Бұдан соң облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Ералы Ақылбеков өрт қауіпсіздігі мәселелері жөнінде есеп берді.
– Жыл басынан бері облыс аумағында 807 өрт тіркелді, келтірілген материалдық шығын 97 миллион теңгені құрады. Дегенмен, биыл қоғамдық резонанс тудырған ірі өрттер тіркелген жоқ. Биылғы жылыту маусымы 2025 жылдың 15 қазанында басталып, 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін жалғасады. 22 қазан мен 22 қараша аралығында тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілді. Айлық жоспары облыс әкімінің орынбасарымен бекітіліп, тапсырмалар белгіленген мерзімде орындалуда. Айлық барысында тұрғын үй секторындағы өрт пен улы газдан улану оқиғаларының алдын алу және жол бермеу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарын тарту арқылы ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өрт қауіпсіздігі айлығын өткізу шеңберінде 12 500 тұрғын үй араланды. Жылыту маусымы кезінде өрт салдарынан адамдардың қаза болуын болдырмау үшін 28 000 азаматқа нұсқаулық берілді. Жылыту пештерін және электр қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігінің талаптарын сақтау бойынша 3 500 адам қамтылған 293 жиын ұйымдастырылды. Білім беру мекемелерінде 13 595 адам қатысқан 97 ашық сабақ өткізілді. Жылыту маусымында қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп, өңір бойынша әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы және мүгедектігі бар адамдар тұратын 2 978 тұрғын үйдің тізімі нақтыланды. 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында департамент қызметкерлері аталған отбасыларды аулалық аралаумен толық қамтыды. 2025 жылдың 1 маусымынан бастап жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың үйлеріне 1 696 датчик орнатылды. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жылыту маусымындағы қауіпсіздік шараларын сақтау тақырыбында 858 материал жарияланды, – деді Ералы Ақылбеков.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев баяндамашыдан инвестициялық жобаларда өрт қауіпсіздігінің сақталу деңгейін сұрап, бұл бағыттағы зерделеу жұмыстарының қаншалықты жүйелі жүргізіліп жатқанын анықтады. Сонымен қатар Ербол Шырақпайұлы облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исабайұлынан тұрғын үй секторларында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қандай алдын алу шаралары атқарылып жатқанын сұрады.
– 2025 жылдың 11 айында өрттің және газбен уланудың алдын алу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында 2 188 мақала жарияланды. Жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша 890 жиын өткізіліп, 53 867 адамға жарнамалар мен ескертпелер таратылды. Сонымен қатар басқарма тарапынан және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ облыстық филиалының ұйымдастыруымен газ тұтыну жабдығы мен техникаларына қызмет көрсететін мекемелермен кездесулер өткізіліп, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне тиісті хаттамалық тапсырмалар берілді, – деді сұраққа жауап берген басқарма басшысы.

Жиынды қорытындылай келе облыс әкімі Ербол Қарашөкеев тиісті құрылымдарға тұрғын үй секторында өрттің алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Электр және жылыту жүйелерінің қауіпсіздігін тексеруді жолға қою, ақауы бар пештер мен электр сымдарын дер кезінде анықтау, оларды жөндеу немесе ауыстыру бойынша тұрғындарға нақты көмек тетіктерін қарастыруды міндеттеді. Сонымен қатар ауылдық округтердегі ерікті өрт сөндіру жасақтарының материалдық-техникалық жарақтандырылуын жақсартып, олардың дайындық деңгейін арттыру, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету уақытын қысқарту қажеттігін жеткізді. Өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуын анықтау мен бақылауды күшейтіп, қатты отынмен жылытылатын үйлерде түтін мұржаларын жөндеуді, желдету жүйелерінің талапқа сай тексерілуін қамтамасыз етуді жүктеді. Тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында ақпараттық жұмыстарды күшейтіп, бұл бағыттағы материалдардың бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен таралуын қамтамасыз ету қажеттігін ерекше атап өтті.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Қазақ өлеңіне қолдау
Ұқсас жаңалықтар
Шуда натрий цианидін өндіретін зауыттың қазығы қағылды
- авторAR-AY
- 28 қараша, 2025




