Нарша Қашағанұлы Талас ауданындағы Амангелді ауылында туып, мектепті Ойық ауылында бітірген. Мектепті бітіргеннен кейін ауылда мәдениет қызметкері, Ойық кеңшары комсомол комитетінің хатшысы болған.
ЖАНЫМ МЕНІҢ ҚАНАҒАТСЫЗ ҚАШАНДА
Жаратқан ба мені Құдай ерек қып,
Жайшылықта жүргеніммен өрекпіп.
Көп сәттерде жүрем жұмсақ бір қолдың,
Маңдайымнан сипағанын керек қып.
Ізгілікке іңкәрмін-ау осы мен:
Дуылдасып жүрсем де көп досыммен.
Жүрем ылғи жып-жылы бір жанардың,
Жүрегімді жылытуын тосумен.
Түсінбеймін, болмысым менің босаң ба,
Әлде жұрттан тек жылылық тосам ба.
Тек әйтеуір жақсылыққа келгенде,
Жаным менің қанағатсыз қашанда.
ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСА АДАМҒА
Жақсылықсыз жоқ тірліктің мәні түк,
Пейілі кеңді Құдай қояр жарытып.
Жақсылық жаса, жақсылық жаса адамға,
Жан-жағына жарық, жылу дарытып.
Жақсылық жаса! Сыйла адамды тік тұрып,
Өмір мәні сол екенін ұқтырып.
Бар кезде де, тар кезде де тарылма,
Өзгермеудің өзі білсең – мықтылық!
Жақсылықтан артық сый жоқ жалғанда,
Өкінбейді берген де оны, алған да.
Сараң адам бола алмайды бақытты,
Ал жомарттар қалған емес арманда.
Айныма тек жақсылықтың жолынан,
Тартар тағдыр сонда сыйын молынан.
Жақсылық жаса! Айың туар оңынан,
Жақсылық жаса! Өкінбейсің соңынан.
Жақсылық жаса, қолыңнан келсе қалайда,
Жаның толып жүрсін десең Арайға.
Оралады, оралады ол өзіңе,
Шапағатың тие берсе талайға.
Жақсылықтың жоқ ірісі, майдасы,
Жақсылықтың жоқ астары, айласы.
Жақсылық жаса! Қайтпаса да өзіңе,
Ұрпағыңа тиеді оның пайдасы.
Өтер-кетер өмірден асқан, тасқан да,
Жалғанды мынау жалпағынан басқан да.
Жақсылық жаса, жарлымын деп жасымай,
Жақсылық жаса! Жалтақтама! Жасқанба!
Жақсылық керек қашанда да, қайда да,
Дәмелі одан дөкейлер де, майда да.
Жақсылық қымбат ақша менен алтыннан,
Жатады ол жетпей кейде байға да.
Жақсылық жаса! Далаға ол кетпейді,
Болсын билік, байлығың да көп мейлі.
Жас боп шыққан жанарлардан алғысқа,
Бұл дүниеде ештеңе де жетпейді.
РАХМЕТ, ТУҒАН ЕЛ!
Бәйтерегім сен едің,
Бір бүршігің мен едім.
Қолым қысқа демедім,
Қолтығымнан демедің.
Рахмет, туған ел!
Қасиеттім, киелім,
Жаралған сенен сүйегім.
Арқардай ауып жүргенде,
Арқамды саған сүйедім.
Рахмет, туған ел!
Қазақ деп соққан жүрегім,
Қазағыңның бірі едім.
Тайғағында тағдырдың,
Табанды саған тіредім.
Рахмет, туған ел!
Қасиеттім, киелім,
Сүйенерім, сүйерім.
Алаламай бәріңді,
Алдыңда бас иемін,
Рахмет, туған ел!
Еркеледім, есірдім,
Ессіз, көзсіз көсілдім,
Еңіреп кетті есіл күн,
Бәрін де соның кешірдің.
Рахмет, туған ел!
Балалығым қалса да,
Қателік деген қаншама.
Жүрмін ғой әлі еркелеп,
Шашымды ақ шаң шалса да,
Рахмет, туған ел!
ЕЛДЕН ҮЛКЕН ЕМЕССІҢ
Атың шығып, айдарыңнан жел ессін,
Байлығың да, билігің де тең өссін.
Ешқашан да есіңнен бірақ шығарма,
Кім болсаң да елден үлкен емессің.
Мейлі әкім, мейлі ақын, ғалым бол,
Батыр да бол соңына ерген қалың қол.
Бәрібір сен елден үлкен емессің,
Есті ерге әлімсақтан мәлім-ді ол.
Бір кездері туған жерде сен өстің,
Кейінірек жақсылармен теңестің.
Ауылдағы адам қоры деймісің,
Едірейме, елден үлкен емессің.
Бәз біреулер үшін, бәлкім, ірісің,
Біреулердің, тіпті, мүмкін пірісің.
Бірақ, бірақ Ел-Ананың киелі,
Алдында сен көп перзенттің бірісің.
Ей, бәтшағар, көздің еті неге өсті,
Елден үлкен бола алмайды, тегі, ешкім.
Тамыры жоқ жайқала ма жапырақ,
Ел болмаса сен де ешкім емессің.
Солай, бауырым, елден үлкен емессің,
Бұл сөзімді сен де теріс демессің.
Егер келсең, еркелеп кел, әйтпесе,
Елемейді, сыйламайды сені ешкім.
АБАЙ АМАНАТЫ
«Біріңді, қазақ, бірің дос,
Көрмесең, істің бәрі бос».
Абай.
Қарап тұрсаң қатпарына тарихтың,
Тағдырына талай-талай алыптың.
Алауыздық – қасіреті қашанда,
Қазақ деген қамкөңілді халықтың.
Қайран қазақ сар далада сан көшкен,
Жау келгенде жанын қиған, қан кешкен.
Жау кеткенде жағаласып өзді-өзі,
«Жау болып досқа, шабылып босқа» танды естен.
Қайран қазақ бір-біріне жауықты,
Жауыққаннан өзі өкінді, жау ұтты.
Алтыбақан, алауыздық бұл күнде
Қазақ үшін қай кезден де қауіпті.
Өтті бастан өкініш те, азап та,
Жаптық жала, жақтық күйе таза, аққа.
Өтті бәрі... енді елдің бірлігі
Қай кезден де қымбаттырақ қазаққа.
Көре тұра қайтіп ауыз жабайын,
Біле тұра қайтіп байыз табайын,
Сабайын деп жүргендер де аз емес,
Көре қалса заманының Абайын.
Пейіл тар ма, әлде мейір тапшы ма,
Желпінетін жағдайымыз жоқ, сірә.
Қосқысы кеп жүргендер бар әлі де,
Бір-бір итін жаны аяулы жақсыға.
Қазекем-ай, Қазекем-ай, Қазекем,
Қайтсем сенің көңіліңді таза етем?
Жылай, жырлай өткені анау Абайдың,
Күлкішіл, кердең, надан әлі мәз екен.
Бірін бірі жайсаңдар мен қасқалар
Дос көрмесе, қара көзге жас толар.
Бас-басыңа би боп бәрің жүргенде,
Басынбай ма, бауырлар ау, басқалар?!
Бір-біріңді дос көрмесең – сол қайғы,
Әулие Абай, әне, солай толғайды.
Өзгермесе өзі көрген қалпынан,
Ұлы әруақ ұлтына риза болмайды!
ДОМБЫРА
Ей, домбыра!
Досым менің, сырласым менің сыралғы,
Өзіңменен қосылып айттым жыр-әнді.
Жүрегім менің қаншама рет жылады,
Құлағың сенің қаншама рет бұралды.
Ей, домбыра!
Жатпаса да бәйгелерден атым кеп,
Көре алмайтын жақыным мен жатым көп.
Тірі жаннан тіреу таппай түңілсем,
Тек өзіңмен сырласатын сәтім көп.
Ей, домбыра!
Мен бір жан ем тірлікке жоқ икемі,
Икемдеді, өмір неткен күйкі еді?!
Сан соққыдан сансыраса, сақтадың
Жүгі ауыр жүрек пенен жүйкені.
Ей, домбыра!
Сен болмасаң, өтетіндей күн әрең,
Серігі ең сен жүрегімнің, сыңары ең.
Сен болмасаң, майданында тірліктің
Майысар ем, не болмаса сынар ем.
Ей, домбыра!
Өзіңменен оңаша бір қалғанда,
Өзіңменен қосылып ән салғанда
Ұмытамын жалғыздықты жалғанда,
Ұмытамын жамандықты жалғанда.
Ей, домбыра!
Бұл тірлікте түйген менен көргенді,
Шерте-шерте сері көңіл шерленді.
Мен де сендей сыршылмын ғой, тек әттең,
Адамдар аз тап басатын пернемді.
Ей, домбыра…
ӨЛМЕЙТҰҒЫН БІР ӨЛЕҢ ЖАЗУ – МҰРАТЫМ
Алыс жүрген айқай менен сүреңнен,
Ауылдың таза пейілінен нұр емген.
Кітабынан бұрын шыққан атағы,
Аз ақынның қазақтағы бірі ем мен, -
Жанымды сап жамап-құрап жыр жинап,
Жазсам мен де берер едім бір жинақ.
Жақсы ат емес, мақсат қуып келемін,
Баспа емес, басқа жанды жүр қинап.
Қазақтың сұлу сөздерінен самсаған,
Өзімше өрнек салсам деп ем, нан соған.
Жамбыл қашан жинақ жинап жүріпті,
Абай қашан атақ-мансап аңсаған.
Ақын да бір, бала да бір бүлдіршін,
Ақын адам шын жыласын, шын күлсін.
Жүз жинақ па – ел есінде қалатын,
Жоқ, жалғыз-ақ жыр ма – оны кім білсін...
Жансыз сөздер жамылып ап жыр атын,
Кітап болар дүкендерде тұратын.
Өтпейтін көп кітап емес, өмірде,
Өлмейтұғын бір өлең жазу – мұратым.




