Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Отыз күн оразаның бір айты бар

Отыз күн оразаның бір айты бар
Автор
Ораза айт – оразаның аяқталғанын білдіретін мереке. Ата-бабаларымыз бұған қатысты: «Отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайтымы бар», – деп айтқан.

Бұл күні Алланың разылығы үшін әрі мол сауап алу мақсатында бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірін орындаған жандар Рамазан айымен қимай қоштасып, келесі Рамазанға есендікте жетулерін тілеп, мінәжат етеді. Отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күнгі қуаныш өзара өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі.

Ораза айт ұлық мереке болғандықтан, мұсылмандар бір-біріне мерекелік көңіл күй сыйлап, мына істерді атқаруы сауап деп танылады.

 

БІРІНШІ – АЙТ НАМАЗЫН ОҚУ

Мұсылмандардың ең ұлық мерекесі айт намазын оқумен, яғни құлшылықпен басталады. Айт намазының уақыты – күн найза бойы шыққаннан зауалға дейiн. Айт намазы мерекенің алғашқы күнi оқылуы тиiс. Ол жұма намазы парыз болған адамдарға – уәжiп. Ал айт намазы жұма оқылатын мешіттерде немесе келісілген алаңда жиналып оқылады. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында адамдар мешiтке сыймағандықтан, Мәдина қаласындағы пайғамбар мешiтiне жақын жердегi кең алаңда оқылған. Айт намазы екi рәкағат, намаз соңынан құтба оқылады. Құтпада Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жамағатқа уағыз-насихат айтатын болған. Айт намазының өзге намаздардан айырмашылығы – азан мен қамат айтылмайды.

 

ЕКІНШІ – АЙТ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУ

Айт намазы біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып, бір-бірін Айт мерекесімен құттықтайды, жақсы тілектерін айтады. Қазақ халқында бағзы заманнан бері айт күндері жеті, қырық немесе жетпіс үйге айттап, кіріп шығу керек деген игі дәстүр бар. Бұл қонақжай қазақ халқының ақжарма, кең пейілдігінен туындаған ізгі салт екені белгілі.

Бұл күндері ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап жарасады. Ал әйелдер қауымы үйде қазан асып, дастарқан жайып, айттық шай әзірлейді. Көрші-қолаң бір-бірінің үйіне кіріп дәм ауыз тиеді, шаңырақ иесіне амандық-саулық тілеп, айтпен құттықтайды.

Айт барша мұсылмандардың мерекесі болғандықтан, оны еңбектеген баладан еңкиген қарияға дейін сезінуі тиіс. Сыйлықтар таратылып, айттық дастарқан жайылып, мереке ретінде өткізеді.

Айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанды қазақ халқы бетін қайтармай, дастарқанына отырғызып, қолда бар сыйлықтарын аямаған. Міне, бұл ғасырлар өте дәстүрге айналып, бүлдіршіндер үшін айттың бір керемет көрінісі болып есте қалған. Қуаныш пен шаттыққа толы айт мейрамында мұсылмандар ораза ұстамайды.

 

ҮШІНШІ – ЖАҚЫНДАРЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫН СҰРАУ, АЙТТАП БАРУ

Жалпы айт мейрамында әке-шешемiзге, ауру-науқастарға, туған-туыстарға, достарымызға арнайы барып, қал-жағдайларын бiлу – үлкен сауапты iс.

Сонымен қоса кішігірім сыйлық алып барып, жақын адамдарды қуанту да айт күнін ұлықтаудың көрінісі. Ата-бабаларымыз айт күндері балаларға арнайы айттық сыйлық үлестіретін болған. Бұл оларға айт мерекесін мереке ретінде сезінулеріне, өмір бақи естерінде қалуларына өзіндік үлкен әсерін береді.

 

ТӨРТІНШІ – МҰҚТАЖДАРҒА ЖӘРДЕМДЕСУ

Айт күндері мұсылман адам жақындарын, туған-туыс, көршілерді құттықтап, қуантумен қатар мұқтаж адамдарға жәрдемдесіп, мерекелік көңіл күй сыйлағаны жақсы.

Мұқтаж жандарға жәрдем етіп, көмек қолын созу арқылы адам баласы  зор сауапқа кенеліп, мал-дүниесіне береке кіреді. Былай қарағанда садақа мұқтаж жандарға пайдасы тиетін амал ретінде көрінгенімен негізінде берген адам үшін пайдасы мен сауабы өте үлкен. Садақа адамға мейірімділікті, нәпсіні тәрбиелеуді үйретеді әрі мал-дүние мен жүректі тазалайды. Жомарт адам үшін періштелердің өзі дұға етіп, тілек тілейтін болады.

Жалпы Әбу Ханифа мәзһабында ораза айт намазы әрбір мұсылманға – уәжіп. Уәжіп болуының басты себебі Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өткенше ешқашан айт намазын тастамаған және бұл күні адамдарға намазға шығуды бұйырған.

Айт намаздарының дұрыс орындалу шарттары жұма намазының шарттарымен бірдей. Мысалы уақыттың кіруі, жамағатпен оқылуы секілді шарттар. (Яғни айт пен жұма намазы жамағатсыз жеке оқылмайды). Тек құтпаның үкімі бұдан тыс. Яғни құтпа жұма намазы үшін шарт болса, айт намазы үшін сүннет және құтпа айт намазынан кейін оқылады.

Айт намазы екі рәкағаттан тұрады. Азан мен қамат айтылмайды. Айт намазының өзге намаздан ерекшелігі, айт намазының әрбір рәкағатында үш тәкбір айтылады. Бұл тәкбірлерді орындау – уәжіп. Бұл тәкбірлер бірінші рәкағатта қырағаттан бұрын (яғни фатиха сүресінен бұрын), ал екінші рәкағатта қырағаттан кейін (яғни рукуғ жасамай тұрып) айтылады.

Ораза айт баршаңызға құтты болсын! Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен құлшылықтарымызды қабыл еткей!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар