Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Екеуі де оңып тұрған жоқ қой»

«Екеуі де оңып тұрған жоқ қой»
Автор
Астанада бір мереке болып, бір топ ақын-жазушы, ардагер, мәдениет қызметкерлері пойызбен жолға шықтық. «Қызулары» да, «қызулаулары» да бар, бәрі абыр-дабыр, көңілді.

Орын Шерхан аға Мұртазаның купесінен бұйырыпты. Шерағаң анау-мынауыма көмектеседі деп қасына баласы Батылжанды ілестіріп алыпты. Баласы демесең, менен бір жас үлкендігі бар. Төрт адамдық купедегі төртінші адамның кім екені ойда қалмапты.

Содан пойыз қозғалды. Шерағаңды бұрыннан білемін. Сұхбат та алғанмын. «Парламентке депутатат боламын» деп сайлауға түскен кезде ел аралап қасында да жүргенмін. Бірақ әкелі-балалы адамдардың қасында өзімді артық көрдім бе, «басқа купеге ауыссам қалай болар екен?» деп ойланып отырғанымда, бір аяғын сылтый басып Әлібек Әмзеев көрінді. О кісі Жамбыл облыстық мәдениет басқармасының басшысы, облыстың әншілері мен әртістерін бастап келе жатыр екен.

Әлекеңді көре салдым да орнымнан атып тұрып, коридорға шықтым. «Ассалаудан» соң, жөн сұрасып едім, тура біздің купенің қасынан орын алыпты. «Ауысайықшы» деп едім, келісе кетті. Бірақ ауысқаныммен төсегімнен басымды коридорға қарай шығарып, Шерағаңның купесінің айқара ашық тұрған есігінен сыбыр-күбірлеріне дейін тыңдап келемін.

Бір кезде Наркөкем көрінді. Қызып алыпты. Сірә, «ащы суды» Таластан бастаған. Одан Тараздағы достары сыйласа керек, «температурасы» әжептеуір. Келген бетте Шерағаңның қасына отырып алды. Қанша ішсе де сыпайы, сырбаз қалпынан өзгермейтін Наркөкем сәлемді де қатырды, әдебиет, мәдениет жайлы әңгімелерді де ұмытқан жоқ. Эрудция деген ұрып тұр. Шерағаң мұндай әңгімешіні қатты құрметтейді. Үндемей тыңдайды. Көп ұзамай Наркөкем әңгімеші, Шерағамыз моп-момақан тыңдаушыға айналды. Мен болсам көрші купеден коридорға қарай басымды шығарып қойып, екі ағамның әңгімелерін мұқият тыңдап келе жатырмын.

Наркөкем болса Шерағасына еркелегені сонша, әдебиет пен мәдениеттен басқа тақырыптарға да ойыса бастаған. Бір уақытта әңгімесі Шерағаңның есім-сойына келіп тірелді. «Ойпырай, ағасын ренжітіп алмаса жарар еді» деп қылпылдап отырмын.

– Шераға, – деді бір кезде Наркөкем, – Сіздің затыңызға атыңыз да әбден лайық қой. Аңдардың патшасы Жолбарыс болса, Сіз жазушылардың патшасы сияқтысыз, – деп жаңа бір тақырыпқа көшіп келе жатыр еді, Шерағамыз:

– Аң-дар-дың пат-шасы Жол-ба-рыс е-мес, А-рыс-тан! Ше-ер-хан деп Жол-ба-рысты ай-та-ды, – деді аузынан шығатын әр сөзін бөліп, сағызша созып айтатын әдетімен.

«Қап, қарияны ашуландырып алды-ау. Енді қайттік?» деп қорқып кеттім. Өйткені Шерағаң «ішпе» демесе де, «ішіп алғандардың» өзіне қатты сөз айтқанын жақтырмайтын. Тіпті жекіп, ұрсып тастағанын да көргенмін. «Ерке бол, бірақ еркетотай болма!» дейтін ондайда қабағы түйіліп.

Бірақ Наркөкем қайтпады. Менің «Бітті! Құрыдық!» деп санаған ситуациямнан «Арыстан мен Жолбарыс дегендерің Сіздің қасыңызда кім, жәй ғана жабайы аң ғой» дегенді аңғартатын интонациямен:

– Шераға, бекерге ашуланып қайтесіз, екеуі де оңып тұрған жоқ қой, – дей салды, бейнебір «соларыңыздың өзі сіздің қасыңызда сөз етуге тұрмайтын аң ғой» деп, қолын сілтей салған адамдай.

Бірақ «соларыңыздың екеуі де оңып тұрған жоқ қой» дегенді Шерағамыз «қалай қабылдайды, қалай түсінеді?» деп тағы секемденіп қалдым. Бірақ...

Бірақ... айтқыштарды, олардың тапқырлықтарын қатты құрметтейтін Шерағамыз кеңдік танытты. Алматыдағы үш жүздің баласының небір айтқыштарын тыңдап өскен кәрі құлақ патрирах қой, Наркөкемнің «Шераға, қайтесіз, соларыңның екеуі де оңып тұрған жоқ қой» дегенінің астарын түсініп, мырс етіп күліп жіберді.

Мен «уһ» дедім.

 

«ӘЙ, НАРША, СЕН МЕНІҢ АРҚАМА ЖАЙДАҚ МІНІП ҚҰРТТЫҢ ҒОЙ, ҚҰРТҚАНДА...»

Біз мінген пойыз Тараздан біраз жер ұзап кетті. Луговой стансасына келдік пе, әлде Меркі ме, мүмкін одан да ұзақ жүрік пе, қазір есімде жоқ.

Шерағаңның қасына жайғасып алған Наркөкем әңгімені әлі ұрып отыр. Қисынсыз дүние болса, Шерағаңның тыңдамайтынын білемін. Қытығына тисе, купеден қуып шықпаса да, «тәйт» деп, тепсініп қалатыны тағы бар.

Бірақ әшейінде азулы, Парламетте қабағы қатулы, Президенттің өзіне айтып-айтып тастайтын Шерағам ақын інісінің жолбарысты жалынан сипағандай майда тіліне мәужіреп, жуасып қалған. Осы кезде вагондарды аралап, әртістері мен әншілерінің «тәртібін» байқастап келген Әлібек Әмзеев купеге бас сұққан.

Бастығын көрген Наркөкем енді Әлекеңе бұрылды да:

– Әлеке, Шерағамызды асау дейсіздер, қатал дейсіздер, ештеңесі жоқ, кәдімгі адам екен ғой. Тараздан шыққалы бері, міне, көзі отыр, арқасына ерттеп мініп алдым, – демесі бар ма.

Әңгімелерін жалықпастан үнсіз тыңдап келе жатқан мен Шерағаң осы жолы ашуланып қалмаса екен деп тағы қыпылдай бастадым. Бірақ Шерағам да әзілді түсіне білетін көңілі кең адам еді ғой. Өзі де әзілқой. Ойланып отырды да:

– Әй, Нарша, сен менің арқама ерттеп мініп алған жоқсың, сен менің арқама Тараздан шыққалы бері жайдақ мініп құрттың ғой, құртқанда, – деп салсын.

Ал кеп күл. Нарша да, Шерағаң да, Әлекең де мәз. Купе іші күлкіге көміліп қалды.

– Бір де нөл! Мен жеңілдім. Шераға айтқыш екенсіз. Есім барда елімді табайын, – деген Наркөкем Шерағасымен әдемі қоштасып, өз купесіне кетті.

Бұл кезде ел төсектерін дайындап, жатуға ыңғайлана бастаған.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

жазушы, журналист,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар