Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әйелдер әлеуметтік мәселені жүрегімен сезінеді

Әйелдер әлеуметтік мәселені жүрегімен сезінеді
Автор
Елімізде жүргізіліп жатқан гендерлік саясаттың нәтижесінде әйелдер қауымының қоғамдағы белсенділігі айтарлықтай артып келеді. Бүгінде қыз-келіншектер қызмет етпейтін сала кемде-кем. Білім, бизнес, басқару, басқа да бағыттарда нәзік жанды аруларымыздың өзіндік орны бар. Бұл тұрғыда атқарылған жұмыстармен шектелмей, алға нақты мақсат қоюдың да маңызы зор. «AMANAT» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысында осы мәселе жан-жақты талқыланды. Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының «Әйелдер денсаулығы мен отбасылық құндылықтарды насихаттау» бағыты бойынша тең төрағасы Гүлдара Нұрым, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Серік Құрманбеков қатысты.

Басқосуды партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов ашып, жүргізіп отырды.

–Мемлекет басшысы атап өткендей, қоғамдағы әйелдің белсенділігі мен олардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі үлесін арттыру – демократиялық дамудың негізгі көрсеткіші.

Жамбыл облысы халқының жартысынан көбі әйелдер қауымы. Олар өңірлік саясаттың маңызды әлеуеті болып табылады. Сондықтан бүгінгі отырыста партиямыздың стратегиялық маңызды міндеттерінің бірі — әйелдердің өңірлік басқаруға қатысуын дамыту мәселесін талқылайтын боламыз.

Бұл мәселе жаңа емес, бірақ әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ және нақты жүйелі шараларды талап етеді, – деді өз сөзінде Дауыл Ынтықбайұлы.

Фракция отырысында  «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының  басшысы, облыстық мәслихат депутаты Айман Әшімова «Әйелдердің өңірлік деңгейдегі шешім қабылдау үдерісіне қатысуы» тақырыбында баяндама жасады.  

– Бүгінде әйелдердің қоғамдағы рөлі жыл сайын артып келеді. Гендерлік теңдік – тек әділдік қана емес, ол жақсы басқарудың, тұрақты дамудың кепілі. Әйелдердің дауысы естілген жерде әлеуметтік саясат тиімді жүреді, отбасы мәселелері дұрыс шешіледі, қоғамда тұрақтылық күшейеді.

Сондықтан «AMANAT» партиясы әйелдердің бастамасын қолдауға үлкен мән беріп отыр. Біздің өңірлік Әйелдер қанаты да осы бағытта бастауыш партия ұйымдары, мәслихаттардағы депутаттық фракциялар, тәжірибелі партия мүшелері, беделді және белсенді қыз-келіншектерді тарту арқылы жүйелі жұмыс атқарып келеді.

Облыстық Іскер әйелдер қауымдастығы, «Атамекен» Іскер әйелдер кеңесі, Әйелдер күштері Альянсы, полиция  департаментінің зорлық-зомбылықпен жұмыс бөлімі және «Анаға тағзым» орталығымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, бірлесіп әрекет етудеміз. Бұл – әйелдер мәселесін шешуде үлкен серіктестік алаңы болып отыр.

Жұмыс барысында партияның қоғамдық қабылдаулары мен партиялық жобалар ресурстары тиімді пайдаланылуда, –деді Айман Серікқызы.

Баяндамашының айтуынша, облыста 612 мыңнан астам әйел тұрады. Бұл – өңір халқының жартысынан көбі, яғни үлкен әлеуметтік-саяси ресурс.

Әлеуметтік сала қызметкерлерінің 82 пайызы – әйелдер. Білім беру саласында 29 мыңнан астам, ал денсаулық сақтау саласында 19 мыңға жуық әйел еңбек етіп жүр. 104 мың шағын және орта бизнес субъектілерінің 52 пайызы – қыз-келіншектерге тиесілі екен. Сонымен қатар партия мүшелерінің 66 пайызын  әйелдер құрайды.

–Өңірлік Әйелдер қанаты 360-тан астам белсенді әйелді біріктіріп отыр. Олардың арасында депутаттар, кәсіпкерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, ғалымдар, журналистер бар.

Тек биылдың өзінде 80-нен астам іс-шара өткізіліп, 6 мыңға жуық адам қамтылды.

Республикалық  «Әйел аманаты» Тұжырымдамасы аясында биыл іске қосылған өңірлік «Айша бибі»  жобасы – нақты нәтиже беріп жатқан бағдарлама. Бұл қолдау  сайлауға қатысқысы келетін, лауазымға ұмтылған немесе көшбасшы болғысы келетін әйелдерге арналған.

Биыл Қордай, Сарысу, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарында Әйелдер көшбасшылығы мектебі өтті.

120-дан астам әйел коммуникация, командамен жұмыс, шешім қабылдау, сайлау процесі бойынша практикалық дағдылар алды.

Кәсіпкер болғысы келетін әйелдерге арналған «Әйел табысы» керуені төрт ауданды - Жамбыл, Меркі, Талас және Жуалы аралап, нәтижесінде 6 әйел өз кәсібін ашты.

«Ауыл аманаты» жобасының да үлесі зор. Жеңілдетілген несие алып, кәсіп ашқан тұрғындардың 30 пайыздан астамы – әйелдер.

«Әйелдерге ыңғайлы кәсіпорын» жобасы аясында біз тамыз айында облыстағы 24 орта және ірі кәсіпорынға мониторинг жүргіздік. Жұмысшы әйелдердің еңбек жағдайымен таныстық. Әйелдер үшін қолайлы еңбек жағдайы бар, бірақ икемді жұмыс кестесі, медициналық тексерулер сияқты бағыттарда әлі де түйткілдер жетерлік.

Сонымен қатар «Тараз 24» телеарнасымен бірлескен «Бақыттың бағасы» подкаст жобасы іске қосылды. Төрт ғалым әйел туралы арнайы материалдар дайындалды.

Ғалым әйелдердің энциклопедиясы әзірленіп жатыр.

«Анаға тағзым» орталығымен бірлесе әзірленген жас қаламгер қыз-келіншектердің өлеңдер жинағы жарыққа шығуға дайын.

«Балаңа уақыт арна» жобасы бойынша ата-аналарға арналған 20-дан астам кездесу өтті.

«Баланы мектепке дайындайық» жобасы аясында Әйелдер қанаты 150 балаға көмек көрсетті. Партия тарапынан – 3370 балаға 75 миллион теңгенің көмегі берілді.

Сонымен бірге Әйелдер қанатына жүгінген 16 әйелдің мәселесі толық шешілді. Атап айтқанда,  3 әйел жұмысқа орналасты, 11 әйел құқықтық кеңес алды, 2 әйел материалдық көмекпен қамтылды.

Дәрілік препараттар бойынша өте маңызды жетістікке қол жеткізілді. Әйелдер қанатының бастамасымен терінің созылмалы қабыну ауруы - атопиялық дерматитке арналған Дупилумаб препараты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі тізіміне енгізілді. Бұл маңызды медициналық қолдау.

«Цифрлық қоғам»  жобасы аясында білім саласына жасанды интеллектті  енгізу бойынша «Жасанды интеллект педагогтың көмекшісі ретінде» атты тегін онлайн курсын өткізу бойынша педагогтермен кездесу өткізілді. Біздің партия құрамындағы 30 пайыздан астам педагогтарды қолдау мақсатында біз мұғалімдерге жаңа мүмкіндіктер ұсынуды жалғастырамыз, –деді А.Әшімова.

Баяндамашы өз сөзінде нақты ұсыныстарды да тілге тиек етті.

Облыста әйелдердің әлеуеті бар және олар белсенді. Дегенмен, талдау көрсеткендей, әйелдердің аймақтық саясаттағы қатысуында бірнеше проблема кездесіп отыр. Әйелдердің жоғары лауазымдардағы үлесі төмен. Орта деңгейдегі әйелдер көп, бірақ жоғарғы басқаруға көтерілу қиын. Ауылдағы қыз-келіншектердің саяси-құқықтық сауаты жеткіліксіз. Менторлық, тәлімгерлік жүйе әлсіз. Отбасы мен жұмысты тең ұстауға кедергілер көп. Көп ауылдарда дәстүрлі көзқарастар әйелдерге мүмкіндік бермейді.

Сайланбалы органдарда әйелдерге арналған жеке квотаны заң жүзінде бекітуге ұсыныс енгізу керек. Қазіргі аралас квота әйелдердің үлесін нақты арттырмай отыр. Басшылық лауазымдарға үміткер әйелдердің арнайы дерекқорын құрған жөн. Оларды оқытып, тәжірибеден өткізіп, алға жылжытатын жүйе қажет. Әкімдік пен мәслихат жанындағы комиссияларда әйелдердің тең өкілдігін қамтамасыз ету керек. Партия жанынан тұрақты көшбасшылық курстарын өткізудің де тиімділігі мол болар еді. Табысты әйел көшбасшылардың тәжірибесін кеңінен насихаттасақ ұтылмаймыз. Сондай-ақ ауылдық жерде әйелдер кеңестерін құрып, әйел көшбасшылығын күшейтуге көңіл бөлген абзал.

Өңірімізде әлеуетті, білімді, тәжірибелі әйелдер өте көп. Оларды қоғамдық-саяси өмірге тарту – біздің ортақ міндетіміз.

Партияның Әйелдер қанаты осы бағытта жұмысты жалғастыра береді.

Әрбір әйелдің әлеуетін ашуға, өз мүмкіндігін іске асыруға жағдай жасау – біздің басты мақсатымыз, –деді Айман Серікқызы.

Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының «Әйелдер денсаулығы мен отбасылық құндылықтарды насихаттау» бағыты бойынша тең төрағасы Гүлдара Нұрым сөз сөйлеп, тақырыпқа қатысты орамды ойларын ортаға салды.

Ал жеке кәсіпкер, «Білім» кәсіби- гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры, Тараз қалалық Әйелдер қанатының  үйлестірушісі Жанат Ертаева әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау тетіктері мен өңірлік мүмкіндіктер туралы сөз қозғады.

– Мен  жеке кәсіпкер ретінде өз тәжірибемнен білемін,  әйелдерге сенім мен мүмкіндік берілсе, олар тек өз отбасын ғана емес, тұтас өңірдің дамуына үлес қоса алады.

Экономикалық дербес  кәсіпкер әйелдің қолында тек идея ғана емес, сонымен қатар  басқарушылық мәдениет, әлеуметтік жауапкершілік,  тәртіп, қоғамды алға сүйрейтін ерекше жігер бар. Сондықтан әйелдердің өңірлік саясатта көп болуы – қоғамды тұрақты әрі әділ етуге үлкен мүмкіндік.

Біздің Жамбыл облысында шағын және орта бизнес субъектілерінің 52 пайызын әйелдер басқарады. Бұл – үлкен әлеуеттің және жоғары белсенділіктің дәлелі.

Әйел кәсіпкерлердің ең жоғары шоғырлануы сауда саласында – 50, қызмет көрсету саласында – 29 және ауыл шаруашылығында – 21 пайызды құрайды.

Әйелдер көбіне балабақша орталықтары, қолөнер, тігін цехтары, отбасылық фермалар, шағын өндіріс, білім беру қызметтері сияқты қоғамға пайдалы бизнестер ашады. Бір кәсіпкер әйелді қолдау – бұл оның отбасын, ауылын, қаласын қолдау деген сөз. Осы бағыттағы қолдау күшейсе, әр өңірде экономикалық өсім де, әлеуметтік тұрақтылық та артады.

Осы ретте партияның Әйелдер қанаты «Әйел табысы» оқыту керуені аясында кәсіпкерлермен тікелей жұмыс істейтін қаржылық және қолдау институттарын тарта отырып, кәсіп ашқысы келетін әйелдерге кеңес беру, ақпараттық қолдау, оқыту тренингтерін ұйымдастырудамыз.

Әйелдер көшбасшылығын дамыту бағытында іскер әйелдердің түрлі қауымдастықтарымен, өңірлік бастамашыл топтармен бірлескен жобалар да жүзеге асуда. Мысалы, «Бизнес тур» жобасы әйелдер үшін өте тиімді платформа болып отыр. Бұл – қарапайым экскурсия емес. Бұл – тәжірибе алмасу, жаңа байланыс орнату, қоғамдық процестерге белсенді араласуға ынталандыратын алаң.

Сондықтан біз кәсіпкер әйелдерге жағдай жасауды, олардың бизнесін ашуға және кеңейтуге көмектесуді жалғастыруымыз керек. Мемлекет тарапынан гранттар, шағын несиелер, оқыту бағдарламалары, «Бастау Бизнес» сияқты жобалар тиімді жұмыс істеп келеді. Бірақ осы мүмкіндіктерге ауылдағы, аудандағы әйелдердің бәрі бірдей қол жеткізе бермейді. Бұл – біздің жүйелі түрде жұмыс істеуімізге қажет бағыт.

Бүгінгі таңда өңірлерде жүздеген әйел өз ісін бастағысы келеді. Алайда білімнің жетіспеуі, бастапқы капиталдың болмауы, ақпараттың аздығы сияқты түрлі кедергілерге тап болады. Сондықтан микрокредит беру бағдарламалары, бизнес-инкубаторлар, қаржылық сауаттылық бойынша оқыту, кәсіпкерлікті қолдау орталықтары өте маңызды. Мұндай қолдау тек облыс орталығында емес, әрбір ауданда қолжетімді болуы тиіс, –деді Жанат Әкебайқызы.

«Шебер шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, өңірлік Әйелдер қанатының «Инклюзивті қоғамды дамытуға жәрдемдесу» бағытының жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Анар Бексұлтанова «Әлеуметтік бейімделу мен тең мүмкіндіктердің аймақтық даму басымдықтары» тақырыбына тоқталды.

–«АMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында мүгедектігі бар жандардың өмір сапасын жақсарту – басым бағыттардың бірі.

Бұл жерде әйелдердің, әсіресе көшбасшы әйелдердің рөлі ерекше. Өйткені әйелдер әлеуметтік мәселені жүрегімен сезінеді: ана ретінде – баласының дамуына алаңдайды, қамқоршы ретінде – мүмкіндігі шектеулі жандардың күнделікті қиындықтарын біледі, белсенді азамат ретінде – әділеттілік талап етеді.

Бүгінде облысымызда 45 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Мемлекет тарапынан қолдау шаралары жүзеге асуда. Отбасылардың жағдайын бақылауға мүмкіндік беретін Цифрлық отбасылық карта іске қосылды. Облыс аумағында 14 инватакси қызмет көрсетіп жатыр.  Облыс әкімінің, қалалар мен аудандарда мүгедектігі бар азаматтардан кеңесшілер тағайындалды. Оңалту орталықтары, аутизмі бар балаларға қолдау орталықтары жұмыс істеуде.

Біздің  партияның бастамасымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында әлеуметтік нысандардағы қолжетімділік жүйелі түрде тексеріліп келеді.

Дегенмен шешілмеген мәселелер де бар. Әлі күнге дейін көптеген ғимараттарда пандустар стандартқа сай емес, тактильді жолақтар мен дыбыстық навигация жеткіліксіз. Бұл – ерекше жандардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін ауыр мәселе.

Білім беру саласында да күрделі мәселелер бар.

Көшбасшы әйелдер ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтары, инклюзивті мектептер мен балабақшалар желісін кеңейту бастамаларын көтеруде.

Мәселен, облыста арнайы балабақша жоқ. Бұрын ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған 2 мекеме 2017 жылы жабылған.

Аутизм диагнозы бар балалар саны бір жылда 2000 балаға артқан, бірақ психологиялық-педагогикалық көмек көрсететін мекеме әлі жеткіліксіз.

Қаратаудағы қимыл-тірек аппараты бұзылған балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернаты 97 балаға қызмет көрсетеді, ал облыста 1000-нан астам балаға мұндай қолдау керек. Және облыс орталығынан шалғай орналасқан. Осындай мектеп-интернатты облыс орталығында ашу қарастырылса деймін.

Сонымен қатар  мемлекеттік тапсырыс есебінен арнайы оңалту орталықтарын көбейту өте өзекті мәселе.

Ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасында ауыртпалықтың барлығы көбіне әйел адамға түседі. Сол себепті біз, көшбасшы әйелдер, қолдау клубтарын, тренингтерді, тәжірибе алмасу алаңдарын құруды «Айша бибі» бағдарламасы аясында қолға алмақпыз,–деді депутат.

Фракция отырысында сонымен қатар  облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Айдана Биғабылова сөз алып,  тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әйелдердің құқықтық мәдениетін көтеру мәселесін тілге тиек етті.

–Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес тек жазалау немесе көмек көрсету емес. Бұл – қоғамның көзқарасын өзгерту. Зорлықтың салдарымен емес, ең алдымен себебімен күресу қажет. Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында облыстың 10 ауданында ашылған «Отбасын қолдау орталықтары» ерте алдын алу жұмыстарын жүргізуді бастады. Бұл – өте дұрыс қадам.

Осы ретте әлеуметтік қызметтер, полиция, медицина және біздің орталықтар арасында жылдам әрекет ету тетігін күшейту өте маңызды.

Құқықтық сауаттылық – зорлықтан қорғайтын ең тиімді құрал. Әйел өз құқығын білсе, ол өзіне және балаларына қауіп төнген жағдайда қайда жүгінуді біледі. Сондықтан әр ауданда кемінде бір толыққанды дағдарыс орталығын ашу қажет. Құқықтық және психологиялық көмек барлық әйел үшін тегін әрі қолжетімді болуы керек.

Қоғамда зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыру керек. Әр адам зорлықты ақтамай, мойындамай, үндемей қалмаса – сонда ғана бұл мәселе деңгейін төмендете аламыз, –деп ой тастады орталық директоры.

Басқосуда сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлау науқаны барысында сайлаушылардан түскен аманаттардың және сайлауалды бағдарламаларының орындалу барысы туралы партияның облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясы мүшелерінің есептері тыңдалды.

 

Асан Тілемісов

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар