Этнографтардың зерттеуіне сүйенсек, қазақта аяқкиім түрлері шынымен де өте көп болған. Дегенмен нақты «400 түр» деген сан ғылыми тұрғыда дәлелденген жүйелі классификация емес. Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының «Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамарова да бұл халықтың аяқкиім үлгілерінің саналуандығын бейнелейтін астарлы, әсіреленген тұжырым екенін айтады.
– Көшпелі қазақ халқы өз тұрмысында ертеден-ақ етікшілік өнерді кеңінен дамытты. Өйткені кең даланы мекен еткен адамдар үшін аяқкиімнің сапалы, аяққа жайлы және жылы болғаны аса маңызды еді. Сонымен қатар аяқкиім тігуге арналған былғары, қайыс, тоз, тарамыс секілді қажетті дүниенің бәрі де қазақ тұрмысында тез табылатын.
Аяқтың қалыбына қарай табанын ағаштан шауып, оны дәулеті мен сәулетіне қарай сәндеу, ат үстіндегі өмірге бейімдеу де қазақ тұрмысының бір көрінісі болды. Тиісінше қазақ халқы тіккен аяқкиімдер де ердікі және әйелдікі болып бөлінді, – дейді Назым Қожамарова.
Иә, расымен де көшпелі өмір салты аяқкиімге ерекше талап қойды. Ұзақ жол, қатал климат, шаруашылыққа бейімделген тіршілік аяқкиімнің төзімді әрі ыңғайлы болуын қажет етті. Осыған байланысты қазақ шеберлері әр жағдайға лайықталған түрлі үлгілерді ойлап тапты. Мәселен, мәсі – жұмсақ былғарыдан тігілген, табаны жұқа, көбіне үй ішінде немесе жеңіл жүріске арналған аяқкиім. Оның сыртынан киілетін кебіс қатты табанды болып келеді. Ал ер адамдар арасында кең таралған саптама етік ұзын қонышымен ерекшеленіп, ат үстіндегі өмірге барынша қолайлы болды. Қыста киілетін ішік етік жылылығымен бағаланса, балаларға арналған шоқай жеңіл әрі икемділігімен танылған.
– Қазақ аяқкиімдерін айтқанда, ең көп естіп, бала кезден көргеніміз – саптама етік. Оның қонышы ұзын, тізеге дейін жетеді. Қыста суықтан, жазда шаңнан қорғайды. Негізінен малшылар, салт аттылар көп киген. Әлі де киетіндерін көреміз. Одан кейінгі аяқкиімнің түрі – кебіс. Кебісті әдетте мәсімен бірге киеді. Ең үлкен пайдасы – қысы жазы мәсімен жүрсеңіз, аяқтан суық өтпейді. Ол дегеніміз – денсаулықты күтіп ұстаудың құралы. Қазақ аяқкиімдерінің тағы бір түрі ретінде белгілі байпақ киізден не жүннен жасалады. Бұл да аяқты жылы ұстаудың бір түрі. Сондай-ақ шоңқайма етік, өкшелі етік, жеңіл етік, қайқы бас етік сияқты аяқкиім түрлері көбіне ерекше сәнделіп, той думанға киілген, – дейді Назым Қожамарова.
Жалпы әрбір аяқкиімнің өзіндік «мінезі» болды деуге негіз бар. Мысалы, әйелдердің етіктері көбіне ою-өрнекпен әшекейленіп, сәндік элементтерге бай келсе, ерлердікі қарапайым әрі берік етіп тігілген. Бай-дәулетті адамдардың аяқкиімі қымбат теріден тігіліп, алтын-күміс жіптермен көмкерілсе, қарапайым халық күнделікті тұрмысқа ыңғайлы, төзімді түрлерін таңдаған. Бір қызығы, аяқкиім тек тұрмыстық қажеттілік қана емес, әлеуметтік мәртебенің де көрсеткіші болған. Адамның қандай етік кигеніне қарап, оның жасы, жынысы, тіпті қоғамдағы орны туралы да болжам жасауға мүмкіндік туған.
– Етік туралы айтқанда «Қыз Жібек» дастанының ойға оралатыны бар. Ондағы «Кебісінің өкшесі, Бұхардың гауһар тасындай деген теңеудің өзі қазақтың ұлттық киімінің өзі асқан дәулеттің көрінісін беріп тұрғандай. Ал енді ең ежелгі мамандықтардың бірі де етікші екенін бірі білсе, бірі білмейді.
Кейінгі кезде «жасанды интеллект көптеген кәсіби мамандардың орнын алмастырады» деген пікір айтылады. Алайда етікшілік қолөнердің бір түрі ретінде ешқашан да ешбір мамандықпен алмастырылмайды. Одан бөлек осы ретте Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың алғашқы меңгерген мамандығы етікшілік екенін айта кеткен жөн, – дейді Н.Қожамарова,
Уақыт өте келе урбанизация мен жаһандану үдерісі ұлттық киім үлгілерін, соның ішінде аяқкиім түрлерін де біртіндеп ығыстырды. Бүгінде олардың көпшілігі музей сөрелерінде ғана сақтаулы. Алайда соңғы жылдары ұлттық нақышқа деген қызығушылықтың артуы бұл мұраны қайта жаңғыртуға жол ашып отырғандай. Қазақ аяқкиімі – қажеттілікті өтеуші жай бұйым емес, ол – тарих, ол – ұлттық код. Ал ел ауызында жүрген «400 түр» деген тіркес сол бай мұраның шексіздігін меңзейтін бейнелі сөз іспеттес.
Нұрсая САҒЫМБЕК,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің
4-курс студенті




