Бес жылда 556 грант жүзеге асты
Бүгінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтып, шынайы қоғамдық диалог орнатуға бағытталған кешенді және жүйелі стратегияны іске асырып жатыр. Әрине, белсенді азаматтық қоғам қалыптастыру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру маңызды екені белгілі.
Осы орайда 2021-2024 жылдар аралығында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен құқықтық кеңістікті сапалық тұрғыдан жаңғырту үдерісі басталды. Бұл бағытта бірқатар негізгі заңнамалық актілер қабылданды. Атап айтқанда, «Қоғамдық бақылау туралы» Заң, сондай-ақ «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» Заңға түзетулер пакеті қабылданды. Сонымен қатар «Волонтерлік қызмет туралы», «Қайырымдылық туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Медиация туралы» және «Қоғамдық кеңестер туралы» заңдарға толықтырулар енгізілді.
Аталған заңдарды тиімді іске асыру мақсатында 14 нормативтік құқықтық актіге өзгерістер енгізілді.
Қоғамдық кеңестердің рөлі айтарлықтай күшейді. Соңғы үш жылда азаматтық қоғам өкілдерінің үлесі 23 пайызға өсіп, 264 қоғамдық кеңестің құрамындағы олардың қатысу деңгейі 86 пайызға жетті. Жастардың үлесі де 5 пайызға артып, 15 пайызды құрады.
Алғаш рет квазимемлекеттік секторда азаматтармен тікелей кері байланыс орнатуға мүмкіндік беретін 13 жаңа қоғамдық кеңес құрылып, өз жұмысын бастады.
Грант саясаты мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесі реформаланды. Жобаларды іріктеудің көп деңгейлі механизмі енгізіліп, сараптама мен есеп беру рәсімдері жетілдірілді.
Аталған өзгерістер әлеуметтік жобаларды қаржыландыру көлемін екі есе арттыруға, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың қамту аясын 21 бағытқа дейін кеңейтуге және жүзеге асырылатын жобалар санын 22 пайызға көбейтуге мүмкіндік берді.
Соңғы бес жыл ішінде жалпы сомасы 10,3 миллиард теңгені құрайтын 556 грант жүзеге асырылды. 2025 жылы жалпы құны 1,8 миллиард теңге болатын 104 грант іске асырылуда. Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақы конкурсы рекордтық нәтижеге қол жеткізіп, өтініштердің саны 135-тен 208-ге дейін артты. Ал, жеңімпаз ұйымдар саны 73-ке жетті. Олардың қатарында ауылдық аймақтардағы бастамалар мен инклюзивті жобалар да бар. Осы кезеңде барлығы 336 үкіметтік емес ұйым Мемлекеттік сыйлықақымен марапатталды.
Бұл нәтижелер мемлекет пен азаматтық сектор арасындағы серіктестіктің жаңа, жетілген кезеңіне жол ашты.
Азаматтық қоғамды дамытудың басым бағыттарының бірі ретінде волонтерлік қозғалысты қолдау және нығайту жұмыстары белсенді жүргізілуде. 2021-2023 және 2024-2026 жылдарға арналған екі Жол картасы қабылданып, олар төрт стратегиялық бағытпен 85 нақты іс-шараны қамтыды.
Республикалық фронт-офис пен мыңдаған белсенді жасты біріктірген 20 өңірлік волонтерлік орталық құрылды. Осы уақыт ішінде 275 волонтерлік жоба мен 1 200-ден астам волонтерлік бастама жүзеге асырылды.
Қазақстан волонтерлік қызмет саласында халықаралық ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатып келеді. Соңғы жылдары елімізден 21 волонтер БҰҰ құрылымдары аясында Иордания, Кения, Таиланд және Түркия елдерінде қызмет атқарды. 2025 жылы олардың жетеуі өз қызметін жалғастыруда. Сонымен қатар, биыл «Игі істер марафоны» аясында ел бойынша 27 мыңнан астам игі іс атқарылды.
Ашық пікір алаңы
Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Расында да қандай мәселені болсын ортаға салып, жан-жақты ақылдасып шешкен абзал. Тіршілік болған соң түйіні тарқатылмаған түйткілдердің кездесетіндігі ақиқат. Үкіметтік емес ұйымдардың да өзіндік ұсыныстары бар. Сондықтан да елімізде Азаматтық форум ұйымдастыру жақсы жолға қойылған. Мұндай басқосу биылға рет алты рет өткізілген болатын. Ал ХІІ Азаматтық форум қазан айында «Әділетті Қазақстан: азаматтық қоғам мен мемлекет ынтымақтастығы» тақырыбында ұйымдастырылды.
Жиын қатысушыларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзінің құттықтау хатын жолдауы көп жайтты аңғартса керек.
«Қазір Қазақстанда 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Оларды мемлекеттің сенімді серіктесі деуге толық негіз бар. Шын мәнінде, сіздер еліміздің береке-бірлігін нығайтуға, «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарын іске асыруға белсене атсалысып жүрсіздер. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекет азаматтық қоғамның өрісін кеңейтуге әрдайым баса мән береді. Бес жылда арнайы әлеуметтік тапсырысқа бөлінетін қаржы екі есеге жуық өсті. Бұл қаражат игі бастамаларды жүзеге асыруға, мұқтаж жандар мен жастарды қолдауға жұмсалып жатыр. Ортақ мүдде жолындағы осындай өзара тиімді ықпалдастық алдағы уақытта да жалғасын табады. Бүгінгі басқосуда айтылатын салмақты ой-пікірлер мен ұтымды ұсыныстар азаматтық қоғамды дамытуға тың серпін береді деп сенемін», делінген Президенттің құттықтау хатында.
Жалпы, басқосу барысында үкіметтік емес ұйымдар өкілдері тұрақты даму мен экологиядан бастап, цифрландыру, инклюзия және жастар бастамаларын қолдау сияқты негізгі бағыттар бойынша өздерінің сараптамалық баяндамалары мен ұсыныстарын ортаға салды. Форумға қатысушылар мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы тиімді серіктестік – Әділетті әрі тұрақты Қазақстанды қалыптастырудың берік іргетасы екенін атап өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева форумда айтылған идеялар мен ұсыныстар алдағы уақытта нақты іске асып, қоғамда өзара сенімді, әлеуметтік жауапкершілік пен ашық диалог мәдениетін нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Сонымен қатар Аида Балаева Парламенттік реформаның маңыздылығын атап өтіп, бұл өзгерістер заңнамалық базаны жетілдіріп, мемлекеттік шешімдер қабылдау процесін барынша ашық әрі әділ ететініне назар аударды.
«Президент өз Жолдауында атап өткен Парламент реформасы – елдің саяси жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңі. Реформа заң шығару мәдениетін жетілдіріп, мемлекеттік шешім қабылдау үдерісін ашық әрі әділ етуге жол ашады. Осы ретте барша азаматтық қоғам өкілдерін бұл бастаманы терең талқылап, оның мәнін қоғамға түсіндіруге белсене атсалысуға шақырамыз», –деді министр.
Соңғы бес жыл ішінде Азаматтық форумның қорытындылары бойынша әзірленген ұсынымдарға сүйене отырып, Қазақстанда стратегиялық маңызы зор бірқатар құжаттар қабылданды. Олардың қатарында «Азаматтық қоғамды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы», «Қоғамдық бақылау туралы» заң, сондай-ақ онлайн-петициялар институтын енгізу жөніндегі заңнамалық түзетулер және өзге де маңызды бастамалар бар.
Сонымен бірге, қоғамдық кеңестердің қызметін реттеу, бейбіт жиналыстар өткізу, қайырымдылық пен волонтерлік қызметті дамыту, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты және үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыруды жетілдіру бағыттарында елеулі өзгерістер енгізілді.
Республикалық форумның алдында еліміздің барлық өңірлерінде осындай 20 аймақтық кездесу өткен болатын. Оларға 3000-нан астам үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Бұдан бөлек, жыл бойы салалық министрлер мен бейінді үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен бірқатар кездесулер ұйымдастырылып, олардың нәтижесінде 200-ден астам нақты ұсыныс дайындалды.
Форум аясында Қоғамдық кеңестердің IV Республикалық мәжілісі де өтті. Жиында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қоғамдық институт-тар тұрақты дамып, олардың рөлі артып келе жатқанын атап өтті.
– Қоғамдық кеңестердің тиімді жұмысы көбіне сіздердің белсенді ұстанымдарыңыз бен бастама¬шыл¬дықтарыңызға байланысты. Бұл алаңда сіздер Ұлттық құрылтай мүшелері сияқты жергілікті деңгейде көтерілген өзекті мәселелер мен ұсыныстарды талқылауға бастамашы бола аласыздар. Бұл – азаматтардың пікірін респуб¬ликалық деңгейге жеткізудің тиімді жолы, – деді А.Балаева.
Ведомство халықпен кері байланысты нығайту және қоғамдық кеңестер институтын заманауи үрдістерге сай жетілдіру қажеттігін айтты. Осы мақсатта ол кеңестердің жұмысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен қолдануды ұсынды. Сонымен қатар А.Балаева қоғамдық кеңес¬тердің парламенттік рефор¬маларға белсенді қатысуының маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Президент атап өткендей, бұл мәселе қоғамның кеңінен қатысуын, халық пікірін жан-жақты талдау мен зерделеуді қажет етеді. Сондықтан қоғамдық кеңестердің Конституция баптарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу үдерісіне тікелей араласуы маңызды деп санаймын, – деді министр.
Аида Балаева қоғамдық кеңестер¬дің жұмыс тиімділігін арттыру және қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында кеңестердің халық алдында ашық есеп беру тәжірибесін енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, «Қоғамдық кеңестер туралы» заңда бекітілген ашықтық пен айқындық қағидаттары тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асуға тиіс.
Сондай-ақ министр қоғам¬дық бақы¬лаудың тек жекелеген мәсе¬ле¬лермен шектелмеуіне де на¬зар аудару қажетін атап өтті. Оның пікірінше, бұл бағыт Президент¬тің бастамалары мен ұлттық жоба¬ларының («Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат», т.б.) іске асырылуын жүйелі түрде мо¬ни¬т-орингтеу мен ілгерілетуге ба¬ғыт¬талуға тиіс. Бұл жұмысқа қоғам өкілдерін кеңінен тарту қажет.
Қазір елімізде 263 қоғамдық кеңес құрамында 4 мыңнан аса белсенді азамат еңбек етіп жатыр. Кейінгі үш жылда олар азамат¬тардың құқықтары мен бостан¬дықтарына қатысты 9 мыңнан аса нормативтік-құқықтық актілер жобасын қарастырған. Сондай-ақ 2 100 мемлекеттік орган бас¬шысының есептері тың¬далып, 820 қоғамдық тың¬дау ұйым¬дастырылған. Бұған қоса әлеу-меттік қорғау, жер қатынастары, денсаулық сақтау және басқа да мәселелер бо¬йынша 2 мыңнан аса азаматтың өтініштері қаралған.
Мәжіліс қорытындысы бо¬йын¬ша қоғамдық кеңестер қыз¬меті¬нің құқықтық және ұйымдас¬тырушылық негіздерін жетіл¬діруге бағытталған ұсыныстар әзірленеді. Бұл шешімдер алдағы уақытта уәкілетті мемлекеттік органдардың жұмысында ескеріліп, одан әрі реформаларға да негіз болмақ.
Ал «Азаматтық форум: ұсы¬ныс¬¬¬тардан нәтижеге» панель¬дік сес¬сиясында сарапшылар елі¬міз¬дегі 2020–2030 жылдарға ар¬налған Азаматтық қоғамды дамы¬ту тұжырымдамасын іске асыру¬дың бірінші кезеңінің қо¬ры¬¬тын¬дыларын шығарып, X және XI Азаматтық форумдарда ұсы¬¬нылған ұсыныстардың қаншалық¬ты жүзеге асқанын талқылады.
Биыл 2020 жылы 27 тамыздағы Прези¬дент Жарлығымен бекітіл¬ген тұжырымдаманы іске асыру¬дың бірінші кезеңі аяқталବ¬ды. Жұмыс азаматтық қоғамды дамы¬ту¬дың жекелеген қырларын қамтитын бес негізгі бағыт бойынша жүргізілген.
Азаматтық істер комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова¬ның айтуынша, 2020–2025 жылдар¬дың қоры¬тындысы бойынша Тұжы¬¬рымдаманы іске асырудың бірінші кезеңі табысты іске асқан.
– Қазақстан 2020–2025 жылдары азаматтық қоғам институттарын дамытуда айтарлықтай ілгері қадам жасады. Біріншіден, үкіметтік емес ұйымдар мен азамат¬тық бастамалардың қыз¬метіне арналған заңнама¬лық база нығайтылды. Екінші¬ден, азаматтық белсенділік¬ті, волон¬тер¬лікті және қайырымды¬лықты қолдау шаралары іске асырылды. Үшіншіден, онлайн-петициялар мен жаңартыл¬ған қоғамдық кеңестерден бас¬тап Ұлттық құрылтайға және кері байланыстың басқа да нысандарына дейін азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдардың шешім қабылдауға қатысуы¬ның жаңа тетіктері енгізілді. Сон¬дай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен гранттар арқылы ауқым¬ды қаржыландыру, кадрлар¬ды даяр¬лау, үкіметтік емес ұйымдардың кәсібилігі мен тұрақтылығын арттыру секторды едәуір нығайтуға мүмкіндік берді, – деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, тұжырым¬даманың екінші кезеңі қол жеткізілген сандық нәтижелерді мемлекет пен қоғам арасындағы сапалы өзара іс-қимылға айнал-дыруға, азаматтық секторды мемлекеттің толыққанды әрі тең құқықты серіктесі ретінде одан әрі нығайтуға бағытталған.
Бірлескен істің берері көп
Үкіметтік емес ұйымдарға артылатын үміт көп. Өз кезегінде қоғамдық бірлестіктер де аянып жатқан жоқ. Бірі әлеуметтік мәселелерді шешуге күш салып жатса, бірі жастардың жағдайын жақсартуға ұмтылуда. Енді бірі қоршаған ортаны қорғауға күш салып, оған студенттерді жұмылдыруда. Осы сөзіміздің бір дәлелі ретінде жуырда Ғылым және жоғары білім министрлігі, «CCI Kazakhstan» компаниясы мен ««Жасыл экономиканы» қолдау және G-Global-ды дамыту» Коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі арасында «ReStart» бірлескен жобасын іске асыру жөніндегі жоспарға қол қойылды.
Жоспар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында көрсетілгендей ауқымды экологиялық апат қаупіне алаң көңілмен қарап, студент жастардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен айналмалы экономиканы дамытуға тарту бағытында, сондай-ақ «Білім туралы» Заңға сәйкес әзірленген. Қол қойылған жоспардың мақсаты – экология, тұрақты даму мен экологиялық білім беру саласындағы бастамаларды іске асыруға мемлекеттің, азаматтық қоғамның және бизнестің өзара іс-қимылының нақты платформасын құру.
Аталған жоба экологиялық мәдениетті дамытуға, тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетуге әрі «жасыл экономика» негіздерін елдің жоғары білім беру жүйесіне енгізуге бағытталған. Жоспардың негізгі міндеттерінің қатарында экологиялық білім беру мен тәрбие саласындағы Жастар бастамаларын дамытуға жәрдемдесу, ЖОО базасында студенттік эко-клубтар мен ғылыми қауымдастықтарды дамыту, әр қалдықты бөлек жинау мен «жасыл кампустарды» дамыту жөніндегі жобаларды іске асыру, сондай-ақ «жасыл» жобаларды ілгерілету және серіктестер мен инвесторларды тарту бар.
Жоспар «CCI Kazakhstan» компаниясының он жылдық тәжірибесі мен табысты «3.2.1. Start!» жобасының жетістіктеріне негізделген. Сондай-ақ бұл бастама биылғы жылы «ReStart» деп аталатын жаңа форматқа көшіп, тұрақты даму мен эко-ағартуға назар аудара отырып, пластикті бөлек жинау әрі қайта өңдеу мәдениетін дамытудың ең ірі экоплатформасына айналды. Тек қана 2024 жылдың өзінде жоғары оқу орындарының студенттері – ҚазМАУ, ҚБТУ, Satbayev University, ҚазҰАЗУ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ және басқалар -17 тоннадан астам пластикалық қалдықтарды жинап, оларды жаңа бұйымдарға айналдырған.
Биыл жобаның тоғызыншы маусымында студенттердің жалпы саны 100 мыңнан асатын 14 жоғары оқу орны қатысты. Бір жыл ішінде студенттер 35 тоннадан астам пластик жинады. Бұл өткен маусымның көрсеткіштерінен әлдеқайда асып түскен.
–Биыл жоба өзінің онжылдығын атап өтуде, ол дамудың жаңа кезеңімен – «ReStart» жаңартылған атауымен және ауқымды миссиясымен, студенттердің күнделікті өміріне қалдықтарды жүйелі түрде бөлек жинауды әрі орнықты даму қағидатын енгізе отырып, елдің одан да көп университеттерін қамту сынды мәселемен сай келіп отыр. Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп жұмыс істеу-азаматтық қоғамның, мемлекеттің және бизнестің тиімді серіктестігі нақты нәтижеге қалай қол жеткізетінін әрі экологиялық жауапты ұрпақты қалыптастыра алатынын көрсететін маңызды қадам, –дейді «CCI Kazakhstan» компаниясының корпоративтік және реттеуші қатынастар жөніндегі директоры Әлима Исембаева.
Жобаны іске асыру жылдарында ондаған студенттік эко-клубтар құрылды, қалдықтарды бөлек жинау мен қайта өңдеу бойынша көптеген бастамалар әзірленді, олардың көпшілігі университеттердің тұрақты тәжірибесіне айналды. Атап айтқанда, Satbayev University-де пластикалық қақпақтарды жинау және оларды шағын сәулет нысандарының элементтеріне қайта өңдеу жүйесі енгізілді. Сол сияқты Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Жасыл кампус» жобасы іске асырылды, ал М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде студенттер қайта өңделген пластиктен жасалған кәдесый желісін дамытуда.
Мақсат ортақ, міндет зор
Иә, азаматтық қоғам өздігінен қалыптаспайды. Бұрнағы жылдарға қарағанда бұл бағытта әлдеқайда ілгерілеу бар. Мұны сарапшылардың бәрі де мойындап отыр. Мысалы, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева үкіметтік емес ұйымдар жобаларды жүзеге асырушы ғана емес, инновациялардың берік діңгегі екендігін айтады. «Мемлекет басшысы жарияла¬ған Әді¬летті Қазақ¬стан тұжы¬¬рымдамасы аза¬маттық сектор негізгі рөл ат¬қара¬тын жаңа әлеу¬меттік келісімшартты біл¬¬діреді. Кейінгі жыл¬дары елімізде болып жатқан реформалар арқылы қоғамдық сананы өзгерту жүріп жатыр. Бұған қоғамдық кеңес¬тер, онлайн платформалар, омбудсмен институты, цифрлық платформалар, қоғамдық бақылау құралдары секілді диалогтің жаңа тетіктері әсер етіп отыр. Қазір үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттің дамуына нақты үлес қосып келеді. Мәселен, олар жұмыс орындарын құрып, экологиялық және әлеуметтік инновацияларды енгізуге атсалысып, инвес-тиция тартуға да ықпал етеді. Еуропа ғалымдарының зерттеулеріне сәйкес, коммерциялық емес сектордағы ақылы немесе ерікті жұмыспен қамту құрылыс индустриясымен салыстыруға болатын халықтың шамамен 6 пайызын құрайды. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға бағытталған барлық күш-жігер жаңа қызметтер, жұмыс орындары, азаматтардың сенімі мен бел¬сенділігін арттыру түрінде қайтарылады. Мемлекет үкіметтік емес ұйымдарға әлеуметтік келісім¬шарттарды жүзеге асырушы ретінде ғана емес, сонымен қатар идеялардың, ин¬новациялардың көзі және жаңа ше¬шімдердің драйвері ретінде қарағаны жөн» дейді Бану Нұрғазиева.
Шынында да қоғам дамуында үкіметтік емес ұйымдардың атқаратын еңбегі ұшан-теңіз. Сол үшін де мемлекет тарапынан лайықты қолдау жасалып келеді. Ең бастысы бөлінген қаржы мақсатты жұмсалып, оң нәтижесін берсін дейміз.
Асан Тілемісов



