Сөз өнерінің ерекшелігі мен жүйелі сөз саптау шарттарын меңгертуді, сауатты әрі жатық сөйлеу дағдысын және жан-жақты дамыған көшбасшыларды қалыптастыруды мақсат еткен байқауға Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және 6 облыстан 18 оқушы бақ сынады.
Ашылу салтанатында сөз алған байқаудың ұйымдастырушысы әрі жоба авторы, Алматы қалалық Абай ұлттық мектебінің шешендік өнер пәнінің мұғалімі, жураналист Жарқын Сален іс-шараның мән-маңызына тоқталды.
– Құрметті жарысқа қатысушылар, топырағы тарихтан сыр шертетін Тараз қаласында өздеріңізбен жүздескеніме шын жүректен қуаныштымын. Жыл сайын үздіксіз өткізіліп келе жатқан байқауымыз биыл да ұйымдастырылды. Хакім Абайдың 180 жылдығына тұспа-тұс келіп отырған сайысымызға қатысушыларға сәттілік тілеймін, – дейді Жарқын Сален.
Тартысқа толы болған байқаудың бас жүлдесін Алматы қалалық Абай ұлттық мектебінің оқушылары Нұрқаным Төлеумұратова мен Қарақат Нұрланқызы жеңіп алды. І орын Шымкент қалалық №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназияның оқушылары Ерасыл Құмақ пен Гүлсезім Қабылбайға бұйырса, ІІ орынды Астана қалалық Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияның оқушысы Әлима Аманқұл мен Шұғыла Ермекова иеленді. ІІІ орынды Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының оқушылары Қырмызы Абай мен Аружан Төлеген қанжығаларына байлады.
Сымбат ҚУАНЫШ




