Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Діни ахуал тұрақты

Діни ахуал тұрақты
Автор
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев өңірдегі діни ахуалдың жай-күйі және 2025 жылы дін саласында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда облыстағы діни ахуал бірқалыпты, тұрақты сипатқа ие. Бұл тұрақтылықтың негізінде жергілікті атқарушы органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және діни бірлестіктердің үйлесімді өзара іс-қимылы жатыр.

Басқарма еліміздегі негізгі заңдарға сүйене отырып жыл бойы түсіндіру, алдын алу, мониторинг, ақпараттық қауіпсіздік және қоғаммен байланыс жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Сәкен Мыңбаев брифинг барысында өңірдегі конфессиялық ахуалға, діни бірлестіктердің қызметіне, олардың мемлекетпен өзара қарым-қатынасына, сондай-ақ деструктивті діни ағымдарға қарсы жұмыстардың тиімділігіне кеңінен тоқталды.

Облыс аумағында 396 діни ұйым өз жұмысын заң аясында жүргізіп отырса, 350-і ислам бағытындағы мешіттер, қалғандары христиандық және басқа да конфессиялар. Облыстағы миссионерлік қызмет те заңға сәйкес жүргізілуде. 4 миссионер тіркеуден өткен, олардың әрқайсысының қызметі тұрақты бақылауда.

Рухани білім беру саласы да назардан тыс қалмаған: «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінде және «Қордай» Құран қарилар орталығында жалпы 300-ге жуық шәкірт білім алып, болашақ діни кадрлар даярлануда.

– Еліміздегі зайырлылық қағидаты – қоғамның тұрақтылығы мен дамуының негізгі кепілі. Біздің жұмысымыздың өзегі де осы ұстанымға сай келеді. Зайырлылық – дінсіздік емес, керісінше, әрбір азаматтың ар-ождан бостандығын құрметтей отырып, діни сенімнің қоғамдық мүддемен үйлесуін қамтамасыз ету. Сол себепті біз өңірде дәстүрлі діни танымды нығайтып, радикалды идеологияның кез келген көріністерінің алдын алу үшін жан-жақты жұмыс жүргізудеміз. Қауіпті діни ағымдардың ықпалында жүрген азаматтарды қоғамнан бөлмей, қайтадан әлеуметтік ортаға бейімдеп, дұрыс діни түсінік беруге күш саламыз. Былтырдың өзінде 100-ден астам азамат деструктивті көзқарастарынан бас тартып, қалыпты өмірге оралды. Бұл – жүйелі жұмыстың нәтижесі. Сол сияқты интернет кеңістігінде де ақпараттық ықпал күшейіп келеді. Сондықтан біз әлеуметтік желілерде діни радикализмге қарсы сапалы контент ұсынуға басымдық берудеміз. Әлеуметтік желіге жүктелген әрбір видеоролик, әрбір ақпараттық материал – жастарымызды теріс ағымнан қорғаудың маңызды құралы. Біздің міндетіміз – халықтың діни сауатын арттыру, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтау, кез келген заңбұзушылыққа жол бермеу. Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай да жалғасады, – деген басқарма басшысы өңірде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына да айрықша көңіл бөлінетінін жеткізді.

125 маманнан тұратын 16 ақпараттық топ аймақтың барлық өңірінде үздіксіз кездесулер өткізіп келеді. Топ мүшелерінің қатарында теологтар, дінтанушылар, имамдар, психологтар бар. Олар білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында, әскери бөлімдерде, түзету мекемелерінде және жастар көп шоғырланатын орындарда мазмұнды түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе қауіп-қатер деңгейі жоғары ортаға – сауда орындары, құрылыс алаңдары, жатақханалар мен жұмыс базарларына ерекше назар аударылған. Бұл бағытта арнайы жоспар әзірленіп, мақсатты кездесулер ұйымдастырылған.

– Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес жүйелі жұмыс істеп, түрлі конфессия өкілдері бір алаңда өзара пікір алмасып келеді. Бұл – өңірдегі тұрақтылықтың маңызды факторы. Облыста Ораза айт пен Құрбан айттан бастап, Рождество мен Пасхаға дейін барлық діни мерекелер тыныштық жағдайында аталып өтуде. Дін саласындағы тағы бір маңызды бағыт – интернет кеңістігіндегі ақпараттық жұмыстар. Жыл басынан бері деструктивті мазмұндағы топтардан 28 мыңнан аса тұрғын шығарылып, 1 294 күдікті парақша анықталып, сараптамаға жіберілді. Бұл – аймақтық киберқадағалау жүйесінің тиімділігін көрсетеді. Әлеуметтік желілерде баламалы контент қалыптастыру мақсатында «Әулие ата» және «ruQh» жобалары жұмыс істеп, арнайы студияда 22 ұзақ форматтағы және 576 қысқа бейнеролик түсіріліп, желілерге жарияланды. Жалпы облыста дін саласында 102 жоғары білімді маман қызмет етеді. Биыл дін проблемаларын зерттеу орталығы мамандарының жалақысы 100 пайызға көтерілді. Бұдан бөлек, еліміздің жетекші университеттерінде дін саласы бойынша білім алып жүрген 136 студентпен байланыс орнатылып, оларды өңірге тарту жұмыстары жүргізілуде. Олардың барлығына өңірде жұмысқа орналасуға мүмкіндік беру қарастырылып жатыр. Құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында құқық қорғау органдарымен бірлескен рейдтер тұрақты өткізілуде. Нәтижесінде заңсыз діни жиын өткізу, миссионерлік әрекетпен рұқсатсыз айналысу, діни әдебиеттерді заңсыз тарату сияқты фактілер анықталып, 2025 жылы 11 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді С.Мыңбаев.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар