Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қоғамдық көліктер де цифрландырылады

Қоғамдық көліктер де цифрландырылады
Автор
Тараз қаласында қоғамдық көліктерді цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынған. Ең бастысы – жолақы төлеудің автоматтандырылған жүйесін енгізу. Бұл бастама жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, тасымалдаушылар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге және қаланың көлік инфрақұрылымын толық цифрлық форматқа көшіруге бағытталған.

Қазіргі таңда «TulparCard» жүйесі қалаішілік бағыттардың басым бөлігінде енгізіліп, негізгі процестерді толық цифрлық бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Автобустар стационарлық валидаторлармен, мобильді терминалдармен және жүргізушілерге арналған планшеттермен жабдықталған. Бұл құралдар арқылы төлемдерді жедел қабылдауға, сапар деректерін нақты тіркеуге және көлік ағымын онлайн бақылауға болады. Әрбір валидатор мен терминал жүйенің бірыңғай дерекқорымен байланысып, төлемдер туралы ақпаратты нақты уақытта өңдейді.

Жолаушыларға төлем жасау бірнеше жолмен ұсынылады. Яғни тұрғындар транспорттық карта, QR-код, цифрлық код, SMS арқылы немесе қолма-қол төлем жасай алады. QR және цифрлық код «TulparCard», «Kaspi.kz» және «HalykBank» мобильді қосымшаларында қолжетімді. SMS төлемін пайдалану үшін жолаушы автобустың 4 таңбалы кодын 4444 нөміріне жіберуі қажет. Бұл қызмет «Beeline», «Kcell» және «Activ» абоненттері үшін қолжетімді.

Транспорттық карталардың балансын толтыру арналарының кеңеюі жүйенің қолжетімділігін арттырады. Балансты ресми «TulparCard» кассаларында, tulparcard.kz сайтында, мобильді қосымшада, QIWI және Kassa24 терминалдарында, банктердің интернет-банкингінде, сондай-ақ мобильді оператор теңгерімі арқылы толтыруға болады.

Карталар бірыңғай транспорттық карта, оқушы картасы, әлеуметтік карта және виртуалды карта сынды 4 негізгі санатқа бөлінеді. Оқушыларға арналған карта 50 пайыз жеңілдік береді, ал әлеуметтік карта көпбалалы аналар мен І-топтағы мүгедектерге тегін жүру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Персоналдандырылған карталарда иесінің фотосуреті, аты-жөні және туған күні көрсетіліп, картаны жеке сәйкестендіру мүмкіндігі бар.

«TulparCard» мобильді қосымшасы – жүйенің ажырамас бөлігі. Ол транспорттық карталарды толық басқаруға, балансты онлайн толықтыруға, транзакциялар тарихын көруге, картаны бұғаттауға, QR немесе цифрлық кодпен төлем жасауға, электрондық билет алуға, маршруттар мен автобустардың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «ата-ана бақылауы» функциясы арқылы балалардың қозғалысын қадағалауға болады. Push-хабарламалар төлем немесе баланс толтыру фактілері туралы жедел ақпарат береді.

Қала аялдамаларында орнатылған цифрлық таблолар қоғамдық көлік қозғалысының ашықтығын арттырады. GPS-трекерлерден алынған ақпарат негізінде таблолар жолаушыларға автобустың келу уақытын, бағыт нөмірін, күту ұзақтығын және ауа райы мәліметін көрсетеді. Бұл жүйе жолаушылардың уақытын тиімді жоспарлауға және көлік қызметінің қолжетімділігін арттыруға жағдай жасайды.

Сонымен қатар, ресми tulparcard.kz сайты толық ақпараттық портал қызметін атқарады. Сайтта карталардың түрлері, төлем тәсілдері, баланс толтыру арналары, сату пункттері, оқушы картасына онлайн өтінім беру, автобустар қозғалысын нақты уақыт режимінде қадағалау сияқты қызметтер ұсынылады.

Тасымалдаушы компаниялардың жұмысын бақылау мақсатында автопарктерде автоматтандырылған жұмыс орындары (АЖО) орнатылған. АЖО арқылы түсімдер есепке алынып, жүргізуші мен автобустардың жұмысы зерделеніп, маршруттар бойынша аналитикалық есептер жасалады және жолаушылар ағыны бағаланады. Автобустардың техникалық жағдайы, GPS байланысы, төлемдер тарихы, карталардың статусы онлайн тіркеледі.

Жалпы кейінгі жылдары облысымызда қоғамдық көліктердің паркін жаңалау жұмыстары қарқынды жалғасуда. 2021-2025 жылдары 502 жаңа автобус пайдалануға берілді, сонымен бірге 15 жаңа маршрут іске қосылды. Жаңа автобустар GPS бақылау, электронды төлем және онлайн мониторинг құралдарымен жабдықталған, бұл тасымалдау тиімділігін арттырды.

Облыста келесі кезеңде 2026-2030 жылдарға арналған «Ақылды қалалар» стратегиясы жүзеге асырылады. Ол өңірдің цифрлық трансформация бағыттарын нақтылап, «TulparCard» тәрізді жобаларды тек Тараз қаласында емес, аудан орталықтарында да кезең-кезеңімен енгізуге ықпал етеді. Мұндай шешімдер тұрғындарға қызметтердің бірыңғай стандартын қалыптастырып, көлік инфрақұрылымын өңір бойынша біркелкі цифрландырады.

Жоспарлы шаралар өңірді «ақылды» аймаққа айналдыруға, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және қоғамдық көлікті тиімді әрі қолжетімді етуге бағытталған. «TulparCard» жүйесі тек заманауи төлем технологиясы ғана емес, сонымен қатар өңірдің көлік инфрақұрылымын жаңғырту мен цифрлық басқаруды жетілдірудің маңызды құрамдасы болып отыр.

 

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар