Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деген болатын.
Азаматтық қоғам дегеніміз – ел ішіндегі қоғамдық-саяси оқиғаларға азаматтардың белсенді араласуы, өз ой-пікірлерін, ұсыныстарын айтуы және оның шешілуіне араласуы. Ал оны дамытатын бірден-бір құрылым – үкіметтік емес ұйымдар.
Елімізде үкіметтік емес ұйымдардың қатары, азаматтық белсенділік жылдан-жылға артып келе жатқаны белгілі. Қоғамдық-саяси процестерге, биліктің шешімдеріне, қабылданып жатқан заңдарға, тағы басқа түрлі саладағы өзгерістерге байланысты үкіметтік емес ұйым мүшелері белсенділік танытып келеді. Көп жағдайда аталған ұйымдарды «үшінші сектор» деп те атайды.
Үкіметтік емес ұйымдардың қызметі қоғамның әртүрлі саласын қамтиды. Оның ішінде өздерін дәлелдей білген, құрылғанына 20 жылдан аса уақыт болған ұйымдар бар. Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың көбісі әлеуметтік бағыттағы ұйымдар. Мысалы, жетім-жесірлерге көмек көрсету, науқас адамдарды қолдау деген секілді бағыттарда жұмыс істейді.
Атап айтар болсақ, олар экология саласын зерттеп, өз ұсыныстарын айтуы мүмкін. Оларды гендерлік мәселелер де сырт қалдырмайды. Адам құқығын қорғау мен халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған тобын қорғау секілді шаралармен айналысуы ықтимал.
Шындығында азаматтық қоғам тек қана үкіметтік емес ұйымдармен шектелмейді. Ауқымы кең. Оның ішінде саяси партиялар, діни бірлестіктер азаматтық қоғам категориясына кіреді. Ал осылардың барлығының, азаматтық қоғамның ортақ үнін жеткізетін үкіметтік емес ұйымдар болып табылады. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдар – азаматтық қоғамның көзі, құлағы және тіліне айналған.
Әрине тағы бір айтатын жайт, үкіметтік емес ұйымдар саяси жұмыстармен айналыспайды. Олар қоғамдағы азаматтардың белсенділігінің артуына септігін тигізеді, оларға қолдау көрсету арқылы халықтың көзін ашады. Негізінде үкіметтік емес ұйымдар әртүрлі атаумен жұмыс істеуі мүмкін. Олар қайырымдылық немесе әртүрлі қорлар, коммерциялық ұйымдар болуы ықтимал.
Үкіметтік емес ұйымдар аймақтық, мемлекеттік немесе халықаралық деңгейде шара ұйымдастыра береді. Бұлардың барлығы да ерікті негізде құрылады және өз-өздерін басқарады. Нақты айтқанда, үкіметтік емес ұйымдар халық пен мемлекет арасындағы алтын көпір іспетті.
Өткенге көз жүгіртсек, үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік тұрғыдан қаржыландыру 2002 жылдан бастау алды десе де болады. Сол кезден бастап аталған ұйымдарды қолдау туралы тұжырымдама бекітілді. Кейіннен үкіметтік емес ұйымдарды қолдаудың арнайы бағдарламасы қабылданды. 2003 жылдың қазан айында еліміздің сол кездегі Президентінің қатысуымен тұңғыш Азаматтық форум, яғни үкіметтік емес ұйымдардың алғашқы съезі өтті. Бұл азаматтық қоғам институтының жүйелі құрылымдануына негіз болған форумға айналды. Үкіметтік емес ұйымдардың ел дамуындағы рөлінің зор екендігі айтылды. Арнайы тапсырмалар берілді. Содан бері үшінші сектордың келелі мәселелерін талқылайтын жиындар тұрақты өткізіліп тұрады.
Мемлекет бұл саланы жандандыруға бекер мән беріп отырған жоқ. Өйткені үкіметтік емес ұйымдар мемлекет үшін де, қарапайым еңбек адамдары үшін де қажет. Нақты айтсақ, аталған ұйымдар қоғам үшін керекті жобалармен жұмыс істейді. Бір жағынан аталған ұйым арнайы гранттарды ұтып алып және белгілі дәрежеде қаржыландырылып отырса, оның қоғам үшін және қарапайым адамдар үшін маңызы зор болады.
Осы ретте азаматтық қоғамның тарихына тоқталатын болсақ, азаматтық қоғамның бастауын орта ғасырдағы алғашқы гуманистік идеялармен байланыстыра қарастыратын көзқарастар бар. Дегенмен, оның бүгінгі заманғы формасының қалыптасу тарихы үш ғасырдай уақытты қамтиды.
Азаматтық қоғам туралы идеялар Ежелгі Грецияда, Ежелгі Римде, ортағасырлық кезеңдерде өріс алып дамығаны белгілі. Мысалы, Аристотель тұңғыш рет мемлекет пен қоғам ұғымдарының аражігін ашып, азаматтық белсенділіктің маңыздылығын атап көрсеткен. Ежелгі Римде жекелеген қоғам қабаттарының автономиясын қамтамасыз ететін заңдық категориялар қабылданса, орта ғасырларда азаматтық қоғамның белгілі бір көрінісі ретінде қалалық коммуналар, цехтар, университеттер пайда болған.
XVII ғасырда ойшылдар, ағылшын философтарыТомас Гоббс, Джон Локк және Барух Спиноза қоғамдық келісімшарт теориясын дамытып, билік бөлінісі мен мемлекеттен қоғамның тәуелсіз болуын негіздесе, XVIII ғасырдағы ағартушылық дәуірде ойшыл-ғалымдар, швейцария философы Жан-Жак Руссо, француз философы Шарль Монтескье, шотланд философы Адам Смит, неміс ойшылы Иоган Гердердің идеялары еркін қоғамның, азаматтардың өз-өзін ұйымдастыруы, саясатқа араласу құндылықтарына баса мән берген.
Неміс ойшылы Гегель ең алғаш рет «азаматтық қоғам» терминін экономикалық, құқықтық және әлеуметтік институты кіретін отбасы мен мемлекет арасындағы аймақ ретінде қарастырған.
Француз саясаткері, мемлекеттік қайраткер Алексис де Токвиль: «Азаматтық қоғам бұл – демократия мектебі, ол жерде адамдар бірлесе әрекет етуді, қоғамдық пікірді қалыптастыруды үйренеді» деген екен.
Сонымен қатар неміс ойшылы Гегель: «Азаматтық қоғам бұл – әртүрлілік аймағы, ол жерде әркім өзінің мүддесін ойлайды, бірақ сол арқылы жалпы қоғамдық игілік орнайды» деп пікір айтса, неміс философы Юрген Хабермас: «Азаматтық қоғам – бұл мәдени үстемдік, идеологиялық көшбасшылық үшін күрес жүріп жататын қоғамдық аралас-құраластықтың кеңістігі» деп баға берген. Ал ағылшын ойшылы Джон Локк азаматтық қоғам адамдар өздерінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін топтасқан кезде пайда болатынын айтқан.
Неміс философы Карл Маркс болса, азаматтық қоғамды сынға алған. Ол азаматтық қоғамды буржуазияның жұмысшыларды бақылау құралы деп есептеген.
Осындай пікірлер легі азаматтық қоғам туралы ой, ұғым, түсінікті кеңірек қалыптастыруға зор мүмкіндік беретіні сөзсіз. Замана ойшылдары, қоғамтанушылар азаматтық қоғамның қалыптасуына баса мән бере отырып, оның қоғамдық-саяси маңызына айрықша ден қойған.
Еуропада Парламенттік демократияның, баспасөз еркіндігінің, кәсіподақтардың, қоғамдық ұйымдардың дамуы азаматтық қоғамды нығайта түсті. ХХ ғасыр азаматтық қоғам үшін өрлеу де, құлдырау ғасыры болды. Мысалы, 1917-1945 жылдардағы тоталитарлық режимдер (КСРО мемлекеті, фашистік Германия) азаматтық қоғамды тұншықтырды. 1945-1991 жылдары, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Батыс демократиясы азаматтық қоғам институттарын нығайтты, яғни ол үкіметтік емес ұйымдарды қолдап, құқық қорғау қозғалыстарын, кәсіподақтардың жұмысын ілгерілетті. КСРО-да азаматтық қоғам шектеулі формаларда, көбіне диссиденттік қозғалыс түрінде дамыды. 1980-1990 жылдары аралығында КСРО-ның күйреуімен, коммунистік режимдердің құлауымен Шығыс Еуропа мен Ресейде азаматтық қоғамның жаңа кезеңі бастау алды.
ХХІ ғасырда азаматтық қоғамның кеңістігі ұлғайып, қанатын кеңге жая түсті деп айтуға болады. Ол енді цифрлық дәуірдің өріс алуымен, сондай-ақ әлеуметтік желілердің дамуымен жаңаша екпін алды.
Саланың осы аралықтағы даму, жетілу тарихына зер салсақ, бірінші кезекте дамыған мемлекеттердегі азаматтық қоғамның беталысын көруге болады.
Әсіресе АҚШ, Ұлыбритания, Батыс Еуропа елдерінде азаматтық қоғамның мемлекеттің өркендеуіне тигізіп отырған пайдасы зор. Олардағы азаматтық қоғамға тән, 30-40 жылдық тарихы бар, қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау, адам құқығын сақтау, дамушы мемлекеттерге көмектесу және демократияны дамыту салаларында ықпалды кейбір құрылымдар әлемдік ауқымдағы мәселелерге дейін араласуда.
Атқарушы билік пен азаматтық қоғам мемлекеттің қос қанаты десе, бұлар бірлеспей іс ілгері баспайды. Дамыған мемлекеттерде осы қос тарапқа теңестірілген мүмкіндіктің берілуі олардың өркендеуінің негізі болып отыр. Ал жалпы билігі, оның тармақтары монополистік қағидаттарына сүйенген, азаматтық қоғамның дамуына мүдделі емес елдер көптеген мәселелерде артта қалуда.
Батыс елдерінің тәжірибесінде үкіметтік емес ұйымдар үлкен саяси-экономикалық, әлеуметтік және мәдени-рухани әлеуетке ие. Біздің елімізде ірі компаниялар, бизнес-қауымдастық үкіметтік емес ұйымдардың əлеуметтiк мәні зор бастамаларын тұрақты қаржылық қолдауы маңызды. Кейбір компаниялар, бизнес саласы бірреттік көмекпен шектеледі. Ал маңызды жобалар мемлекеттік тапсырыстар мен байқаулар арқылы берілген қаржыға жүзеге асырылуда. Яғни, үкіметтік емес ұйым мемлекеттің гранттарына, тапсырысына мәжбүр. Үкіметтік емес ұйымдар тек қана үкіметтің қаржысына емес, бизнестің қолдауына ие болғанда барынша өркендейді. Беделі де барынша көтеріледі.
Мәселен, Еуропа елдерінде мұндай ұйымдарға ірілі-ұсақты компаниялар, қалталы адамдар көмектесіп отырады екен. Үкімет оларды көбінесе жанама түрде қолдап, олардың қызметін тек бақылап отырады. Әрине, оларда да мемлекеттің тапсырыс орындалады. Бірақ бізден бір ерекшелігі ол елдердің үкіметі елдеріндегі үкіметтік емес ұйымдардан өздері көмек сұрап, қаржысын ұсынады. Өйткені әбден қалыптасқан, тәжірибесі мол, мүшелері көп ұйымдардың қызметіне үкіметтің өзі тәуелді болады. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыруға кезінде барынша назар аударғандықтың жемісі осы болса керек.
АҚШ-та 6-7 мың, тіпті 10 мыңнан астам мүшесі бар үкіметтік емес ұйымдар бар. Оларда денсаулық сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға, мүгедектерге және басқа да белгілі бір салаларға арналған үкіметтік емес ұйымдарға кез келген адам мүше бола береді.
Ал бізде қоршаған ортаны қорғау ұйымына тек экологтер, мүгедектер ұйымына тек науқастар мен жарымжандар, денсаулық сақтау ұйымдарына тек дәрігерлер, мейірбикелер, ауыл шаруашылығына қатысты ұйымдарға фермерлер ғана мүше болып жатады. Әрине, бұл азаматтық қоғамға деген көзқарасымыздың жоқтығын білдіреді.
Негізінен Тәуелсіз Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуы елдегі азаматтық бастамалардың, қоғамдық қозғалыстардың пайда болуымен байланысты деп айтуға болады.
Әсіресе, егемендіктің бастапқы кезеңдеріндегі азаматтық белсенділік мемлекетіміздің саяси бағыт-бағдарын айқындауда, қоғамның жаңа болмысын қалыптастыру жұмыстарында көрініс тапқаны сөзсіз. Азаматтық пікіралуандықтың болуы, саяси өмірге байланысты түрлі көзқарастардың ашық айтылуы, баспасөз еркіндігі сол кезеңдердегі азаматтық қоғамның өзіндік ерекшелікке толы бет-бейнесі деп қарастыруымызға болады.
1990 жылдардың басында елімізде тәуелсіз кәсіподақтар, экологиялық қозғалыстар қарқынды жұмыс істей бастағаны мәлім. Соның бірі «Невада-Семей» қозғалысы азаматтық қоғамның алғашқы институттарының бірі ретінде қанат жайды. «Невада-Семей» қозғалысының мақсаты – Қазақстандағы ядролық сынақтарды тоқтату, полигон алаңдарын жабуға бағытталды.
Осы қозғалыс арқылы халықтың үні бір арнада тоғысып, азаматтық ұстанымдарын белсенді жариялауға мүмкіндік алды. Осылайша билік пен халық арасындағы туындаған мәселелерді шешудің оңтайлы жолы азаматтық қоғам институты екенін уақыттың өзі дәлелдеді.
Қазіргі таңда елімізде 23 000-нан аса үкіметтік емес ұйым тіркелген. Солардың ішінде шамамен 18 000-нан астамы белсені жұмыс істеп келеді. Олардың жұмыстары әлеуметтік, оның ішінде жастар саясаты, балалар бастамалары, халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау, білім, ғылым сияқты маңызды салаларға бағытталған, сондай-ақ, экологиялық, құқық қорғау мәселелерімен белсенді түрде шұғылдануда.
2005 жылы «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс» туралы Заң қабылданып, үкіметтік емес ұйымдарға әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға жағдай туғызды. Қазақстандағы азаматтық қоғамның белсенділері өздерін толғандырған мәселелерді айтудан ешуақытта қалыс қалған емес. Алайда, олардың дауысы, көтерген бастамалары әрдайым діттеген межелеріне қол жеткізе алмады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланғанда «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» қағидасын жариялауы да осындай факторларды ескеруден туындаған қағида деп айтуға болады.
Яғни, қарапайым халықтың талап-тілегіне құлақ асатын Үкімет болмайынша, азаматтық қоғамды дамыту мүмкін емес. Себебі азаматтық қоғамның белсенділігі, билік органдарымен ашық диалог орнатуға деген қадамдары билік тарапынан қолдау таппаса, қоғамды толғандырған мәселелер ушыға беретіні түсінікті.
Президент Тоқаевтың азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған реформалары елімізде жүргізілген саяси реформалармен де тығыз байланысты. Қазіргі қоғам бұрынғыдай емес, халықтың да көзқарасы билік өкілдерінің ашықтығын қалайды. Азаматтық қоғам қашанда өз бастамаларының нәтижелі болғанын көргісі келеді.
Демек, атқарушы билік өкілдері де азаматтық қоғам институтының мүддесімен санасуы тиіс екені сөзсіз.
Ұлттық құрылтайдың құрылуы, елдегі көкейкесті мәселелердің Парламентте талқылануы, әкімдердің, министрлердің халық алдында есеп беруі, осының бәрі де азаматтық қоғамның дамуына серпін беретіні сөзсіз. Бірлігіміз – алуандылығымызда», «әртүрлі көзқарас – бір мүдде» қағидалары да азаматтық қоғамның өркендеуіне негіз болатын тұжырымдар.
Мемлекет басшысы өз сөздерінде азаматтық қоғамды дамыту және оның мемлекетті нығайтудағы маңызды рөлін бірнеше рет тілге тиек етті.
2022 жылғы сұхбатында Қазақстандағы азаматтық қоғамның есейгенін айтса, 2023 жылы билікті сынау азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі екенін, алайда жалаң сынау емес, конструктивті сынның маңыздылығына тоқталды. Ал осы 2023 жылы болған ХІ Азаматтық форумда үкіметтік емес ұйымдардың, белсенділердің және еріктілердің азаматтық қоғамды дамыту мен жалпы ұлттық диалогты нығайтудағы үлестерін атап өтті. Өз сөзінде: «Жиырма жыл ішінде бұл форумның тиімділігі мен қажеттілігі дәлелденіп, салмақты ойлар мен салиқалы пікірлер айтылатын алаңға айналды. Осында көтерілген жасампаз бастамалар мен ұтымды ұсыныстар азаматтық қоғамды дамытуға және жалпыұлттық келісімді нығайтуға тың серпін береді. Үкіметтік емес ұйымдар және қайырымдылық қорлары, белсенді азаматтар мен еріктілер ел тағдырына бей-жай қарамай, қоғамның өзекті мәселелерін шешуге барынша атсалысып жүр. Олар ынтымақтастық пен нағыз отаншылдықтың озық үлгісін танытып, еліміздегі бірлік пен татулықты сақтауға зор үлес қосып келеді. Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер қоғамда жаңа этика қалыптастыруды талап етеді. Осы орайда әділдік пен гуманизм, өзара сенім мен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен білімпаздық жаңа этиканың өзегі болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде ел Президенті елімізде Парламенттің ықпалы, Үкіметтің жауапкершілігі айтарлықтай артқанын, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік орныға түскенін айтты. Өз сөзінде: «Саяси партиялардың қоғамдық рөлі күшейді. Азаматтарымыз өз ой-пікірлерін ашық айтып, қоғамда белсенді болуына мүмкіндік беретін нақты тетіктер пайда болды. Сайлау жүйесін жетілдірдік.Ауыл, аудан әкімдері тікелей сайлана бастады. Бір сөзбен айтқанда, саяси және қоғамдық мәдениет үлкен өзгеріске ұшырады» деді.
Елдегі азаматтық қоғам институтының жаңа бір кезеңі Президент Тоқаевтың саяси реформаларынан кейін басталды деп айтуға толық негіз бар. Себебі азаматтық қоғам биліктің жағдай туғызуымен ғана дами алады.
Билік тарапынан қолдау таппаса, азаматтық қоғам өркен жая алмайды. Сондықтан азаматтық қоғам институтының дамуына ең алдымен биліктің өзі мүдделі болуы өте маңызды көрсеткіштің бірі.
Жоғарыда айтқандай, қазір Қазақстанда 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым белсенді жұмыс істейді. Оларды мемлекеттің сенімді серіктесі деуге толық негіз бар. Бұл үкіметтік емес ұйымдар еліміздің береке-бірлігін нығайтуға, «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарын іске асыруға белсене атсалысып келеді.
Мемлекет азаматтық қоғамның өрісін кеңейтуге әрдайым баса мән береді. Ең бастысы, азаматтық қоғамның дамуы еліміздің ұлттық мұрат-мақсатымен үндесе дамығаны жөн.
Азаматтық қоғам институтының өкілдері ұлттық құндылықтарды насихаттап, тәуелсіздігімізді қорғауға, нығайтуға, тіл мен дәстүрді сақтауға, қоғамның бірлігін күшейтуге, билік өкілдерінің жұмыс сапасын арттыруға үлес қосып, барлық қажыр-қайратын мемлекеттік мүдде жолына арнай білгендері абзал.
Үкіметтік емес ұйымдардың ел алдындағы, қоғам алдындағы ықпалы, жауапкершіліктері өте жоғары. Біздегі азаматтық қоғам өкілдері жікке бөлуші емес, мемлекетті, ұлтты жұмылдырушы, біріктіруші күшке айналуы керек.
Мемлекет пен үкіметтік емес сектордың тығыз ынтымақтастығы елімізді жан-жақты дамытуға ықпал етіп, Әділетті Қазақстанды құруға жол ашатынына сеніміміз мол.
Асан ТІЛЕМІСОВ




