйірілгенде балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдаймыз. Жергілікті билік орта мектеп саламыз деп уәде берген еді» дегенді алға тартып отыр. Сондай-ақ ауылдағы медициналық пункт те шағын әрі талапқа сай емес секілді. Осы мәселелер қашан шешімін табады?
– Қапал ауылындағы бұл мәселеден хабарым бар. 80 оқушыға арналған мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледік. Қазір тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Мектеп құрылысына қажетті 1,2 гектар жер телімін бөліп қойдық. Ал білім ордасының құрылыс жұмысын 2026-2027 жылдарға жоспарлап отырмыз. Алдағы жылы бастап кетуге тырысамыз.
Ауылдағы медициналық пункт ғимараты 1978 жылы салынған. Ғимарат 50 адамға арналған. 2024-2026 жылдарға арналған жаңа құрылыс нысандарын салу жоспарына сәйкес жаңа ғимарат салу бойынша қажетті құжаттар әзірленіп жатыр. Құжат дайын болған соң қаржы тауып, жұмысты бастап кетеміз.
Байжүрек БАЯЗИТ, «31» арнаның редакторы:
– Жастардың жұмыспен қамтылуы – кез келген өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының басты көрсеткіштерінің бірі. Соңғы жылдары еңбек нарығындағы өзгерістер, цифрлық экономикаға көшу, біліктілік деңгейіне қойылатын жаңа талаптар жас буын үшін қосымша қиындықтар туғызып отыр. Облыста да бұл мәселе өзектілігін жойған жоқ. Аймақтағы жұмыссыздықтың жалпы деңгейі төмендегенімен, жастар арасындағы нақты жағдай терең талдауды талап етеді. Осы ретте өңірдегі жастардың жұмыссыздығын азайту мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде? Сондай-ақ соңғы жылдары облыста ажырасу фактісі көп тіркелген. Бұл туралы не айтасыз?
Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, облыс әкімі:
– Біздің өңірде Қазақстан ғана емес, Орта Азия шеңберінде бағалы, заман талабына сай технологиялармен жабдықталған үлкен инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Облыста «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында да тындырылған тірлік аз емес. Сондай-ақ жас отбасылардың жеңілдетілген пайызбен пәтер алуы үшін «Әулиеата жастары» бағдарламасы қарастырылған. Бағдарлама аясында осы жылы 140 отбасы баспаналы болды. Әлбетте, елді мекендер мен қалаларда тұратын жастардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасаудың маңызы зор.
Мұнда жастардың басым бөлігі өздерін тапқысы, дамытқысы келеді. Сондықтан бізде бұл мәселеге қатысты кешенді көзқарас бар. Жалпы 2-3 жылдың бедерінде қалыптасқан тенденцияны бұзу мүмкін емес. Алайда біз негіз қалап жатырмыз. Өңірде бұрын-соңды болмаған индустриалды жобалар қолға алынған. Мыңдаған жұмыс орны құрылуда. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында қажетті мамандарды дайындау бойынша жұмыс қолға алынған. Сондықтан бұл мәселе тұрақты қадағалауымда деп айта аламын.
Ал ажырасу мәселесіне келер болсақ, бұл – тек өңірге тән үрдіс емес, бүкіл республикада байқалып отырған құбылыс. Біз мәселені шешу үшін бірнеше бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтқанда, «Отбасы орталығы» арқылы жыл сайын мыңдаған жұпқа психологиялық кеңес беріледі. Жас отбасыларға әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету жүйесі күшейтілді. Сонымен қатар мектептер мен колледждерде ата-аналарға арналған тренингтер ұйымдастырылып, отбасылық құндылықтарды насихаттау бағытында арнайы бағдарламалар іске асып жатыр.
Айта кету керек, арнайы мамандардың зерттеуінің нәтижесінде кейбір ажырасулар фейк болып шықты. Бұл дегеніміз, үй алу мақсатында бағдарламаларға қатысу үшін жалған ажырасу фактілері көптеп тіркелген екен. Осы мәліметті де назардан тыс қалдырған жоқпыз.
Серік ДӘРМЕНҰЛЫ, «31» арнаның тілшісі:
– Жасөспірімдер арасындағы суицид – қоғам үшін ең күрделі әрі ең ауыр әлеуметтік мәселелердің бірі. Соңғы жылдары ел көлемінде ғана емес, Жамбыл облысында да кәмелетке толмағандар арасындағы өз-өзіне қол салу әрекеттері жиілей түскені алаңдатып отыр. Облыста мұндай олқылықтарды жою үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, облыс әкімі:
– Әрбір оқиға – бөлек трагедия. Негізгі себептер – отбасындағы дағдарыс, интернеттегі зиянды контент, эмоционалдық қолдаудың жетіспеуі болып отыр. Аталған оқиғаға байланысты жұмысшы топ құрылып, жоғары сынып оқушылары мен колледждердегі білімгерлерден анонимді сауалнамалар алынды. Алты мыңнан астам студент және 60 мыңнан астам оқушы арнайы сауалнамаға қатысып, олардың көңіл күйі, әлеуметтік жағдайы, психологиялық ахуалы зерттелді. Мұндай мониторинг жасөспірімдердің мінез-құлқындағы өзгерістерді ертерек анықтауға мүмкіндік береді.
Мектептерде психологтардың саны көбейіп, тәуекел тобындағы балаларға жеке бақылау күшейді. Сонымен қатар мектептерге жауапты учаскелік инспекторлардың да жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Өңірде жасөспірімдер психологиясына қатысты қауіп факторлары зерттеліп, алдын алу бағытында бірнеше деңгейлі кешенді жұмыс атқарылуда.
Сонымен қатар педагог-психологтардың біліктілігін арттыру, қауіпті мінез-құлықты танытатын белгілерді тану бойынша арнайы тренингтер ұйымдастырылған. Білім беру ұйымдарында суицидтің алдын алу жөніндегі бірыңғай алгоритм енгізіліп, мұғалімдерге нақты іс-әрекет жоспары ұсынылды.
Облыста полиция департаментінің «тәуекел тобына» әлеуметтік жағдайы төмен, тәртібі бұзылған, мектепке баруы нашарлаған не отбасы жағдайы қолайсыз жасөспірімдер енгізілген. Олардың әрқайсысымен әлеуметтік қызметтер, мектеп психологтары, учаскелік инспекторлар жеке жұмыс жүргізуде.
Мұндағы негізгі мақсат – жазалау емес, жасөспірімге қолдау көрсету, оның әлеуметтік ортаға бейімделуіне мүмкіндік жасау. Осы бағытта отбасылармен де түсіндіру жұмыстары өткізіледі.
Қажет болған жағдайда жасөспірімдер бейімдеу орталықтарына, арнайы білім мекемелеріне жолданады.
– Облыс соңғы жылдары еліміздің инвестициялық картасында қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Инфрақұрылымды жаңғырту, өндіріс орындарын көбейту, жаңа технологияларды енгізу және бизнеске қолайлы жағдай жасау – өңірдің инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай арттырды. Соның нәтижесінде өңір сыртқы және ішкі инвесторлар үшін сенімді әрі тиімді аймақ ретінде қалыптасып, республика бойынша инвестиция тарту көлемі жөнінен алдыңғы орындардан көрініп отыр. Әсіресе шетелдік капиталдың, оның ішінде қытайлық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асып жатқан жобалар өңір экономикасының жаңа бағыттарын ашып, өндірістік қуатты күшейтуге мүмкіндік беруде. Инвесторларға қандай да бір талаптар қойыла ма?
– Биыл 10 айда облыс экономикасына 553,6 миллиард теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге көп. Инвестиция көлемінің өсу қарқыны бойынша өңір республикада үздік үштікке кірді.
Тартылған қаражаттың негізгі бөлігі – 82 пайызы жеке сектордың үлесінде. Бұл бизнестің өңірдегі экономикалық ахуалға деген жоғары сенімін көрсетеді.
Жыл басынан бері 21 миллиард теңгенің 10 жобасы іске қосылып, 282 жұмыс орны ашылды. Ал 2025 жылға арналған жоспар бойынша 26 жобаны жүзеге асырып, 1,1 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген.
Өңірге тартылған инвестиция көлемінің артуында қытайлық компаниялардың үлесі аз емес екендігі белгілі. Облысқа келетін барлық инвесторларға қай елден келгеніне қарамастан – талап бірдей. Ең бастысы – экологиялық нормаларды сақтау, еңбек заңнамасын бұзбау және жергілікті кадрларды жұмысқа алу. Биыл өңірге тартылған негізгі инвестициялардың шамамен 11 пайызы ғана Қытай капиталымен байланысты. Қалғаны – Қазақстан, Түркия, Еуропа және Ресей инвесторлары. Барлық жобалар ашық түрде жүзеге асады.
Шерхан АБЗАЛҰЛЫ, «24kz» телеарнасының редакторы:
– Аймақ үшін ағын су мәселесі жыл сайынғы өзекті тақырыпқа айналып келеді. Әсіресе былтырғы жылы тіркелген су тапшылығы өңірдің ауылшаруашылығына, егін алқаптарына және тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне айтарлықтай ықпал етті. Суқоймаларындағы көлемнің азаюы, трансшекаралық өзендерден түсетін судың тұрақсыздығы, ескі каналдар жүйесінің тозуы – су тапшылығының негізгі себептерін тереңдетіп отыр. Ал биылғы су маусымына дайындық пен атқарылып жатқан шаралар – өңір үшін ерекше маңызды. Себебі ағын судың жеткілікті деңгейде болуы егіннің шығымдылығына ғана емес, жалпы өңірдің экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Биыл жағдай қалай болды?
Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, облыс әкімі:
– Биыл егіншаруашылығы үшін оңай жыл болмағаны анық. Бізде 640 мың гектарға ауылшаруашылығы дақылдары егілген. Одан бөлек биыл күннің күрт жылынуы және жауынның аз түсуіне байланысты шаруалар су тапшылығын қатты сезінді. Сол үшін де вегетациялық кезеңге көшіп, бұл тұрғыда су үнемдеу технологиясын және жерасты суын тиімді пайдалануды бақылауда ұстап отырмыз.
Вегетациялық кезеңде Жамбыл, Байзақ, Талас аудандарында су тапшылығы айқын сезілді.
Биыл бұл мәселені болдырмау үшін бірнеше нақты шара іске асты. Біріншіден, сушаруашылығы нысандарын жөндеу үшін республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлініп, су қоймалары мен каналдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Майра ДЖИЕНГУЛОВА, «24kz» телеарнасының редакторы:
– Соңғы жылдары облыста азық-түлік тауарларының бағасы тұрақсыздық танытып, бірқатар негізгі өнімдер бойынша қымбаттау үрдісі байқалуда. Нарықтағы бағаның өсуі тұрғындардың әлеуметтік жағдайына әсер етіп қана қоймай, өңірдегі экономикалық ахуалдың маңызды көрсеткіштерінің біріне айналды. Инфляциялық қысым, логистикалық шығындардың артуы, жанар-жағармай бағасының өзгеруі, сондай-ақ климаттық факторлардың егін мен мал шаруашылығына тигізген ықпалы – бағаның қалыптасуына тікелей әсер етіп отыр. Өңірдегі азық-түлік бағасының қымбаттауы туралы не айтасыз?
Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, облыс әкімі:
– Облыста бағаны тұрақтандыру мақсатында бірқатар шара жүзеге асуда. Тұрақтандыру қорында қазір 5 мың тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бар. Нарықтағы күрт ауытқудың алдын алу үшін бағаны тұрақтандыру қорына қосымша қаржы бөлініп, келісімшарттар жасалды.
Сонымен қатар ірі сауда желілерімен және жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындарымен меморандумдар жасалып, әлеуметтік өнімдерге үстемеақы 10 пайыздан аспауға міндеттелді.
Арнайы мониторингтік топтар апта сайын дүкендер мен базарлардағы бағаға талдау жүргізіп отыр. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу – әкімдік бақылауында. Одан бөлек апта сайын ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұдайы ұйымдастырылып отырады.
Ведомстволар бағаны тұрақтандыру шараларын күшейтіп, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің нарығын бақылауға алып келеді.
Михаил ТЁ, «Казахстанская правда» республикалық газетінің тілшісі:
– Соңғы жылдары аймақта ірі қара, қой-ешкі және жылқы басы тұрақты өсіп, шаруашылықтардың өндірістік қуаты артып келеді. Алайда осыған қарамастан, еттің бөлшек саудадағы бағасы жыл сайын қымбаттап отырады. Бұл жағдай тұрғындар арасында түсінбеушілік туғызып, «Өндірісі бар облыста ет неге арзандамайды?» деген сұрақтың жиі қойылуына негіз болуда. Логистикалық шығындар, жем-шөп бағасының өсуі, нарықтағы алыпсатарлық және өңдеу саласындағы теңгерімсіздік – баға тұрақсыздығының негізгі себептері ретінде аталады. Сондықтан ет нарығындағы ахуалды талдап, оның себеп-салдарын түсіндіру – бүгінгі күннің маңызды тақырыбына айналып отыр. Мұны қалай түсіндіресіз?
Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, облыс әкімі:
– Иә, өңір мал шаруашылығы үшін өте қолайлы аймақтардың бірі. Бірақ еттің қымбаттауына тікелей әсер етіп отырған бірнеше фактор бар.
Біріншіден, жем-шөптің құны өткен екі жылда республика бойынша 30-40 пайызға өсті. Бұл – еттің өзіндік құнына әсер ететін негізгі шығын.
Екіншіден, шаруалардың көбісі өнімін ішкі нарықтан гөрі экспортқа шығарғанды тиімді санайды. Біздің өңірден Өзбекстан, Қырғызстан және Батыс аймақтарға ірі көлемде ет жөнелтіледі.
Үшіншіден, малды семірту алаңдарының жетіспеуі және қайта өңдеу желілерінің толық қуатта жұмыс істемеуі де бағаға әсерін тигізіп отыр. Ал мұндай олқылықтарды жою үшін және еттің бағасын тұрақты ұстап отыру мақсатында бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізіліп отыр. Сондай-ақ ет бағасы үнемі менің тікелей бақылауымда.
Алуа МАХАМБЕТ,«Хабар» арнасының тілшісі:
– Облыс сейсмикалық қауіпті аймақтардың қатарына кіретіні белгілі. Соңғы уақытта өңірде тіркелген жер дүмпулері тұрғындардың алаңдаушылығын күшейтіп отыр. Халықтың айтуынша, жер сілкінісі болған сәтте жедел хабарландыру кешігіп жетеді, ал кей жағдайларда мүлде келмей қалатын кездер кездеседі. Бұл қауіп туындаған мезетте тұрғындардың дұрыс әрекет етуіне, эвакуациялануына және қауіпсіздік шараларын уақытылы орындауына кері әсер ететіні белгілі. Осыған байланысты бірқатар сұрақ туындайды: облыстағы ерте ескерту жүйесі қаншалықты тиімді жұмыс істеп тұр? Хабардың кеш жетуінің нақты себебі неде? Қазіргі таңда сейсмикалық қауіп кезінде халықты жедел ақпараттандыруды жетілдіру бағытында қандай техникалық, ұйымдастырушылық немесе инфрақұрылымдық шаралар атқарылып жатыр? Жалпы, өңір халқының сейсмикалық қауіпке дайындығын арттыру бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, облыс әкімі:
– Екі жылда өңірде 4-5 жер сілкінісі тіркеліп, өңірдің сейсмикалық тұрғыдан белсенді аймаққа жататыны тағы да дәлелденді. Қауіптің алдын алу және төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету мақсатында облыс аумағында 7 сейсмостанса жұмыс істейді. Бұл стансалар жерасты дүмпулерін нақты тіркеп, төтенше жағдайлар департаментіне жедел ақпарат жіберуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге халықты құлақтандыру бағытында 145 дабыл беру құрылғысы орнатылған. Оның ішінде қала орталықтарында да, шалғай елді мекендерде де орналасқан сиреналар толықтай тексеруден өткізіліп, техникалық жарақтылығы расталған. Барлық дабыл жүйесі автоматты түрде іске қосылуға қабілетті, ал қол режимінде басқару үшін жауапты персонал тәулік бойы кезекшілік атқарады.
Бұған қоса, облыста жер сілкінісі кезінде әрекет ету алгоритмдері жаңартылып, мектептер мен балабақшаларда эвакуациялық жаттығулар тұрақты түрде өткізілуде. Мемлекеттік органдар, медицина мекемелері және құтқару бөлімшелері арасында үйлестіру жұмысы жолға қойылған. Жалпы алғанда, облыс сейсмикалық жағдайға сақадай сай, яғни ерте хабарлау, ақпараттандыру және құтқару жүйелері толыққанды дайын тұр.
«AULIEATA-MEDIA» ЖШС-ның тілшілер тобы:
Нұрым Сырғабаев,
Мақпал Сүйінбай




